25 Қазан 2018, 13:54 1779 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Қайырымдылық – қазаққа тән қасиет

«Сіңірі шыққан кедей», «Шық бермес Шығайбай», «Атымтай Жомарт» сияқты сөз тіркестерін бала кезде аңыз-ертегілерден кездестіретінбіз. Ондай кейіпкерлердің шынайы өмірде де кездесетіндігін есейе келе түсіндік. Сонымен, аңыз-ертегі – көне заманның сарқыншағы. Алтын орда, Қазақ хандығы тұсында қайыршылар әлеуметтік таптың ең төмен сатысы ретінде саналған. Ең таңданарлығы, қайыршы ұғымынан ХХІ ғасырда да неге құтылмай келеміз?

Бұрын кедейлер мен байлар арасында тартыс туып, байлар «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» өмір кешсе, кедейлер қуғын-сүргінде, аштықта, жұпыны тұрмыс сүріпті-мыс. Қазіргі қоғамда қайыршылық жұмыссыздық, кедейлік, қаржылық дағдарыстан туындайтын әлеуметтік құбылыс. Қай заманда да барлық елдер тарихында қайыршылықтың болғанына дүниежүзі әдебиетінің туындылары дәлел. Кеңес одағында «Бай мен кедей тең болсын» саясаты жүргізілгендіктен, байлардың мал-мүлкі тартып алынып, кедейлерге үлестіріліп берілген немесе колхоздастыру науқаны жүрген. Тарихтың осы тұсында екі тап өзара теңескен сияқты. «Брежнев тақта отырған тұста коммунизм орнаған екен ғой. Оны біз күтіп жүргенде, басымыздан қалай ұшып кеткенін байқамай да қалыппыз», – деп отырады бүгінде кейбіреулер. Ең бастысы, таптық теңсіздік орнаған қоғамда қайыршылық  қашанда болған, бола да бермек.

Бомж ұғымы (орыс тілінде «Без определённого места жительства») алғаш 1970 жылдары пайда болды. Осы жылы қайыршылыққа қарсы қолданылатын Заң бекітіліп, уақытша тіркеусіз қалған азаматтар да Бомж есебіне жатқызылып, тиісті жазасын ала бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да үйсіз-күйсіз қалғандардың көбеюі белең алған. Бүгінде қайыр тілеу, сұраншақтық сияқты әрекеттерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 449-бабымен тыйым салынған.

Уикипедия сөздігінде қайыршыларға – өзінің тек биологиялық тіршілік етуін қамтамасыз ететін, физикалық қажеттіліктерін ғана қанағаттандыра алатын; қайыр сұраумен күн көретін; жиынтық табысы өмір сүру минимумынан екі есе аз адамдар деген анықтама береді. БОМЖ бен қайыршының арасындағы ерекшеліктерге қарасақ, біріншісі үйсіз, құжатсыз, туған-туысқандарынан мүлдем қол үзген мүсәпір, ал екіншісі баспанамен ғана қамтылған төменгі тап өкілі көрінеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, тауар айналымы, күнкөріс ең әуелі ақша арқылы жүзеге асады. Өткен ғасырларда динар, «ат басындай алтын» немесе «бір кесек күміс» сияқты тіркестер сауда-саттыққа тән болған, салт-дәстүр бойынша қалың мал сияқты төлемдер жүзеге асырылған. Қазір байлықтың өлшемі есептелетін ақша қалыпты жағдайда еңбекпен, маңдай термен келеді. Оны иеленудің оңай жолдары да түр-түрге бөлінген. Алаяқтықпен нәпақасын тауып, белшесінен байлыққа батып отырғандар қаншама. Біреулер жылдап адал жұмыс істеп немесе ғылым жолын қуып, көз майын тауысып, небір атақ-абыройды қорғап жатып жете алмаған байлыққа екінші біреулер оп-оңай қол жеткізеді. Кейбіреулер ауыр жұмыстан денсаулығы нашарлап, күнкөріс қамымен жүреді де, соңында еш жұмысқа жарамай, қайыр тілейді. Себебі тіршілік сенің денсаулығыңа қарап, тоқтап қалмайды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек бағасы жылдан-жылға шарықтап барады. Қазір аяғы жоқ, қолы сынған, денсаулығында кінәрат бар қайыршылар жер асты өткелдерін, базар, автобекет маңын паналап, қол жайып отырғаны соның көрінісі. Жаның ашиды-ақ. Алайда  елдің бәрі бірдей жомарт емес, халықтың қайырымдылық жөніндегі көзқарасы жағымды дей алмаймыз. Адам саналы түрде қайыршылық қадамға бармайды. Сол себепті олар көмектің барлық түріне зәру, қайырымдылыққа мұқтаж. Ислам дінінде қайыр-садақа беру – иманның бес парызының бірі. Хадис шәрифтерде қайыршылық туралы:

«Жұмыс істемей, өзін садақа сұрайтындай жағдайға түсірген адам 70 нәрсеге мұқтаж болады» (Тирмизи);

«Мұқтаж болмаса да тіленген адам оттың жалынын жұтқан адам сияқты» (Бәйһақи);

«Мал-мүлік жинау үшін тіленген адам оттың жалынын тілеген болады» (Мүслим)», – делінеді.

Психологиялық заңдылықтарға сәйкес жақсылық жасау адамның жүрегін жұмсартып, көңіл-күйін көтереді. Үнемі айналаңа шуағыңды шашып, барыңды жоқ-жітік, жетім-жесірмен бөліссең, өзіңе деген сенімділігің артады.

Егер тағдыр тәлкегіне ұшырап, ауыр трагедияны бастан кешсеңіз, өзіңіз не істейтін едіңіз?! Құдай оның бетін аулақ қылсын, әрине. Қайыршылардың жағдайын, жан дүниесін тек осылай түсінуге болатын сияқты. Аяқ-қолы балғадай, екі беті алмадай қыз-жігіттер жұмыс таппай жүргенде, денсаулығында кемістігі бар адамды  кім жұмысқа ала қойсын?! «Байтал түгіл бас қайғы», «Тышқанға өлім, мысыққа ойын керек» демекші, қайыршылар дәрі-дәрмекке қаражаты жеткіліксіздігіне байланысты түрлі жұқпалы ауруларға, әсіресе, туберкулезге шалдығып, өмірмен ерте қош айтысады.

Қайыршылыққа көбіне денсаулығы сыр берген немесе әлеуметтік ахуалы төмен, бала-шағасын, жеке басын асыраудың бұдан басқа жолы қалмаған амалсыз мүсәпірлер барады. Сондай-ақ, араққа салынып, отбасынан айырылып, депрессияға түскендер, түзу жолдан адасқан  жасөспірімдер, қарттар, алаяқ риэлторлардың құрығына ілініп, туысқандары үйден қуып жіберіп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдай алмағандар қайыршының кепешін киеді. Кейбір ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар жас күнінде күш-жігерін балаларына жұмсап, қартайғанда ешкімге қажет болмай қалады. Бұл ұрпақ тәрбиесінің рухани әлсізденуін білдіреді.

Жаз шығып, күн жылына бастағанда Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көрші мемлекеттерден ағылып келетін қайыршылардың саны көп. Халық арасында оларды «Орта Азиялық қайыршылар» деп атайды. Арасында жас баласын құшақтаған әйелдер көп ұшырасады. Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің мәліметтеріне қарағанда, ұрланған немесе наркотикалық және алкогольдік препараттармен уланған сәбилер құлдыққа ұшырайды.

Көкейде қайыршылар да ата-анадан туып, кезінде отбасы, бала-шағасы болған шығар, қиындықтарға төтеп бере алмай, осындай күйге душар болды ма екен деген сауалдар туындайды. Оның да шындық жағы бар. Бомждан қайта қалыпты адам қалпына түсу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі олар өмірден баз кешіп, оның мәнін жоғалтқандар. Қоғамнан шеттетіліп, жұпыны киініп, бейпіл сөйлеп, айналасындағыларға жағымсыз әсер ететін топ бұл әрекетінен арланбайды.

Жерасты өткелдерінде, базарда әдемі киініп, гитара немесе басқа аспапты иығына асынып, қоңыр үнмен ән айтып тұратын жастарды «жатып ішерлерге», ауыр жұмыстан қашып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп» нәпақа тапқыштар санатына жатқызуға болады. Ертеңгі болашағын ойлайтын жас буынның қайыршылыққа салынуы – бала күнінде ата-анасының еңбекке баулымағаны, жалқаулықтан. Олардың психологиясы паразитизмге ұмтылу, жауапкершіліктен қашуға құрылған.

Қазір қайыршылыққа күштеп итермелейтін қылмыскер топтар «қара бизнес» жүргізіп, Бомждарды немесе кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді пайда көзіне айналдырған.

Жуырда қайыршыларды іздеп Ұзынағаш базарына бардық. Қайыршылардың тұрақты орнында сол күні ешкімді таппадық. Олар бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері «жұмыс істейді» екен. Себебі халық көп шоғырланады. Базарды аралап жүріп, арбаға таңылған мүгедек жанның қасына жақындадым. Аяғының саусақтары кесілген жүдеу кісі аянышты көрінді. Әңгімеге тартып едім, өмірбаянын  айтып берді.

–  Есімім – Өткел. Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан автономиялы республикасында 1971 жылы дүниеге келдім. 2000 жылы Қазақстанға жұмыс істеуге келгенмін. Алғашында Алматының Қалқаман ықшамауданында пәтер жалдап тұрдым. Ол кезде отбасым, яғни әйелім және екі балам бар еді. Кейін ажырастым. Қазір олар менімен мүлдем араласпайды. 2013 жылы Шымкентке барып, аязда қалып, екі аяғымды бірдей үсітіп алдым. Тұрақты тіркеуде тұрмағандықтан, ауруханалар қабылдамады. Сөйтіп аяғымның үсігі асқынып, бір қайырымды кісінің көмегі арқылы ауруханаға қабылданып, екі аяғымның саусақтарына ота жасалып, кесілді. Міне, содан бері көрген күнім қараң. Бұрынғы кәсібім қаңылтыршы еді. Бірде Шымкентте арбаға таңылған күйімде жұмыс істеп отырғанымды көріп, мұқтаж жандарға арнайы көмек беретін органдар қол ұшын созбақ ниетін білдірді. Алайда тағдырдың айдауымен, Қарағандыға қоныс аудардым. Кейін Алматыға келіп, күн көріс қамымен қайыр тілеп, көше кездім. Ұзынағашқа келгеніме бүгін жетінші күн. Ертең Алматыға қайтамын. Осы ауылдың бір жігіті Алматыдан үй жалдап беріп, құжаттарымды түгендеймін деп уәде берді. Қазір соның үйіндемін. Қыста киетін киімім жоқ. Егер көмек беретін жандар табылса, киім жағынан қол ұшын берсе екен. Арақ ішпеймін. Қасымда араққа салынған қайыршылар да отырады. Қазір арақтың сапасы нашар, сондықтан біреулер ағзасын уласа, екіншілері өмірімен қош айтысады. Олардың ішінде бұрын отбасылары болған бомждар бар. Жұмыссыздық қайыршылыққа итермелейді. Маған ресми түрде мүгедектігімді бекітіп, растайтын куәлік рәсімдеу үшін құжаттарымды жасатуым қажет – деп, жағдайын айтып мұңайды.

Ертесіне тағы Ұзынағаштың базарына жол тарттым. Ондағы мақсатым – тағы да қайыршымен кездесіп, әңгімелесу. Оның неге қайыршылық жолын таңдағанын білгім келді. Сонымен Әли Фазылов есімді қайыршы Ұзынағаш ауылының 1967 жылғы тумасы екен. Ұлты – қырым татары. Туғаннан палеотрит ауруына шалдыққан, ІІ топтағы мүгедек. Отбасында әйелі де жиі ауырады, екі баласы бар. Балаларының бірі жиырмада, екіншісі жиырма үште. Олардың біреуі жол апатына ұшырап, үйде жұмыссыз отыр. Ал кішісі Ұзынағаштағы училищені тәмамдаған, алайда ол да жұмыссыз көрінеді. Сонымен бір отбасының асыраушысы Әли де 25 жыл бұрын жол апатына ұшырап, жұмысқа мүлде жарамай арбаға таңылғанын айтып, көзіне жас үйірді.

– Бұрын кеңес заманында жұмыс істегенмін, – дейді қайыршылыққа мұқтаждықтан барып отырғанын дәлелдегісі келгендей. – Қазір 100 мың  теңге алатын отбасыларда да материалдық жетіспеушілік байқалады. Менің жалғыз пенсиям бүкіл отбасын қамтамасыз етуге жетпейді. Оның үстіне азық-түліктің бағасы қымбат, – деп «кәсібіне» ақталғандай болды Әли.

Жұмыссыздық, денсаулығының жарамсыздығы немесе ащы судың кесірі қол жайып, қайыр тілеуге апарады. Өмірде өз орнын тапқан, материалдық жағдайы дұрыс адам қайыршылық жолға түсіп, әлеуметтік таптың ең төменгі сатысына дейін төмендемейді. Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың «Қайыршысы жоқ ел бақытты» дегеніндей, қарттарын қаңғыртпай, жетім-жесірін жылатпаған мемлекет ертеңіне сенім арттырады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін қазірден қолға алып, ата-ананы қадірлеуді, меңгерген білімін мемлекетті гүлдендіруге, ел игілігіне жұмсауды үйретсек, қайырымды  қоғам құрып, көздеген мақсатқа қол жеткіземіз.

 

Майра Алдабергенова,

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы

Соңғы жаңалықтар