ОЛИМПИАДА: 3 боксшымыз финалда

Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында үш қазақстандық боксшы финалға шықты. ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметінен белгілі болғандай, аса ауыр салмақтағы Дамир Тойбай (+91), Талғат Шайкен (64) және Айбек Оралбай (91 келі) жартылай финалдағы қарсыластарынан басым түсіп, Олимпиада ойындарының финалына шықты.   Жартылай финалда Оралбай төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен пуэрто-риколық боксшы Алвин Каналесті жарыс жолынан тайдырса,  аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Дамир Тойбай да қарсыласынан басым түсіп финалға жолдама алды. Ал Талғат Шәйкен қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіл жолын жалғастыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, 75 келіге дейін жұдырықтасатын Надежда Рябец қола жүлде үшін күш сынайтын болады.  Бұған дейін хабарлағанымызбай, 91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі Дамир Тойбай самоалық қарсыласы Толауа Туигомаланың жарақатына байланысты жартылай финалға жолдаманы рингке шықпастан алды.  Ал қыздар арасындағы айқаста отандасымыз Жансая Әбдірайымова (48-51 келі) америкалық Дэстини Хивен Гарсияға төрешілер шешімімен 2:3 есебімен жол беріп қойды. Бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Надежда Рябец ширек финалда польшалық Наталия Гажевскаяны 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өткен болатын.   Буэнос-Айрес астанасы Аргентинада ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтеді. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысуда.  Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылып отыр.  Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғауда.

 

Back to top button