Жамбылда Елбасы мақаласы талқыланды

Жамбылда Елбасы мақаласы талқыланды

Жамбылда Елбасы мақаласы талқыланды
ашық дереккөзі
Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау, түсіндіру мақсатында Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында жиын өтті. Шараны ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев алғашқы сөз тізгінін ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Асқарбек Сейілхановқа берді. – Шынтуайтына келгенде ақын Қадір Мырза Әлі айтпақшы, біздің тарихымыз ұлы, үлкен, бірақ кітабымыз кішкентай, пышақтың қырындай ғана. Жасыратын ештеңесі жоқ, көзімізді байлап, тарихты бұрмалап, қолдан жасаған 300 жыл уақыт біздің үлкен қасіретіміз. Ұлтымыздың трагедиясы. Ал, енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан кейінгі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің ертеңімізге, әсіресе, жас ұрпаққа үлкен бағыт-бағдар. Алысқа бармай-ақ айтсақ, осы кезге дейін архивтердің барлығы жабық болды. Облыстық архивтің өзінен кезінде қажет дүниелерді алу үшін құзырлы мекемелерге хат жазып, сұрап, оның өзінде бермей, жауабын екі-ақ ауыз сөзбен қайыратын. Шындығын іздеп, шыр айналып жүретінбіз. Кейбір оқиға деректері әлі де сол архивтің ішінде жатыр. Енді Елбасы мақаласы осының барлығына жол ашады деп ойлаймын, – деді мәдениет саласының майталманы өз сөзінде. Басқосуға Елбасы мақаласында айтылған бағыттар мен мәселелерге қатысты сала ардагерлері, білікті мамандар шақырылған болатын. Жиын барысында белгілі мұрағаттанушы, Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет те өзінің бірқатар ой-пікірін ортаға салды. «Бұл мақала халқымызға үлкен серпіліс әкелді. «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген Елбасы әлемнің өркениетіне, мәдениетіне, тұрмысына үлес қосқан Ұлы далада өмір сүрген ата-бабаларымыздың жеті қырын айта келіп, соны қалай көрсету керектігін жеткізді. «Архив – 2025» деген бағдарлама құру қажеттігін тапсырды. Айтылған дүниелердің барлығын архивтер мен археологиялық қазба жұмыстарынан анықтауға болады. Анықталып та жатыр. Біздің облыстық архивте 5 мыңға жуық құжат бар. Қазір солардың барлығын цифрлы жүйеге өткізудеміз. Архив соңғы жылдары тек Жамбыл облысына қатысты деректерді жинаумен айналысуда», деп атап өтті Мақұлбек Рысдәулет. Бұл мақала «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы екенін Елбасының өзі атап өткен болатын. Бұл мақала да елімізге, халқымызға дәл солай үлкен серпіліс әкелетіні айқын. Жиында «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Жасұлан Әбдіхалық «Жас келсе – іске» деп, мақаланы насихаттап қана қоймай, іс жүзінда жүзеге асыру керектігін алға тарта отырып, өзінің бірнеше жоспарларымен бөлісті. Талқылау барысында сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының бөлім басшысы Қажы Жомарт Жайнақұлы Елбасы мақаласында айтылған құнды ой-пікір, ұтымды ұсыныстар негізінде өңірге туристерді тартуға бағытталған шаралармен таныстырып өтті. Оның айтуынша, өңірге келген турист аймақтағы барлық тарихи орындарды аралау үшін кемінде 5 күнін жоғалтады екен. Себебі, тарихи нысандар бір-бірінен қашықта орналасқан. Сол үшін арадағы жолдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарының сәтті аяқталуы да үлкен олжа. Ол сонымен қатар, өңірдегі балалар туризмін дамытуға бағытталған жұмыстарды да жіпке тізіп атап өтті. Ал, Ұлы даланың ұлы есімдерін ұрпаққа ұлықтау мақсатындағы оралымды ойын ортаға салған облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап Елбасы тарапынан берілген тапсырмаларды орындауда әлі де нақтылық қажет екенін жеткізді.