14 Ақпан 2019, 10:00 856 0 Ішкі саясат "Түркістан" газетінің авторлары

БІРЕГЕЙ ЖОБАНЫҢ ЖАҢА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Кеше Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының 2018 жылғы жеңімпаздарымен кездесті. Бұл Елбасының қолдауымен еліміздің рухани-мәдени дамуына жол ашу мақсатында қолға алынған бірегей жоба. «100 жаңа есімнің» артықшылығы көп. Біріншіден, осы жоба арқылы жастардың қоғамдағы рөлі артады. Екіншіден, ұлттық руханиятымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге серпін береді. Үшіншіден,  бұл – ел ішіндегі озық ойлы, талантты да талапты жастардың жарыққа шығуына  мол мүмкіндік.

Байқаудың бірінші кезеңінде спорт, қоғам, бизнес, ғылым, медицина, мәдениет, өнер және басқа да салаларда  өз қабілет-қарымдары бойынша қатарластарынан  оқ бойы озық тұрған жандар сынға түскен болатын. Олардың өмірі мен шығармашылығына байланысты бейнероликтер дайындалып, теле-радио арналар арқылы республика көлемінде кеңінен насихатталған еді.

Жобаның бірінші кезеңінде екі мыңнан аса өтінім қабылданып, оның 302-сі іріктеуден өтіп, 102  үміткер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған болатын. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе ұйымдастырған жобаның екінші кезеңіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бірінші кезеңде үміткерлер өзін-өзі ұсынған болса, екінші кезеңде бағын сынайтын жастарды үкіметтік емес ұйымдардың ұсынуына мүмкіндік берілді.

Жобаның екінші кезеңі 2018 жылғы тамызда басталды. Барлық шарттары мен талаптары 100 esim.el.kz сайтында жарияланды. Өтінімдер қабылдау 2018 жылдың қазан айының ортасына дейін жалғасып, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беру жалғасты.

Айта кету керек, жобаның екінші кезеңінде ғылым саласына басымдық берілді. Өйткені, ғылым-білім саласында қазір жастар ашқан жаңалық пен жаңашылдық көп. Олардың жақсы істері ғылыми тұрғыда қалып кетпеуі керек. Өндіріске енгізу қажет.

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылым саласы энергетика, шикізат пен өнімді тереңнен өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, өмір туралы ғылым мен ұлттық ақыл-ой әлеуеті бағыттары бойынша дамып келеді. Күні кешегіге дейін ғылым мен білім өз алдына, инновациялық технологиялар өз алдына қарастырылып келген еді. Енді біріктіріліп, тұтас түрде қарастырыла бастады. Бұл дұрыс қадам екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Ғылым жолындағы жастар тап болып жүрген қиындықтың бірі заманауи қондырғылармен жабдықталған зертханалардың жоқтығы еді. Бұл мәселе де шешімін тапты. Елбасының ұсынысымен ашық зертханалар ашылды. Оны ұжымдық түрде қолдануға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысының қолдауымен ашылған Назарбаев Университеті қазір еліміздегі білім мен ғылымды ұштастырған іргелі оқу орны ғана емес, сонымен бірге ауқымды ғылыми орталық. Ғылым жолында тер төгіп жүрген жастардың осы жерде де инновациялық, тың жобалары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар.

Кездесу басталмас бұрын «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздары жайлы бейнеролик көрсетілді. Бұл жолы «100 жаңа есім» жобасына қатысуға 2388 өтінім берілген. Оның ішінен сарапшылар тобы 200 үміткерді іріктеп, олар келесі кезеңге өткен. Ал онлайн дауыс берудің нәтижесінде 29 адам жеңімпаз атанған. Олардың арасында ғылым-білім жолына ден қойған «Пифагор» қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов та бар. Ол оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Математикаға құштар болғаны соншалық мектеп бітіргеннен кейін балаларға математиканы үйрете бастаған. 19 жасында өз мектебін ашқан. Математиканы оқытудың арнайы әдістемесін жасап, жылдан-жылға дамыта түседі Қазір «Пифагордың» Алматы, Астана және Тараз қалаларындағы мектептерінде 136 мұғалім жұмыс істейді. Онда 1500 талантты бала білім алуда.

«Математик ретінде цифрларды жақсы көремін. Мақтан тұтатын цифрларым да бар.  Білім саласында жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 10 мың баланы тәрбиеледім. Олар бүкіл әлемде білім алып жүр, Фейсбукте, Гуглде өз компанияларын құруда. Олардың мыңы республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Олар 300 рет халықаралық олимпиадаларда алтын медаль алып, математикадан әлемде мықты екендігімізді дәлелдеді», – деді Асан Жолдасов.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы Ержан Сәлімгереев те «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жең­ім­пазы. «Үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалдым. Сол кезде бір қол және бір аяғымнан айырылдым. Ауруxанадан үйге алып келгесін мұғалімдер үйде оқытатын болды. Мектепті бітіргеннен кейін жүзуді үйрендім. Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Өзімнің қайсар мінезімнің арқасында ешқандай қиыншылықтарға қарамай, алдыма мақсат қойып, күнде жаттықтым. Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмын. Индонезия елі Джакарта қаласында өткен жазғы ойындарда қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл – менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым – Токио Олимпиадасында чемпион атану», – деді Е.Сәлімгереев.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының барлығы құрмет пен марапатқа лайық. Олар қиындықтар мен кедергілерге қарамай, алға қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбек еткен. Енді жемісін көріп отыр. Адамның бойындағы осындай қайтпас қайсарлық табысқа жеткізетінін Елбасы да айтты.

«Табысқа жету үшін бір нәрсені үнемі жасап отыру қажет. Бір жұмысты бастағаннан кейін шамалы уақыт жасап, шаршадым деп тастап кетсең, ештеңе шықпайды. Дұрыс па? Ал ол жұмысты он жыл үздіксіз істесең, сөз жоқ, арманыңа жетесің», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ғалым Омархан 

Астана

Соңғы жаңалықтар