Омбыдағы қандастар: тарихы мен тағдыры

Омбыдағы қандастар: тарихы мен тағдыры

Омбыдағы қандастар: тарихы мен тағдыры
ашық дереккөзі
408

Осы күні Ресей елінде бір миллионға таяу қандастарымыз өмір сүріп жатса, олардың басым бөлігі өздерінің ата-бабалары мекен еткен туған жерінде, ата қоныстарында орналасқан. Омбының қазақ ауылдарындағы ескі зираттарға бірнеше ғасыр болғанын ақсақалдардан көп естідік. Сондықтан ол жақтағы қандастарды диаспора емес, ирредент деп атағанымыз орынды және әділ болмақ. Қазақтар қоныс еткен шұрайлы алқаптар бүгінде басқа мемлекеттің еншісінде. Тағдыр солай шешті. Күн тәртібінде тұрған ендігі мәселе – ормандай орыстың ішінде қалған қазақтың ұлттық болмыс-бітімін сақтап қалу, тілі мен салт-дәстүрін жоғалтпауға жәрдемдесу, түптің-түбінде оларды қазақ сапынан жоғалтып алмау.

Ассимиляциялық үрдістің жүріп жатқаны айдан анық. Оның объективті себептерін көрсетуге болады. Көрші мемлекет соңғы уақытта ұлттық саясат ісін қатты қолға алып, аймақ басшысы атауынан президент деген лауазымды қысқартуды ұйғарды. Ресейдің ұлттық автономиялық аймақтарында жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындай емес. Соңғы жиырма жыл ішінде Омбы қазақтарының да, әсіресе қалалық қазақтардың сана-сезімдерінде біршама өзгеріс байқалады. Қазір Омбының іргелі оқу орындарын бітірген жастардың кейбірі Қазақстанға көшуге асыға қоймайды. Іштерінде Қазақстанның, әсіресе Астананың қарқынды дамып жатқандығын естігендер, көргендер, осы жаққа көшуді ойлайтындары бар. Дегенмен, Қазақстанға келіп алып, тұрақты жұмыс таппай, үйсіз, күйсіз жүріп, Омбыға қайтып оралған таныс қазақтарды да білеміз. Мұндайда тағы да сананы тұрмыс билейді дегеніміз орынды болар.

2009 жылы Омбыда өткен «Казахи России: история и современность» атты халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдардың келтірген деректері бізді ойландырып тастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресейден Қазақ еліне ресми квотамен көшкен бауырларымыздың саны РСФСР-да тұрған қазақтардың бес-ақ пайызын құрайды дегенін естідік. Оның себебі неде? Ресей қазақтары Қазақстанға неге жаппай көшіп келмеді? Біздіңше, ол жағдайдың бірнеше себебі бар.

Біріншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, Ресей қазақтары, соның ішінде Омбыдағы қандастар ата-бабалары мекен еткен ескі жұртта өмір сүріп жатты. Әсіресе, жасы үлкен адамдар ата-бабасының моласын тастап, туған жерден алыс кетуге құлықсыз болды.

Екіншіден, Ресей мен Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер. Екі жақтың тұрмыс-тіршілігіндегі, әлеуметтік жағдайындағы, адамдардың қарым-қатынасындағы айырмашылықтың көп еместігі, тілдік тұрғыдан кедергінің болмауы, яғни орыс тілінің екі жақта да еркін қолданыста жүргендігі – Қазақстан мен Ресейдің бір-бірінен айырмашылығының соншалықты көп болмағанын байқатты. Қазақстанда бар дүниені, өмір сүруге қажетті жағдайды Ресейден де табуға болады. Кеңестік заманда Қазақстан телеарнасын көруге, қазақ радиосын тыңдауға құмар омбылық ағайын ол мәселені де тез шешіп алды. Ендігі кезде арнайы қондырғыны сатып алып, жер серігі арқылы қазақтың ән мен күйін тыңдай да, көре де алды. Оның сыртында, интернет жүйесінің дамыған заманында қызықтырған бар мәліметті ғаламтордан табуға мүмкіндіктері бар.

Үшіншіден, Ресейде тұратын қандастар бүгінгі таңда әлеуметтік және материалдық тұрғыдан алғанда, өмір сүру деңгейлері біршама жоғары. Бірі кәсіпкерлікпен айналысса, енді бірі жалақысын, әлеуметтік жәрдемді қанағат тұтып, күндерін көріп отыр. Тіпті, Қазақстанның ауылымен салыстырғанда, Ресей деревнясының жағдайы тәуір секілді. Себебі ауылда тұрып, мектепте жұмыс істейтін болсаңыз, сіздің қыс бойы жағатын отыныңыз да, көміріңіз де үкіметтен тегін беріледі. Ресейдің басқа аймағын білмейміз, өзіміз жиі барып тұратын Омбы жеріндегі жағдай солай. Жаңа туған балаға Ресейде берілетін ірі төлемақы, баланың ата-анасына жасалатын әлеуметтік жеңілдіктер, материалдық көмек, сондай-ақ, зейнет жасының төмендігі, зейнеткерлерге қосымша үстемақылар т.б. жеңілдіктер – қазақстандықтарды қызықтыратыны жасырын емес. Мысалы, Омбы облысында шаңырағында үш-төрт бала сүйген біздің туыстарымыз бар. Олар жаңағы айтылған жеңілдіктерді толық пайдалануда. Тіпті, Омбыдан көшіп келіп, Қазақстанның азаматтығын алған кейбір таныстар 55, 57 жасқа келген кезде азаматтықтарын ауыстырып, Ресейден зейнеткерлікке шығып жатыр. Осындай жағдайдың барлығы бүгінгі таңда қазақтарды Ресейде, соның ішінде Омбыда ұстап отыр.

Алайда бізді алаңдататыны – шетелде қалған қазақтардың ұлттық бет-бейнесінің жойылып бара жатқандығы. Ол жақтағы қазақтар жыл озған сайын тамырынан ажырап, туған салт-дәстүрін, ана тілін жоғалтуда. Әсіресе, қалада туып-өскен қазақ бауырларымыздың бойында барған сайын ұлтымызға тән мінез, қасиет жоғалып барады. Балабақшадан бастап жоғарғы оқу орнына дейін жат тілде білім алып, тәрбие көріп отырған ол ағайындарымызды кінәлауға дәтіміз бармайды. Ащы шындықты мойындай отырып, Қазақ елі тарапынан алда істелетін нақты жұмыстардың жоспары жасалса деген ойдамыз.

Жалпыға мәлім объективті жағдайлар Омбыдағы қандастарға байланысты ұлттық мәселеде белгілі бір қиындықтарды туындатып отыр. Осы орайда Қазақстандағы тиісті органдар мен ведомстволарға ұсыныс, пікірлерімізді жолдасақ деген ойдамыз. Өйткені біріншіден, дәл бүгін шетелден, оның ішінде Ресейден сонша халықты Қазақстанға көшіріп әкеле алмаймыз. Оған қазақтар мекендейтін мемлекет те қарсы, қандастарымыз да түгел ниетті емес. Бұл – үлкен саяси іс. Екіншіден, ондай жүкті көтеруге қазір Қазақстан да қауқарсыз. Сондықтан Қазақ елі еңсесін толық көтерген қуатты мемлекетке айналғанша, азаматтарын жұмыспен толық қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік тұрмысын түзегенше, Ресейдегі, оның ішінде Омбыдағы қазақтардың ұлттық келбетін сақтаудың нақты жолдары, біздің пікірімізше, төмендегідей:

Ресей қазақтарында атамекен, атажұрт, үлкен ұғымдағы туған жер, туған ел, Отан секілді қасиетті түсініктер туралы жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу. Ол шараларды мәдени, ағартушылық, гумманитарлық бағыттағы қарым-қатынастар барысында өткізу;

Ғаламтор жүйесі арқылы Қазақ елінің жетістіктері мен табыстарын кең тарату. Осы бағытта арнайы сайттарды көбейту;

Қазақтар қалың қоныстанған аймақтарға қазақстандық телеарналарды таратуды мемлекеттік деңгейде қолдау. Жер серігі арқылы таратылатын телеарна құралдарын Ресей қазақтарына жеңілдікпен жеткізу;

Үкімет тарапынан көп қаржыны Ресейден отбасыларды көшіріп әкелуге жұмсамай, нақты көмекті Қазақстанның жоғарғы оқу орнына түскісі келетін жастарға беру;

Қазақстан үкіметі шеттен келген мектеп бітіруші қандастардан емтихан алғанда оларға қатысты жеңілдік жолдарын қарастыру. Ол көмекті тест жұмыстарының жеңіл формасы немесе арнайы квота т.б. түрінде ойластыру;

Ресейде қазақтар оқитын мектептерде (Омбыдағы ресми билік оларды ұлттық компоненті бар мектеп дейді) факультативтік жолмен «Қазақстан тарихы» пәнін оқыту;

Сыртта тұратын қазақ жастарына, мектеп оқушыларына, студенттерге Қазақстанды кең таныстыру. Оларды маусымдық, сессияаралық демалыс кезінде Қазақстанға тегін шақырып, елдің тарихи, мәдени орындарын көрсету. Мысалы, Бурабайдағы «Балдаурен» демалыс лагеріне еліміздің түкпір-түкпірінен келетін талантты балалармен бірге омбылық қазақтарды да шақыру, Астананы тегін көрсету, Түркістанға саяхат жасау т.б. шаралар ұйымдастыру;

Баспасөз мәселесінің оң шешімін табу. Омбыға Қазақстанның ресми басылымдарын, қазақ тіліндегі газет-журналдарды таратуға рұқсат алу;

Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген Ресей қазағына мейлінше жеңілдіктер жасау. Осы жауапты істе бюрократиялық кедергілерді жою;

Қазақстаннан Ресейге ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттайтын мәдениет, өнер қайраткерлерін, кино жұлдыздарын жиі шақырып, жергілікті қазақтардың ұлттық рухын көтеру. Қалада Қазақстанның белгілі театрларының фестивалін өткізіп отыру;

Ресей қазақтарының әдеби, мәдени, тілдік мұрасын, өнер туындыларын, жалпы тарихын Қазақстан тарапынан кешенді зерттеу. Мысалы, «Омбы қазақтары: библиографиялық анықтамалық», «Омбы өңірі қазақ ақындарының антологиясы» сынды басылымдарды жарыққа шығарамын деген ғалымдар, ізденушілер бар. Соларға жәрдем жасау;

Омбыдағы қазақ ауылдарының орындарына белгі тас қою, атаулы мерейтойларды өткізу, көрнекті тұлғаларға ас беру, танымал қазақ мектептерінің тойын өткізу шараларына Қазақ елі мүмкіндігінше жәрдем көрсету. Ол өтетін шаралардың бір жыл бұрын тізімін белгілеп, соған сай нендей қолдау, көмек көрсету керектігін білдіру;

Омбыда оқыған, қызмет істеген қазақ халқының көрнекті тұлғалары, соның ішінде алаш қайраткерлеріне байланысты Омбы жерінде ескерткіш тақталар орнату, олардың мерейтойларына арналған ғылыми конференцияларды ұйымдастыру, есімдерін ұлықтауға бағытталған шаралардың өтуіне себеп болу;

Омбыда жұмыс істейтін қазақ тілін оқыту, қазақ мәдениетін насихаттау орталықтарына оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды тегін беру;

Омбы қаласында және ауылдарында қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық өнерін насихаттап, дамытып жүрген жергілікті өнерпаздарға, қайраткерлерге Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы тарапынан марапат жасау. Оларды Қазақстанда өтетін мәдени және өзге де шараларға шақырып отыру.

Жалпы, Омбы қазақтары бұл күнде ана тілін түгел ұмытып, ұлттық салт-дәстүрінен, құндылықтарынан мүлде ажырап қалды дей алмаймыз. Әлі күнге дейін ол жақтағы қандастарымыз үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ағайыншылықты жоғалтпау, кішіпейіл болу сынды ұлтымызға тән асыл қасиеттерді сақтап отыр. Қазақтың ұлттық ойындарын, Наурыз мейрамын, құрбан шалуды, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бес парызын өтейтін қандастарымызды Омбыда кездестіре аламыз. Әсіресе, ауылдағы ағайын отбасында балаларымен қазақ тілінде сөйлесіп, ұлтымызға тән салт-дәстүрлерді мүмкіндігінше сақтап отырғанын айтуға тиіспіз. Қазақтар мекен ететін үлкен ауылдардың көбінде мешіттер жұмыс істеп, шариғат жолымен неке қию, өлген адамды жерлеу рәсімдерін бұрынғыша жүргізуде. Қыс болса, соғым сойып, оның біраз бөлігін ағайын-туысқа, құда-жекжатқа таттыру, қонақ келіп жатса, қорадағы қойын сойып тастау – ол жақтағы қазақтардың баяғы қонақжайлылығын, көңілінің дархандығын байқатады. Басқа ұлт өкілдеріне үйлену немесе қыз алу жағдайы сирек кездеседі, ал жеті атаға дейін қыз алыспау салтына қандастарымыз мейлінше берік. Қазақтың домбырасы ұлттық мерекелерде, жиын-тойларда күмбірлеп, ұлттық әндеріміз шырқалып жатады.

Омбыны мекен ететін қалың қазақтың тағдыр-талайы Қазақстандағы ағайынды алаңдатады. Бір заманда Омбы қаласы дала қазағына білім беріп, Омбы жері Қазақстандағы ашаршылықтан босқан қандастарымызға пана болғанын тарихтан білеміз. Сегіз сері, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Жақып Ақпайұлы, Отыншы Әлжанұлы, Мұқан Айтпенұлы, Райымжан Марсекұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Бекмұхаммед Серкебайұлы, Асылбек Сейітұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Шайбай Айманұлы, Дінше Әділұлы, Смағұл Садуақасұлы, Мұхтар Саматұлы, Бірмұхаммед Айбасұлы, Жұмабай Шаяхметов, Шапық Шокин, және өзге де көптеген қазақ халқының біртуар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ғалым азаматтарының есімі Омбымен тағдырлас. Олардың біразы Омбы жерінде туып-өссе, көбі сонда білім алып, қызмет істеді. Сондықтан Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып, дүниежүзіне танылып жатқан заманда ол жақта өмір сүріп жатқан қандастарымызды қазақ қатарынан жоғалтып алмаудың, олардың ұлттық бет-бейнесін сақтаудың кешенді бағдарламасын мемлекеттік деңгейде бекіткені орынды әрі әділетті болмақ деп есептейміз.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті  қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

Серіктес жаңалықтары