28 Наурыз 2019, 10:52 1339 0 Оқшантай Ахмет ӨМІРЗАҚ

ШЕНЕУНІК БОЛСАҢ, ШАМДАНБА!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласы халқымен кездесуінде: «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты - азаматтардың құқығын қорғау», – деген еді. Расында да, көпке үлгі болуы тиіс жауапты тұлға сөзімен де, ісімен де өзгелерге өрнек болса қандай жарасымды?! Өкініштісі сол, басқаны былай қойғанда, бүгінде ел басқарып жүргендердің арасында артық айтып, асыра сілтеп, онысы өздеріне таяқ болып тиіп жатқандар да аз емес...

«Біз не көрмедік? Шиті мылтықпен немісті де алдымызға салып айдағанбыз» деген екен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бір атамыз. Сол айтқандай, соңғы отыз жылға жуық уақытта азат қазақ елінің көрмеген қызығы жоқ. Соның бірі – билік басындағылардың етқызумен «қызып кетем деп, бұзып кететін» сәттерінің жиі кездесіп жатуы.

Әдетте, адамның сыпайылығы оның жасық не жігерсіз екенін білдіре бермейді, керісінше, ішкі мәдениеті бар, өзгелерді өзімен тең санайтын адамдардың сөзі жұмсақ, мінезі сынық келеді. Ал ақырып келіп, асырып сөйлеу – астамдықтан басқа ештеңе емес. Лауазымды тұлға қанша ашуланып тұрсақ та, өзіне тиесілі жұмысқа байланысты әңгімені аптықпай айтып, сұраққа сабырмен жауап беру – міндеті.

Құқықтық мемлекетте бәрі заң аясында шешілетіндіктен, БАҚ қызметкерлерінің сұрақтарына дөрекі жауап беріп, заңды бұзған кез келген тұлға жауапкершіліктен жалтара алмайды. Сондай-ақ «аузынан сөзі түсіп» тұру да онша жақсы қасиет емес. Қанша «әттеген-ай» десек те, біздің билік басында жүрген қызметкерлерден ондай кемшіліктер жиі кетіп жатады.

Әрине, шенеунік те адам, оның да біреулерге ренжитін, басшылық тарапынан жұмысы сыналып, ашуланып жүруі әбден мүмкін. Дегенмен ашу-ызаны тізгіндеп жүрмесе, аузынан шыққан сөзі дөрекілікке ұласып кетуі кәдік.

Қазақтың белгілі ғарышкері Талғат Мұсабаевтың басынан өткен бір жағдай да сәтсіз бір күні болған-ды. Ресейдің «Протон-М» зымыран-тасығышы құлап, жерімізге көп мөлшерде гептил төгіліп жатқан сәтте өзінен сұхбат алғалы жатқан журналиске «Сен кім едің?» деп өктем сөйлеп жіберген ғарышкердің сөзі қоғамда талқылауға ұласып, Талғатқа деген елдің ықыласына селкеу түсірген-ді. Өйткені соған дейін жерімізге жиырма бестей зымыран тасығыш құлап, жалпы 2500 тоннадай улы жағармай төгілгені белгілі болып, жұрттың дүрлігіп тұрған кезі еді. (Кейін оның салдарынан гептил төгілген аймаққа жақын қоныстанғандар арасынан түрлі аурулардың көбейгенін тексеру жүргізгендер айтқан болатын).

Кейбір мәселеде қызуқандылыққа салынып, артық сөйлеу де абырой әпермейді. Осындай жағдайға он бір жылдай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Мамашевтың да ұрынғаны бар.

Осыдан сегіз жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты келелі кеңес өтіп, оған қатысқандар жаңа заңды талқылап, шешілмей жатқан кейбір мәселелер төңірегінде пікір алысып жатқан-ды. Сонда шеттен келер қазақтың алдында қордаланып жатқан мәселелерді сөз етіп, кейбір бюрократиялық кедергілерді ащылау айтқан оралмандармен сөзге келіп қалған Талғат Мамашев министрлік өкілдерінің, шетелден келген қазақтардың, журналистердің көзінше оларға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар!» деп салды. Әлемнің түкпір-түкпіріне шашылып кеткен қандастарымызды атажұртына көшіріп, мемлекеттің іргесін бекітемін деп құрған, мемлекет басшысы төрағалық ететін ұйымның бірінші орынбасарының сөзі жұртқа ауыр тиді. Мамашев сөзінің бейнежазбасы интернет арқылы тарап кетіп, соңынан ол кісі жұрттан кешірім сұрады. «Мен сөзімді бір жерден оқып, не біреулерден естіп, соған сеніп қалғандар болса, олардан ресми түрде кешірім сұраймын. Негізінде мен «қолдарыңнан келгенді қылыңдар, сендерге түкіргенім бар» деп бүкіл оралмандарды қорлағам жоқ, ондай әңгіме болған да жоқ. Кейбіреулерге ашу үстінде айтқан сөзімді монтаждап таратқан», – деді Мамашев. Мүмкін солай болса, солай болған шығар деп, оның мәлімдемесінен кейін жұртшылық түсінгендей болған. Алайда кейіннен 2017 жылдың маусымында Дүниежүзі қазақтары құрылтайы өтер алдында Азаттық радиосы тілшілерінің «Ертең Шыңжаңдағы діни радикал ұйымдармен араласы бар деген күдікпен тұтқындалған қазақтардың мәселесі көтеріле ме?» деген сұрағына «Басымды қатырмашы» деп дөрекі түрде жауап беріп, өзіне ұсынған тілшінің микрофонын ысырып тастады...

Осы жылдың ақпанында ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин отандық телеарналарға сұхбат беріп тұрған кезінде журналистердің тарифтерге қатысты қойған сұрағына ашулана жауап беріп, сұрақ қоюшыға басқа шараға келгенін түсіндірем деп, сәл артық кетіп қалды. «Мен кеше Парламентте тарифтер жайлы айттым. Бұл жерде ұсақ және орта кәсіп жайлы. Сіз маған осы жерде тарифтер жайлы сұрағыңыз келіп тұр ма? Ресми түрде маған келіңіз. Тарифтер жайлы басынан аяқ айтып беремін, блин. Жынымды келтірмеңізші», – деді С.Жұманғарин. Коммуналдық төлемдердің заңсыз өсіп кеткені үшін Премьер-министр С.Сағынтаевтан сөз естіген (содан бір жыл бұрын да ескерту алған) Жұманғариннің ашуын түсінуге болар, бірақ болған жағдайдан сыпайы жауаппен сытылып кетсе де болар еді. Дегенмен аз ғана уақыттан соң шенеунік журналистерге дөрекілік танытқанына кешірім сұрады. Вице-министрдің баспасөз хатшылары: «Мен журналистерге дөрекі сөйлегеніме өкінемін. Менің сөзімнің формасы мен үні қолайсыз болғанын мойындаймын. Сондықтан ресми түрде журналистерден кешірім сұраймын. Осы сұхбатта айтылғандай, мен журналистерді қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынмын», – деген Жұмағариннің сөзін көпке жеткізді. Әрине, еткен ісінің жөнсіздігі үшін кешірім сұраған дұрыс, бірақ «айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, ауыздан шығып кеткен лебізді қайтадан отыз екі тістің арасына қамай алмайсың ғой. Өкініштісі сол...

Ашумен айтылған сөзді түсінуге болар, бірақ ерсі сөйлеу, айтқан сөзінің соңы қайда апарарын парықтамау деген де билік басында жүргендерге жараспайтын-ақ қылық. Бірақ қайтесің, ондай жағдайдың да біздің елде жиі кездесетіні бар.

Өзінің қызық мәлімдемелерімен елдің көзіне жиі түскендердің бірі – Гүлжан Қарағұсова ханым. Орысша білім алған Қарағұсованың мемлекеттік тілде сөйлеуге талпынысын ешкім жоққа шығара алмас, алайда тілді жетік меңгермеген адамның сөздерді шатастырып сөйлеуі кезінде әжептәуір қылжаққа себеп болды. Тіпті оның «қазақшасын қазақшаға аударайық» деп қалжыңдағандар да болды. Мәселе онда емес. Мәселе оның кейде төбеден түскендей қойып қалатынында.

«Парламентке жаңадан сайланған депутаттарды Астанадағы қымбат қонақүйлерге (Пекин Палас қонақ үйі) тұрғызу дұрыс па, одан арзанырағы бар ғой?» деген тілшілердің сұрағына Г.Қарағұсова депутаттарға жағдай жасау керегін айта келіп: «Кім қалай табыс тапса, солай жұмыс істейді» (Ребята, кто как содержится, тот так и работает) деп салып, айды аспанға бір-ақ шығарғаны бар. Көпшілік арасында бұл сөз әлі қылжақ болып жүр...

Бір мемлекеттің атынан сөйлеп тұрып, пікіріңді дұрыс жеткізе алмау, кейде тіпті асыңқырап сөйлеу де дұрыс емес. Осындай жағдайға ұшырағандардың бірі – Қазақстанның бұрынғы Білім министрі, қазіргі сенатор Бірғаным Әйтімова.

III Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде ол «болашақтықтардың» оқу бітірген соң елге керек мамандар екенін айта келіп, «Біз барлығымыз мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарға жете алмаймыз. Мысалы, мен бүгін-ертең өз орнымды ешкімге бере қоймаймын. Сондықтан мен секілділер елде өте көп», – деуі қанша шындық дегенімізбен көңілге кірбің салар сөз болды. Тіпті Әйтімованың сол конференцияда сөйлеген сөздерін түсіне алмаған украиналық әзілкештер әжуаға айналдырып, елдің беделіне нұқсан келгендей болды. Бұдан өзге сенатордың «Қаншама лауазымда болсам да, зейнетақымның мемлекеттік қызметте ешқашан жұмыс істемеген достарымдікімен бірдей болуы таңғалдырады. Мен зейнеткермін, зейнетақым кешегі гараж жұмысшысынікіндей» деп ренжуі, сондай-ақ, «Депутаттарды сынағанды жақсы көресіздер ғой, онда бір сауал қояйын: Оларды кім сайлайды, сайлаушылар емес пе? Сенаторларды мәслихат арқылы сайладыңыздар. Міне, солай, талап етіңіздер. Қызметке лайық адамдарды таңдаңыздар. Менің ойымша, халық лайық депутаттарды сайлаған», – деуі де ел арасында біразға дейін мысқыл ретінде айтылып жүргені бар.

Биылғы жылдың төртінші ақпанында Астананың Сарыарқа ауданындағы шағын үй өртеніп, соның салдарынан бір үйдің бес баласы қайтыс болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова соған орай журналистердің «Ата-ана неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?» – деген сұрағына: «Бұл – олардың таңдауы» (Это их выбор), – деп орашолақ жауап беруі де жұрттың ызасын тудырып, келекесіне қалдырды.

Аңдамай сөйлеп, соңынан елден кешірім сұрағанның бірі қазіргі ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов еді. ҚР Қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі болып қызмет атқарып жүрген кезінде КАDEX көрмесінде үстіне баннер құлап, тіл тартпай кеткен кісі туралы «Жалған құжатпен жүрмеуге тиіс жерде жүргені үшін өзі кінәлі!» – деп салып, елдің наразылығына ұшыраған-ды..

Кейде ойланбай айтылған бір сөз де адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырарын Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтқанынан да білуге болар. 2017 жылы 16 қаңтарда Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығында бір азамат қайтыс болды. Ол сол кезде елді абыржытқан шараның бірі – тұрғылықты мекенжайы бойынша орталыққа тіркелуге келген. Осыған байланысты журналистерге берген түсініктемесінде Аманжан Жамалов: «ХҚКО-дағы адам өлімі Қазақстанда уақытша тіркеу жүргізіліп жатқандықтан деп ойлайсыздар ма?! Адам қайтыс болыпты, білмеймін, дәл осындай жетістікпен ол өз үйінде де қайтыс болуы мүмкін еді» деп жіберді. «Осындай жетістікпен үйінде қайтыс болу» дегенді жұрт қалай түсінерін білмей дал болды.

Пікірін пісірмей айта салатындардың бірі – кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарған Мәдина Әбілқасымова болатын. Осыдан біраз бұрын «еңбекке жарамды оралмандардың 8,6 пайызы жоғарғы білімді, 20,6 пайызы орта білімді, 71 пайызының жалпы білімі бар немесе мүлдем білім алмаған. Сондықтан білімі мен кәсіби мамандығы жоқ, дәрежесі төмен еңбек күші Қазақстанның еңбек күші нарығына қосылып жатыр. Бұл мәселе оралмандардың қоғамға сіңісіп кетуіне кедергі болуда» деп мәлімдеме жасап (шамасы сырттан келгендердің орысша білмеуін сауатсыздық деп санаса керек), елді таң қылған ол осыдан сәл ғана бұрын көп балалы аналардың қаржылық жағдайы туралы «Мен көпбалалы ана емеспін, әрине. Бірақ 16 000 мың теңге көп балалы анаға өте көп» деп тағы да бір «сенсациялық» мәлімдеме жасады. Артынан М.Әбілқасымова өзіне айтылған сындардан қорытынды шығаратынын айтып, жұрттан кешірім өтінгендей болған. Бірақ... Кезінде Әбілқасымовамен қызметтес болған, яғни бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, жақында ғана Мәжіліс депутаты болған Нұржан Әлтаев тілшілерге берген сұхбатында: «Бір баланы асырауға айына 20 мың теңге жетеді. Тек ақшаны барынша үнемдеу керек», – деп ақыл айтуы ескі жараның аузын тырнағандай болды. Өзі бес баланың әкесі анадай деп отырғанда басқаға не жорық? Сірә, біздің шенеуніктер елдің жүйкесіне тиетін әңгімені айтпауды жуық арада үйрене қоюы қиын шығар...

PS: «Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы» демекші, бір шенеуніктің ерсі әрекетін айтып ауыз жиылғанша, екінші біреуінің одан да бетер «қызық» көрсетуі жиілеп тұрған заманда қайсысын тыйып, қайсысын жөндегендейміз? Дегенмен ел билігінде жүргендерге «Ұлық болсаң кішік бол» деген ата-бабасының асыл сөзін тағы бір есіне салып қою артық болмас.

 

Соңғы жаңалықтар