1499
Қазақстан: орташа жас – 35
Қазақстан: орташа жас – 35
Кез келген мемлекет үшін демографиялық саясат аса маңызды рөл атқарады. Өйткені мемлекеттің өсіп-өркендеуіне халық саны тікелей әсер етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жыл сайынғы Жолдауларында айтып жүр. Мысалы, «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы демографиялық жағдайға ерекше назар аударғаны белгілі.
«Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы: «Жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпы әлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жауапкершілігіне әкеледі. Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түсті. Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар», – деп атап айтқан болатын.
Сондықтан, елімізде халық санын арттыру үшін мемлекет тарапынан жағдайлар жасалып, демографиялық саясаттың механизмдері жетілдірілуде. Ал халық санын арттыру үшін табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды тиімді пайдалану қажет. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе, жас отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың балаларына Үкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы маңызды. Бұл ретте шетелдердегі қазақтарды елге қайтару бойынша маңызды шаралар қолға алынды.
2018 жылдың қыркүйек айындағы деректерге иек артсақ, Қазақстан халқының саны 18 321 606 адамға жетті. Жыл соңына дейін 18 608 079 адам, табиғи өсім 249 393 адам болады деп болжанып отыр. Бір жылда 411 929 бала дүниеге келіп, өлім-жітім саны – 162 536 болады деген де болжам бар. 2018 жылы Астана халқының саны алғашқы жарты жылдықта 1 030 577-ден 1 051 255 адамға дейін өскен. Мұның ішінде табиғи өсім – 14 550 адам және оған көшіп-қонған 6098 адам қосылған. Алматы халқының саны 1 833 990 адамға жетіп, республика халқының 10 пайыз үлесін алғаш рет иеленді. 2018 жылғы алғашқы жарты жылда 31 997 адамға көбейді.
Халық саны көп әрі тығыз орналасқан өңірлер – оңтүстікті туу бойынша көрсеткіші жоғары деп қабылдау дағдысы қалыптасқаны белгілі. Алайда статистикалық деректерге жүгінсек, бүгіндері туу бойынша ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі болып отыр. Десек те, еліміздегі әрбір бесінші азамат Түркістан облысында дүниеге келеді. 2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстан қалаларында туғандардың санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Алматы және Астана қалаларында туу көрсеткіші 4,4 және 4 пайызға өскен. Ақтөбе қаласында 5,3, Атырау 6,8, Орал қаласында 7,5 пайызға артты. Салыстыруға назар аударсақ, Қазақстанның батысындағы үш қала да – туу көрсеткіші бойынша алда тұр.
Демографиялық саясаттың негізгі көрсеткіші – ана мен бала денсаулығы. Мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып жығылады. Ана өлімі соңғы 25 жыда 4 есеге азайған. Дәрігерлер ана өлімін бұдан әрі де төмендету үшін білімі мен біліктілігін, тәжірибесін арттырып, аянбай еңбек етуде. Бұл үшін елімізде жыл сайын дәрігерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру да қолға алынуда. Ана мен бала денсаулығын нығайту бойынша үнемі тынбай жұмыс істеу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен 2030 жылға дейін жүзеге асатын Отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі концепция іске қосылған болатын. Әлеуметтік төлемдердің жыл сайын артуы – отбасылық-демографиялық ахуалға да оң әсер етуде. Басты мәселе – медициналық қызмет көрсету сапасының артуы. Бұл тұрғыдан соңғы 10 жылда ана өлімі – 3,7 пайызға, бала өлімі – 1,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткішті жылдан жылға төмендету – басты міндеттердің бірі.
Мамандардың айтуынша, демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыстар осы қарқынмен жалғасатын болса, елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстанда халық саны 24,5 миллион адамды құрауы тиіс. Бүгінгі демография қарқыны сақталып қалар болса, оңтүстік аймақтардағы тұрғындар саны 5,2 миллион адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дерлік асып кетуі де әбден мүмкін.
Қазақтың көбеюі тек ішкі өсімге ғана байланысты емес, сондай-ақ, Тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысының Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына мұрындық болып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қазақты қайта елге шақыруы демографиялық жағдайға оңтайлы әсер етті. 1991-2017 жылдар аралығында Қазақстанға 1 миллионнан астам қазақ оралған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылы елге оралған қандастарымыздың 26,4 пайызы – 18 жасқа дейінгі балалар болса, 67,3 пайызы – еңбекке жарамды жастағы азаматтар, небары 6,3 пайызы – зейнеткерлер санатында. Жалпы, қай жылды алсаңыз да, Атажұртқа қайтып жатқан азаматтардың дені – жастар. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Елге көшіп жатқан азаматтар – Өзбекстан, Қытай, Моңғолия мен Түркіменстаннан.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи Отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. 1999-2009 жылдар аралығында сыртқы көші-қон үдерісінде бетбұрыс байқалып, елге келушілердің саны одан тысқары кетушілерге қарағанда көбейді. Он жыл ішінде тарихи Отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Ираннан ресми статистикалық дерек бойынша 650 мыңнан астам адам оралыпты. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрғылықты халқы да өсіп-өне бастады. Бүгінде республикадағы өлім-жітімге қарағанда туу көрсеткіші жоғары.
Шеттен келген қандастар есебінен де ел демографиясын айтарлықтай өсіруге болады. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, елге оралған қандастарымыздың 61,6 пайызы Өзбекстаннан, 14,2 пайызы Қытайдан, 9,2 пайызы Моңғолиядан, 6,8 пайызы Түркіменстаннан, 4,6 пайызы Ресейден, ал қалған 3,6 пайызы өзге елдерден қоныс аударған. Олардың 21,2 пайызы Түркістан облысы аумағына, 16,3 пайызы Алматы облысына, 13 пайызы Маңғыстау облысына, 9,4 пайызы Жамбыл облысына, 40,1 пайызы еліміздің басқа да өңірлеріне ірге теуіпті. Осы шеттен келген ағайынның есебінен аталған облыстардың халық саны біршама артқан. Бұл жетістікті Елбасы «Біз бір миллион ағайынды елге қайтардық!» деп мақтанышпен жеткізгені әлі де ел есінде болар. Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2011 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде елімізге алыс және жақын шетелдерден 210 225 отбасы немесе 824 170 этникалық қазақ көшіп келген. Оның ішінде Өзбекстаннан – 126 790 отбасы (494 565 адам), Қытай Халық Республикасынан – 25 764 отбасы (85 487 адам), Моңғолиядан – 22 124 отбасы (110 856 адам).Ал тәуелсіздік жылдарынан бергі олардан тараған ұрпақпен қосып есептегенде қазақтың саны ең азы 1,5 миллион адамға көбейді деген сөз.
Қазақстан халқының саны 2002 жылдан бастап қайта көтеріліп, 2005 жылы 15 миллионнан асты. Араға бес жыл салып, яғни, 2010 жылы халық саны 16 миллионның үстіне шықты. 17 миллиондық көрсеткішке қазақстандықтар саны 2014 жылы қол жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған кезде халық саны 16 миллион болса, қазір 65 миллионға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050 жылға жоспарлаған бағдарламада 2020 жылға қарай халқымыздың саны – 20 миллионға жетсе екен деп ойлағанмын», – деген еді.
Демографиялық саясаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік дамуды, қоғамдық ахуалды және ұлттық мүддені қамтамасыз етуге арналған өзіне ғана тән, қажетінше тиісті әрі тікелей тиімді жолдармен жетуді нысана етіп алады. Сол биік мақсаттарға жетудің үш бірдей әдісі бар. Олар ел тұрғындарының демографиялық ой-пиғылына және миграциялық мінез-құлқына қоғамдық-психологиялық, заңдық-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық әдістермен тиісінше әсер ете алады.
Сонымен қатар, мамандар 2030 жылға қарай халық саны 20 миллион 560 мыңға жетуі мүмкін екенін айтып отыр. 2030 жылға дейінгі уақытта Астана мен Шымкент қалалары халқының қарқынды өсуі байқалады. Маңғыстау мен Атырау облысында да халық санының өсуі өте жоғары деңгейде болады. Болжамдар белгілі бір жағдайларға сүйеніп жасалатыны белгілі. Сондықтан 2031 жылға дейінгі болжамды жасау барысында бірнеше жағдай ескерілді. Біріншіден, соңғы 15 жылда еліміздегі халықтың өсу қарқыны айтарлықтай нәтиже көрсетті. Жалпы, халықтың орташа жылдық өсімі 1,2-ні құрады. Оған еліміздегі жалпы халықтың табиғи өсімі 2001 жылмен салыстырғанда соңғы кездері 3 есеге дейін өскені әсер етті.