ЖҮЙКЕНІ ЖЕГЕН САЛМАҚ

ЖҮЙКЕНІ ЖЕГЕН САЛМАҚ

ЖҮЙКЕНІ ЖЕГЕН САЛМАҚ
ашық дереккөзі
Жарық дүниеге, өнер әлеміне нар жүгін көтерер айқара арманымен өзімсініп еркелей еніп, ұзын жолдың өрінде ел арысына жаңа айналған шағында ата жұртын егілдіріп кеткен аяулы азаматтың бірі – Сағат Әшімбаев. Біреуге ерте, біреуге кеш, замандастарына әйтеуір бір қоштасу сөзін айтқызбай қоймайтын тіршілік қағидасы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің біз өзіміз дәм-тұз бөліскен қаншама құдіретін мезгілінен ерте айырды. Халқына бүкіл жаратылысымен аянбай кызмет етіп, ақыл-ой, парасатымен бауыр бастырып үлгерген, соның өзінде ең кемел кезеңінде кемерінен асар көп сыры көкірегінде бүгулі қалып, емін-еркін ақтарылар күндері енді туар сәтінде қыршын қиылған ғұмырлардың бәрі өкініш. Сағатты сағыну – жасымыз, жасамысымыз бар күллі ізгілік әулеті имандай сенген бірбеткей ұғым-танымынан тамыз (1991 ж.) ылаңымен көбесі сөгіліп, адасқан қаздай тығырыққа тірелген шырғалаң жол айрығында жүрекке түскен салмақтан жанып кеткен от-өрім азаматты сағыну. Ғасырға пара-пар талай ондаған жылдар бойы жыртылған намыс пен алданған ар-ождан шел басқан томағасын сыпырып, төңірегіңе біржола басқаша көзбен қарауға мәжбүр етер тарих жалында Сағат өз денесін ақ айдынға жүздіріп, шомылдырып, тіршіліктің шаң-тозаңынан құлантаза арылып, бәз-байырғы періште қалпында ұрпақ жадында мәңгі-бақи сақталып қалды. Студент шағында-ақ ойлы мақалалары жұртшылық назарын аударып, тұңғыш кітабы –  «Сын мұраты» жастар сыйлығымен дер кезінде лайықты бағаланған, өзінің жаза баспас сыншылық бағытын о бастан айқындап алып, елдік мәселелер орайында қашан да өз пікірін риясыз жеткізе білген дарынды азаматтың қаламгерлік қуатын шамалау үшін әдеби мұрасына шұқшия үңіліп, әлі талай тағзым етуімізге тура келеді. ...Түптеп келгенде, мұның бәрі ордалы мерезбен айқас алаңына шыққан сыншы қайсарлығының ұлы Абайға келу жолы. Әр пенденің өз Абайы болады. Ғұмырбақи Абай жайлы толғанып келе жатқан қадірлі Ғабең (Ғабит Мүсірепов) сексенге бет бұрған кезеңдерінің өзінде Абайды сіңіріп жүрмін, бұрын байқалмаған біраз ойтүрткі таптым дегені бар. Әркім ерте ме, кеш пе, тек өз Абайын ашады. Ол түрлі буынға түрліше танылып, парасат байлығына, жалпы дайындығына, көңіл-күй, сезімталдық табиғатына қарай қабылданатын мейлінше күрделі кұбылыс. Абай өлеңдері – Сағаттың Абайы қазіргі ұрпақты, келер буынды өзінің, тағылымдық сабасымен сақтандыратын, ұлттық мінезіміз бен кешегі, әсіресе дәлірегі – бүгінгі тіршілігіміздегі тоғышарлық сорақылықтарды салалап талдайтын таным жүлгесі. Сыншының: «Ауру жоқ жерде денсаулық туралы сөз де аз. Керісінше, денсаулық сыр берген тұста аурудың «жеті атасы» жайлы сөздерден аяқ алып жүре алмаймыз. Демек, әдеттегі денсаулықты сақтау туралы сөз екінші жағынан аурудан алдын-ала сақтану туралы сөзге келіп тіреледі» («Азаматтық формуласы») – дейтін қада қазық пікірі кездейсоқ айтыла салмаған. Азаматтық, адамгершіліктің ата жауы тоғышарлық тарамдары – моральдық азғындық, алармандық, немқұрайлылық, имансыздық індеттері хақында тебіреніп бізбен сыр бөліскенде Сағат замандастарымды көзге шұқып жасыта бермейінші, өздері де ұқпай ма дегендей, Абай бейнелеген тоғышар типтер бүгін де арамызда арагідік кездеспей қалмайтынын біраз сыпайылап жеткізген. ...Міне, ғажабы, осы Абай, жұрттың біразына тым әріден көгілдір арман ғана боп көрінетін ұлы Абай – Хан Тәңірі Сағатқа маңдай алдынан көрінген. Бауырына тартып, Сағаттай сұңғыла жеткіншегін бірте-бірте өзіне жақындата берген. Сыншы бір-бірінен заманы бөлек кемеңгерлер мұң-мүддесінің жүзбе-жүз сөз байласқандай ізгілік мұратында бір өңірден табысып жататын төркіндес желілерін де жап-жақсы аңғаратын боп алған. Абайды күйіндірген «жақсы менен жаманды айырмау» тақсіреті неге апарып соғатынын сақтандыра замандастарының есіне салуды өзіне бір парыз санаған. Осы Абай мен ежелгі грек ойшылының (Диоген Лаэрций) мемлекет жақсы адамдарды пасықтардан ажырата алмайтын халге жеткен кезде күйрейтіні туралы пікірлері үндестігінен біздің дәл бүгінгі күндерімізге де тікелей қатысы бар мәселелер орайында ойланбауға болмайтын жайларды сездірген. Сағаттың табиғат берген сыншылық талантын бабына келтіріп шынықтырған, әсіресе бүкіл болмыс-бойынан өсіп-өнген азаматтық, адамгершілік қасиет ерекшелігі көзін көргендер көңілінде қаз қалпында қалды. ...С.Әшімбаев жалпы осы тіл тағдыры, мемлекеттік тіл  мәртебесі, сондай-ақ, ел тарихы болашағы, демократиялық өзгерістер бағыты, өмір мен өнер қатынасы, жаңару сипаты,  имандылық міндет-парыздар хакында өзінің ең көкейкесті  ойларын тек баспа, баспасөз бетінде қаламгерлік қабілетімен ғана емес, жалынды жүрегімен де жалпақ әлемге жүзбе-жүз жеткізе алған, халқымен көгілдір экран арқылы мамыражай сырласу бақыты бұйырған таңдаулы публицистеріміздің бірі еді. Қысқа ғұмырының кейінгі кемел жылдарын ол қазақ теледидары мен радиосының көркі үшін, келешегі үшін қиын сындарға салды. Мемлекеттік комитеттің төбе би – төрағасы болды. Ұйымдастыру, басшылық жұмыстарымен қатар сәйгүлік жарысында таң асырып, жарауы келіскен тұлпар тұяғы қашан да қол соқтырып оралар бақуатты бапкердей Сағат жүргізген, негізін қалаған «Парыз бен Қарыз» бағдарламасы мәдениет қазынасына құтты жылға боп тартылды. Әдебиет пен ғылым, түрлі ізденіс салаларынан есімі елге аян атпал азаматтардың басын құрап, өзі табыстырған сол алқалы топ, айтулы сұхбат-жиындарда елдік іргелі мәселелерді тебірене толғаған, көрермен көпшілік көңілінен шыға білген С.Әшімбаев қызмет бабы, лауазым ырысымен емес, ең алдымен, өзінің парасат байлығымен шын мәніндегі мемлекет, қоғам қайраткері биігінде өлмес өмірін біржола баянды етті.  

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ,

сыншы, филология

ғылымдарының кандидаты

 1993 жыл