Кәсіпкерге берілген жаңа мүмкіндік

Кәсіпкерге берілген жаңа мүмкіндік

Кәсіпкерге берілген жаңа мүмкіндік
ашық дереккөзі
313
«Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жасаған жұмыс сапары барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны  жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл үш жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді». Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жолдауында айтқан пікірі. Осыған байланысты бағдарламаны жүзеге асырудың жаңа тетігі қарастырылуда. Мұндағы мақсат – өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету.  Бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігі және оны жүзеге асыру үшін жыл сайын кемінде 30 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бұл 3 жыл ішінде қосымша 22 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бюджетке 224 млрд теңге көлеміндегі салық түрінде ақша түсіруге, халық тұтынатын өнімдерді өндіруге 3 трлн теңге алуға жол ашпақ. Осы қаражаттың бір бөлігі, яғни  2,5 миллиард теңге Маңғыстау облысына бөлінді. Бұл жалпы қаржы көлемінің 9 пайызы. Нәтижесінде 300-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі қаржылай қолдау алады. Жалпы, 2010 жылдан бері бағдарламаға қатысып, несие алғанның нәтижесінде 29 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 9 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, мемлекетке 50 миллиард теңге көлемінде салық түскен. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер өндіріс, құрылыс, білім, өңдеу, сондай-ақ, қызмет көрсету саласындағы өз бизнес-жобаларын табысты жүзеге асырды. Соның бірі – «СтройБетонСнаб» ЖШС директоры Дүйсенғали Бақтыбаев. «СтройБетонСнаб» ЖШС 2008 жылы құрылған. Алғашқы кезде үй құрылысына қажетті материалдарды шығарған серіктестік кейін өнім түрін көбейтті. Қазір қала сыртындағы өндірістік полигон аумағындағы 4 гектар жерде арнайы цех жұмыс істейді. Бұл жерде құрылысқа қажетті бетон қаңқалар, сақиналар, плиталар шығарылады. «Шикізатқа керек материалдарды отандық компаниялардан сатып аламыз. Мәселен, цементті Маңғыстау облысы, Шетпе ауылынан алсақ, қиыршықтасты өзіміздің облыстағы Белогоркадан тасимыз. Темір арқаулардың кейбір түрін Ресейден алсақ, қалғанын Қарағандыдан әкелеміз. Өндіріске негізінен отандық өнім қолданылады, – дейді Дүйсенғали Бақтыбаев. Соңғы екі-үш жылдықта құрылыс компаниялары  өнімдердің жаңартылған түрін қолданады. Мәселен, серіктестік материалдарын биыл Украинка мен Әуе қалашығындағы екі мектепке пайдаланыпты. Директордың айтуынша, құрылыс өнімдеріне сұраныс бар. Былтыр кәсіпкер «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы 14 пайыздық үстемемен 90 миллион теңге несие алса, бағдарлама шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесі төрт пайызға төмендетілген. Бұл қаржы серіктестіктің айналым қаражатын толықтырып, өндірісті нығайтуға септігін тигізді.  

Серіктес жаңалықтары