7 Ақпан 2019, 00:13 805 0 Ішкі саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

СОЛТҮСТІКТІҢ САЛҚЫНЫН, ОҢТҮСТІКТІҢ ЫСТЫҒЫ ЖЫЛЫТСЫН ДЕСЕК...

«Көшіп, қону дегенді құмнан алған секілді...» деп Қадыр Мырза Әли жырлағандай, жағдайға байланысты қоныс жаңалау қазақ халқына ежелден таныс нәрсе ғой. Бірақ баяғы көшпелі өмірдің салты бір бөлек те, бүгінгі отырықшылыққа үйренген қазақтың іргесін көтеруі бір басқа.

Халқы ұлан-байтақ жерде шашырай қоныстанған Қазақстанның бүгінгі ішкі миграциялық саясатында бір жерден екінші жерге барып қоныстанудың өзіндік маңызы бар. Бір жерде халық көп, жұмыс аз болса, екінші бір жерде жұмыс бар да халық аз. Атап айтқанда, еліміздің оңтүстігінде тұрғылықты ел тығыз қоныстанған, ал солтүстік облыстардың халқының саны өзге өңірлерге қарағанда аздау. Осыбір сәйкессіздікті ретке келтіру мақсатында ел үкіметі «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасын жасап, 2015 жылдан бері жұмыс жүргізе бастады.

Жасыратын несі бар, солтүстік, шығыс аймақтарда (Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы) жергілікті ұлт өкілдерінің саны кемдеу, осының себебінен ол жақта мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің сапасы көңіл көншітпейді. Оны былай қойғанда, ол жақтағы халықтың Ресейге, т.б. елдерге көшуі жиілеген. Бұл, әрине, халық санының кемуіне әсерін тигізіп жатыр. Осы олқылықтың орнын туу көрсеткіші жоғары әрі еңбек күші мол оңтүстік, батыс аймақтардың (Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) халқын көшіріп алу арқылы толтыруға ұмтылу жақсы идея еді. Алайда идея мен оның орындалуы екі басқа нәрсе. Өкінішке қарай, кей жағдайда жоспар мен оның орындалуы арасындағы алшақтық тым жақсы басталған істің қарқынына салқынын тигізіп жатқан жайы да жоқ емес.

Біріншіден, «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» бағдарламасында ешкімді міндеттеу жоқ, сонымен бірге көшкісі келген адамдардың отбасылы болуы да (бұл кейінгі жылдарда кіргізілген өзгеріс) шарт емес. Екіншіден, көшіп барған адамдарға белгілі бір мамандық түрлері бойынша жұмыстар ұсынылады да, тұрғын үй сатып алу не салып алу үшін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұның бәрі жыл сайын белгіленген квота арқылы іске асырылады. Дегенмен көші-қон мәліметтеріне қарап, кей жағдайларда квотадан тыс та көшіп барған адамдардың бар екенін байқауға болады.

Мәліметтерге қарасақ, жыл сайын көші-қонға бөлінетін квота да, көшіп барушылардың да саны артып бара жатқаны анық байқалады.

2017 жылы 5 облыстан (Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Алматы) Шығыс Қазақстан облысына – 98, Қостанай облысына – 30, Павлодар облысына – 69, Солтүстік Қазақстан облысына – 184 отбасы қоныстанса, 2018 жылы көшіп келушілерге 1517 отбасы (6363 адам) квота белгіленіп, нәтижесінде жаңа жерге қоныстанушылардың саны 6766 адамға (1858 отбасы) жетіп, жоспарда көрсетілгеннен 6 пайыз артық орындалған.

Өткен жылда оңтүстіктен солтүстікке көшіп барушылардың қысқаша статистикасы мынадай:

Көшкен халық – Түркістан облысынан 36%, Алматыдан 28%, Жамбылдан 15%, Қызылордадан 13,5%, Маңғыстау облысынан 2,7%.

Көшіп барған жерлері – Павлодарға 31%, Шығыс Қазақстанға 27%, Солтүстік Қазақстанға 22%, Қостанай облысына 16%.

Әрине, мемлекет арнайы квота бөліп отырған соң жаңа жерге қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қаржылай көмек берілетіні анық. Ол туралы айтсақ, «Ерікті түрде қоныс аударушыларға» арналған субсидия көлемі мынадай: әрбір отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш (88 мың теңге) көлеміндегі біржолғы төлем және тұрмыстық үй-коммуналдық төлемдерді өтеу үшін ай сайын отбасына 15-тен 30-ға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде (39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін) қаражат беріледі.

Солтүстікке көшіп барушыларды жұмыспен қамтамасыз ету басты міндет болса, қандай жұмыс түрлері ұсынылады. Мұны үш деңгейде көрсетуге болады.

Медицина саласында керек мамандар: акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, дәрігер-офтальмолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері, мейірбике.

Білім беру саласына қажет мамандар: орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына), ағылшын тілі пәні мұғалімі (қазақ және орыс сыныптарына), математика (қазақ және орыс сыныптарына), химия пәні мұғалімі (орыс сыныптарына), физика пәні мұғалімі (орыс сыныптарына), бастауыш сынып мұғалімі (орыс сыныптарына), әскери дайындық сабағының мұғалімі (орыс сыныптарына), денешынықтыру пәнінің мұғалімі.

Басқа қызметтер: электрші, тракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізуші, еден жуушы, т.б.

Жалпы алғанда, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларға керекті мәлімет – осы. Тек қана бір ескерерлік нәрсе, аталған бағдарлама бойынша еліміздің солтүстік өңірлеріне көшуге ниетті адамдар өз облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөліміне, сол сияқты өздері тіркелген тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарына барып, кеңес алуы тиіс. Сонда ғана квотадан тыс қалып қоймай, көшіп барған жерінен өзіне тиесілі қаражатты алуына мүмкіндік бар. Өйтпеген күнде мемлекеттік бағдарламадан тыс барған тұлға ретінде атаулы көмектерге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.

P.S. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, кейде жақсы басталған істің соңы тиісті органдардың салғырттығынан сиырқұйымшақтанып, тым жақсы жобаларға көлеңкесін түсіретіні бар.

Біз жұртты үркіткіміз келмейді, дегенмен көшіп барушылардың арасында кейбір кісілердің құқықтық сауатының кемшіндігінен және қоныстанушыларға жағдай жасауға тиіс кейбір әкім-қаралардың маңызды іске жүрдім-бардым қарауынан оңтүстіктен солтүстікке алқына жетіп барған ағайынның шаруасы дұрыс шешілмей, көңілге кірбің түсірер жайттардың орын алған кездері де кездесіп жатыр. Көшіп барушылардың арасында «баспананы өз бағасынан қымбатқа алып, енді сата алмай отырмыз» деп реніш білдіргендері де, «уәде етілген жұмыс берілмеді» деп шағым айтқандары да бар. Ал кейбір жағдайларда жылы жақтан барғандар солтүстіктің суығына шыдамай кері көшіп кеткен жайттар да жетерлік.

Қалай десек те, мемлекеттік маңызы бар осы бір көші-қонның қарқынын түсірмей, «оңтүстіктің ыстығымен салқын солтүстікті жылытуды» тоқтатпаған дұрыс. Сонда ғана ұлан-ғайыр даламыздың солтүстік, шығыс өлкесі қазақыланып,  мемлекетіміздің қауіпсіздігі мығым бола түсері анық.

Соңғы жаңалықтар