30 Қаңтар 2019, 15:20 522 0 Қоғам Назым Тойлыбаева

Назарбаев несиелерді қайтаруды қадағалау жүйесін сынады

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Астанада үкіметтің президент қатысуымен өткен кеңейтілген отырысында баяндама жасады. Ол қайтарылмаған несиелер көп екенін мәлімдеді, деп жазды  centralasian.org.

"Он жылда банктердің несиелері 5,5 триллион теңгеге, 70 пайызға өсті. Осы уақыт аралығында жеті банкті жою және екі банкті аяғынан тұрғызу жұмыстары кезінде шамамен 5 триллион теңге кешірілді, яғни несие алушылардың барлығы оны қайтармаған", - деді Ақышев.

Оның айтуынша, несие қайтармаған кәсіпорындардың басым бөлігі жұмыс істеп жатыр және "одан да жеңілдетілген несие сұрап отыр". Президент несиені барлық жолдармен қайтару керектігін, несиені қайтармаған кәсіпкерлерді жауапқа тарту қажеттінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев бақылаушы жүйені сынады. "Біз өзіміз дұрыс басқармағанбыз. Біз, банк және үкімет бұл істі қадағалауы тиіс еді. Кім көрінгенге таратқанбыз", - деді Назарбаев. Ол Ақышевқа Ұлттық банк құзыретін кеңейтетін заң қабылданғанын еске салып, дұрыс қадағалауға шақырды.

"Әрбір акционер өз банкін тонайды, сосын біз оның артынан түсіп жүреміз. Біз қайда қарадық? Нашар жұмыс", - деді Назарбаев.

Назарбаев банк акционерлерінің "ұрлығы" туралы бұған дейін де айтқан. Өткен жылы ақпан айындағы үкімет отырысында ол банктердегі тонаушылық туралы мәлімдеп, сәуір айында жұмыстары тоқтатылған үш коммерциялық банктің көрсеткіштерін "масқара" деп сипаттаған.

Соңғы жаңалықтар