1 Қараша 2018, 21:24 1091 0 Қоғам Әсел ӘНУАРБЕК

Қоқыс алтынға айналған кез

Тұрмыстық қалдықтар мәселесі – еліміз үшін нақты шешуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан Қазақстанда қоқысты кәдеге жарату ісіне ерекше назар аударылады. Соған қарамастан, елімізде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі алға баспай тұр.  Ресми деректер қоқыстың тек 9 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберілетінін дәлелдейді. Бүгінде елімізде қоқыс өңдейтін зауыттар салу қолға алынғанымен, бұл салада шешімін таппай келе жатқан түйткілдер шаш-етектен.

Келер жылы қалдықты  көме алмаймыз

Біз «қоқыс» деп жүрген қалдықтарды дамыған елдер «байлық» деп санайды. Мысалы, қоқырсыған қоқыстан Сингапур күніне 2500 Мвт-сағат электр қуатын өндіреді. Швецияның электр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99 пайызы қоқыстан тұрады. Францияның аллюминий, әйнек пен қағазы қоқыстан. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал Бельгия 75 пайыз тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Бізде керісінше, кәдеге жарату жағы кемшін. Қоқысты кәдеге жаратудың орнына, полигонға жөнелтеміз. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Оның тек 14 пайызы ғана заңдастырылған. Қалғаны айдалада шашылып жатыр. Қазір кейбір жерлерде билік полигондарды оңтайландыруға кірісті. Яғни, шағын үйінділерді бір-біріне қосып, ірі қоқыс алаңын жасау қолға алынған.

Биылғы деректерге иек артсақ, елімізде осы уақытқа дейін жиналған тұрмыстық және өндірістік қалдықтар көлемі 43 млрд тоннаға жеткен. Ал еліміздегі қалдықтарды өңдеумен айналысатын 130-ға жуық мекеме жылына бүкіл қалдықтың тек 9 пайызын ғана өңдеуге қауқарлы. Бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында қоқыс өңдейтін зауыттар іске қосылған. Алайда ғұмыры ұзақ болмады. Себебі біздің елде қалдықты сұрыптау, жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр. Егер елімізде қоқыс өңдейтін зауыттардың жұмысын мемлекет қатаң қадағаласа, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, талай адам жұмысқа тұрып, баламалы әрі арзан энергия көздері мен органикалық тыңайтқыштардың мол қорын жасауға мүмкіндік туар еді.

Жыл сайын елімізде 5 миллион тоннаға жуық зат тұрмыста пайдаланылып, артынша полигондарға жіберіледі. Кей мамандардың пікірінше, 2050 жылға қарай қалдықтардың саны шамамен 1,5 есе артпақ. Тау-тау болып үйілген қалдықтардың экологияға кері әсер ететіні белгілі. Дәлірек айтқанда, бүлінген заттар топырақтың құнарын кемітіп, улы газдар ауаны ластайды. Осыны ескерген болуы керек, ҚР Энергетика министрлігі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмасса, макулатура, қағаз бен шыны қалдықтарын көміп тастауға тыйым салмақ. Екі жылдан кейін құрылыс пен тамақ қалдықтары да көмілмей, міндетті түрде қайта өңделуі керек. Естеріңізде болса, 2016 жылы құрамында сынап бар электр шамдары мен металдар және басқа да заттарды қоқыс полигонында көміп тастауға тыйым салынған еді. Енді пластмасса, макулатура, қағаз бен шыны қалдықтарын да көмуге рұқсат берілмейді. Өйткені органикалық қалдықтармен араласып кеткен пластмассаны немесе картонды тазалап алуға көп шығын кетеді, одан пайда аз түседі. Оның үстіне, қалдықтарды түгел қайта өңдеуге кәсіпорындарымыз дайын емес, тіпті жетіспейді дейді мамандар. Мамандар министрліктің бұл бастамасын дұрыс бағалағанымен, талапты орындауға елімізде инфрақұрылым жетіспейтіндігін алға тартады.

Соңғы кездері тұрмыстық қалдықтар, оның ішінде аса қауіпті медициналық қалдықтардың қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отырғаны жиі айтылады. Шынында да, тәулігіне медициналық мекемелерде қаншама науқасқа ота жасалып, қаншама сырқатқа ем-дом көрсетілетінін ескерсек, күн сайын сыртқа шығарылып жатқан қауіпті қалдықтардың есебінен жаңыласыз. Әр күні кез келген қала маңындағы аумақтарда қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті медициналық қалдықтардың төгіліп, өртеліп жатпасына кім кепіл?! Өкінішке қарай, қазір мұндай заңсыз әрекеттің алдын алу мүмкін болмай тұрған секілді.

Медициналық қалдықтар ауыл-аймақтардың маңына төгілуі қоршаған ортаға да, адамзат баласына да аса қауіпті екенін қарапайым халық та жақсы түсінеді. Жалпы, медициналық мекемелерден шығарылатын қауіпті қалдықтарды зарарсыздандыру және жою істерімен арнайы орталықтар айналысады. Ондай компаниялар тендерге қатысып, өзіне бөлінген қаржыны пайдалана отырып, медициналық қалдықтарды утилизациялау жұмыстарын өздері атқаруы тиіс. Қалдықтарды шығаратын медициналық мекеме мен оларды зарарсыздандыратын компания арасындағы келісімшартта осылай көрсетіледі. Медициналық мекеме өздерінен шығарылатын қалдықтарды ары қарай, қалай зарарсыздандырылатынын бақылап отыруға міндетті емес. Ал мемлекет бұл іске тендер арқылы миллиондаған қаржы бөледі. Ондағы мақсат – ел тұрғындары қауіпті медициналық қалдықтардың зардабын тартпасын деген тілек. Ал қазынадан бөлінген қомақты қаржыны қалтасына басатын жауаптылар бұл жағын назардан тыс қалдыруда.

Сұрыптау мәдениеті  қашан қалыптасады?

Қоқысты сұрыптап өткізу қазір Еуропа елдерінің бәрінде дерлік мықтап қолға алынған. Еуроодаққа мүше елдер қоқыс тастағаны үшін айыппұл салудан көш бастайды. Әсіресе, қоқыстарды өңдеудің жаңа технологиясын жүзеге асыруда сылбырлық танытқандар айыптан арылмайды. Германияда әрбір аулада төрт контейнер – қоңыр, көк, сары, сұр түстісі тұрады. Біріншіге биологиялық қалдықтар, екіншіге қағаз, ал арнаулы белгісі бар үшіншіге тез өңделетін қалдықтар тасталады. Ең соңғысына алдыңғы үшеуіне де жатпайтын барлық қалдықтар салынады. Осы соңғы сұр контейнерлердегі қалдықтар қоқыстарды өртейтін пештерге отын ретінде пайдаланылады. Батарейкалар, жиһаз, ескі көлік, пайдаланылған иіссу құтылары арнаулы орындардан қабылданады. Шыны ыдыстар дүкендерге қайтарылады. Қоқыстарды арнайы контейнерлерге сұрыптап салу Еуропадағы дамыған елдердің көпшілігінде әлдеқашан қалыптасып үлгерген дәстүр. Бірақ біздің елде қоқысты бөліп тастау мәдениеті әлі күнге дейін қалыптаспады. Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймақтарында шыны тастайтын контейнерлер орнатылды. Мәселен, Астана әкімдігінің хабарлауынша, қала тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау тәртібіне көшеді. Астанадан күн сайын мың тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Оның тек 10 пайызы қайта өңделеді. Ал енді түрлі-түсті контейнерлердің арқасында қалдықтарды қайта өңдеу көлемі 45 пайызға артады дейді, шенеуніктер. Әзірге бұл пилоттық жоба. Оған 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін Астанада бұндай контейнерлердің 6 мыңға жуығы қойылады. Тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау идеясы дұрыс-ақ. Алайда қоқысты сұрыптау тәртібіне астаналықтар қаншалықты дайын?

Әкімдіктің хабарлауынша, сұрыптау тәртібін бұзғандарға қандай да бір айыппұл салу қарастырылмаған. Тек қоқысты қоғамдық жерде лақтырғандарға әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 505-бабы бойынша, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, жауапкершілкке тартылады. Ал Швейцарияда қоқысты дұрыс сұрыптамағаны үшін 200 франк көлемінде айыппұл салынады. Ұлыбританияда 1000 фунт төлейді. Сингапур көшелерінде түкіруге, сағыз тастауға қатаң тыйым. Осы әрекеттердің әрқайсысы үшін 1000 доллар айыппұл салынады. Ал егер қайталасаңыз, тіпті, түрмеге жауып тастайды. Тәртіп күшті болғандықтан, Сингапур әлем бойынша тазалықтың үлгісі саналады.

Шетелмен теңесер күн туар ма?

Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі әрбір мемлекетте әртүрлі жүзеге асады. Мысалы, Италия астанасы – Римде 2003 жылдан бері тұрғын үйдегі текше метрдің көлеміне қоса, ондағы адам санына қарай қоқыс салығы алына бастады. Ал 2006 жылы мұнда қоқыс өңдейтін заманауи зауыт тұрғызылды. Оған алдымен тұрғындардың өзі сұрыптап жинаған, содан кейін зауыт маңындағы кешенде сұрыпталған қалдықтар жеткізіледі. Қоқысты сұрыптап өткізу қазір Еуропа елдерінің бәрінде дерлік мықтап қолға алынған. Еуроодаққа мүше елдер қоқысқа қарамағаны үшін айыппұл салудан көш бастайды. Әсіресе, қоқыстарды өңдеудің жаңа технологиясын жүзеге асыруда сылбырлық танытқандар айыптан арылмайды. Қазақстандық мамандар да еліміздегі қоқыс өңдеу саласының жағдайын оңалту үшін осындай қадамға барудың еш сөкеттігі жоқ екенін айтады.

Біздің елде қоқысты бөліп тастау мәдениеті әлі күнге дейін жөнді қалыптаспады. Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймақтарында шыны тастайтын контейнерлер орнатылған болатын. Мәселен, Қызылжарда 2009 жылы, ал Алматыда 2012 жылы қоқыстың әрбір түріне арналған түрлі-түсті жәшіктер орнатылды. Алайда пилоттық жоба екі өңірде де жүзеге аспай қалды.

Ал қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Францияда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция қоқысты селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, сонша газет қағазын өңдіреді. Көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу жетекші бизнес саласына айналған. Аспан асты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеуден рекорд орнатқан бірден бір ел – Швеция. Мұнда жиналған қоқыстың 99,9 пайызы өңделеді. Тіпті, елдегі зауыттардың жұмысы қарқынды жүргені сонша, Швецияда өңдейтін қоқыс қалмаған. Көршілес елдердің тұрмыстық және өндірістік қалдықтарын импорттауға мәжбүр.Әрине, шведтер өзге елдің қоқысын сатып алмасы анық. Керісінше, Норвегия, Англия, Германия үкіметтері Швеция мемлекетіне қосымша қаржы төлеу арқылы өз қоқысынан құтылып отыр. Нәтижесінде, шведтіктер жыл сайын 2,5 млн тонна қоқысты жағу арқылы электр мен жылу өндіріп, табиғи ресурстарын үнемдеуге көшкен. Мәселен, Швецияның Мальме қаласын жарық-жылумен қамтамасыз ететін электр қуатының 60 пайызы қоқыс қалдықтарынан өндірілген.

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, қоқыс қалдықтарын сұрыптау және оны қайта өңдеу белгілі бір жүйеге түскен. Шетелдіктер оған құнды шикізат ретінде қарайды. Баламалы әрі арзан энегрия көзін өндіріп қана қоймай, табиғатты күл-қоқыстан тазартуға көшкен. Ал біз әлі күнге дейін қоқыс полигондарын көбейтіп, оны қауіп-қатер мен ауру-сырқаудың ошағына айналдырғаннан басқа амал таппай жүрміз.

Қалай десек те, біздің елде қоқысты бей-беркет тастамау үшін қала, ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру керек. Әйтпесе, «табиғатты аялаймыз» деп ұрандатқаннан еш пайда жоқ.

Соңғы жаңалықтар