«Жат» - жоғалған рухты жоқтау

«Жат» - жоғалған рухты жоқтау

«Жат» - жоғалған рухты жоқтау
ашық дереккөзі

Қазақстандық танымал кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмі көрерменге жол тартты. Өмірде болған оқиғаның желісімен түсірлген фильм – ХХ ғасырдың 31-51 жылдар аралығындағы қазақ халқы басынан кешкен нәубетті баяндайды. Режиссер бұл туындының сценарийін 25 жыл бұрын дипломдық жұмысы ретінде жазған екен.

«Ілиястың өмірі – қазақтың тағдыры»

Фильм бас кейіпкер Ілиястың тағдыры арқылы қазақ халқының азапты өмірін суреттейді. «1931-1951 жылдарды мен қазақ халқы үшін ең ауыр, ең қиын кезең деп есептеймін. Өйткені өткен ғасыр қазақ үшін бетбұрыс кезеңі болды. Халқымыз талай нәубетті бастан кешті, қолдан жасалған аштыққа ұшырады, қуғын-сүргінге түсті. Ақыры Ұлы Отан соғысы басталып, талай боздақ соғысқа аттанып, қайтып оралмады. Бірақ, Сталин өлгенге дейін қуғын-сүргін жалғасып жатты. Міне, бұл фильм осы кезеңге арналады», – дейді Ермек Тұрсынов. Кино ержетіп қалған Ілияс пен әкесі Едігенің аштықтан жадап-жүдеп, тоқшылықта татпайтын аң етін талғажау еткен мүшкіл хәлінен басталады. Алайда әке мен баланың бұл тіршілігі де ұзаққа созылмайды. Едігені лашығында ұйықтап жатқан жерінен милиция оятып алып кетеді. Мағжан ақын айтқандай: «Бұл өмір абақты ғой саналыға...»

Қара лашықта бұғанасы бекімеген жетім Ілияс жалғыз қалды. Міне, осы тұстан бастап біз Ермек Тұрсыновтың «тұтқынына» айналдық. Ілияс қорғансыздықтан қорыққан жоқ, аңыраған лашыққа бас сұққан Дәруіш кемпірге барын беріп, қондырды. Бұл қонақ емес, Ілиястың тағдыры болып шықты. Тағдыр қалай алмасты? Режиссер бұл сәтті, асатаяғын таянып,  сүлдерін сүйретіп аяңдаған бақысының сұлбасын жаман лашықтың жалаң әйнек терезесінен ұзатып салған жетімектің жанарымен ұғындырды. Ілиястың тұңғыйық жанарынан, қауқарсыз хәлінен біз – Ұлы Абайдың «Моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным», – деп бар қазақтың жанын қозғап күңіренген толғанысына тура мысал тапқандай күйзелдік, сүйіндік.  «Жат» фильмінде мұндай ұлттық және түркілік дүниетаныммен астарласқан режиссерлік шешімдер мол.

b62bcab4200ceda0056d6b6442288e1d-big

Е.Тұрсыновтың кейіпкеріне қатал қарайтын режиссер екенін көрермен жақсы біледі. «Жат» картинасында да режиссер Ілиясты аяған жоқ. «Мен әуелі сценарийді оқып шыққан кезде ештеңе түсінген жоқпын. Екінші рет оқығанда қорқып қалдым. Өйткені кейіпкерім Ілиястың өзінде қарама-қайшылықтары көп болды. Яғни, Ілияс барлығын өзінің ішкі түйсігі арқылы салмақтап отырады. Режиссерге: «Мына рөлге мені алып, қателісіп тұрған жоқсың ба?» – деп айттым. Ол «Жоқ» деді», – дейді актер Ержан Нұрымбетов. Ал режиссер аяушылық таныстса, қаптағай денелі кейіпкерді, талдырмаш кескіндегі актер  Ержан кинодағыдай барлық физикалық күш-қуатын салып,  айрықша психологиялық төзіммен көрсете алар ма еді?  Өз рөлінен түйген ойын сұрағанымызда актер: «Адам боп келген өмірден, адам боп кетудің қиын екенін ұқтым», – деді. Таудағы тіршілікте аңшы бала Ілиясқа оңай соққан жоқ. Бірақ, кісіліктің ізін көрген Ілияс коммунистердің бұрауы қысқан, астықтан тарыққан ауылдағы жақындарын аң-құс аулап асырайды.

Ілиястың таудағы дағдыға айналған тірішілігін тағылыққа балап, тыныштығын бұзатын қайшылығы көп кейіпкер – коммунист Ғани еді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Ғани Ілиясты немістерге қарсы соғысқа шақырады. Бірақ, адамға мылтық оқтап, оқ атып көрмеген Ілияс барудан бас тартады. Ол кім үшін, не үшін соғысатынын түсіне алмайды. Ал,  Интернационалист колхозының  «ержүрек» еркектері түгел соғысқа кетеді. Бұл рөлді Ермек Тұрсыновтың киноларына түсуден танымал болған Қуандық Қыстықбаев сомдады. «Ермектің киносына үшінші рет түсіп жатырмын. Алғашында «Келін» фильмінен түсіп бастағанмын. Менің кейіпкерім Ғани – аңғал, әрі сенгіш бұрынғы колхоз басшысының баласы. Кейіпкерім заман ағымына қарай, неге болса соған жүгіре беретін, көнгіш адам. Кинода Ілияс екеуміздің де әкемізді ұстап әкетіп өлтіреді. Бірақ, мен оны қабылдап қызыл үкіметтің итаршысы болып жүре берем. Ал, бас кейіпкер Ілияс бұны қабылдай алмай, тауға кетіп, жат болып кетеді», –   дейді актер.

Ілияс ауылға оқ-дәрі алу үшін ғана келетін. Бірақ Ғани соғысқа кеткен соң керек-жарағын оның әйелі Камшаттан алып жүрді. Камшат (Элина Абайқызы, «Құрманжан Датқа») – таудағы тас үңірде Ілиястың сағынышын қоздатқан, өкініштің отына қарыған бала күнгі ғашығы еді. Екі ғашықтың бір-біріне ынтызар хәлін режиссер оқиға арасында бір-біріне қадала қарап қалатын ойлы жанарларымен суреттейді. Тарпаң мінезді, тағдыры бөлекше тау ұлының  осал тұсы да осы болды. Махаббаттың құдіреті екі ғашықты ел көзінше «масқараға» ұрындырмаса да – Ілиястың жалғыздықтан жаны ауырған шағын режиссер жиі көрсетеді. Ақыры махаббатты ғадауат жеңіп кетті. Бұл Тұрсыновтың жаңа фильміндегі әдемі тәсіл деп бағаладық.

Фильмде көрерменге көмескіленіп кеткен жайттар да жоқ емес. Солардың бірі, бас кейіпкер Ілиястың әкесі Едігенің тағдыры. Режиссер бұл кейіпкерді «халық жауы» ретінде ұсталып кеткенен қайтып көрсетпейді. Әрине, режиссер «халық жауы» ретінде Алаштың 25 мыңнан астам арысын сұраусыз атып тастаған үстем өкіметтің өктемдігін осылай елеусіз айтқысы келген шығар.  Бірақ, біз «түрме хәлін» көрмей, «абақты азабын» тартпай  айналып өтіп кетуді құптамадық. Дәл осындай, аяқсыз қалған тағы бір тағдыр – Ілиястың ұзақ жыл мініс көлігі, жан серігі болған күреңтөбел ат. Күреңтөбелдің аяқ астынан ауырмағанын, қартайып кеткенін өзімізше ұқтық. Ілиястың күреңтөбелдің жүген-ноқтасын сыпырып алып жібере салғанынан өлімге қимағанын, пышаққа жыққысы келмегенін аңғарасың.

maxresdefault (1)

Ал Е.Тұрсыновтың режиссерлік шеберлігі мен фильмнің сапасы жайлы біздің айтып жатқанымыз артық болар. «Ермектің режиссер ретіндегі ерекшелігі  – актерге бір экпизодты түсіргенде қайта-қайта қайталатпайды. Бір-ақ рет ойнатады. Алғашқы ойнаған рөлің ғана табиғи шығады. Ал біз театр актеріміз ғой. Бірнеше рет қайталасақ болды кейіпкерімізді табиғилығынан айырамыз. Киноға театр актерінің техникасы жарамайды. «Жат» фильмінде әсірелеу жоқ», – дейді басты рөлде ойнаған актер Ержан Нұрымбетов. Ал фильмнің продюссері Қанат Төребай: «Ермек екеуіміз түсірілім алдында бас кейіпкер прототипінің моласына бардық, онымен таныс болған адамдармен әңгімелестік. Ермектің өзі оны бала кезінде көрген. Ол адам 30-жылдары тауға кетіп қалып, өмірінің соңына дейін оралмады. Ол өркениеттен мүлдем қол үзді деуге болмайды, бірақ бар ғұмырын жалғыздықта өткізді», – дейді.

Фильмнің тұсаукесеріне келген белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев: «Ермек Тұрсыновтың фильмдерінің ортақ ерекшеліктері  бір адамның өмірі мен тұлғасына басымдық беріледі. Мәселен, «Шал» мен «Жат» фильмдері ұқсас. Ал, «Жат» фильмінде адам еркіндігі жақсы суреттелген. «Шал» фильмінде жан дүниесі жалғыздыққа түскен адамның арпалысы болатын. Менің ойымша, Ермек  Тұрсынов режиссер ретінде ізденіп, адамның жан дүниесін көрсеткісі келеді. Бұл фильмді қазақтар көруі керек. «Жат» фильмінде кішкентай адамның өмірі мен өлімі көрсетіледі және мұндай адамдар миллион болды.  Фильмнің жетістігі де сол, ракурсты кішкентай адамға бұру арқылы тарихи сәттерді көрсетті.  Бір адамның өмірі арқылы бір тарихи кезеңді қамту Ермек Тұрсыновтың таланты», – дейді. Фильмнің шығармашылық тобының да еңбегін айрықша атаған жөн. Киноның қоюшы-операторы Мұрат Әлиев  түсірген Алатаудың тұмса табиғаты жан сүйінтеді. Актерлік ойынның да әр қимылына сүйініп жатсаңыз бұл оператордың тікелей шеберлігінің жемісі дерсіз. Фильмнің қоюшы-суретшісі Александр Ророкин, композитор Қуат Шілдебаев. Сондай-ақ, «Жат» фильмі – Dolby Atmos көпарналы дыбыс форматында жасалған алғашқы қазақстандық кино екен. Фильм биыл Торонтода өткен Халықаралық кинофестивальде (Toronto International Film Festival) көрсетілді. Ермек Тұрсынов бүгінде өз көрермендеріне «Келін», «Шал», «Кемпір», «Кенже» сынды бірнеше киносымен танымал режиссер.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін мақал бар. «Жат» фильмінен қазақ халқының ардақты үш қасиетін һәм жоғалтқан үш құндылығын байқайсыз. Бірінші қасиет – кісілік. Ілиястың аянышты тағдыры жанды ауыртса да кісілік мінезі, болмысы көрерменді сүйіндіреді. Екінші қасиет – қонақжайлылық. Қазақ халқының қонақжайлылығы, мейірбандығы кешегі күні жер аударылып келген көптеген халыққа қорған болуға итермеледі. Үшінші қасиет – қайсарлық пен төзім. Фильмде қайсарлық адамды қатал сыннан құтқарса, төзім – адами болмысты сақтаудағы жан азық екені айтылады. Ал жоғалтқан үш дүниеміздің әуелгісі – уәде. Бала Ілияс мейірімді бүлдіршін Камшат қызға берген уәдесін орындай алмады. Өйткені балалар уағдаласқанға дейін Кеңес өкіметі қазақ даласына орнығып, бұқара халыққа берген уәдесіннен айнып, әлем төңкеріліп жатқан кез болатын. Екінші жоғымыз – сана. Фильмде қайсар, төзімі мол Ілиясты ақырында сана күйзелісі жеңді. Тау ұлы өмірмен қошатасарда астына қызыл торғын төсеп (Кеңестің қызыл туы), үстіндегі тері тонын тастап, костюм киіп о дүниеге атанды.  Үшіншісі, бұл біздің ақырғы жоғалтқан дүниеміз – рух еді. Қазақтың табиғи болмысы сынды өршіл, рухты жандардың бір шоғыры, ақырғы оғыландары өткен ғасырдың маңдайына сыймай қараңғылыққа батып кетті. Бізге сол рухтың сарқыншағы да жетпей таусылды...

Жәнібек ҒАЛЫМ