Шлюзде қырылған шабақтар

Шлюзде қырылған шабақтар

Шлюзде қырылған шабақтар
ашық дереккөзі
Шолаңқаты өзеніндегі шлюзге жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесінде 900 мың балық құртшабағы қырылып қалған. Олардың арасында ақкөз, қызылқанат, қылышбалық, мөңке балықтар бар. БҚО полиция департаментінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ҚР ҚК 336-бабына сәйкес (балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу) тергеу амалдары басталды. БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ибраевтың сөзіне қарағанда, Сырым ауданы, Тоғанас ауылы маңындағы Шолаңқаты өзенінде мұздың қатуынан шабақтардың қырылғаны туралы мәлімет 16 қараша күні түскен. Қазіргі уақытта балықтың жаппай қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға орай жедел топ құрылып, шабақтардың жаппай қырылғанын анықтады. Шолаңқаты өзені арқылы өтетін көпірге былтыр күрделі жөндеу жүргізілген. Әйтсе де, мердігер тарапынан кемшіліктер жіберілген. Соған байланысты су өткізгіш қақпаны жөндеу кезінде көпірден 150 метр жерде уақытша бөгет салынған. Ескі қақпа мен уақытша бөгеттің арасында едәуір су қалып, күннің күрт суытуына байланысты қатып қалған. Тайыз судағы балық шабақтары да бірге қатқан. Мамандардың есептеуіне қарағанда, 1800 метр аумақта шамамен 900 мыңнан астам шабақ қырылған. «Арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін анықтап, осыған жол берген тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуын қадағалайтын болады», – деді Қайрат Ибраев.    Айта кетерлігі, 336-бапқа сәйкес көпір, бөгет салу, су жинағыш құрылыстар немесе су айдағыш тетікті пайдалану кезінде балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу балықтардың жаппай қырылуына әкеп соқса, онда  кінәлі тұлға жазаға тартылады.