«Нұрлы жолдың» игі істері ел экономикасына оң ықпал етуде

«Нұрлы жолдың» игі істері ел экономикасына оң ықпал етуде

«Нұрлы жолдың» игі істері ел экономикасына оң ықпал етуде
ашық дереккөзі
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды автожол жобаларын іске асыру жалғасуда. Биыл 4,4 мың шақырым автожол қайта жаңғыртылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр: «Қарағандыдан Алматыға дейін және Ақтөбеден Ресей Федерациясы шекарасына (Астраханға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл соңында қайта жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар 1,6 мың шақырым автожол жөнделеді», – деп атап өтті Роман Скляр. Бәсекеге қабілеттілік  глобалды индексінде автомобиль жолдары жағдайының рейтингі статистикалық көрсеткштері бойынша 59-орында. Сонымен бірге, арнайы сауалнама тәсілі көрсеткендей халықтың жергілікті жолдардың жағдайына қанағаттану деңгейі 106-орында тұр. Осыған байланысты, аймақаралық инфрақұрылымды жүйелік дамыту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті автожолдарды қаржыландыру 2018 жылы паритеттік негізде 156 млрд теңгеге дейін жеткізілді, ол 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді. «Биылдан бастап қымбат күрделі жобалардан суық ресайклинг әдісі бойынша үнемді орташа жөндеуге өтеміз. Жергілікті жолдарды дамытуға қосымша қаржы бөлуге қатысты Мемлекет басшысының Nur Otan партиясының съезінде берген тапсырмасын орындау аясында қаржыландыру жыл сайын 200 миллиард теңгеге артатын болады. Осындай қарқын келесі жылы да сақталады. Бұл 2025 жылға дейін шамамен 35 мың шақырым жолды жөндеуге және 95 пайыз жергілікті маңызы бар автожолдардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», –  деп хабарлады министр. Мемлекеттік бағдарлама басталғалы бері (2015-2018 жылдары) 230 млрд теңгенің 404 жобасы іске асырылды. 3 259,7 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелері, 24 қазандық, 71 басқа құрылыс нысандары салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2015 жылдан бері жүйелердің тозуы 67 пайыздан 57 пайызға дейін төмендеді. 2019 жылы 175 шақырым инженерлік инфрақұрылымды (41 шақырым жылу желілері, 135 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, сондай-ақ, 3 бірлік басқа объектілер) қайта жаңғыртуға және салуға 37,9 млрд теңге көзделген. Сумен жабдықтаудың және су тартудың өзекті мәселесін шешу үшін жыл сайын қосымша 20 млрд теңге бөлінетін болады. Министрдің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ел экономикасына әлеуметтік-экономикалық оң әсерін тигізді. Көлік инфрақұрылымының жай-күйі жақсарды, бұл республикалық автомобиль жолдарының, магистральдық теміржол желілерінің, логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, тұрғындар үшін көлікке қолжетімділік артты және бизнес үшін көлік шығындары төмендеді. «Тек өткен жылдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты өсімі 6,1 пайызға артып, шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл ретте көлік қызметтерінің көлемі 4,6 пайызға, еңбек өнімділігі 3,4 пайызға өсті. Барлық жобаларды іске асыру барысында 127 мың уақытша және 34 мың тұрақты жұмыс орны құрылды», – деді бағдарламаның жетістіктерін айтқан Роман Скляр. Көлік саласын дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру «Нұрлы жолдың» 2025 жылға дейін Мемлекеттік бағдарламасында көрініс табады. Әзірленетін бағдарлама аясында инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты бірнеше қағидаттарға негізделетін болады. Қазіргі уақытта министрлік Тұжырымдаманы әзірлеуде және оны жылдың соңына дейін қабылдайтын болады.