Тұлғасы асқақтай түскен Ахметов

Университетті басқарған нағыз жайсаң азаматтар уақыт өте келе халық есінде ерекше қырларымен сақталып, тұлғалары асқақтай түседі. Сондай тұлғаның бірі – Әшімжан Сүлейменұлы Ахметов.

2001 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне білікті басшы Әшімжан Сүлейменұлы ректор болып келгенде оқу орнында  күрделі құрылымдық өзгерістер басталды.

Оқу ордасы ширек ғасырлық тарихында жаңа белеске көтерілген кез болды. Оқу ғимараттары жөндеулерден өтіп, жаңа кейіпке келтірілді. Университеттің Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласындағы орны айқынырақ көрінді. Оқу орны жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, мазмұны мен түрі жағынан қазіргі замандық жоғары оқу орны мәртебесіне қадам жасай бастады.

2001 жылы университет мемлекеттік аккредитацияға ие болса, 2004 жылы мамыр айында «Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік униерситеті» РМҚК жоғары кәсіби білімнің 55 мамандығы, 14 бакалавриат мамандығы және 7 магистратура мамандығы және 4 жоғары оқу орнынан кейінгі білім (аспирантура) мамандығы бойынша мемлекеттік аттестациядан өтті.

Бұл кезде университте барлық кешенді мамандықтар бойынша он екі мың студент білім алды. Университет құрылымында Мұнай және газ институты, Инженерлік-техникалық институт, Педагогика институты, Экономика және құқық институты, Маңғыстау атом энергокомбинаты мен «Сараптау мен сертификаттау Ұлттық орталығы» ААҚ-ның Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы филиалдары жұмыс істеді. Басқа ЖОО-лармен салыстырғанда университет түлектерінің барлығы дерлік жұмысқа орналасудан алдыңғы орында тұрды.

Білім беру қызметінің тұрақты сапасын қамтамасыз ету мақсатында оқу орны халықаралық сапа менеджментін ендіріп, жұмыс жағдайында ұстап тұрды. 2004 жылы Қазақстандағы алғашқы ЖОО-ның бірі болып Ш.Есенов атындағы АқтМУ универ­­­­ситеті мемлекеттік лицензиялары бар мамандықтар мен бағыттар бойынша университеттік білім беру қызметінің ISO 9001: 2000 Халықаралық стандарттарына сәйкестігі үшін IQNet Халықаралық сертификаты мен «Русский регистр» ассоциациясының сертификатына ие болды.

2005 жылға қарай университеттегі профессорлық-оқытушылық құрамның жалпы саны 498 адамға дейін ұлғайды: олардың ішінде штаттық қызметкерлер саны – 361; оның 3-і – Инженерлік академияның мүшесі, 4-і – Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының мүшесі, 24 ғылым докторы мен 106 ғылым кандидаты, доцент қызмет етті.

Ә.С. Ахметовтің келуімен университетте «Ш.Есенов атындағы АқтМУ Хабаршысы» ғылыми басылымы мен «Жас толқын» газеті шыға бастады. «Ш.Есенов атындағы АқтМУ Хабаршысы» (қазіргі «Ш.Есенов атындағы КМТИУ Хабаршысы») – ЖОО-ның ғылым мен техника салалары бойынша өзекті мәселелерді көтерген университет профессор-оқытушылары мен отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми мақалаларын тұрақты жариялап тұратын ғылыми басылымы болып, республикамыздағы іргелі оқу орындарында қалыптасқан дәстүр бойынша бірегей стандарттарға сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілінде жылына төрт рет жарық көріп келді.

Жазушы Әкім Ысқақтың бір естелігінде Әшімжан ағаның анасы жайлы былай деп жазыпты: «Дәл қазір ойыма Әшімжан Ахметов ағам айтқан бір оқиға оралып отыр. Ол кісі Білім және ғылым министрінің орынбасары кезінде анасы ауырып қалып, шұғыл ауылға жетті. Дерт меңдесе де Астанадағы баласын ойлап жатқан кейуана жастығының астына жасырып қойған түйін түйген шүберекті ұсынады. Бұған таңырқаған Әшімжан аға: – Апа, бұл не? – деп сұрайды. – Өзің қашан келеді деп пенсиямды жинаған едім, құлыным… – Оны не істеймін? – Қарның тоқ боп жүрсінші, жаным. – Менің өзімде бар ғой.. – Айналайыным-ау, қаншама айдан бері сен келеді деп жинап жүрген дүнием ғой бұл, – деп қоярда қоймай сақтаған азын-аулақ ақшасын қолына ұстатыпты». Осындай қамқор да жомарт ананың тәрбиесін көрген рухы биік, ұсақтықпен ісі жоқ, ірілікті сүйетін ұлдың елі үшін бергені мол еді. Ш.Есенов атындағы университетте басшы болған кезде әр балаға өз баласындай қарады. Алдына жылап келген баланың басынан сипап, қолдан келгенше көмегін аямай, жұбата білді. Оқу ақысын төлей алмаған мүжәлсіз отбасынан шыққан балаларды Ғылыми кеңестің шешімімен тегін оқытты. Әшімжан аға – жастар қамын көбірек ойлайтын, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына күш жұмсаған жан. Жастар мен ғалымдардың терең білім, ұлттық-эстетикалық тағылымы жоғары маман болуы үшін жаңашылдықпен еңбек етіп, жасаған қызметі жасампаз болды.

2005 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметіне ауысар кезде Ш.Есенов университетімен қоштасу жиынында  университет ұжымының әр мүшесі көзіне жас алып, шығарып салды десем, артық айтқандығым емес.

Университеттің қазіргі шаруашылық қызмет жөніндегі департамент директоры Нұрболат Батықов абзал ағаны былайша еске алады:

«Әшімжан Сүлейменұлы менің алғашқы мектептерімнің бірі еді. Әрине, жас болған соң білмейтініміз көп. Мен де, қазір Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы болып отырған Асқар Сейдалиев те Әшімжан ағаның тәлім-тәрбиесін алдық, ол кісіден ірілікті, ұқыптылықты, қайырымдылықты үйрендік. Екеуміздің мансаптық баспалдақтарымыз сол кісінің жанында жүргеннен басталды. Асқар екеуміздің де шашымыз тікірейіп тұратындықтан түсімізге қарай мені «сары щеткам», Асқарды «қара щеткам» деп әзілдейтін. Ол кісінің қонақ күтуі – бөлек әңгіме. Бір кішкене отырысты үлкен думанға айналдыра білетін, демалыс сәтінің өзін мереке қыла алатын үлкен ортаның ұйымдастырушысы еді, тіпті ол кейде бәріміздің басымызды қосып, жұмыста шәй ішудің өзін үлкен бір рәсім етіп, өз қолымен құйып беріп, әдемі қалжыңымен бір серпілтіп демалдырып тастайтын. Отыра қалған жері – той-думан, орынды еркелікті қиналмай көтере білетін ақкөңілділігі тағы бар. Адамға тән сезімдердің бар нәзік қылын шерте алатын, әңгіме парқын түсінетін, әзіл-қалжыңды көтере білетін, кейде баладай риясыз күлетін қасиеттері есімізден кетпейді».

Ә.С. Ахметовтің 2008-2012 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-ды басқарған кезін тараздықтар да құрметпен еске алады. Бұл жылдар университеттің жаңаша даму кезеңі болған еді. Университетте 530 оқытушы, оның ішінде, 28 ғылым докторы, профессорлар мен 206 ғылым кандидаты мен доценттер қызмет етті. Университетте бакалавриат, магистратура, аспирантура және PhD докторантура көп сатылы білім беру жүйесі енгізілген. Оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерді қамтамасыз ету үшін оқу-әдістемелік басқармасы, тіркеуші кеңсесі, жаңа ақпараттық технологиялар орталығы, қашықтан оқыту орталығы, ғылыми-зерттеу бөлімі, ғылыми кітапхана, баспа, спорт клубы және өзге де университет бөлімшелері қызмет көрсете бастады. Республика жоғары оқу орындарының арасында 2003 жылдан бастап алғашқылардың бірі болып университет оқытудың кредиттік технологиясына көшті. Отандық білім беру жүйесі үшін жаңалық болып есептелетін бұл жүйемен оқытуда университеттің профессор-оқытушылар құрамы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен университет республика жоғары оқу орындарына оқытудың кредиттік технологиясын ендіру бойынша Консалтингтік орталыққа айналды. Жарты ғасыр бойы еліміздің түрлі салаларына мамандар дайындап келе жатқан М.Х. Дулати атындағы ТарМУ тарихы – дәстүрге, тамаша адамдарға бай Жамбыл облысындағы ең іргелі оқу орнына айналды. 50 жылға жуық тарихы бар бұрынғы бірнеше жоғары оқу орындарының бірігуі негізінде құрылған Тараз мемлекеттік университеті республикадағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

Әшімжан Сүлейменұлы қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де елеулі еңбек етті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кездерде Қазақстанның ғылым-білім саласына қатысты мәселелерді көтерді. Қазақстан Президентінің алға қойып отырған мақсаты жолында аянбай еңбек етті. Әлемде дамыған алдыңғы қатарлы елдер қатарынан ұлтымыздың да жарқырап орын алуын тілейтін. Ол үшін ғылым-біліміміздің соған сай болуы керектігін баса айтатын.

Сапалы білім беру жүйесін жақсарту мәселелеріндегі жаңа мүмкіндіктерді де атап айтатын. Заманауи оқу бағдарламалары мен оқу құралдары, әдістемелерді түзу, олардың жаңа буынның, болашақтың танымына сай өзгеріп отыруды қадағалайтын. Талапқа сай білімін шыңдаған білікті мамандардың жаңа буын сұранысына жауап бере алатындай талғаммен рухани дамуына мән беретін. Жас буынның толық білім алуымен қатар шығармашылық, ғылыми ізденістерінің қолдау тауып отыруына жағдайлар жасайтын.

2012 жылдың 15 қыркүйегінде көрнекті қоғам қайраткері, талантты ғалым, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ғылымдар академиясының академигі Әшімжан Сүлеймен­ұлы Ахметов өмірден озды.

Ректор болып қызмет еткен университеттерінде: Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде профессор Әшімжан Ахметовтің атымен аталатын дәрісхана,  М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде нанотехнологиялар зертханасы бар.

Парасаттылығы мен қарапайымдылығы, білімділігі мен біліктілігі биік тұрған осы бір абзал жанның  ерекшелігі  жаңа істің жаршысы бола білгендігінде еді. Өзінің жасампаздығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында қоғамның түрлі кезеңдерінде ұрпақ тәрбиесі жолында өшпейтін іс жасады. Бүгінгі таңда артында қалған, ұлағатты әкенің тәрбиесін көріп өскен ұлдары Бакытжан мен Ғалымжан Ахметовтер белгілі кәсіпкер болса, жұбайы Дина Смайылқызы Астана қаласындағы республикалық «Нұр-болашақ» мекемесінің және «Бақыт» балабақшасының құрылтайшысы.

Iзгiлiк – мүлтiксiз кемелдiктiң өзегi, бар қуаныштың түйiнi. Ол адамды парасатты, iлтипатты, кемеңгер, батыр, мемлекетшiл, әдiл, бақытты, мақтауға лайықты, шынайы етедi. Сондай өмірден өз орнын тауып, өзінің перзенттік борышын адал атқарып, көпшіліктің құрметіне бөленіп, артында өшпестей із қалдырып, дүниеден ертерек озған халқымыздың адал перзенттерінің бірі Әшімжан Сүлейменұлының елге сіңірген ерен еңбегі де мәңгілік.

 

Нағбду ҚАМАРОВА,

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік

технологиялар және инжиниринг

университетінің профессоры,

 ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Back to top button