__МаңыздыЖаңалықтарҚоғамСаясат

Премьер-министр ұрлық жайында: Ұялы телефонды шынжырмен байлап, қалтаға саламыз ба енді?

Бүгінгі Үкімет отырысында елдегі жергілікті полиция жұмысы қаралып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев саладағы жұмыстардың тиісті түрде атқарылмай келе жатқанын сынады. Үкімет басшысы Алматы қаласы бойынша қалта телефондарының ұрлығы өте көп екенін, құқық қорғау органдары оның алдын алу бойынша жұмыстар атқармай отырғанын сынады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Республикада орын алған қылмыстардың 20% жуығы Алматы қаласының үлесінде. Халық саны да көп. Дегенмен, өте үлкен көрсеткіш. Бұл қуанатын жағдай емес. Төмендету керек», – деді жолдаған Премьер-министр.

Сағынтаев Алматы қаласы Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Мәсімовтен оңтүстік елордада ұялы телефон ұрлығы жоғары болуына қатысты түсініктеме беруді талап етті.

«Ұялы телефон бойынша әрбір қылмыс тіркеліп жатыр. Көбісінде, яғни, ұялы телефондар ұрлығының 70% жағдайында азаматтар телефондарын қалдырып кетеді. Яғни, ұрлық болмайды, телефондарын өздері қалдырып кетеді, бір-екі күннен соң келіп арыз жазады, нақты ұрыны көрсете алмайды», – деді облыстық ІІД өкілі.

Үкімет басшысы ұрлыққа қатысты қылмыстың әрбір бесіншісі ұялы телефон ұрлығына қатысты орын алып отырғанын еске салды.

«Сонда бәріне телефондарын тастап кеткен бүкіл халық кінәлі ғой. Ешкім ұрлап отырған жоқ, өздері тастап кетіп жүрген. Сіздің ойыңызша, енді телефондарымызды шынжырмен байлап, қалтаға салып жүру керекпіз ғой. Өткенде автокөлік бөлшектерінің ұрлығы бойынша көп айтылды. Олардың барлығын сататын орындары бар дедіңіздер, тамыз айының басында шуылдатып біраз рейдтер жасадыңыздар. Тура сол сияқты, мына ұрланған ұялы телефондарды сататын орындар көп. Осыған қатысты не жасап отырсыздар?», – деп ведомство өкілінің келтірген дәйектемесіне көңілі толмаған Бақытжан Сағынтаев.

Нұрлан Мәсімов ұялы телефон сататын орындардың көбі сауда үйлерінде орналасқанын айта келе, қазіргі уақытта ол орындардан ұрланған ұялы телефондар тәркіленіп, сатушылармен, сауда орындарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Back to top button