Тәуелсіздік тағылымы

Тәуелсіздік тағылымы

Тәуелсіздік тағылымы
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктің таңы атқанына да, міне 27 жыл. Осы жылдар арасында еліміз жаңарды, мемлекетшілдік сана қалыптасты. Жас ұрпақ азат елдің ауасымен тыныстап, еркін өсіп келеді. Десек те, оларға Қазақ­стан­ның егемен ел ретінде қалай қалыптасқаны жайында айтып, олардың бойына отаншылдықты сіңіре беру білім ордаларының басты міндеті болып қала бермек. Таяуда Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясында өткізілген «Тәуелсіздік жаңғырығы» тақырыбында өткен кездесу де жоғарыда айтып өткеніміздің бір көрінісі дер едік. Мектеп-гимназияның 9«Б», 9«Д» сыныптарының ұйымдастыруымен өткізілген кездесуге желтоқсан оқиғасына қатысып, ел тарихындағы маңызды оқиға тұсында азаматтық ұстанымдарын көрсете білген Мамырбаева Күлшат Нұржүнісқызы мен Мұхамедиярова Раиса Баймұханқызы шақырылған болатын. Кездесуді мектебіміздің «Нұрлы саз» домбырашылар оркестрі ашып, апайларына мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге желтоқсан оқиғасының қаһармандары мен қайтыс болған боздақтарға арналып ақындардың естелік, өлеңдері оқылды. Кездесу қонақтары оқушылардың қойған сауалдарына жауап беріп, өткен күннің ауыр кезеңдерінен естеліктер айтып берді. «Сол кезде «Менің Қазақстаным» әнінің Әнұранға айналарын білгендей, осы әнді алаңға шыққан жастардың әуелете орындап, қолдарын қармаса ұстап шырқауы бізді әлі күнге дейін таңқалдырады. Жастардың арманы орындалғанына қатты қуанамыз», – деді апайлар.  

Нышангүл Шалқарбаева

Алматы қаласы