Түркі әлемінің аңыздары

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде талантты график-суретші Әлібек Қойлақаевтың «Түркі әлемінің аңыздары» атты көрмесін ашылады.

Қазақстанның жас суретшілеріне қолдау көрсету мақсатында ашылып жатқан көрме өзіндік ерекшеліктерге толы. Көрмеге суретшінің тушьпен салған тарихи тұлғалар мен бабалардың портреттері ұсынылды. Экспозицияға 80 графикалық туынды кірген. Көрме ашылуы 24 сәуір күні 16.00-де өтеді.

Әлібек Қойлақаевтың шығармашылығында графика терең, мүлдем тосын мәнге ие, басты назар кеңістіктегі қатынастарды қалыптастырып, пішіннің пластикасын белгілейтін, ерекшеліктерін айқындап, эмоция мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын сызықтарға бөлінеді. Композицияда түстер үйлесімділігі мен сызықтар басымдыққа ие, жіңішке сызықтар бейненің нүктелік нобайын жасай отырып, белгілі бір динамикалық пішінмен орналасқан. Суретші қағаздың бетін қарапайым параққа қарағанда үлкен нәрсенің таңбасы, символы бола алатын әлемнің шартты кеңістігінің тереңдігін көрсету үшін боялған парақтың тегістігін бұзбастан ашық қалдырады.

Автор бағзы заманда өткен батырлардың бейнесін жасамас бұрын, олар туралы ғылыми мақала, кітап, шежіре деректеріндегі әртүрлі бейнелерді салыстырып, зерделеп талдайды. «Күлтегін» суретінде түркілердің даңқты батыр қолбасшысы өте нанымды шыққан. Суретші өз әскерін үнемі жеңіске алып келетін айбарлы жауынгердің ішкі дүниесін асқан шеберлікпен бере алған. «Күйініш» деп аталатын композицияда қаза болған серіктерін жоқтап отырған жауынгердің қайғы жұтып, күйінген бейнесін көреміз. Қасіреттің келбеті шайқас даласын суреттеген қиғаш жолақтармен көркем беріледі. Ол өмірді үзіп әкететін тұңғиық ретінде қақ жарылған жерді еске салады.

Ә. Қойлақаевтың туындылары сындарлы, таразыланған. Көрерменді баурап әкететін туындылары өз кейіпкерлері үшін терең мақтаныш сезімін оятады. Автор өз жұмыстарын нақты бір тарихи кезеңмен бейнелейді, десек те, негізгі тақырып кейіпкердің психологиялық ахуалына арналады. Суретші өз туындыларына, ондағы оқиғаларға дәстүрлі емес философиялық, моральды-этикалық түсіндірме береді. Әрбір жұмыстан суретшінің бүгінгі күнге, қазіргі қоғамға деген көзқарасын байқауға болады. Ол ғасырлар ескерткішін құрметпен еске алып, тарихи құбылыстарды бүгінгі күнгі оқиғалармен түйістіріп, сондай-ақ, әртүрлі дәуірлерді өз халқының, өз елінің даму тізбегіне біріктіреді.

Back to top button