Мәскеуде Қазақстан және Ресей қаламгерлерінің екінші кездесуі өтт

Мәскеуде Қазақстан және Ресей қаламгерлерінің екінші кездесуі өтт

Мәскеуде Қазақстан және Ресей қаламгерлерінің екінші кездесуі өтт
ашық дереккөзі

Мәскеуде «Қазақстан – Ресей» альманахын таныстыру рәсімі өтті. Салтанатты шара Қазақстан және Ресей жазушыларының екінші рет басқосуына себеп болды. Жазушылардың алғашқы кездесуі өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бастамасымен өткен еді. Аталмыш альманахты Қазақстан Жазушылар одағы «Литературная газета» және «Роман-газетамен» бірлесіп, Мәскеудегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі қамқорлығымен жарыққа шығарды.

Ресей Мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығында өткен шараға Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжин, халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі Ресей президентінің арнайы өкілі Михаил Швыдкой, ақын және қаламгер Олжас Сүлейменов, «Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляков, «Роман-газетаның» бас редакторы Юрий Козлов, шығармалары альманахқа кірген бірқатар жазушылар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, екі елдің көркемөнер зиялыларының өкілдері, белгілі ресейлік ғалымдар мен журналистер және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Жаңа басылымға Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Юрий Поляков, Владимир Личутин, Нұрлан Оразалин, Лев Аннинский, Әбіш Кекілбаев, Евгений Рейн, Бақытжан Қанапиянов секілді екі елдің белгілі қаламгерлерінің шығармалары енген.

Жинақтың тұсаукесер рәсімінде алғашқы болып сөз алған  Марат Тәжин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз мәдениетіміздің ерекшелігіне жататын: өз ана тілімізді, руханиятымызды, дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтасақ қана, қазіргі заманғы түйткілдерге тиісінше жауап бере алатынымызды естен шығармау қажет... Мәдени ерекшелігін жоғалтқан  ұлт өзін жоғалтқанымен бірдей болады. Бұны болдырмау амалын жасауға тиіспіз», – деген сөзін атап өтті.  Қазақстан елшісі жазушылардың алғашқы кездесуінде қазақстандық-ресейлік қаламгерлердің бірлескен әдеби альманахын шығару, «Литературная газетаның» арнайы бөлімінде Қазақстан әдебиеті туралы мәліметтер жариялау, әдеби аударма дәстүрін қайта қалпына келтіру мақсатында өлең және қара сөз аудармашылар бәйгесін өткізу секілді ұсыныстар болғанын мәлімдеді.

– Аталған ынтымақтастық қазіргі кездегі Қазақстан және Ресей, тіпті, бүкіл Еуразия аймағы үшін  ең өзекті болып тұрған жүйелі мәселелерді ашып көрсетуде. Алайда біздің бүгінгі мақсатымыз одан да зор. Бүгінгі мақсат – бір-бірімізге өзара құрметпен қадам жасауға серпін беру. Кезекті басқосуымыз да осының нақты қадамына айналғанына сенімдімін, – деді Марат Тәжин.

Қазақстан елшісінің пайымдауынша, әдеби сын саласында да екі ел жазушыларының байланысын қалпына келтіру маңызды мәселеге айналмақ. «Қазақстан мен Ресей қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Сондықтан, екі елдің мәдениет, білім министрліктерін және әдеби институттарын осы іске тарта отырып, Қазақстан мен Ресейдің әдеби үдерістеріне арналған ғылыми зерттеулерді бастауға болады», – деді Марат Тәжин.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Ресей президентінің арнайы өкілі Михаил Швыдкой өз сөзінде екі ел жазушыларының кездесулеріне және әдеби альманахтың шығуына жоғары баға беріп, шекаралас елдің шын жағдайын тек әдебиет арқылы білуге болатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ,  альманах өз оқырмандарын жаңа дарынды қаламгерлермен таныстырғанын және ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры осындай бастамаларды қолдауға әзір екеніне тоқталды.  «Альманахтың мазмұны терең, ол кітапханалардың қорларында болатынына сенімдімін. Әдебиет тірі болса, ұлттың рухани ерекшелігі де тірі, тарихтың ұлттық тағдыры да бар», – деп атап өтті Михаил Швыдкой.

Олжас Сүлейменов өз сөзінде қазіргі уақытта әдебиеттің дағдарысқа ұшырағанына назар аударды. «Кеңес Одағы жойылғаннан бері біз ұлы оқырманды жоғалттық»,  дейді ақын. Оның ойынша, тәуелсіздік кезеңінде барлық адамдар өзара тәуелділігін сезеді, ал әдебиет осы байланыстарды қайта құруға мүмкіндік береді.

Қазақ көсемсөзшісі, жазушы Ғаділбек Шалахметов жазушылардың былтырғы жылы кездесу барысында сөз болған орыс тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен орыс тіліне аударма жасайтын аудармашылар арасында бәйге өткізуге қатысты шешімді еске сала келе, сол бәйгенің жеңімпаздарды марапаттау рәсімі биылғы жылдың 16 тамызында Алматы қаласында өткенін және олардың қатарында қазақстандық-ресейлік жазушы Анатолий Ким болғанын мәлімдеді. Ал Анатолий Ким әдеби аударманың рөлі ерек екенін айта келе, оны барлық жұртты біріктіретін негізгі қызметтердің біріне жатқызды. Сонымен қатар, Анатолий Ким қазақ әдебиеті өзге әлемдік әдебиеттерде жоқ дүниелерді қамтитынын да атап өтті. Оның айтуынша, барлық салт атты көшпенділер өркениеті мен мәдениеті өз тарихи жолының соңында  қазақ әдебиетінде орын тапқан.

«Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляковтың айтуынша, сапалы әдеби аудармалардың арқасында екі елдің ұлттық әдебиеттерінің ықпалдастығы аса маңызды мәселеге айналды. Ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігімен бірлесе отырып, іске асырып жатқан жемісті ынтымақтастықты үлгі ретінде келтірді. Юрий Поляков алдағы уақытта қазақстандық және ресейлік жас жазушылар арасындағы кездесулердің ұйымдастырылатынын және мұндай іс-шаралар мемлекет тарапынан қолдау табуы керектігін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Кеңес Одағында атақты болған және көркемөнер байланыстарының үзілуін Сергей Михалков, Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Давид Кугультинов, Мұстай Кариммен кездесулерін еске алды. Жазушылар сұхбатын екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың елеулі кезеңі деп атады.

Қазақстан ПЕН-клубының басшысы Бигелді Ғабдуллин елдер арасындағы саяси кедергілерге қарамастан, әдебиет әр кезде халықтардың қарым-қатынас көпірі болып қала бергенін айтты.

«Роман-газетаның» бас редакторы Юрий Козлов және ақын Бақытжан Қанапиянов жиналған қауымды альманахты қалыптастыру үдерісімен таныстырып өтті. Салтанатты кездесу барысында Ресей Жазушылар одағының хатшысы Максим Замшев, ресейлік ақын Владимир Еременко, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өкілі Светлана Ананьева да сөз сөйледі. Барлық қатысушылар аталмыш кездесу және таныстырылған альманахтың бірінші басылымы еуразиялық кеңістікте әдеби, мәдени ынтымақтастықты нығайтады дегенге келісті.

Кездесу соңында «Қазақстан-Ресей» әдеби альманахының екінші басылымын шығару, «Литературная газетада» Қазақстан әдебиетіне арналған беттердің шығуын жалғастыру, әдеби аудармашылардың халықаралық бәйгесін өткізу, Қазақстан мен Ресейдегі әдеби үдерістерге арналған ғылыми зерттеулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Екі ел қаламгерлерінің үшінші кездесуі 2016 жылы өткізілмек.

Әсел ӘНУАРБЕК