6 Желтоқсан, 11:26 283 0 Қоғам Ахмет ӨМІРЗАҚ

АНТ БЕРУДІҢ ӘЛЕГІ

Әр ел – бір әлем. Әрбір елдің өзіндік дәстүрі, мемлекеттік заңы, қалыптасқан өмір сүру салты, қоғамдық тәртібі бар. Десек те, қандай елде болса да, ол елдің заңы мен тәртібі жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделіп, адамның ой-өрісін шектемейтіндей, жеке басының құқығына зиянын тигізбейтіндей әділ болуы тиіс. Мемлекет болудағы басты мұрат та осы.

Ең бастысы, бір елдің ішкі ісіне араласуға екінші бір елдің құқы жоқ. Сондықтан кей елдерде қоғамдық тәртіп орнатуда өздері дұрыс деп тапқан әдістерге жүгініп, өздерінің көзқарасына сай қылып, түрлі заңдар шығаратыны бар. Ал бірақ мемлекетке, ел басшысына ант берудің жөні бөлек. Мысалы, бейтарап Түркіменстан мемлекетінің алғашқы президенті Сапармұрат Ниязовтың билігі кезінде бүкіл Түркіменстан халқына арналған мынадай анттың мәтіні болды:

«Менің сүйікті отаным, туған өлкем, Түркіменстан! Жүрегім мен ойым әрқашан өзіңмен бірге. Саған зияным тисе, қолым кесілсін! Саған жала жапсам, тілім кесілсін! Егер Отаныма, Ұлы Сапармұрат Түркіменбасына сатқындық қылсам, менің өмірім күл болсын!». Бұл антты мектеп оқушылары мен студенттер күнде сабақ басталар алдында айтатын, елдің радиосы мен теледидары әр күн сайын жұмысын осы антпен бастап, осы антпен аяқтайтын. Оқулықтарда, газеттің бірінші бетінде сол анттың мәтіні тұратын.

Әрине, ант беруді мүлде мансұқтай алмаймыз. Ол жоқ емес, бар нәрсе. Әдетте, ант беру жайында сөз қозғасақ, елдің қарулы күштері құрамында әскери міндетін өтеуге кірісерде жас сарбаздардың сап түзеп, ант беретін сәті көз алдымызға келеді. Сол секілді, медициналық оқу орнын бітірерде осы сала мамандары адам денсаулығын сақтауда адамгершілік жасаймын деп Гиппократ атына ант беретін. Сотта куәлік берушілер «шындықты, тек шындықты айтамын» деп ант беретін. Сонымен бірге, президенттік сайлаудан жеңіп шыққан соң, инаугурация кезінде жаңа президент елдің ата заңына адал боламын деп ант беретін. Бұлардың бәрі де қызметтік жағдайы елдің тұтастығы мен адам қауіпсіздігіне тікелей қатысы болғандықтан ант береді. Ал енді қарапайым фермерлердің, сол секілді, онсыз да Гиппократ атына ант беріп жүрген медицина қызметкерлерінің мемлекетке тағы бір ант беруін қалай түсінуге болады?

Бұрында тыйым салудың неше түрін шығарып жүрген өзбек елінің биыл да ант берудің жаңа түрлерін ойлап табуымен аты шыққалы тұр, сірә. Өйткені Өзбекстанда қазір медицина саласы қызметкерлері «медицинада ел билігі жүргізіп жатқан реформалар жүзеге асыруға», «фермерлер мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындауға» ант беріп жатыр. Бұл – мемлекетте тәртіп орнатудың жаңа әдісі ме, әлде кейбір сала қызметкерлерінің салақтығын жоюдың жолы ма, әйтеуір, қазір нақты бірдеңе деп айту қиын.

Осы жылдың қараша айының екінші жартысынан бастап Өзбек­станның Сырдария, Ферғана¸ Ташкент және Бұқара облыстары медицина басқармалары ант беріп жатқан көрінеді, ал ант мәтіні ел астанасы – Ташкент қаласынан жіберілген. (Ал неге екені белгісіз, Әндіжан облысында ант беру рәсімі әлі өткізілген жоқ). Қызығы сол, қарапайым дәрігерлер өз емханасында аудандық денсаулықты сақтау, ішкі істер және әкімшілік қызметкерлерінен құралған комиссия алдында ант беруде. Бүгінде ғаламтор арқылы әлемге белгілі болған ол анттың мәтіні төмендегідей:

«Мен, Өзбекстан республикасының дәрігері, Өзбекстан республикасының президенті, құрметті Шавкат Миромонович Мирзияев тарапынан денсаулықты сақтау саласында жан-жақты жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеру мен қолда бар заманауи медициналық жабдықтарды пайдаланып, халқымызға лайықты медициналық қызмет көрсетуге АНТ БЕРЕМІН!

АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН!

Өзімнің білімім мен қабілетімді адам денсаулығын жақсартуға арнауға, аурудың алдын алуға уәде беремін. Өз әлеуетімді, шеберлігімді, біліктілігімді үздіксіз жетілдіруге, кішіпейіл болуға, адам саулығын сақтауға адалдық танытуға, сырқаттардың сезімдері мен психологиясынан үнемі хабардар болуға, олардың дертіне дауа болуға АНТ БЕРЕМІН!

АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН!

Өзімнің мақсатым және атқарып жатқан мамандығым арқылы адамдарға тек жақсылық жасауға қызмет қыламын. Өз қызметімде кәсібіме, Отаныма адал болуға, жемқорлық сияқты жаман індеттерге жол бермей, таза және адал жұмыс істеп, халықтың құрметіне ие болуға, тұрғындар арасындағы салауатты өмір салтын кең насихаттап, сырқаттардың профилактикасының, диагностикасының, сауығуының, оңалтуының сапалы және жемісті жүргізілуіне бар күш-қайратымды аямаймын деп АНТ БЕРЕМІН!

АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН! АНТ БЕРЕМІН!»

Көріп отырғаныңыздай, ант мәтіні үш бөліктен тұрады және онда «ант беремін» сөзі 12 рет қайталанған. Ант мәтініне қарасақ, ондағы айтылғандардың дені медицина қызметкерлерінің міндетіне кіретін жайлар. Анттың мәтіні демесек, бір қарағанда, артық ештеңе жоқ сияқты. Алайда ақ халаттылардың мойнына бұлайша шегелеп, міндеттеме ілудің артында берген антының үдесінен шыға алмай, кінәлі болғандарға жасалатын қатал шаралардың лебі есіп тұрғандай.

Мейлі, дәрігерлер онсыз да ант беріп жүрген халық қой, ал енді фермерлерге солай жасау тым артық емес пе? Қалайда мол өнім аламын деп дихандардың ант беруі аса қисынсыз көрінсе де, сондай жағдайдың орын алғаны ресми баспасөзде жарияланса сенбеуге амалымыз бар ма?

Мәселен, Сырдария облыстық «Сирдарё ҳақиқати» газетасының осы жылдың 16 қарашада шыққан нөмірінде жарияланған мақалада облыста дихандардың ант беруі туралы: «Гүлістан қаласы әкімдігіне алдындағы мемлекет туы алаңында астықтан сол өнім алуға бел байлаған Боёвут және Гулистон аудандарының фермерлері өздерінің ел алдындағы уәдесіне, абырой-беделіне нұқсан келтірмейтінін білдіріп, ел дамуына мол үлес қосу үшін, ізгі ниетпен жаппай ант берді» деп жазған, сонымен бірге ант беру шарасынан түсірілген суреттер берілген.

Әрине, қарапайым дихан-фермерлер бұған бірдеңе деуі қиын, бірақ мемлекетте сөзі салмақты кейбір тұлғалар бұның жөнсіз екені туралы пікір айтып жатыр. Соның бірі Өзбекстан республикасы Олий Мажлис Сенатының мүшесі, Өзбекстан халық демократиялық партиясы орталық кеңесі төрағасының орынбасары Мақсуда Ворисова. Ол өз партиясының сайтында «Антпен өнім көбейе ме?» деген тақырыппен мақала жазып, елде болып жатқан жағдайға былай деп пікір білдірді: «Мемлекетімізде халықтың әл-ауқатын көтеру, қоғамда демократияны дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Өнім өндірудің барлық саласына қажетті техниканы, технологияны енгізу, инновацияны жасау дәуір талабы. Осы тұрғыдан алғанда, ауылшаруашылығында да өнімдерді әлемдік нарыққа шығару, мемлекетке пайда түсіру, мемлекетті де, фермерді де байыту мақсатты іске айналған.

Жуырда Сырдария облысында өткен «фермерлердің ант беруі» де жоғарыда айтылған мақсаттарға жету үшін жүзеге асқан. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс, ант берумен ауылшаруашылығындағы жағдай жақсарып кете ме?

«Ант беру – әскери немесе басқа бір қызметке кіріскенде, белгілі бір статусқа ие болғанда (мәселен, азаматтық алғанда не сотта куәлік бергенде), лауазымға ие болғанда салтанатты, ресми ант беру шарасы. Ант беру жалпы түрде іске асырылады және ант беруші антын орындамағаны үшін жауапқа тартылады.

Қолданыстағы заң бойынша, фермер – іскер болып табылады. Ол ауылшаруашылық өнімдерін өндіреді және қызметін нарыққа сай жүргізуі тиіс. Фермерден ант қабылдау арқылы біз оларға «моральдық шектеу» жасап жатырмыз, ол қоғамның дамуына пайда ма, әлде зиян ба?» – деген еді ашынып.

Расында, дәрігерлер мен фермерлерге ант бергізудің нақты себебін мемлекет билігі әлі айта қойған жоқ. Белгілісі – анттың мәтіні ел үкіметі тарапынан келгендігі. Мақсуда Ворисова айтқандай, ант беру – заңдық тұрғыдан жауапкершілік жүктейді.

Қалай десек те, ант беру жай нәрсе емес. Әр нәрсе өз орнымен жасалмаса, оның әлегі де, әбігері де аз болмайтыны анық.

Соңғы жаңалықтар