САЯЛЫ САРҚАН САПАРЫ

Мұхамеджан Тынышбаев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Мұхтар Арынов, Сара Тыныштығұлова сынды талай тарландарды туған Сарқан ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толды. Аудан халқы асыға күткен бұл мереке Екіаша ауылындағы ресми шаралардан басталып, Аманбөктер тауларының баурайындағы аудан тойына ұласты.

Сарқан өңірінің тойы осы ауданнан шыққан Мұхамеджан Тынышбаев пен Әбдіқадыр Болсамбековтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Екіаша ауылының мәдениет үйінде аудан басшысы Ерғазы Қошанбекұлы торқалы тойға арнайы келген қонақтар мен аудан тұрғындарына құттықтау сөз сөйледі. «Саялы Сарқан өңірі топырағы құнарлы, тұрғындары шұрайлы Алатаудың қойнауында орналасқан аудан. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаған. Әрбір жеткен жетістіктеріміз бен толайым табыстарымыз ауызбіршілігіміз бен ынтымақшылдығымыздың жемісі», – деп сөз бастаған аудан әкімі жиылған жұртты ауданның 90 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, осы ауданнан шыққан талантты азаматтардың еңбегін елеп, арнайы сөз беріп, иықтарына шапан жапты. Жиын соңы мерекелік ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Осы ауданда туған өнер мен білімнің, саясат пен ғылымның биігін бағындырған тұлғаларды тұрғындар қашан да құрмет тұтады. Бұдан соң Алматыдан арнайы шақырылған М.Тынышбаевтың немересі Елена Тынышбаеваға арнайы сөз берілді. Алаш азаматының өткен өмірі жайында сыр шерткен Е.Тынышбаева тарих үшін құнды мағлұматтар мен деректерді алға тартты. Сондай-ақ, Мұхамеджан Тынышбаевтан қалған шежіре кітапты сыйға берді.

Тойдың салтанатты рәсімін үлкендер ашса, әрмен қарай жас айтыскер ақындар жалғады. Екіаша ауылына Алматы облысының түкпір-түкпірінен домбыраны серік еткен жас өнерпаздар жиналды. Осылайша, Алматы облысы, Жамбыл ауданының абыройын арқалап келген Айдана Қайсарбекқызы бас жүлдені қанжығасына байласа, жүлделі екінші орынды Қазыбек Жеңісхан иеленді. Қанат Боқан үшінші орынды қанағат тұтты. Одан кейінгі мерекелік кеш Аманбөктер ауылын айнала қоршаған тау бөктерінде жалғасын тапты. Алматыдан шамамен 400 шақырым шалғай жатқан бұл мекенге қазақ эстрадасының біршама өкілдері арнайы келіп, ән шырқады. Қазақ әндеріне сусындаған жұрт тау бөктерінен түн ортасынан ауғанда бір-ақ тарқасты.

Аманбөктер тау баурайындағы тойдың екінші күні ауданның жеткен жетістіктеріне арналған көрмеден басталды. Байқағанымыз аудан халқы ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Аудан шаруаларының сөзіне сенсек, техникаға тапшылық жоқ. Ресми дерек бойынша, Сарқан ауданында 1188 трактор ауыл шаруашылығының дамуына қызмет етуде. Негізгі жұмыс көзі мал шаруашылығы болып саналатын Сарқан ауданында осы жылдың 7 айлық санағы бойынша 179 535 қой мен ешкі, 127 293 құс, 17 376 жылқы, 60 156 бас мүйізді ірі қара тіркелген.

Мерекеге арналған салтанатты жиынға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Мақатұлы арнайы қатысып, облыс деңгейіндегі ауданның маңызына тоқталды. «Ауданның құрметті азаматы» атағы мерейтой қарсаңында 24 адамға табыс етілді. 53 жыл ұстаздық еткен Мырзахан Қабасов: «Еңбегімді елеп, осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан тұрғындары мен басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ», – деп ағынан жарылды. Салтанатты жиыннан кейін аудан тұрғындары арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

 

Back to top button