29 Қараша 2018, 18:42 584 0 Өнер Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Ұлтты Ұлықтайтын іс-шаралар

Желтоқсан – жылдың соңғы және қорытынды айы. Айдың бірінші күнін бүкіл қазақстандықтар мерекемен бастап, Тұңғыш Президент күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Мәдениет әлемінің әр үйінде осы мереке аясында ұлтты ұлықтайтын бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырған шаралармен танысуды құп көріп, Ә.Қастеев музейінің ғылыми хатшысы, өнертану кандидаты Екатерина Резниковамен әңгімелесіп қайттық.

– Қастеев мұражайы еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы ірі көркемсурет музейі екені белгілі. Өнер үйінің Тұңғыш Президент күніне орай әзірлеген іс-шаралары жайында айтып берсеңіз...

– Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы ҚР Тұңғыш Президент күніне орай, ірі әрі маңызды екі іс-шара өткізіп жатыр. Бірінші іс-шарамыз, «Толғау» көрмесі салтанатты түрде 16 қараша күні ашылды. Көрменің өз ерекшелігі бар. Бұл идеяның авторы белгілі қазақстандық әрі америкалық суретші, дизайнер – Лейла Ахмет-Осман. Ол көп жылдан бері АҚШ-тың Сиэтл қаласында тұрады. Қазақстан мен Америка арасындағы өнер байланысын дамытуда ерікті елші қызметін атқарып келеді. Осы көрмеде Лейла ханым танымал қазақстандық шеберлердің басын біріктірді. Жоба синтездік түрде, яғни бір ғана өнер саласына арналған көрме емес, бірнеше өнер саласының басын қосқан үлкен іс-шара ретінде өткізілуде. «Толғау» мәдени жобасы көркем шығармашылықтың бейнелеу өнері, қолданбалы өнер мен музыканың бірігуінен құралады. Бейнелеу өнері бойынша суретші Лейла Ахмет-Османның туындылары ұсынылды. Оның авторлық гобелендерінде заманауи дизайнның көркемдік әдістері арқылы ежелгі әдет-ғұрып нышандары түсіндірілген. Қолданбалы өнер бөлімі әртүрлі техника-технологиялық әдістерді біріктірген ұлттық нақыштағы Нұрдос Әлиасқаровтың асқан шеберлікпен орындаған зергерлік туындыларымен толыққан. Ал жобаның музыкалық құрамдас бөлігін «ROKSONAKI» этно-рок тобы ұсынды. Осы үш автордың жүрегінен туған өнер – үш түрлі туындылар бастауын табиғаттан алып, халқымыздың ежелгі өнерін сипаттаумен жалғасты. Көрме 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Көрем деушілерге есігіміз әрдайым ашық.

Стилистиканың әр алуандығы мен көркемдік тілдеріндегі айырмашылыққа қарамастан, барлық авторлардың ұстанған идеясы бір. Көрме негізінде ұлттық таным, дәстүрді құрметтеу жатыр. Сүйіспеншілік, ізгілік, жасампаздық, өзімен-өзі және әлеммен жарасымдылық сияқты қарапайым және шексіз маңызды нәрселердің тұрақты құндылығы туралы толғану, көрермендерді шығармашылық ойға кенелту – көрменің басты мақсаты осы. Жобаның «Толғау» деп аталуы да сол себептен. Ол жаһандану және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған дәуірінде өмір сүретін қазіргі заманғы урбанистік қоғамдағы дәстүрлі қазақ мәдениеті мен өнерінің рөліне ортақ көзқарастағы адамдарды біріктіреді.

Екінші жобамыз 28 қараша күні өткізілді. Онда «Қазақстан кескіндемесі» каталогының 2-томының тұсаукесері болды. Ол кітапқа музейдегі барлық кескіндемелер кірді. Жалпы, Қастеев музейі энциклопедиялық типтегі музей ретінде қарастырылады. Сондықтан музейдің бейнелеу өнері бөлімі саны бойынша да, мағынасы бойынша да үлкен маңызға ие. Себебі мұнда қазақстандық бейнелеу өнері иелерінің қайталанбас туындылары сақтаулы. Осы каталог арқылы біз музейдегі бейнелеу өнері туындыларын авторларымен қоса бір кітапқа жинақтадық. Былтыр каталогтың 1-томы жарыққа шығып, онда әліпби ретімен А-дан Қ-ға дейінгі барлық ғасырдағы Қазақстан суретшілері енгізілген еді. Ал биылғы 2-томға Л-дан Я-ға дейінгі, оның ішінде Леонид Леонтьев, Сабыр Мамбеев, Қанафия Тельжанов және т.б. атақты әрі талантты суретшілердің есімдері мен туындылары енгізілді. Тұсаукесер кезінде суреттердегі бейнелер тіріліп, көрермендерді сол заманға, сол жерге еніп кеткендей ерекше әсерге бөледі. Концерттік бағдарлама қойылып, өнерсүйер алматылықтар есті әнмен бірге есіп, мың бұрала билеген бишілерге тәнті болды.

– Түркия елінде сіздер ұйымдастырған «Ұлы дала рухы» көрмесі мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының шығуы бір-біріне тұспа-тұс келіпті. Бұл қалай болды?

– Иә, бұлай болатынын өзіміз де күтпедік. Расында, қуанышты жағдай болды біз үшін. 14 қараша күні біз «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының қолдауымен Түркияның Анкара қаласында «Ұлы дала рухы» атты көрмені аштық. Мұстафа Аяз музейінде өткізіліп жатқан көрмеге XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің отыздан астам туындысы қойылды. Онда көшпелілер мәдениеті, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ойындарының бірегей ерекшелігін көрсететін 32 кескіндеме мен графикалық туындылары бар. Осыдан тура бір аптадан кейін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы шықты. Идеялар аспанда қалқып, бір-бірімен қабысып жүреді деген осы-ау дедік. Себебі Елбасы мақаласы мен музей ұйымдастырып отырған көрменің арасында үлкен байланыс жатыр.

Ал 26 қараша күні көрме Бурса қаласына аттанды. Көрмені ұйымдастыруда музейіміздің баспасөз хатшысы Клара Исабаева үлкен қызмет атқарып жүргенін айта кеткім келіп отыр. Бурса – Түркиядағы көлемі жағынан Станбұл, Анкара, Измирден кейінгі Мәрмәр теңізінің жағалауына жақын орналасқан төртінші қала. Қала б.з.д. 2-ғасырда Вифиния облысында бой көтеріп, өркендеуші мегаполиске айналды. Бурса Осман империясының алғашқы астанасы болған. Ол өзінің мешіттері, Осман империясының ерте кездегі монументтері, көптеген саябақтары және әдемі тау бөктеріндегі ормандарымен танымал. Біздің көрменің Анкарадан кейін дәл осы қалада өткізілуінің бір себебі осы.

Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы «ТҮРКСОЙ» түркі елдерінің әдебиеті мен өнері саласында түркі мұрасын сақтау мен түркі халықтарының нығаюына бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. 2008 жылдан бастап бүгінге дейін Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы – қазақ музыканты, профессор, дипломат әрі қоғам қайраткері Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі – қазақ бейнелеу өнерінің әлемдегі ең ауқымды коллекциясына ие Қазақстандағы ірі көркемсуретті музей. «Ұлы дала рухы» көрмесі көшпелілер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол – қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат мәселелеріне және рухани ізденістерге деген үлкен қызығушылығының айқын үлгісі.

Осы орайда, «Тurkistan» газетінің оқырмандарын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтағым келіп отыр. Дәл осы күні мемлекет Президент күнін тойлайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ынтымақты негіз еткен саясаты арқасында Қазақстан тұрақты әрі мықты дамушы елдер қатарына қосылды. Қазақстан халқына бірлік пен береке және бақытты әрі бейбіт өмір тілеймін! Елбасымен бірге алдағы межеленген мақсаттарға жететінімізге кәміл сенемін!

– Әңгімеңізге рахмет!

                                                                   Сұхбаттасқан Аяулым Бақытқызы

Соңғы жаңалықтар