5 Желтоқсан, 19:15 158 0 Білім Әсел ӘНУАРБЕК

"Ұстазым - ұлағатым" акциясы бастау алды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауда келесі  жылдан бастап «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданатынын атап өткен болатын. Басты құжатта туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы игі бастаманы қолға алып,  «Ұстазым – ұлағатым» атты акцияны бастап кетті.

Аталған акцияда арнайы жасалған жұмыс жоспарына сәйкес партия тарапынан іс-шаралар ұйымдастырылады.Сонымен акция барысында білім саласының мамандары, білікті заңгерлер, педагогтар және БАҚ өкілдерінен екі жұмыс тобы құрылады. Бірінші жұмыс тобы жоспарға сай елді мекендерде ұстаздармен кездесулер өткізіп, қоғамдық қабылдауда мұғалімдерді қабылдайды. Сөйтіп олардың ұсыныстарын жинайды. Ал, екінші топ Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Педагог мәртебесі» заңының жобасын дайындайды.

«Елбасы Жолдауындағы «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» дей келе келесі жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты, партиялық кадрлык резервті қалыптастыруда жастарға басымдық берілетін болады. Жолдау қойған міндеттерді іске асыруда, партияның облыстық филиалы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұсыныс жинақтау мақсатында «Ұстазым – ұлағатым» акциясын бастады. Арнайы екі жұмысшы тобы құрылып, облыстағы ұстаздардан ұсыныстар жинақталып, заң жобасы әзірленуде. Алдағы аптада Мәжілістегі партияның фракциясына, Білім және ғылым министрлігіне ұсынатын боламыз», – дейді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов.

Іс-шаралар бір апта көлемінде жүргізіліп, заң жобасы дайындалады. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желілерде #Ұстазымұлағатым, #Педагогмәртебесі хэштегтерімен ұсыныстар жинақталып, екінші топқа жіберіледі. Әзірленген заңның жобасы «Нұр Отан»  партиясының ҚР Парламенті мәжілісіндегі депутаттық фракциясына және Білім және ғылым министрлігіне жолданады. Акцияның қорытындысы бойынша заң жобасын дайындауға белсене атсалысқан азаматтарды партия марапаттайтын болады. Айта кету керек, акция қарашының 12-сі мен 16-сы аралығында өтеді.

«Ұстазым – ұлағатым» акциясының аясында Жамбылдағы арнайы жұмысшы тобының жетекшісі,  «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов Т.Рысқұлов ауданында болып, білім мекемелері басшыларымен және педагогтармен кездесті. Олардың тарапынан жолданған ұсыныстар мен ой-пікірлерін тыңдады. Бірқатар ұсыныстар қабылданып, хаттамаға тіркелді.Мұндай кездесулер Тараз қаласында да жалғасты.  №17 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте өткен жиында ұстаздар қауымы зейнет жасы қайта қаралса, тәрбиешілер мен логопедтердің дәрежесі мұғалімдермен теңестірілсе, 20 жылдық еңбек өтілі бар педагогтер тест тапсырудан босатылса, мерзімді басылымдарға жазылуға мәжбүрлемесе деген сияқты ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, шаһардағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларын 3 тілде білім беру әдісі енгіліп, оқытып келеді. Бұл ретте мұғалімдердің білімін жетілдіру мақсатында USTAZ кәсіби оқу орталығы даярлайды. Мұнда білікті, тәжірибелі менторлар педагогтарға дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліседі.Менторлардың жұмысы тәлімгерлер мен мұғалімдерді дамытуға арналған. Олардың кәсіби құзыреттілігін көрсету арқылы жан-жақты әдістемелік көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, биология, химия, физика, информатика пәндерінің оқытушылары үш тілде оқушыларды оқытудан бұрын өздерінің біліктілігін арттыру курсынан өткен.

Ал жоғары сынып оқушылары өз кезегінде жаратылыстану-ғылыми бағыты бойынша оқиды. Мұны өздері үшін үлкен септігін тигізеді дейді.

Курсты аяқтағаннан кейін мұғалімдер алған дәрісін  практикалық тұрғыда қолданады.

Жолдаудың әлеуметтік сипаты Елбасы саясатының халықтың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталғанын көрсетеді. Сонымен қатар, Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл маңызды құжат өз кезегінде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, білім саласының одан әрі дамуына жол ашатыны даусыз.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар