Шипалы алақан

Шипалы алақан

Шипалы алақан
ашық дереккөзі
Қазақстанға аты белгілі дәрігер, уролог Болат Нілдібаевпен «Манкент» шипажайында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді. «Манкент» шипажайы Шымкент қаласынан 25-30 шақырым жерде жатқан атақты демалыс орындарының бірі. Атына қанық болғанымызбен бұдан бұрын бұл кісімен жақынырақ отырып әңгімелесудің реті бола бермейтін. Жыл сайын болмаса да, араға екі-үш жыл салып демалып кетуді әдетке айналдырғанмын. Сондықтан «Манкент» маған өз үйімдей болып кетті. Кейде бұрын бірге демалған адамдарды кездестіріп қаласың. Ондайда әңгіме тиегі ағытылып кетеді. Ара-арасында Шымкентті де аралап қайтып жүрдік. Қалаларыңыз көп өзгеріпті, жақсы жағына өзгеріпті, – деп Болат Алдабергенұлы бізге қарап бір жымиып қойды. Болат Алдабергенұлы Нілдібаев 40 жылға жуық уақыт бойы адам жанының арашашысы болып, бүкіл саналы ғұмырын операция столының жанында өткізген адам. Қасиетті Кереку өңірінің тумасы Ахметжан ақсақалдың екінші ұлы Рахымберлінің отбасында 1938 жылы Болат есімді ұл дүниеге келеді. Жастайынан нағашысы Алдабергеннің тәрбиесінде өскен Болатқа осы нағашы жұртының тегі беріледі. Нағашы тәрбиесінде өскен Болат жаз болса ата-бабаның ескі қонысы Керекуге асығатын. Шөп шабатын. Іні-қарындастарымен асыр салып ойнайтын. Бірақ бауыр басқан мекені – Қарағандының Шет ауданы да ол үшін ыстық ұядай еді. Болат Алдабергенұлы Шет ауданының орталығындағы М.Горький атындағы қазақ орта мектебін 1959 жылы тәмәмдайды. Мектепті өте жақсы бағаға бітіргенімен, әке көңілі Болатты алысқа жібергісі келмейді. Содан ауылда екі жылдай жүріп қалады. Әрине, бос жүрмейді. Әкеге қолқабысын тигізіп, совхоз жұмысына жегіледі. Араға екі жыл салып ҚазМҰУ-дің заң бөліміне оқуға құжат тапсырады. Бірақ конкурстан өте алмай қалады. Осы арада өз әкесі Рахымберлінің әскери адам болғандығы себеп болды ма, кім білсін, Болат Алдабергенұлы туған ауылына соқпай Саратов облысының Краснокутск селосына өтіп кетеді. Сұрастыра жүріп сондағы Азаматтық авиация училищесіне құжаттарын тапсырады. Мына қызықты қараңызшы, 20 жастағы жас жігіт барлық сынақтан мүдірмей өтіп, оқуға түседі де кетеді. Онда бір жыл оқып, жазғы демалысты әрең болдырып, ауылына қайтады. – Әке, ұшқыштардың оқуына түстім, – деп арсалаңдай жетіп келген Болатты Алдарберген ақсақал суықтау қарсы алған. – Балам, сен ол оқуды қой. Оқитын болсаң басқа да оқу бар ғой. Солардың біріне түс. Жақындау жерде – Қазақстанның айналасында оқысаң да болмай ма, – деген екіұштылау, бірақ нығыз түрде. Болат екінің бірі түсіп оқи алмайтын ұшқыштар училищесімен осылайша қош айтысады. Кейін байқаса әкесінің құрдастары: «Сен енді ол баладан күдеріңді үз. Ұшқыш болса, ол енді орыстың қызына үйленеді де, қайтып саған ұстатпайды» деп құлағына құйып қойған екен ғой. Сөйтіп, ұшқыш болуды армандаған талабы да орындалмай қалады. 1963 жылы Болат Алдабергенұлы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне құжаттарын тапсырады. Баланың бұл талабын әке де, шеше де қош көріп, оң баталарын береді. 1968 жылы мединститутты бітірген бір топ ұл-қыздардың ішінде Болат Алдабергенұлы да бар еді. Жас маман бірден өзінің өскен ортасы Шет ауданына тәжірбие жинақтау үшін 3 жылдық мерзімге жіберіледі. Жас дәрігер үшін нағыз арпалыс шақ енді басталғандай еді. Таңның атысы, күннің батысы демей үнемі шапқылауда, ізденісте, қала берді айқай-шудың ортасында жүрген сол бір кезеңдер жас маманның алғашқы өмір баспалдақтарында өшпес із қалдырған. Үнемі өрлеу үстінде, жаңа қырынан танылу сатысында келе жатқан ол 3 жылдық міндетті мерзімі аяқталған соң Қарағанды қаласы жаққа жиі алаңдайтынды шығарады. Ия, үлкен кемеге үлкен айдын керектігі осындайда айтылса керек. Ақыры, толассыз ойдың, талайдың тамырын басқан шипалы алақанның құдіреткүші дамыл бермей, жас маманды жетелеп отырып Қарағанды қаласынан бір-ақ шығарады. Ол кезде Мәскеудің тікелей бақылауында – «Московская обеспечение» дейтін «қызыл тізімде» тұратын шахтерлар қаласына жұмысқа тұру оңай болмайтын. Бірақ Болат Алдабергенұлына институттан соңғы қызмет істеген жері – Шет ауданының орталық ауруханасынан берілген мінездемемен ойнауға болмайтын. Онда: «Жас дәрігердің біліміне, жинақтаған тәжірибесіне өте жоғары баға береміз. Оның өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды аса тыңғылықты әрі сапалы деңгейде атқаруға күш-қабілеті жетеді» делініп, оған сол өңірдің мүйізі қарағайдай маман-дәрігерлері қол қойып, «диагнозын» дөп басып берген еді. Сөтіп, Болат Алдабергенұлы Қарағанды қалалық ауруханасының хирургия бөліміне бас оташы болып бекиді. Мұнда да екі жыл өте шығады. Енді салиқалы біліммен жан-жақты қаруланып алған ол арнаулы мамандық алудың жолдарын қарастыра бастайды. Ол үшін Болат Алдабергенұлына Қарағандыдағы клиникалық ординатураның екі жылдық урология бөліміне оқуға түсуіне тура келеді. Міне, осы жерде өзінің бұдан кейінгі ұстазы әрі ақылшысы болған Геннадий Шибаевпен танысқан. Болат Алдабергенұлының білікті дәрігер болып қалыптасуына осы Шибаевтың ықпалы көп болғанын айтуымыз керек. Ол адам ағзасының ең жанды, күрделі мүшесі саналатын – бүйректі жеке зерттеуге, оны емдеудің сан қырлы әдістерін меңгеруге барынша күш салады. Бүйректің жұмысын бақылайтын аппараттар алуға тапсырыстар бере бастайды. Мәселен, орысша ғылыми атауы «Радиоизотопная ренография» деп аталатын аппаратты 1975 жылы Мәскеуден тұңғыш рет Қазақстанға осы Қарағандының клиникалық ауруханасы алдырған еді. Оның қазақша атауы – «Изотоппен бүйректің жұмысын тексеретін аппарат» дегенге жақындайды. Ал осы аппарат Қарағанды ауруханасының ауласына әкелінгенде, оны Болат Алдабергенұлы мен бастығы Шибаев екеуі арнаулы темір қораптан өздері түсіріп алыпты. Кейін оны орналастырып, алғаш іске қосқан кезде де Геннадий Шибаев екеуі сынақтан өткізгендерін қалай ұмытар. Бүйректің жұмысын тексеруде, қан айналымын бақылауда бұл аппарат сол уақыттың ғана емес, бүгінгі күннің де үлкен жетістігі ретінде бағаланып келеді. Бірде Қарағандының орталық клиникалық ауруханасына Теміртаудан ауыр халдегі жас орыс жігіті жеткізіледі. Тексере келгенде оның бір бүйрегінде ісігі бар екені анықталды. Ота келесі күнге тағайындалады да, оны жасауға клиникалық ординатураның урология бөлімінің меңгерушісі Геннадий Павлович Шибаев және Болат Алдабергенұлы екеуі белгіленеді. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Өйткені аурудың халі тым мүшкіл болатын. Сондықтан оған тек білікті, жан-жақты тәжірибесі бар дәрігердің көмегі ауадай қажет болатын. Дәрігерлер өмірінде мойын бұрғызбайтын төтенше жағдайлардың тым жиі ұшырасатыны заңды да. Бұған олар да көндігіп кеткен. Ертеңіне жұмысқа келген Болат Алдабергенұлын операция столында мүлде басқа ауру күтіп жатқан еді. Бұл аурудың жағдайы да аса мәз емес. Көлік апатына түскен жас жігіттің бір бүйрегі жарылып кеткен. Шұғыл көмек қажет. Ойланып жатуға уақыт тар. Екі дәрігер екі жақтағы операция столына асығады. Болат Алдабергенұлы қасына көмекшісін алып, көлік апатына түскен жігітпен әуре болып кетеді. Ота төрт сағатқа созылады. Әйтеуір бәрі сәтті аяқталған. Аурудың қан қысымы, жағдайы бір қалыпқа түсті-ау дегенде барып ота бөлмесінен шығып төрт сағаттық ауыр отадан кейін таза ауада кеудесін кере демалып тұрған. Бұдан кейінгі жағдай тіпті ақылға сыймастай еді. Іштен: – Болат аға! – деген жас қыздың дауысы шығады. Оған қоса: – Болат Алдабергенұлы, – деп асыға шақырған Геннадий Павловичтің көмекшісі де жолығады. Қимыл-қозғалыстарында сасудың, шарасыздықтың белгілері бар сияқты. – Не болып қалды? – дейді Болат Алдабергенұлы халатын шешпестен. – Геннадий Павлович қайда? Аурудың жағдайы қалай? – деп, сұрақтарды бірінен соң бірін жаудырып жіберді. Олар ота бөлмесін көрсеткен. Есікті ашқан күйі Болат аға да үн-түнсіз тұрып қалсын. Ота столында қан жоса болып теміртаулық жігіт жатыр, ал қасында ешкім жоқ. Анестезиолог жас қыз көзін жыпылықтатып не істерін білмей ол тұр. Мұндағы жағдайды бірден аңғаруға болатын еді. Ауруға наркоз берілген. Ішін ашқан. Ота сәтімен жүріп жатқан. Бір кезде тапсырыс берген қан таусылған ба, әлде өзі қадірлейтін ұстазы Геннадий Павловичтің осы бір аяқ астынан тап болған шарасыздыққа шыдамы жетпеді ме, әйтеуір ота столын тастаған да, сыртқа шығып кеткен ғой. Сонымен отаны Болат Алдабергенұлының жалғастыруына тура келді. Аурудың жағдайы, диагнозы оған таныс болатын. Тездетіп ассистентке қысқа-қысқа тапсырмаларды бере бастайды. Қан кетіп жатыр. Ал тапсырыс берген қан бітіп қалған. Қан құю орталығына тапсырыс беріп, оны әкелгенше бұл жігіт өліп кетуі мүмкін. Не істеу керек? – Қанының тобы қандай?– деп сұрады дәрігер. – Бірінші... – Шұғыл қан құюға әзірленіңіздер... қанды менен алыңыздар, – дейді ол. Болат Алдабергенұлының қанының тобы да бірінші болатын. Ассистенттері дәрігерді аурудың қасына жатқызып, қанды тікелей адамнан адамға құятын әзірлікке көшеді. Бір айта кететін нәрсе – тікелей қан құю кезінде ауру адамның халі бірден болмаса да қалыптағыдан анағұрлым тез оңала бастайды екен. Ол солай болды да. 400 грамм қан алынып, ес-түссіз жатқан жігітке тікелей жүйемен құйылып біткен кезде, оның қан қысымы жоғарылап, жағдайы реттеле бастайды. Сол арада дәрігер де қою күрең шай әзірлетіп, қантты көбірек қосып, ішіп алады. Қант қосылған қою қызыл шай қанды тез толтырады, орнына келтіреді. Бұдан кейінгі жағдайды Болат Алдабергенұлы өз жазбаларында былай деп жазып қалдырған. ...Операция столына жақындадым. Не істеу керектігін алдын-ала білетін сияқтымын. Бастап кеттік. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Тек менің: – Скальпель!.. Бинт!.. Қысқыш... тағы да бинт!.. деген қысқа-қысқа әмірлі үнім ғана естіледі. Бұл жердегі арпалыс та үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Отаны аяқтап қалған кезімде көмекші ассистент ымдап, есік жақты көрсетеді. Бұрылып қарасам есікті ашқан күйі табалдырықтың арғы жағында Геннадий Павлович келіп тұр екен. Жүзі шаршаңқы болғанымен маған ризашылығын білдіріп тұрғандай еді. Басын біресе шайқайды, біресе изеп қояды. Бір кезде оң қолын көтеріп, маған «жалғастыра бер» дегендей белгі берді де, өзі есікті жауып кетіп қалды. Ұстазым Геннадий Павловичсіз бүйрекке жасаған тұңғыш отам осылайша сәтті аяқталды. Ауруды жан сақтау бөліміне түсірдік. Ол кейін палатаға шығып, он екі күн дегенде аяғынан тұрып, үйіне қайтты. Кейін ойлап қарасам, бүйректің ісігіне ота жасап, жартысын кесіп, жартысын іске қосу дегеніміз өте қиын әрі күрделі оталардың қатарына жатады екен ғой. Оны қайдан білейін. Жастықтың қызуымен кірісіп кеткен екенмін де деймін есіме түскенде. Әйтпесе, қазір өлім халінде жатқан адамға өз қанын беріп, өзге жан үшін арпалысу дегенді екінің бірі істей қоймайды. Ол анық нәрсе. Ал бүгінгі – қазіргідей жағдайда тіпті қиын шығар. Өйткені өзім дәрігер болған соң ба, сырқат адаммен салғыласып, саудаласып жатқан дәрігерлерді жиі байқаймын. Ондайда теріс бұрылып кетуден басқа амалың жоқ. Бетіңнен отың шығады, тіпті. Кезінде біздің ақы-пұлсыз жасаған оталарымыз бүгінде 40-60 мың долларға дейін барып жатыр. Бұл күнделікті өмірден көріп жүрген нәрселеріміз. Ал осы дұрыс па, бұрыс па, оның халыққа, қоғамға тигізіп жатқан әсері, зияны қандай дәрежеде? Біз осы жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек сияқты. Негізінен алғанда, медициналық ақылы қызмет көрсету жүйесінің біздің халыққа өте ауыр тигені мәлім. Жаңа жүйеге үйрену қиын болды. Оның үстіне, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дәрі- дәрмекке халықтың зәрулігі арта түсті. Білікті дәрігерлер жұмысын тастап кетті, ауыстырды. Кейбірі өзінің тарихи отандарына қайтып жатты. Міне, сондай өтпелі кезеңді де бастан кешіріп, оған да төтеп бердік емес пе! Құдайға шүкір, қазір халықтың жағдайы дұрысталды ғой. Медицина саласы да өркен жайып келеді. Дегенмен, дәрігерлер арасында мәдениеттілікті, халыққа қызмет көрсетудің жақсы үлгілерін жетілдіре түсу қажет-ау деп ойлаймын. «Қалтаңда ақшаң болмаса көмек көрсетілмейді» деген принципті дәрігерлер өзінің күнделікті қағидасына айналдырып алмаса екен деймін. Болат Алдабергенұлының осы жазбаларынан-ақ үлкен жүректі дәрігер, ардақты ұстаз ағаның сом бейнесін көруге болатындай еді. Осы арада біздің есімізге мынадай бір оқиға түсті. 1981 жылдың ақпан айы болатын. Арқаның ақ бораны бір оянып алса, айлап соғатын әдетімен көзді аштырмай айнала түтеп тұрған. Болат Алдабергенұлының жұмыстан қайтқан беті еді. Күн кешкіріп қалған. Үйге келе жатып, пошта жәшігінде жиналып қалған бір құшақ газет-журналды ала кірген. Арасында хат-хабарлар да бар сияқты. Хаттардың бір-екеуі Алматыдағы достардан, Павлодардағы туыстардан екен де, біреуі Ақмола облысының Атбасар жағынан ба еді, әйтеуір, шалғай бір ауданнан келіпті. Жазуы да қызық, жаңа сауатын ашып жүрген жас баланың қолтаңбасына ұқсайды. Болат Алдабергенұлы өзге хаттарды ысырып қойып, осы хатты ашқан. Расында да, хатты жазып отырған бірінші сыныптың оқушысы екен. Тезірек оқи жөнелген. – Құрметті Болат аға! – деп бастапты бейтаныс хаттың иесі, – менің есімім Қаныш. Мен сізге хатты алыстан – Целиноград облысынан жолдап отырмын. Біз жақында Әліппені аяқтадық. Енді өзім жаза аламын. Сізге көп рахмет! Мен туған кезде мамам Ержанова Сараны укол салып, емдеп, маған қайтарып бергеніңіз үшін. Мен мамамды жақсы көремін.... Сосын сізді де жақсы көремін. Қош сау болыңыз. Сәлеммен Қаныш. 1981 жыл, ақпан, Целиноград облысы. Оқушы дәптерінің бір бетін толтыра жазған бұл хаттың ұзын-ырғасы осындай еді. «Ойпырмай, ә! Ержанова Сара.... Целиноград облысынан дейд, ә!» – деп қояды ішінен күбірлеп. Содан кейін кішкентай Қаныштың хатын қолына алып, тағы да ойға батты. «Мен туғанда емдедіңіз» дейді. Өзі Әліппені оқып бітіріпті. Яғни, бұл 1974 яки 1975 жылдары болған оқиғаға келіңкірейді екен. Болат Алдабергенұлы енді күнделік дәптері іспеттес жазба журналын ақтаруға кіріскен. Иә, иә! Мінеки! 1974 жылдың жаз айы екен ғой. Ақмоланың шалғай жерінен аса ауыр халдегі Ержанова Сара есімді келіншектің жеткізілгені енді есіне түсті. – Босанғанына төрт күн болған Ержанованың жағдайы, расында да, тым мүшкіл болатын, – деп еске алған еді Болат Алдабергенұлы болған оқиғаның анық-қанығын одан әрі нақтылай түсіп. – Себебі жас босанған әйелдің жатыр жолдарының қаны тоқтамай қойған. Соның салдарынан, бір бүйрегіне зақым келіп, ол істемей қалған. Аудандық аурухананың дәрігерлері бар мүмкіндіктерін салып емдеген. Бірақ нәтиже шығара алмаған. Содан бізге жеткізген ғой. Өйткені жасанды бүйрек салумен біздің Қарағанды клиникасы ғана айналысатын. Оның үстіне, жасанды бүйрек салудың білімдары Әбуғали Омаровтың есімі бүкіл Республикаға тарап, дүрілдеп тұрған уағы. Содан ауру тарихын зерттеп алдық та, күн-түн демей қасында болып, емдеуге кірістік. Құдайға шүкір, еңбегіміз еш кеткен жоқ. Тәжірибемізбен біліміміздің арқасында Ержанова аяққа тұрды. Үш айдай бізде жатып емделді. Соңынан сауығып, үйіне қайтардық, – деген еді атақты дәрігер. Осы оқиғаны есіне түсірген Қанышпен Болат аға бұдан кейін де бес-алты жылдай хат жазысып тұрыпты. Өкінішке қарай, кейінгі кездері байланыстары үзіліп калған. – Бір күні Қаныш бала мені есіне түсіріп «Болат аға, мен Қанышпын ғой!» деп іздеп келсе, оған менің есігім ашық. Өмір осындайымен де мәнді емес пе! – деп қойғанды ұнататын Болат Алдабергенұлы. Болат Алдабергенұлының Қарағандыдағы облыстық көпсалалы диагностикалық орталықта жоғары категориялы дәрігер болып қызмет істеген жылдары өз алдына бір төбе. Қиыны мен қызығы аралас сол бір кезеңдер оның нағыз өсу, өркендеу шағы болатын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылған адамдар бұл кісінің алдын көруге кезекке тұратын. Негізінен алғанда бүйрекке, қуыққа жасалатын күрделі оталар облыстық аурухананың урология кафедрасында жасалады. Ал Болат Алдабергенұлы осы диагностикалық орталыққа ауысқаннан кейін урология кафедрасымен деңгейлес дәрежеде қуыққа, бүйрекке ота жасауға рұқсат алған бірден-бір маман еді. Әсіресе, қуықты ашпай, оны жабық түрде емдеуде жаңа қырынан танылып, оны Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырған да осы Болат Алдабергенұлы болатын. Егер көзі тірі болса, Болат Алдабергенұлы биыл 80 жасқа толар еді.

Сейітхан Зеберханұлы

Түркістан облысы