560
«Жолбарысым» десе, жонданып кететінбіз
«Жолбарысым» десе, жонданып кететінбіз
Қалағаңның қасында көп жүрдім. Ол кісімен жиі араластым. Алғаш рет онымен тіл табысып, әңгімеміз жарасып кеткенде жасым сазға біткен құрақтай қылшылдаған жиырма бестің желегінде екен. Содан кейін тағы бір ширек ғасыр шамасы қоян-қолтық араласыппын. Сондықтан да ол туралы өте көп білемін деп айта аламын.
Өмір жолы өнегеге толы Қалағаңмен бір болған сәттерімізден сыр шертіп көрсек, онымызды оқырман жұрт оғаш көрмес деп ойлаймын. Өмірлік қосағым Анардың әкесінің туған ағасы Әлім Мұхамеджанов ол кісімен жастайынан ағайын ретінде араласады екен. Келіншегіме үйленгелі жүрген шағымда Қалтай ағамен танысу табиғи нәрсе болып көрінді. Екі отбасының араластығының мықтылығы сондай, артынан сол қадірменді аға біздің үйлену тойымызды өзі бастан-аяқ басқарып шықты. Және басқарғанда қалай басқарды?! Үйлену тойыма белгілі тұлғалар Шахмардан Есенов – Кәмила апа, Асқар Қонаев – Ләйлә Мұхтарқызы, ақын Ғафу Қайырбеков – апамен, т.б. игі жақсылар қатысты. Ол кісілер Әлім Мұхамеджанов атайдың достары еді.
Менің өмірімде осындай іркілмес із, өшпес өрнек, ортаймас орын қалдырған Қалтай аға екінші рет 1992 жылдың қаңтар айында тағдырымды жаңа арнаға салып беріп еді. Сол кісінің тікелей араласуы арқасында сол кезде шетелде арнайы тіркеуден өтіп, еліміздің сырт өлкедегі тілшісі болған бірінші журналисі атандым. Сол тұста түбірі түркиялық «Заман-Қазақстан» газетін басқаратын Қалекең мені осы басылымның Анадолы жеріндегі меншікті тілшісі ету жайын сол жақтағы басшылармен келісіп алды. Мәселе оңды шешілгесін мені ертіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына бардық. Мемлекетіміздің басшысы сол жерде менің шетелде тіркелген бірінші қазақстандық тілші екенімді қадап айтып, сәттілік тіледі. Артынша Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков пен Қалекең екеуі мені алып, Түркияға ұшты. Қалекең сол сапарында Станбұл университетінде түркі дүниесі жөнінде түрік тілінде тамаша дәріс оқып, ондағы ағайындардың аузын аштырды.
Ал мен «Қазақстан» телекомпаниясы, «Егемен Қазақстан» (ол кезде – «Егеменді») және «Халық кеңесі» газеттері, ҚазТАГ агенттігі секілді бұқаралық ақпарат құралдарының да меншікті тілшісі қызметін сондай-ақ, Германиядағы халықаралық «Азаттық» радиосының (басшысы Хасен Оралтай) Түркиядағы арнаулы тілшісі қызметін де қоса атқардым. Бұлардың бәрі Анадолы топырағында тоғыз жылдай тұрып, Қазақстан елшілігінде консул болып қызмет ететін дәрежеге дейін жетуіме жол ашып берген-ді.
Оның түркі топырағына келген әрбір сапары біздер үшін үлкен мереке болатын. Ол кісінің алуан түрлі тәлімді тәмсілдер мен әрлі әңгімелерін естіп, ғибратқа толы сөздеріне сусынымыз қанып, ұшан-теңіз білімінің бір шетін кертіп жегендей тояттап қалатынбыз. Сол алған мағлұматтарымыздың өзі бізді едәуір биікке көтеріп жіберетін. Қалекең бұл түпсіз білімнің қайнар көзін өзі ылғи қолынан тастамай оқып жүретін кітаптардан алады екен. Күні бойы жұртпен бірге қауқылдасып, әзіл-қалжыңын төгіп отыратын оның түнде оңаша қалған сәтінде үзбей кітап оқитынын талай байқадым. Қалағаңның өзі жақсы көрген адамын «Жолбарысым-ай» деп еркелетіні бар еді. Көтеріңкі дауыспен осылай деп тұрғанда, тұла бойың шымырлап, өзіңді шынымен аң біткеннің ең қайраттысы – шерідей көріп қалатының рас. Бұл сөз, әсіресе, мен секілді елден жырақ жүрген азаматтарға ерекше әсер ететін. Ұлағатты ұстазды еске алғанда, оны осы бірауыз сөзімен қоса сағынатынымызды аңғаратынбыз.
Тіршілікте тағылымын көріп, тәлімін алған ардақты аға бақилық болғанымен, оның емен-жарқын жүзі мен жайдары күлкісі санадан сызаттап шығар емес. Біз Қалағаңның шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен оның бітімі бөлек драматург екенін тілге тиек етеміз. Драматург болғанда да, ол Мәскеудегі атақты мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдаған тұңғыш кәсіби қазақ драматургі.
Ол әдебиетіміздегі өзге қаламгерлер сияқты драматургияға поэзия мен прозадан келген жоқ, өзінің ілкі білімін бірден әлемдік театр өнері тарихы мен теориясын түбегейлі зерттеп-білуге арнады. Ол осы қасиетінің өзімен де өзгелерден оқ бойы озық тұр. Сонымен бірге бұл жанрды басқа саламен араластырмады. Қалтай-драматургтің тағы бір ұлылығы және артықшылығы, ол қазақ драма өнеріне комедия деген жанрды өзгеше бір қырынан алып келді.
Бұл ретте оның 1958 жылы жазылып, 1959 жылдың ақпанынан бастап қазақ сахналарында қойыла бастаған «Бөлтірік бөрік астында» атты тырнақалды комедиясы драматургті бірден даңққа бөледі. Әйткенмен, көре алмайтын күншілі көп қоғамда жастар тақырыбын әдемі әжуамен қаузайтын осынау туындының басына да бұлт үйірілмеуі мүмкін емес еді. Көп ұзамай коммунистік партия идеологиясының отын үрлеп жүргендер оны мүйіздеуге көшті. Орталық комитеттің сол кездегі хатшысы Жанділдиннің аузымен айтылған сын мазмұны «ұлтшылдық сарыны басым», «тілдер арқылы ұлттарды қарсы қою әрекеті бар», «коммунизм құрылысшылары – совет жастарына жабылған жала» деген сипатқа құрылды. Мұны аз десеңіз, қазақ театры мен киносының корифейі жазған «Өнерлі жасқа өткір сын» атты мақаласы комедияның басына үйірілген бұлтты одан бетер қоюлатып жіберді.
Осыдан кейін белгілі қаламгер Тахауи Ахтановтың «Жас адамға жанашыр сөз» деп аталатын мақаласы жарияланып, ол жас авторға біраз демеу болғанымен, сыннан біржола арашалап ала алмады. Тек дауға әйгілі Мұхаң – Мұхтар Әуезов араласқаннан кейін ғана істің беті бері қарап, аяздың зәрі сынған еді. Ол жазған «Бұл күлкіге дән ризамыз» атты мақаладан соң пьеса республика театрларына еркін жол алып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қойылып келді. «Бөлтірік» кейін тоғыз тілге аударылып, әлем жұртына да мәлім болып кетті.
Осы бойда ұлы Мұхаң айтқан «анық талантты табыстың» жәй сөз болмағанын шығармашылық шабытымен дәлелдей білген Қалағаң 1960 жылы дүниеге «Құдағи келіптіні», 1962 жылы «Қуырдақ дайын», 1964 жылы «Өзіме де сол керек» пьесаларын келтіріп, сусамырдай сусап отырған қазақ сахнасын комедияға қарық қылды да тастады.
Драматург Қалекеңнің бұдан кейінгі қалам қарымын басқа қырынан танытқан туындысы, сөз жоқ, «Жат елде» драмасы. Ол 1964 жылы Жазушылар одағында үлкен талас үстінде өмірге жолдама алды. Онда да тағы бір классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің зор беделі арқасында талаудан аман қалып, 1966 жылы Әуезов театрының сахнасына шықты. Ал осының алдында өтпей қалған «Біз періште емеспіз» драмасы жазушының қаншалықты жүйкесін жұқартып кеткені оның өзіне ғана мәлім. Ақырында отыз жылға жуық уақыт сөреде сүрленген бұл драма 1988 жылы жарыққа шықты.
Бұлардың арасында сонау отыз жетінің зобалаңында әкесі атылып кеткен Қалекең үшін «Жат елденің» жарыққа шығуы үлкен жеңіспен пара-пар еді. Сол қайран әкесіне ұқсағысы келгені себеп шығар. Қалекең нағыз дегдар да, діндар да адам болған. Қалекеңнің әкесі Мұхамеджан заманында «Қара молда» деген ныспысымен атағы Арқа мен Сырға қатар танылған кісі еді.
Атамыз кезінде Бұқара шәріптегі Мір-Араб медресесін түгесіп, Құран Кәрімді жатқа айтатын қари атанған. Діни ғұламалығы арқасында әлгіндей лақап ат алыпты. Сондықтан өз кіндігінен тараған үш ұлына Әбиболла (Әби), Қалиолла (Қалтай), Ибраһим (Қырғызбай) деген аттар берген. Халқына қадірлі болған Қара молда кеңес өкіметі орнағаннан кейін де мешіт-медресе ұстап, Сырдың бойындағы жұрт арасына имандылықтың нұрын себуге септік тигізген. Заманында өзі секілді ескіше білім алған ғұлама ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовпен жақсы араласып, оған парсы тілінен «Шаһнамені» аударып шығуды ұсынған да осы Мұхамеджан қари деген дерек бар. Осы өңірден шыққан белгілі ақындар Асқар Тоқмағамбетов мен Қуаныш Баймағамбетовтің біз сөз етіп отырған Мұхамеджан атадан тәлім мен білім алғанын тарих біледі.
Сол ғұлама кісі 1937 жылғы 22 сәуірде «халық жауы» деген жалған жаламен қамалады. Сол кезде Әби – 10, Қалтай – 8, Қырғызбай 3 жасар бала екен. Осы тұста қарындастары Рыскүл емшектегі нәресте көрінеді. Ал тұтқындалған уақытында 49-ға енді іліккен Мұхамеджан атамыз қайтып елді көрмеген. Осы ретте жазушы Әбіш Кекілбаев куәлік ететін мына оқиға да оқырманды бейжай қалдырмас деп ойлаймыз.
Алпысыншы жылдары Жазушылар одағында бір жиналыс өтеді. Кенет мінбеге Қасым Тоғызақов шығады да: «Осында Қалтай Мұхамеджанов бар ма? Бар болса, тұрсыншы!», – дейді. Залдың бел ортасынан Қалтай аға түрегеледі. «Кешір, бауырым, – дейді сонда Қасекең. – Мәскеудегі онкүндікте маған Жамбылдың қасында жүріп, тілмаштық етуді тапсырды. Келгесін ұзақ жүргізбей, ұстап әкетті. Бір күні құлқын сәріден бәрімізді абақтыдан айдап шықты. Ащы ішектей шұбатылып, сапқа тұрғызды. Бірінші тізбектегілер тап сол арада біздің көзімізше оққа ұшты. Екеуінің есімін ұмытпаппын. Біреуі Қарағандының бір ауданының бірінші хатшысы Ахметов деген еді. Екіншісі алдыңғы күні ғана Сыр бойынан айдап әкелінген ақ сәлделі хазірет. Аты – Мұхамеджан. Мына тұрған Қалтайдың туған әкесі. Менің көз алдымда жендет оғынан шәйіт болды». Екі беті күлдей болып, көгіс тартқан Қалағаң сол бойда сүлесоқ қалпында орнына шөге кетеді... Бұдан өткен қасірет болар ма!
Ғұламалық дегеннен шығады, бір жолы кеңес заманында Иранға жазушылар сапында барудың сәті түскен Қалекең кітап дүкендерінің біріне кіріп, әйгілі Қожа Хафиздің: «Агар он турки Шерозй ба даст орад дили моро, Ба холи ғиндуеш бахшам Самарқанду Бухороро» деп гүжілдеп қоя береді. Қалекең осы шумақтың алдымен орысша нұсқасын: «Дам турчанке из Шираза Самарканд, а если надо, – Бухару! А в благодарность жажду родинки и взгляда», деп заулатып алады да, артынша Әбіраш Жәмішев тәржімасындағы: «Мен Шираздың пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, Бір меңіңе Самарқан пен Бұхараны берер ем» деген жолдарды тағы арқыратып өтеді.
Шираздың Шамсутдин Хафизінің мына ғазелін түпнұсқа бойынша оқыған қаймана қазаққа аса разы болған сатушы әйел сол жерде Қалекеңе сұраған кітаптарын тегін ұстатып жібереді. Асыл ағамыз өзінің мұндай білімділігін қандай бір қысталаң кезде де қиыннан қиыстырып сөз тауып, тұйықтан шығып кететіндігімен талай мәрте дәлелдеген.
Соның бір мысалын оның жанында көп жүрген інілерінің бірі, өзі де ғажайып ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед былай баян етеді. Қалекеңнің жетпіс жылдық мерейтойы 1999 жылдың жазында, уақытынан бір жыл кейін аталып өтеді. Тараздан бастау алған той Түркістанда жалғасын табады. Сол жолы Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің лық толған акт залында көсіліп сөйлеген Қалекеңді үзілісте жасамыстау келген түрік профессоры кес-кестеп: «Сайын Қалтай-бей! Сөзіңізге бек риза болдым. Нағыз ғұлама екендігіңізге еш шүбәм қалмады. Бірақ осы айтқандарыңыз қазақ жастарының құлағында қалатынына күмәнім бар. Айналаңызға қараңызшы: қазақ қыздарының бәрі ашық-шашық жүреді. Шаш пен көйлектің етегін қысқартқаны өз алдына, кейінгі кезде кіндігін жалаңаштауды әдетке айналдырды. Ал осының бәрі сіз айтқан ұлттық дәстүр, діни жоралғыларға үйлесе қояр ма екен», – деп күтпеген жерден тосылтпақшы болады. Көңілі су сепкендей басылған қаламгер аға сонда еңсесін түсірмей көтеріңкі үнмен: «Жастық шақ тіршіліктің көктемі ғой, ал көктемде тіршілік атаулы түріктің түкті кілеміндей құлпырып, бар бояуы бетіне шықпай ма? Гәп тіршілік көктемінің махаббат деген қан базарында, сіз айтқандай, ашық-шашық емес, менің ақын досым айтқандай, асып-тасып жүрген жастарда емес, гәп солардың ашық-шашық жүрген жерін сығалап жүрген сіздерде ме деп ойлап қалдым», – дейді ғой. Мына сөзден кейін ері мойнына түскен әлгі оқытушы бірден мүсәпірдің күйіне көшіп, тілсіз қалады.
Қалекеңнің өзі һәм шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, тоқталып өтпеуге болмайтын бір сүбелі дүниесі, әрине, «Көктөбедегі кездесу» екені анық. Оның туу тарихының өзі тұтас жыр. Бұған себеп сол уақытта Мәскеудің «Современник» театрының тізгінін ұстаған Галина Волчек есімді режиссер болғанын біреу біліп, біреу білмес. Ол өзінің текке келмегенін білдіру үшін репертуарды жаңаша құруды ойлап, тың туынды жазып беруді Шыңғыс Айтматовтан өтінеді. Бірақ, Волчектің идеясын құп көргенімен, Шықаң драматургия жағына келгенде осалдау еді. Сосын ол өзінің ежелгі досы Қалтайды көмекке шақырады. Сосын Қалекеңнің пьесаны қазақша бастан-аяқ бір өзі жазып шығуына тура келеді.
Ол мұны бас-аяғы 11 күннің ішінде тәмам қылады. Ал Шыңғыс сол пьесаны орысшаға аударып, бас тақырыбына жапонның Фудзи тауының атын келтіреді. Шымырлап бойға жайылған драманы енді Волчек жерге түсірмей қағып алып, бірден сахнаға аттандырады. Бұл 1972 жылдың бедері еді. Содан кейін туындыны Рига, Вильнюс, Таллин театрлары жапа-тармағай қояды. Оны келесі жылы Вашингтонның «Арена стенш», Лондонның «Ханстед» театрлары сахналапты. Бұдан кейін ол Варшава, Будапешт, Пловдив, Стокгольм, Хельсинки, Токио, Бомбей секілді 19 шетел сахналарында зор табыспен атап өтіліпті. Адалына келгенде, Ш.Айтматовты аудармашы ретінде ғана қарастырған абзал. Кезінде мұны Шыңғыстың өзі де мойындаған.
Ойдан тағы бір ой туып отыр. Бір күні Дінмұхаммед Қонаев ағамыз Қалекеңді кабинетіне шақырады. «Кіріп отырған үйіңіз тұрған жерге жаңа құрылыс түседі. Бұрынғы екінші хатшының пәтеріне көшсеңіз қайтеді?» – дейді ол салған бойда. Бұған Қалағаң үндемей желкесін сипайды. «Неге ойланып қалдыңыз, Қалеке?» – дейді Димекең. Сонда Қалағаң: «Қайдан білейін, Димеке! Бұрын бірінші хатшы тұрған үйде тұрып ем. Енді екінші хатшы тұрған үйге көшеді екенбіз. Сөйте-сөйте, тіпті төмендеп кетіп жүрмесек, жарады!» – депті. «Тү-у, қожеке-ай, қайдағыны айтады екенсіз?! Өйтіп қобалжитын ештеңе жоқ, баяғы сол Қалтай қалпыңызда қаласыз ғой!» – деп Димекең де кеңк-кеңк күліпті... Сол үлкен кісі айтқандай, Қалағаң сол қалпында қалды. Қаншама уақыт өзгергенімен, ол өзгермеген күйі кетті.
Қазақстан халық жазушысы, драматург, сықақшы, киносценарийші, аудармашы, публицист, тұңғыш кәсіби театр сыншысы Қалтай Мұхамеджанов шығыстың «Мың бір түн» атты ертегілер жинағын араб тілінен қазақ тіліне, сондай-ақ, М. Горькийдің және С. Айнидің туындыларын аударған. «Қазақстан-Заман» және «Түркістан» газеттерінің негізін қалаған.
Бұл күндері еліміздің барлық аймақтарында Қалағаңның 90 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілуде. Осы тарихи суретті үлкейтіп, Қызылорда қаласындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясына сый ретінде тарту еттім.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Қызылорда қаласы