12 Ақпан 2019, 16:21 932 0 Қоғам Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Ғаббасов ғибраты

ҚазҰУ-да медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-фантаст, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Советхан Ғаббасовтың 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер қатысты. Профессордың әр жылдардағы әріптестері құттықтау сөзін сөйлеп, еңбектеріне жоғары баға берді.

Кеш барысында екі саланың басын тең ұстаған Советхан Ғаббасовтың  «Өнегелі өмір» атты кітабының тұсауы кесілді. «Адамның жан мен тәннен тұратындығын, сондай-ақ, тәннің 12 мүшеден тұратындығын бәріміз білеміз. Ал адам жаны ше? Жанның да 12 арнасы бар. Ол тек ана құрсағында ашылады. Сондықтан егер қыз бала, әйел атауы ана құрсағындағы тәрбиені білмесе, жанның арналары ашылмайды. Қазіргі туып жатқан балалардың көпшілігі осы. Екіншіден, дәрігер ретінде мені қатты мазалайтын дүние бар. 1958 жылы медицинаға алғаш келгенімде, бала мүшесінің жарақаттануы 0,1-0,2 пайыз ғана болатын. Ал 2015 жылы жүргізілген арнайы тексеріс нәтижесінде бала мүшесінің жарақаттануы, физиологиясы емес, органикасының жарақаттануы 46-47 пайызға өсіп кетіпті. Сонда қазіргі нәрестелердің 50 пайызы жарақатпен туылуда. Себебі неде дейсіз ғой. Мұны тоқтатуға бола ма? Тоқтатуға болады. Бұның басты себебі – балалар ұрығынан уланып туылып жатқандығы. Тартқан темекі, ішкен арақ, жалаған машақ және екіқабат кезінде ананың жайсыз дүние ойлауы, арам сөз сөйлеуі – осының барлығы құрсақтағы ұрыққа барып тіреледі», – деп жазады профессор кітабында.

Советхан Ғаббасов 1939 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Сұңқар ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін, кейіннен Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтының жанындағы жоғарғы курсты аяқтаған. Қазақ КСР Денсаулық министрлігіне қарасты Қазақтың экспериментальді және клиникалық ғылыми зерттеу хирургиялық институтында ғылыми қызметкер, Алматы қалалық емханаларында дәрігер-хирург, ординатор-хирург болып қызмет етіп, 4000-нан аса ота жасаған. С.Демирел және Д.Қонаев атындағы университеттерде профессорлық қызмет атқарған. Қазіргі уақытта Қазақ Ұлттық Университетінің философия және педагогика факультетінің профессоры. «Медицина ажалды жеңбейтініне көзім жеткеннен кейін, 1974 жылдан бастап әңгімелер жаза бастадым», – дейді профессор.

 

Соңғы жаңалықтар