1997
Мүшәйра һәм әдеби әділдік
Мүшәйра һәм әдеби әділдік
Жалпы, «отпен ойнама, күйерсің» дегендей, әдебиеттегі даулы мәселелерге арнайы қалам тербеу – қиынның қиыны! Бірақ елдің ойында жүрген кейбір мәселенің жұртшылық талқысына жиі түсіп жүргенін байқасаң немесе әдебиетке жақын жүргеніңді білетін былайғы кісілер жайсыз сұрақтармен қажай берсе, амалсыздан қолға қалам алуға тура келеді...
Сөз өнерінен аз-кем хабары бар кісілер «мүшәйра» дегеннің анықтамасын білсе керек. Сөз өнеріндегі бұл құбылыс ежелгі Шығыс әдебиетінен белгілі. Онда ақындар түрлі тақырыпқа жазылған өлеңдерін еркін оқып, сөз сайысына түскен. Тыңдарманның көз алдында өтетін мүшәйрада сөзі өткір, ойы батыл ақындар жеңімпаз танылып, сый-сыяпатқа ие болған. Ал одан бері мүшәйра әр елде әртүрлі пішінге ие болып, әу бастағы түрінен біраз өзгеріске ұшыраған. Мысалы, қазақтарда жазба поэзия дамыған ХХ ғасырда мүшәйра өткізу жиірек көрініс бере бастады. Анығырақ айтсақ, тәуелсіздіктен бергі әдеби үдерісте белгілі бір тарихи оқиғалар тұсында, түрлі саладағы тұлғалардың мерейтойлары тұсында мүшәйра өткізу қалыпты жағдайға айналды.
Әрине, әрбір істің белгілі бір мақсаты болады десек, кейінгі ширек ғасырда мүшәйралар текке өткізіліп жатпағанын көкірегі ояу, көзі ашық жұрт жақсы түсінеді. Алдымен, поэзия – жауынгер жанр. Тарихи оқиғаның маңызын немесе бұрын атаусыз қалып келген тарихи тұлғалар жайын елге танытуда басқа жанрлардан гөрі тез қимылдап, эмоциялық тұрғыдан әсерлі жеткізуге ыңғайлы. Ал екіншіден, материалдық жағынан қатысушыларға пайдасы тиетін мүшәйралар – белгілі бір тақырыпқа көптеп шығармалар жазылуына себі тиеді. Демек, идеялық тұрғыдан мүшәйра өткізу – дұрыс та, игілікті іс. Бұл оның күнгей жағы десек, көлеңке бетінде не бар?
Шынын айту керек, бүгінде қандай да бір мүшәйра өтсе, соңынан түрлі әңгіме еріп жүретін болды. Мүшәйраға қатысып, жүлдеге ілінбей қалғандар «әділетсіз өтті» десе, жүлде алғандар оған шаң жуытпайды. Сондай-ақ, талай мүшәйраға қатысса да, бір рет жүлдеге ілінбей сағы сынғандар мен мүшәйра сайын жүлдегерлер сапынан көрінетіндер аз емес. Сондықтан ылғи да мүшәйрадан қалмайтындар туралы ел арасында «айналымдағы ақындар», «мүшәйристер» деген сөз көп айтылады. Жер-жерде өткен бірталай мүшәйралардың қорытындысына қарап отырып, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынына» сенуге болады кейде.
Мүшәйрада байқалатын құбылыстың бірі – оған қатысушылар арасындағы беделдің салмағы. Небір жүлде қоры қомақты мүшәйрада бас жүлдені ылғи да әдебиетте беделі бар, атақты, көрнекті ақындар алып жатқанына қарап, расында да әдеби беделдің жүлдегер болуға әсері барын іштей сезуге болады. Мысалы, осыдан біраз жыл БТА Банкі бірнеше рет ұйымдастырған мүшәйраның бас жүлделеріне Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев секілді әдебиетіміздің көрнекті ақындары лайық деп танылса, бірінші орынды Иран-Ғайып, Темірхан Медетбек секілді белгілі ақындар алып жатты. Одан соңғы орындарда да ылғи мүшәйралардан көрініп жүретін ақындардың алғанын көрдік. Әрине, мүшәйра жеңімпаздарын күстаналау ойымызда жоқ, бірақ мүшәйра жеңімпаздары арасында бұрын танылмаған жаңа ақындардың көрініп, жұртты таң қылып жатпауы – жыр бәйгесінде кездейсоқ ешкімнің болмайтынын көрсететіндей...
Содан кейін кейінгі бір жылдары байқағанымыз – бір ақындардың бірнеше мүшәйрада жүлдегер болып жататыны. Мәселен, 2013 жылдың жазында Астананың 15 жылдығына арналған «Жарқыра, жайна, Астана!» атты мүшәйрада бас жүлде алған ақын Серік Тұрғынбеков сол жазда Солтүстік Қазақстан облысында өткен Қожаберген Тойлыбайұлының 350 жылдығына арналған «Елім-ай!» деп өткен есіл ер» атты республикалық жыр мүшәйрасында да жүлдегер болды. Бір ғана С.Тұрғынбеков емес, тексере зерттеп қараған кісі талай белгілі ақындардың осындай жетістікке жеткенін біле алады. Демек, мүшәйрада бұндай жайттар тосыннан болады дей алмаймыз.
Мүшәйралардың дені жабық түрде өтіп жатады, дегенмен мүшәйра ұйымдастырушылары оған қатысушыларға өз шығармаларын электронды поштамен жіберуге болатынын айтады да, «мүшәйраға ұсынған шығармаларды бүркеншік атпен бір файлға, ал шын аты-жөні мен өмірбаянын және фотосын екінші файлмен жолдауы керек» ескертеді. Сонда электронды поштадан түскен файлдың алғашқысының ғана ашылып, екіншісі жүлдегерлер белгілі болғанда ғана ашылуына қандай кепілдік бар? Өйткені мүшәйра ұйымдастырушылардың арасында міндетті түрде бір-екі адам әділқазылар құрамында болады. Ал олар күні бұрын қандай ақынның, қандай танысының мүшәйраға қатысып отырғанын біледі деген сөз...
Кейде сирек те болса, мүшәйралар ашық түрде өтіп жатады. Мысалы, Абайдың 150 жылдық мерейтойында ашық түрде мүшәйра өткізіліп, мүшәйраға жіберілген шығармалар бірнеше газет беттерінде жарияланып тұрды. Оған қазақтың мүйізі қарағайдай барлық ақыны қатысса да, бұрын аты белгілі болса да мүшәйрада жүлде биігінен көрінбеген кейбір ақындар, аты қалың жұртқа аса танымал емес талантты ақындар жеңімпаз болып, елдің көңілінен шыққаны бар. Өкініштісі сол, ондай жақсы қасиеттер жалғасын таба бермейді...
Тағы айта кететін жағдай, мүшәйралар өтеді, жүлдегерлер жүлдесін алады, сосын тым-тырыс. Қайсы ақын қандай мықты шығармасымен жүлде алды, өткен мүшәйра қандай талантты ақынның бар екенін елге танытты, қандай тосын шығармалар пайда болды деген әңгімелер айтылмайды. Не әдебиетке арналған жиындарда, не әдеби мақалаларда мүшәйраның әдебиетті дамытуға тигізіп жатқан әсері туралы сөз болмайды. Рас, кейде белгілі бір мүшәйраға байланысты жазылған шығармалар кітап болып шығып та жатады, бірақ сол шыққан нәрсе, шыққан жерінде қалады. Сонда мүшәйра өткізуде не мән-мағына бар?
Қазақы мінезде жақынға бүйрегі бұрып тұратын бір қасиет бар. Былайша айтқанда, «қарыстан сүйем жақын» деген қағидаға негізделген әдет қой. Тек соның әдебиетке келгенде әділетсіздік болатынын ескере бермейтініміз өкінішті. Мүшәйра маңындағы әңгімелерде «пәленше ақынның пәлен деген досы қазылар алқасында отырғасын жүлде алды ғой» деген күбір-сыбыр ара-тұра айтылып қалатын. Бүгінде мұндай әңгімелер әлеуметтік желілерде ашық түрде айтыла беретін болды. Ал бұл жағдайдың елдің көңілінде жаман әсер қалдыратыны белгілі. Жұрт бүгінде «әділқазылар алқасы» дегенге мысқылмен қарайтын сияқты. Расында, «әділқазылар» әділ ме?
Осыдан 7 жыл бұрын қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет журналист Қарлыға Ибрагимоваға берген сұхбатында: «...жалпы қазылар алқасын «әділқазылар» деп атауға мен өз басым қарсымын. Жәй ғана «қазылар алқасы» деген атау аз ба? Оның қара қылды қақ жарар әділдігіне кімнің көзі жетеді? Бес саусақ бірдей емес. Әр қазының өз пікірі, көзқарасы, танымы бар. Сондықтан олар қабылдаған шешімнің бәрі жұрттың ойындағыдай, немесе өз ойлағанындай бола бермеуі мүмкін. Рас, өзіңіз айтқандай, жасы мен атағы үлкен ақынның алдында қазылардың да кішірейіп қалатын кезі кездеседі. Үлкенді сыйлап үйренген қазақы менталитеттің осындай да жағы бар. Кейде қандай да бір жүлденің тағдырын қазылар алқасының ішіндегі ең даукес, немесе ең беделді мүшесі-ақ шешіп кететіні болады. Мұндайды парламентте «лобби» демей ме? Әр жүлделі орын үшін қызыл кеңірдек болып керілдесе беруден кім де болса тайсақтайтын уақыт болады», – деген еді. Демек, мүшәйраларда қара қылды қақ жарады деп сенетін «әділқазылардың» да періште емесі есімізде болуы керек. Сондықтан өзімізге «Мүшәйра – әдеби әділдік пе?» деп сұрақ қоя отырып, әзірше... «қайдам» дегенді қинала айтуға мәжбүрміз. Дегенмен ақындар үшін қаржы табудың бір көзі ретінде белгілі мүшәйра – жыр жарысының жиірек өте беруін қолдаймыз. Сан сапаға айналып, әділет те ақырындап келіп қалар...