«Анна Каренина»: бақ пен сор таразыланған тағдыр

«Анна Каренина»: бақ пен сор таразыланған тағдыр

«Анна Каренина»: бақ пен сор таразыланған тағдыр
ашық дереккөзі
2648
Соңғы кезде театр сахнасынан көбінесе басқа тілдегі шығармалардың тәржімаланған нұсқасын тамашалап жүрміз. Әрине, «өнерде шекара жоқ» дейміз. Дегенмен кейде «Біз репертуар санын өзгенің туындыларымен толықтырып жүрген жоқпыз ба?» деген де ой келеді. Бәлкім, аударып ұсыну жеңіл ме екен, әлде... Дегенмен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының репертуары тағы бір аударма қойылыммен толығып, театр Л.Толстойдың «Анна Каренинасын» сахналады. 93-ші театр маусымының кезекті  премьерасын аударған – Асхат Маемиров, режиссері  – Қазақстанның халық артисі,  профессор – Есмұхан Обаев. «Анна Каренина» қойылады» дегенді естігенде, «Қалай болар екен? Мұны сахналауға қажеттілік бар ма?» деген сұрақ туындаған. Алайда бұл шығарма әлемнің талай тіліне аударылып, талай елдің сахнасында қойылды. Тіпті, Лев Толстойдың шығармасының желісімен кино да түсірілді, балет өнерінің майталмандары оқиға желісін би арқылы баяндады. Сөз жоқ, классикалық шығарманы экранға шығару сонау 1911 жылдан бері бастау алса, әйгілі актрисалардың Аннаның рөлін ойнауға деген қызығушылығы ешқашан төмендеген емес. Жалпы, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романын кезінде қабылдамағандар көп болған деседі. Себебі әйелдің ойнап жүріп от басып, оқыс әрекетке баруын ақтап алуды қай қоғамда да құп көрмеген. Махаббат пен өшпенділік, достық пен сатқындық, отбасы құндылығын сақтау, жұбайлар арасындағы жұмбақ дүниелер, бәрі-бәрі осы трагедияның өн бойынан табылады. Ал опасыздыққа кешірім бар ма, бұл мәселенің екінші жағы. Роман желісі бойынша, ауқатты отбасынан шыққан жас әйел Анна Каренина аса бай, дәулетті, өзінен 20 жас үлкен Алексей Каренинге тұрмысқа шығып, 8 жыл бірге өмір сүреді. Екеуінен Сережа атты бала дүниеге келген. Бірде Анна өзі жас, ауқатты офицер, граф Алексей Вронскийге ес-түссіз ғашық болып, екеуі жасырын кездесіп тұрады. Тағдыр жолықтырған Вронский оның бар ғұмырын өзгертеді. Ол екі оттың ортасында жүргендей болады. Сүйгені үшін ол қоғамның қатал сынына ұшырайды, өз ортасынан аластатылады. Арада бір жыл өтеді. Анна күйеуін алдап жүргені үшін өзін жазғыра бастайды. Сөйтіп жүргенде Анна екіқабат екенін біліп, бар шындықты жайып салады. Міне, осыдан кейін бейбақ әйелдің тағдыры күрт өзгеріп, болашағы бұлыңғыр бола түседі. Бұл жағдайды ауыр қабылдаған Алексей Каренин Аннаның үйден қадам аттап баспауын қадағалайды. Әрине, әйел тағдыры қашанда қыл үстінде. Анна Каренинаның жан дүниесі әр әйелдің бойында кездеседі. Сондықтан бұл бейне  кез келген нәзік жандыға жақсы таныс. Ол махаббатсыз өмір сүрудің қаншалықты ауыр екенін баян етеді. Десе де, қоғам, араласатын орта Аннаны жиіркенішті әйел ретінде қабылдап, одан аулақ болуға тырысады. Сонда ғана Анна бәрін Вронский үшін құрбандыққа шалғанын, енді бұл махаббаттың бақыт әкелмейтінін түсінеді. Басына түскен қиындықтар мен қаһардан қашып, ақыр соңында пойыздың астына түсіп өлген. Ал осы әрекетіне өкінген Вронский қызы – кішкентай Аннаны Алексей Каренинге табыстап, ендігі өмірдің мәні жоқ екенін біліп, Сербиядағы соғысқа аттанып кете барады... Романда оқиға қысқаша осылай өрбиді. Тура бір жарым ғасыр бұрын жазылған Лев Толстойдың «Анна Каренина» романынан әр режиссер өз тақырыбын тауып, өзінше сахналап келеді. Ал қойылымды көріп отырып, аздап өзгеріс барын байқадық. Анна әуелгіде Вронскийден аяғы ауыр екенін айтса, кейіннен оның өтірік екенін алға тартады. Сосын Аннаның ессіз ғашығы Вронский «шешеме тіл тигіздің» деп, оны жұлқып-жұлқып қалуы екі арадағы махаббаттың сөнуіне кедергі болатындай оқиға емес сияқты. Дегенмен Анна мен баласы кездескенде, Сережаның «Мама, сенен артық ешкім жоқ» деп қапсыра құшақтауы ана мен баланы ажыратуға болмайды дегенге айқын дәлел. Бәлкім, режиссер екі көрініс арқылы қазақтың ананы, сосын баланы қатты құрмет тұтып, ерекше қадірлейтінін қаперге салғысы келген шығар. Әйтеуір, біз солай қабылдадық. Басты рөлді сомдаған Назгүл Қарабалина – Аннаның образын аша алды ма? Назгүл Қарабалинаның өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері жасанды шыққан сияқты. Актрисаның даусы да құлаққа жағымсыз естіледі. Ол ол ма, аударма жағы да ақсап жатыр. «Жанымнан кетші» дегенді «баршы-баршы» деуі бұл пікірімізге дәлел болса керек. Сөзбе-сөз, тікелей аударма болған соң ба, сөйлемдер қабыспай, сөздер шашыраңқы шығып жатты. Бәлкім, қойылым кезекті сахналанғанда ескерер деген үмітіміз жоқ емес. Ал декорация, бутафория, актерлердің костюмдері көңілден шықты. Сол заманның киім үлгісі көз алдымызға келе қалды. Бұл жағынан мамандардың тер төккені көрініп тұр. Спектакльдің көркемдік мазмұны мен өзегін ашуда Анна Каренинадан бөлек жұбайы Алексей Каренин мен сүйіктісі Алексей Вронский үштігінің маңызы зор. Кейіпкерлер арасында өрбіген қарым-қатынас, отбасының шырқын бұзған жұбайлардың ұрыс-керісі драмалық қойылымға қасіретті із ұялатумен тынады. Бұл оқиға ұлы махаббат сезімімен ойнаудың арты бақытсыздыққа әкеліп соғатыны жайында ой тастайды. Бірақ оны жалындаған шынайы ғашықтық  деп айту қиын. Сүйіспеншілік сезімі тек бір жақты. P.S. Қойылымды тамашалаған көрерменнің пікірі екіге жарылды. Бірі «керек дүние» десе, екіншісі «біздің қоғамға жат» деді. «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан: «Анна Каренинаны» орыстардың өзі де абайлап сахналайды, ақылымыз асқан біздің қадамымызға қайран қалам... Одан да өзіміздің жабық жатқан тарихи дүниелерімізді қолға алу керек еді...» деген ой тастады. Тіпті, кезінде СССР Халық артисі Леонид Броневой бұл шығарма туралы: «Анна Каренинаны» мүлдем түсінбедім. Нені меңзейді? Әйел жезөкше боп, күйеуінің көзіне «шөп салуға» болады дегенді көрсеткісі келді ме?...» деген екен. Шынында да, «Анна Каренина» қазақ сахнасына қажетті дүние ме?  

Серіктес жаңалықтары