7 Ақпан 2019, 00:34 826 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Алау Әділбаев: Адам адамнан қорқатын заман болды

– Алау мырза, «Расында, дін дегеніміз – жеңілдік. Діннен асып түсем деп тыраштанған адам бәрібір түбінде діннен жеңіліс табады. Ендеше, әр істе тура һәм орта жолды ұстаныңдар. Әр істі мейлінше кемеліне жеткізіп орындауға тырысыңдар. Міне, сонда қуана беріңдер...». Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сөзі. Хадис ислам дінін қиындатуға, құлшылық мәселесінде шамадан тыс тыраштануға, әсірелікке бой алдыруға болмайтынын меңзеп тұр емес пе?! Ендеше қазіргі қоғам иелерінің көзқарастарының сәйкес келмеуінен бір-біріне қас болып, діни мәселеде әсірелікке бой алдыруын қалай түсіндірер едіңіз?

– Бүгінде адамзат қоғамы өркениеттің шыңына шықса да, әлі де бір-біріне деген дұшпандықтан, жауласу немесе өш алу сезімінен арыла алмаған секілді. Бұл мәселе уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқанын аңғаруға болады. Ақылды адамдар оны біліп, көріп қана қоймай, «Осы адам баласына не жетпейді?» деген заңды сұраққа жауап іздейді. Адамның жауы – адам болған соңғы кезеңдерде әлемдегі лаңкестік және террористік әрекеттерден бейкүнә жандардың қаны төгілуі кез келген саналыны ойландырары сөзсіз.

Әлемде дін атын жамылған, әсіреліктің шегіне жеткен радикалды топтардың түрі көп. Сондай содыр тобырдың қатарына қосылуды мақсат етіп, бейбіт күнді тәрк етіп, шекара асып, шалыс басқандардың тағдыры да алаңдатарлық. Ислам тарихының өткеніне көз салсақ, Мұхаммед (с.ғ.с)  пайғамбар да өз уақытында жəне одан кейінгі халифалар да өзіне шабуылдаған жауға қарсы соғысып, Отанын қорғағаны белгілі. Алайда түтіні түзу ұшып, тыныш өмір сүріп жатқан елге барып қантөгіс жасамаған. Мұхаммед (с.ғ.с)  пайғамбар мұсылман əскерлеріне үнемі: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың жəне Елшісінің дінімен жүріңдер. Қарт адамды, баланы, əйелді өлтірмеңдер...» деген. Ал  атақты халифа Əбу Бəкір: «Əйелді, жас баланы, қарт адамды өлтірмеңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимаратты қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыздаңдар...» деп, жанды-жансызға түгел аяушылық сезімін білдірген.

– Осындай оқиғаларды күнделікті хабар-ошардан естіп,   біліп отырғанда «осы біздің замандастарымызға мейірім жетіспей ме?..» деген ой келеді…

– Рас. Адам баласы қазір азулы аңдардан, табиғаттың дүлей құбылыстарынан қорықпайды. Есесіне, өзінің бауыры – адам баласынан үрейленіп өмір сүруде. Қай жерге барсаңыз, үйлердің, мекемелердің барлығы дерлік қарулы күзет арқылы жан сақтап отырған жұртты көресіз. Неге? Себебі адам адамнан қорқатын заман болды! Біз «адам адамды сүю арқылы ғана» әлемде тыныштық орнайтынын ұмытқан секілдіміз. Адамзаттың ардақ тұтар пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с)  пайғамбар қоштасу қажылығында: «ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды...», – деп өсиет еткен болатын. Демек, жазықсыз адамға, оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат берілмейді. Бұл – исламның басты қағидасы.

– Біз ұлттық құндылықтарсыз алысқа құлаш ұра алмайтынымыз анық. Ендеше біз өз рухани қазынамызды түгендеуде «қолымызды мезгілінен кеш сермеген» жоқпыз ба?

– Бүгінгі Қазақстан күллі әлемге бітімгер әрі бейбітсүйгіш ұстанымдағы дамушы ел ретінде танылған. Мемлекетімізді халықаралық саясатта өзіндік орны бар ел ретінде қалыптасты деп сеніммен айта аламыз. Тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау жылдары артта қалған соң, саясат және экономикамен қатар, ел руханиятына да назар аударыла бастады. Тарқата сөйлесек, «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» (1997), «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» (1998), «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» (1998) секілді бірегей бастамалар арқылы өшкенімізді өндіруге, руханияттағы кем-кетігімізді түгендеуге қызмет еттік. Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы (2003-2006) аясында да тарих пен руханият саласында кешенді зерттеулер атқарылды. Бұл бастамалар ұлт руханиятына себезгілеп өз нәрін төгіп, өткен мен бүгіннің тарихи сабақтастығын арттыра түсті. Руханият – ауқымы кең, көкжиегі көрінбейтін терең бір әлем. Ал оның шет-шегіне жетуге бүгінгі бір бастаманың немесе белгіленген бір мезгілдің жетпейтіні анық. Сондықтан руханият мәселесі мемлекеттің ұдайы назарында болуы керек. Өйткені мемлекет руханиятқа көңіл бөлу арқылы қоғамдағы түрлі індеттер мен жағымсыз әдеттердің және қылмыстардың алдын алып, халықты рухани кемелдендіріп, мәдениетті парасат биігіне көтере алады. Яғни, руханиятты игеруге халықпен бірге мемлекет те мүдделі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» дегені бар. Сонымен қатар әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының бұл бастамасынан соң, артынша-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да соның жалғасы.

– Иә, руханият саласында игі істер қолға алынып, біраз шаруа атқарылды. Дегенмен аракідік теріс пиғылды ұйымдардың әрекеттерінің «ізі» аңғарылып қалады. Бұл асыл дініміздің діңгегінің берік болуына кесірін тигізіп жатқан жоқ па?

– Қазақстанның бүгінгі қоғамында ислам факторы үлкен маңызға ие екенін аңғарып жүрміз. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін экстремистік топтардың белсенділігі де алаңдатады. Қазіргі таңда мемлекетіміздің тұтастығына басты қауіп сырттан ағылған жат ағымдардың іс-қимылынан туып отыр. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан діни-рухани танымы мен мәдени құндылықтары осы топтар тарапынан аяққа тапталуда. Қазақ қоғамы түрлі діни көзқарастарға бөлініп, бір-бірінен ажырай бастады. Бұл – ел тұтастығына қарсы бағытталған үлкен қатер. Өкінішке қарай, тарихы мен өткенін, дін мен тілін, салт-дәстүрін жақсы білмейтін бүгінгі буынның арасында «таза ислам» ұранына алданып, діни радикалдардың жетегінде кеткендері бар. Олардың кейбірі, туған елін тастап «жихадқа» кетсе, енді бірі дәстүрлі дін жамағатының іс-әрекеттерін бидғатқа балап, ширк деді. Ел бірлігі мен діни тұтастыққа қауіп төндіретін мұндай керітартпа пікірлермен күш қолдану арқылы күресу жемісті нәтиже бермейді. Идеологиялық қатерлерге ғылыми тұрғыдан жауап беруіміз қажет. Ал ол үшін исламтану мектебін қалыптастыру маңызды орын алады.

– Сол исламтану мектебін қалыптастырудың кезі келгені анық. Алайда осы шаруаны қолға аларда да «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек сияқты. Әлде, дайын жобаларыңыз бар ма?

– Кез келген халықтың мәдениеті, өмір салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде діннің және соның негізінде қалыптасқан діни түсініктің орны ерекше екені анық. Ал қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сүнниттік Ханафи мәзһабының рөлі бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүниттік-ханафи мектебіміздің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан қазақ қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде елдің рухани тұтастығын сақтау, сондай-ақ, қоғамдық бірізділікті қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын бұл шаруаны тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – біздің бүгінгі борышымыз. Бұл шаруаны атқаруға ғылыми және идеологиялық базамыз жетерлік екеніне сенімдімін. Қазіргі таңда көптеген елдер тарихи түп-негізімен тамырлас өз діни идеологиясын жаңғыртып, төл діни мектебін қалыптастыруды қолға алып жатыр. Мысалы, Малайзия, Өзбекстан, Шешенстан және басқа да бірқатар елдер өткеніне сүйеніп, өзіндік мектептерін дамыту жолында әрекет етуде. Біздің еліміз де жаһандануға жұтылып кетпес үшін діни санамызға сіңіскен төл діни білім беру ошағымызды қайта жаңғыртқаны жөн. Және өз тарапымыздан осы мәселеге қатысты ғылыми жоба ұсынамыз.

– Жалпы, осы уақытқа дейін мемлекет пен діннің немесе конфессияның бірге өмір сүру үлгісі болды ма?

– Тарихқа көз жүгіртсек, оның өте жетілген, керемет үлгілерін көруге болады. Алайда заман ағымының өзгеруі оларды қайталап қолдануға мүмкіндік бермейтіні сөзсіз. Ал қазіргі таңда мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың үлгілері көп емес. Олардың ішіндегі ең танымалдарын атап өтсек, бірінші, елдегі барлық конфессиялардың теңдік үлгісі. Екінші, бір діннің мемлекеттік болып танылуы. Мемлекеттік болып танылған дін елдегі басқа да діндердің алдында артықшылықтарға ие болады. Артықшылықтар заң жүзінде болуы мүмкін. Бұл үлгінің басқа да нұсқалары бар: мемлекеттік дін ресми мемлекеттік болып танылуы мүмкін, сондай-ақ, қарапайым мемлекеттік мәртебеге ие бола алады. Үшінші, мемлекет бір немесе екі ресми дінге бағдар ұстайтын мемлекеттік-конфессионалдық қарым-қатынастардың үлгісі құрылады. Мысалы, Германияда мемлекеттік қолдауға, дін қызметшілеріне қаржылай көмек беруге және т.с.с. байланысты басқалардан жоғары деңгейде екі конфессия тұрады – католицизм және протестантизм. Төртінші, мем­лекет барлығына немесе конфессиялардың көпшілігіне тең заңдық мәртебе береді, бірақ салықтық жеңілдіктер діни бірлестіктердің барлығына бірдей көрсетілмей, тек мемлекеттік тіркеуден өткен және заңды тұлға мәртебесіне ие болғандарға беріледі. Бесінші, шаруашылық және білім беру қызметтерінің құқықтары мәртебесі тек өмір сүру ұзақтығымен және елдің тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесімен мақұлданған конфессияларға рұқсат берілетін үлгіні айтуға болады.

– Мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың әр түрлі үлгілері бірден пайда болған жоқ. Олар мемлекет пен діни қауымдар арасындағы ұзақ уақыт бойғы өзара қатынастардың дамуының нәтижесі. Қазіргі таңда осы үлгілер кеңінен таралған ба?

– Мемлекеттік-конфессионалдық қарым-қатынастардың қазақстандық үлгісінің негізіндегі маңызды қағидат – діни толеранттылық. Нақты осы қағидат Қазақстанға тұрақты және дамушы ел болуға көмектесті және көмектесіп жатыр, сонымен қатар, мемлекеттік-конфессионалдық қатынастардың тиімді үлгісі ізделіп жатқан шетелдік мемлекеттерге мысал болуда. Бірақ Қазақстанда басқа елдердегідей діни-саяси экстремизмнің қаупі бар екендігін ескерген жөн. Тәуелсіздік алғаннан кейін және 1992 жылдың қаңтарында діни бостандық жөніндегі заң қабылданған соң мемлекет аумағына осыған дейін ел тұрғындарына беймәлім болып келген жаңа дәстүрлі емес діндер ене бастады. Олардың кейбіреулері деструктивті мақсаттарды көздейді. Заңнаманың жеңілдігі және жергілікті халықтың мейірімділігі радикалды діни және экстремистік идеялардың таралуына ықпал етті.

– Қазіргі таңда конфессионалдық мәселелерді шешуде біздің мемлекет әлемдік қауымдастыққа өз ұсыныстарын жасай алады. Болашақта да тиімді жүзеге асырылып отырған саясаттың арқасында Қазақстан осы саладағы көшбасшылардың бірі бола ала ма?

– Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі конфессияаралық қатынастарды саясаттандырудан алшақ кетуі. Конституцияның 5-бабының 4-тармағына сәйкес, «Республикада діни негіздегі партиялар қызметіне жол берілмейді». Аталған құқықтық норма Діндер туралы Заңның 4-бабының 2-тармағында баяндалған «Діни сипаттағы партиялар және басқа да саяси ұйымдардың, сондай-ақ діни бірлестіктердің саяси партиялар қызметіне қатысуға немесе оларға қаржылық қолдау көрсетуге жол берілмейді. Діни бірлестіктердің қызметшілері саяси өмірге тек өзінің атынан ғана басқа азаматтармен қатар қатыса алады». Әрине, заңмен баяндалған ереже әртүрлі конфессиялар арасында бейбіт қатынастарды сақтауға бағытталған, еліміздегі тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік туғызады. Еліміздің мемлекеттік саясатының дінге сену мәселелерін реттеу саласындағы ең басты жетістігі – конфессияаралық жанжалдардың болмауы. Бұл көп этникалық, көп конфессиялық мемлекет үшін өте маңызды. Бұдан басқа, Қазақстан әлемдік аренада жаһандық интегратор, аймақтық, континенттік және әлемдік деңгейдегі диалогтық алаң беделіне ие болды. Біздің алдымыздағы ендігі мақсат – осы атқарылған шаруалардың легін бұзбай, кешенді жұмыстарды рет-ретімен жалғастыру. Бұған осындағы әрқайсымыз атсалысамыз деген сенімдемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар