НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «ХАЛЫҚТЫҢ  БОЛАШАҚТА ЕМЕС, ҚАЗІР БАҚЫТТЫ БОЛҒАНЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ»

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «ХАЛЫҚТЫҢ  БОЛАШАҚТА ЕМЕС, ҚАЗІР БАҚЫТТЫ БОЛҒАНЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ»

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «ХАЛЫҚТЫҢ  БОЛАШАҚТА ЕМЕС, ҚАЗІР БАҚЫТТЫ БОЛҒАНЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ»
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезі өтті. Оның жұмысына  екі мыңға жуық адам қатысты. Олардың 1200-і еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы – қонақтар. Биыл «Нұр Отан» партиясына – 20 жыл. 1999 жылы наурыз айының бірінші күні Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Отан» партиясы құрылған болатын. Ұйым 2006 жылы желтоқсан айында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына айналды. Жиырма жыл ішінде «Нұр Отан» еліміздегі үлкен саяси күш ретінде қалыптасып, белсенді жұмыс істеп келеді. Оны Елбасы бүгінгі съезд барысында баса айтты. «Жиырма жыл көп уақыт емес, бірақ біз үшін ғасырмен пара-пар уақыт. Тез арада дұрыс таңдау жасауды талап еткен заман болды. Батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе даму көшінен қалып қоятын едік. Бүгінде партия бірден-бір саяси күшке айналып, жұмыс істеп келе жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР КӨМЕКСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Үкіметті жасақтау барысында «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және олардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға байланысты бірқатар нақты қадамдар жасалатынын айтқан болатын. «Үкімет пен өңірлердің иелігіндегі қаражат көзделген мақсатқа сай жұмсалмай отыр. Мұның бәріне бақылау орнатылады. Осы бағыттар жөнінде «Нұр Отан» партиясының съезінде толығырақ айтылатын болады», – деген еді Елбасы. Бүгінгі съезде негізгі әңгіме өзегі – қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жайлы болды. Бұл ретте шынында да нақты қадамдар жасалып отыр. Бірінші кезекте көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін мемлекеттен бөлінетін қаражат айтарлықтай артады. Енді республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Мемлекет басшысы бұл өзекті мәселені өзі тікелей бақылауға алмақ. – Біз аса ауқымды тегеуріндер мен жаһандық сындардың заманында өмір сүріп отырмыз. Біздің жинап қойған резервтер күрделі кезеңдерде пайдаға асуы тиіс. Осы резервтердің арқасында біз оңтүстік-шығыс дағдарысынан, 1997 және 2001 жылдардағы қиын кезеңдерден өттік. Біз 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан да аман өттік. Сол себепті, резервтер керек. Бірақ қажет болған жағдайда ел игілігіне жарататын боламыз, – деді Елбасы. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс пен басқа да қиындықтарға қарамастан Қазақстанда әлеуметтік салаға қажетті қаржыны қарастыру назардан тыс қалмайтын болады. «Мемлекеттің басты міндеті – азаматтарға жұмыс тауып беру. Көмек мұқтаж санаттағы адамдарға беріліп, атаулы сипатқа ие болуы керек. Мен бұл мәселені жеке бақылауыма аламын. Партияластарды да бөлінген қаражатты әрбір отбасыға жеткізуде бақылауға көмектесуді сұраймын. Менің тапсырмам бойынша бүгінгі таңда азаматтарды алаңдататын мәселелер анықталды. Ол мәселелер – балаға бөлінетін жәрдемақы, көпбалалаы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту. Партияның осы мәселелерді шешудегі маңызды үлесі – әлеуметтік саясатты үш бағыт бойынша жүзеге асыру болып табылады. Біріншіден, халықтың аз қамтылған бөлігінің кірісін арттыру және қолдау, екіншіден, кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу және білім, денсаулық сақтау саласын жақсарту, үшіншісі аймақтарды кешенді түрде дамыту». Қазақстанда толық емес отбасылар да аз емес. Олардың да жағдайы мемлекеттің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Ең бастысы, толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіндік жасау қажет болып отыр. Мұны Елбасы да өз сөзінде айтты. Сонда ғана олардың табысы ұлғайып, отбасының жағдайы түзелетін болады. «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті билік осы жағына баса назар аудармақ. Көпбалалы отбасылардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде. Олардың тұрмыс-тіршілігін түзеу үшін енді мемлекет тарапынан жекелеген гранттар мен квоталар, шағын несиелер бөлінетін болады. Осы арқылы ауылдағы көпбалалы отбасылардың жағдайларын жақсартуға жол ашылады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бағытта Үкімет пен әкімдер, «Нұр Отан» және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе жұмыс істеуі керек екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы барлық әкімдер мұқтаж отбасыларға көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасын партиялық «Бақытты отбасы» жобасына сәйкес қайта қарастыру керектігін ескертті. Мүгедек балаларды бағып-қағып отырған ата-аналардың жәрдемақысы мардымсыз екені бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде бірнеше рет көтерілген еді. Мемлекет басшысы осы жағдайды да ескерусіз қалдырмаған екен, Үкіметке олардың жәрдемақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды. «Біздің есебімізге сәйкес, осының арқасында 100 мың адамның жәрдемақысы өседі. Осы мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгені бөліп беруіміз керек», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып, халықтың қолдауына ие болғаны мәлім. Өйткені осы арқылы баспанаға мұқтаж жандардың тұрғын үй алуына мүмкіндік бар. Сондықтан Елбасы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасының аясы мен тетіктерін тағы да жан-жақты қарауды тапсырды. Бұл бағдарламаның шапағатын көпбалалы отбасылар да көретін болды. «Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың ішіндегі аз қамтылған отбасыларға басымдық бере отырып, 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу жеті жылда жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге көпбалалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі берілетін болды. Бұл да көптің тілегі еді. Елеусіз қалмады. Өйткені банктердің ипотекалық несиесінің пайызы жоғары. Оны қайтаруға көп адамдардың қалтасы көтере бермейді. Несиені алған күннің өзінде оны уақтылы төлеп отыруға бала-шағасы көп отбасылардың шама-шарқы жоқ. Осыны билік ескерген болуы керек. «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыруды тапсырды. «Баспанаға мұқтаждық – әлемнің ірі қалаларында да бар мәселе. Мексика мен Үндістанда болғандар біледі. Адамдар жұмыс үшін ағылып келеді, ал баспана жоқ. Мемлекет те бәріне бере бермейді. Сондықтан Қазақстандағы ірі қалалар үшін 2019-2021 жылдары қосымша 90 млрд теңге бөлінеді», – деді Президент. Сонымен бірге, Президент кіші және моноқалаларды дамыту үшін де жылына 10 млрд теңгеден үш жыл бойы қосымша қаражат бөлінетінін айтты.

АҒАЙЫНДЫ АЛАҢДАТҚАН АУЫЛ

Қазақ үшін ауыл – алтын бесік. Соңғы жылдары көптеген ауылдар қаңырап қалды. Жұрттың көбі қалаға қарай ағыла бастады. Мемлекеттің ендігі ұстанып отырғаны – болашағы бар ауылдарды ірілендіру. Сонда жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салу жоспарланып отыр. Көптің көкейінде жүрген осы бір өзекті мәселені Елбасы да дөп басты. «Нұр Отан» партиясы еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы керек. Осылайша 7,5 млн ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады. Ең алдымен Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуі керек», – деді Мемлекет басшысы. «Ауылдарды әрі қарай дамытып, жағдайы орташа ауылдарға көмектесу керек. Сосын кішігірім ауылдар бар. 10-20 үйі бар ауылдарға аурухана, мектеп салудың қажеті жоқ. Сондықтан, аудан орталықтарының инфрақұрылымын жақсарту кезінде бірден интернаттар тұрғызу керек. Себебі балалар сапалы білім, сапалы медицинасы бар жерде өсуі тиіс. Ауылдармен осындай тәсіл арқылы жұмыс істеуі қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазіргі уақытта ең бір көкейкесті мәселенің бірі еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту екені баршаға белгілі. Тек қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де осы бағытта билік тармақтары белсенді жұмыс істеуі қажет. Көзін тапса, дұрыс ұйымдастырса қай өңірде болсын жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндіктері көп. Нарық жағдайында қол-аяғы, дені-қарны сау адамның мемлекетке алақан жая бермей, отбасын асыраудың қам-қарекетін түсінетін уақыты жетті. Әрине, мемлекет алғашқы сәтте көмек береді. Несие бөледі, уақыт талап етіп отырған жаңа мамандыққа бейімдейді, қажетті қолдау көрсетеді. Ары қарай алып кету әркімнің өзіне байланысты болғаны жөн. Тіпті, қазіргі уақытта үйде отырып та табыс табуға болатынын Мемлекет басшысы айтып қалды. «Жергілікті бюджет есебінен де көмек беруді күшейту керек. Ондай мүмкіндіктер бар. Қаржыны үнемдеп, қажет жерге жұмсау қажет. Өткен жылы жергілікті бюджеттердің есебінен 135 миллиард теңге көмек берілді. Осындай көмекті жалғастыру қажет», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

ЕҢБЕКАҚЫ ӨСЕДІ, ТІРШІЛІК ТҮЗЕЛЕДІ

Қазақстандықтарды қатты алаңдатып отырған мәселенің бірі – еңбекақы. Нарықтың заңы қатал. Көп адамдардың еңбекақысы күнкөріске жете бермейді. Бұл жайлы үлкенді-кішілі жиындарда, әкімдердің халық алдында есеп беруі кезінде жиі айтылды. Тіпті, көп балалы аналар әкімдіктердің алдына барып, билік басындағыларға жәрдемақы мен еңбекақыны өсіру жөнінде ұсыныстарын да айтқан еді. Соның бәрі аяқсыз қалмаған сыңайлы. «Осы жылдан бастап қаңтар айында базалық айлық мөлшерін бір жарым есеге өсірдік. Мұғалімдердің айлығын 30 пайызға, біліктілігін арттырған ұстаздарға 50 пайызға арттырдық. Демек осы санаттағы азаматтардың кірісі айтарлықтай өсті. Бұл бағдарлама бір миллион қызметкерді қамтиды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық пен алғашқы медициналық көмек мәселесіне де тоқталды. Бұл да халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмектің бір түрі болғандықтан, осы салаға да қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінбек. Жалпы, денсаулық сақтау саласына қарастырылған қаржы 40 пайыздан 60 пайызға дейін артуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар аталған саланы дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінетіндігін атап өтті.

 «НҰР ОТАННЫҢ» ҰСТАНЫМЫ – ТАТУЛЫҚ, ҰРАНЫ – БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК

«Нұр Отан» – толағай табыстардың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы. Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси күш-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы мен экономиканың даму қарқыны азаматтардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді, – деді Н.Назарбаев Нұр Отан партиясының XVIII съезінде. Президенттің айтуынша, ұстаным – татулық пен тыныштық, ал ұран – береке мен бірлік. «Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім! Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету! Біз – халық бірлігінің партиясымыз. Бүгінгі съезд Қазақстанды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы жақындап келе жатыр. Бауырымыз бүтін болып, сол мерекеге мол табыспен жете берейік! Қазірден бастап дайындалайық», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде партияның Саяси кеңесі бюросының мүшелелері сайланды. Олардың арасында жаңадан сайланғандар да бар.  

Ғалым ОМАРХАН,

Астана