Ойнаймын деп от басқан…

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді қазақ. «Басқа пәле тілден» дегенді де халқымыздың аузына өмір тәжірибесі салса керек. Алайда бүгінде ата сөзіне құлақ асар бала кем. Жұрт жіпсіз байланып отыратын желіде жалған ақпараттың желдей есіп тұрғаны, шындық пен өтіріктің ара жігін айыру қиындап кеткені сондықтан. ІІМ дерегінше, жыл басынан бері елімізде жалған ақпарат таратудың 46 дерегі тіркелген.

Қасақана жалған ақпарат таратудың жазасы жеңіл емес. ҚР Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын 274-бабы бойынша мұндай құқықбұзушылық жасаған азамат 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратушыға – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Аңдамай сөйлеудің ақыры темір торға апарып тіреуі мүмкін екенін білсе де, желіде жұлдыз болғысы келетіндер көрмегенін көргендей ғып бөсуге дайын. Бір ауыз сөз көптің берекесін қашырып, тіпті тұтас ұлттың ұйыған тірлігін ірітуі ықтимал екенін байыптамайтындардың бүгінгі қаруы – жалған ақпарат. ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаевтың айтуынша, жыл басынан бері елімізде қасақана жалған ақпарат таратудың 46 фактісі тіркелген. А.Садубаев әлеуметтік желіде тарап, халықтың арасында үлкен алаңдаушылық туындатқан бірқатар хабарламаға тоқталды. Атап айтқанда, бүйректері кесіп алынған екі баланың мүрдесі табылғандығы туралы ақпаратты таратқан адамдар оның суретін де қоса жіберген және Қазақстанда ағзаларын сату үшін балалар ұрланады деп халықты сендіруге тырысқан. Елді дүрліктірген мұндай ақпарат 2013 жылы өзбекстандық БАҚ-та таралған еді.

«Білім беру қызметкерлерінің атынан мектептерде белгісіз адамдардың кәдімгі конфет түріндегі «Бүлдірген» деп аталатын есірткі заттарын таратқандығы туралы ақпарат та қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бұл ақпарат та өтірік және ол өткен жылдары әлемнің көптеген елдерінде түрлі тілде тараған болатын. Осыған байланысты мұндай өсектерге ермеуге, тексерілмеген немесе күдік тудыратын ақпараттарды таратпауға шақырамыз. Өйткені бұл қылмыстық жазалануға алып келеді», – деп ескертті ресми өкіл.

        Өтіріктің өрісін  кеңейтем деп…

Биылғы мамыр айында «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы «Арқалық қаласының іргесіндегі Ашутас ауылында қытайлар жергілікті жердегі зираттарды сүріп тастап, егін салмақ болғаны салдарынан жергілікті халық наразылық танытып, жаппай ереуіл болып жатыр» деген ақпарат тарады. Қостанай облысында ғана емес, тұтас ел аумағына жайылған хабардың жалған екені анықталып, жедел-іздестіру шаралары барысында оны таратқан азаматшаның кім екені белгілі болды. Жұртты адастырған 33 жастағы әйелдің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының «телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған көрінеу жалған ақпарат тарату» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейіннен зиратқа байланысты шулы әңгімеге не түрткі болғаны мәлім болды. Мамыр айының аяғында өзге ұлт өкілдері зират басына барып, жөндеу жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Олар дәстүрлері бойынша зират басына арақ қойып кетеді екен. Кешкілік сол араққа тойып алған бір топ жасөспірім құлпытастар мен крестерді сындырған. Мұсылман зиратына ешкім тиіспеген. Тергеу жұмыстары барысында Арқалық қаласындағы орта мектептің бірінде оқитын 2007 жылы туған екі оқушы Христиандардың зиратында құлпытастар мен бейіт басындағы крестерді қиратқанын мойындаған. Жасөспірімдер осы әрекеті үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабы, 2-бөлімі бойынша жауапқа тартылды.

Осыдан бір ай бұрын полицияға хабарласып, шетелдік елшіге қастандық жасалатынын айтқан Астана тұрғыны да сот алдында жауап берем деп ойламаса керек. Зерігіп отырып, жалған хабар таратқан бұзақының кім екенін Астана ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бірден анықтап, қамауға алды. Ол Астанада дипломатиялық қызметте жүрген шет мемлекеттің өкіліне қастандық жасауға дайындық жүріп жатқанын хабарлап, шындыққа жанаспайтын ақпаратпен көпшілікті дүрліктіргені үшін жауапқа тартылды.

Өткен жылдың соңында Ақсуда «бала жоғалды» деген жалған ақпарат таратқан әйел де жазадан құтылып кете алмады. Ақсу қаласының Қалқаман кентінде тұратын әйел кәмелеттік жасқа толмаған баланың ғайып болғаны туралы жалған хабарды «WhatsApp» месенджері арқылы Екібастұз қаласында тұратын апайына жіберген. Әрі қарай құлақтан-құлаққа жеткен ақпарат күллі ақсулықтардың үрейін ұшырған-ды. Ойланбай жасаған әрекеті үшін үш баланың анасы оңбай опық жеді.

        «Телефон лаңкестері»  қалыс қалар емес

Зеріккен мен еріккеннің тағы бір ермегі – телефон арқылы ғимараттарға «бомба» қойылғаны туралы хабар беріп, көптің берекесін алу. Оларды «телефон лаңкесі» деп жұрт таққан айдар да шіміріктірмейтін секілді. Халық көп жиналатын орындарға жарылғыш заттар қойып немесе өздерін ел алдында жарып жіберуді әдетке айналдырған лаңкестер тұтас мемлекеттің ішіне іріткі салып қана қоймай, бір ел мен екінші елдің араздығына себеп болғанына куәміз. Телефон лаңкестері де ел ортасына лаң салуға келгенде өзге «әріптестерінен» асып түспесе, қалыс қалып жатқан жоқ.

Әдетте көпе-көрнеу жалған ақпараттар адамдарға қауіп тудыру үшін емес, көпшілікті үрейлендіріп, даурықпа сәтті өзінің жымысқы ойларын жүзеге асыруға пайдалану үшін хабарланады. Алайда ойнаймын деп от басатындар бас-аяғы бес секундтық, әрі кетсе жарты минуттық жалған хабарламаның өзі мемлекеттік бюджетке қыруар шығын келтіретінін бағамдамайды да. Мұндай оқиғалар көбіне әуежай, теміржол вокзалы, метро, ірі сауда орталықтары сынды адамдар көп жиналатын орындарда болатыны белгілі. Мәселен, «Теміржол вокзалында бомба жарылады» деген жалған ақпар тарады делік. Бұл хабарламаның ақ-қарасын анықтау үшін бүкіл құзырлы мекемелер, ІІД бөлімдері, ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы қызметтері, жедел-жәрдем бригадалары түгел жұмылдырылады. Мұның өзі қып-қызыл ақша. Бақылауға алынған вокзалдың, метроның немесе әуежайдың қызметі тоқтаса, пойыздар мен ұшақтарда жолаушылар тасымалы тоқтатылады.

Мәселен, өткен жылы Алматы метросына жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратқан азамат метро қызметкерлері мен тәртіп сақшыларын әуре-сарсаңға салып, көпшілікті жолынан қалдырды. Полиция және ТЖД мамандары Алматы метрополитеніндегі барлық жолаушыларды эвакуациялауға мәжбүр болды. Ішкі істер органдары және Алматы мен Алматы облысы арнайы қызмет мамандарының біріге күш салуымен көп ұзамай шындыққа жанаспайтын хабар берген Сарқан қаласының тұрғыны ұсталды.

Мамандардың айтуынша, мұндай фактілердің дені ізі суымай ашылып жатады. Өйткені Жедел іздестіру бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында жалған ақпар берген тұлғалардың қай жерден, қандай нөмірден қоңырау шалғанын анықтауға қауқарлы. Оларды қолға түсіру еш қиындық тудырмайды. Мәселен, құқық қорғау органдары жалған ақпар түскен аумақтағы қалалық және ұялы байланыс операторларының иесін түгел анықтап алады. Қайсысының қашан және қайда қоңырау шалғаны түгел есепке алынады. Жеке тұлғаға қатысты ақпараттар да түгел екшеледі. Кімнің бұрын істі болғаны, кімнің ішкі істер органдарында тіркеуде тұрғаны да анықталады. Соңынан күдікті деп табылған бірнеше жанды іріктеп алып, олармен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Қылмыскерді анықтау одан әрі қиынға түспейді.

Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, дүйім елді дүрліктіретіндердің арасында оң-солын танымаған жастар көп. Тергеу барысында олардың көбінің айтар сылтаулары көңілге қонбайтын көрінеді. Мәселен, бірі ұшақтан кешігетін болған соң «әуежайда бомба бар» деп хабарлаған, бірі сабаққа дайындықсыз келгендіктен «мектеп жарылады» деп дабыл қаққан, ал тағы бірі полицейлердің жеделдігін тексермек болған. Тіпті, не үшін бұлай жасағанын түсіндіріп бере алмағандар да болыпты. Тағы бір қызығы, олардың көбі өздерінің әрекетін қылмыс деп санамайды екен. Алайда ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша телефон лаңкестерін қылмыскер деп таниды, оларға тағайындалатын жаза да жеңіл емес. Телефонды ермек еткендер көбейген соң заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жарылғыш зат жайлы жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік күшейтілген болатын. Жалған терроризм актісі үшін 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді.

Телефон лаңкестігі үшін азаматтар қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Одан кіші жастағылардың әрекетіне тікелей ата-аналары жауапты. Ойын балалары аңдамай істеген әрекеті үшін әке-шешесі шығынға бататынын қаперге ала бермейді. Мәселен, өткен жылы Алматы полициясына мектепалды даярлық сыныбында оқитын алты жасар қыз бала хабарласып, «За торговым домом «Максима» бомба» деген ақпарат берген. Дереу айтылған жерге жеткен тәртіп сақшылары бұл ақпараттың жалған екеніне көз жеткізді. Әрине, елді әуреге салған қаршадай қыз қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Алайда соттың шешімімен ата-анасына ірі көлемде айыппұл салынды.

Баланың қылығын жасайтын ересектер де аз емес. Биылғы ақпан айында теміртаулық полицейлер терроризм туралы жалған хабар берген 58 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол түн ортасында «112» қызметіне хабарласып, жетінші шағын аудандағы №31 үйде жарылғыш құрылғы қойылғанын айтқан. Оқиға орнына жедел қызметтер аттанып, 17 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. ІІД қызметкерлері үйді тінтіп шыққанымен, бомба табылмаған. Шырт ұйқыдағы жұрттың берекесін алған ер адам бұл әрекетті мастықпен жасағаны белгілі болды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жалған қоңыраулардың 85 пайызын арақ пен есірткіге мас болғандар жасайды екен. «Мұндай қылмыскерлердің психологиялық сараптамасы бар. Арнайы талдау көрсеткендей, көбінесе ішімдікке сылқия тойып алатындар осындай әрекеттерге барады. Екінші санатта – жүйке жүйесі ауруымен ауыратындар. Мысалы, былтырғы тоғыз деректің екеуін дертті адамдар жасаған болатын. Қазір олар жазаларын медициналық оқшаулау мекемелерінде өтеуде», – дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бір таңданарлығы, мұндай қылмысты саналы түрде, қандай жаза арқалайтынын біле тұра жасайтындар да бар. Өткен жылы теміржол вокзалына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлаған ақтөбелік әйел сөзімізге дәлел бола алады. Бұрын істі болған Ирина Журавлева бұл әрекетті түрмеге қайта отыру үшін жасағанын ашық айтқан. Кінәсін мойындап, полицияға өзі хабарласқан әйел колонияға оралғысы келіпті.

2013 жылы Ирина Журавлева төрт жасар қызын 700 мың теңгеге сатқаны үшін сотталған. 2017 жылдың жазында әйел шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Журавлеваның айтуынша, ол бостандыққа шыққаннан кейін баспана тауқыметін тартып, жұмыс таба алмаған. Темір тордағы қамсыз өмірге еті үйренген әйел қайтадан қылмыс жасауды жөн көріпті. Сот Ирина Журавлеваның бұрынғы қылмысы үшін жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Ал жуырда лаңкестік акті туралы жалған хабар таратқан 35 жастағы Алматы тұрғыны алдағы 6 жылын темір торда өткізеді. Полицияның дерегінше, 19 тамызда 35 жастағы В.С. Клещатов «112» кезекші пультіне 9 рет қоңырау шалған. Күндізгі сағат 11.25-те ұялы телефоннан бірнеше мәрте хабарласқан азаматтың мақсаты – жарылғыш заттың қойылғандығын хабарлау болыпты. 9 рет кезекші пультке қоңырау шалған алматылық азамат бірер сағат ішінде қалада лаңкестік оқиға болатындығы туралы ақпарат береді. Жедел әрекетке кіріскен құзырлы орган қызметкерлері Клещатов хабарлаған орыннан ешқандай жарылғыш зат таппады. Жалған ақпарат берген азамат №2 Бостандық аудандық сотының шешімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға сотталды.

Мұндай мысалдарды жіпке тізгендегі мақсатымыз біреу ғана: телефон арқылы айласын асырғысы я қызыққа кенелгісі келетіндер бір сәттік ақымақтық үшін өмір бойы бармақ тістеп өтетінін ұқтыру. Бейбіт күнде халықтың үрейін алатын бұзақылардың қатары бір адамға азайса да – мұратымызға жеткеніміз.

Back to top button