Үңірейген құдықтар үрейді алды

Үңірейген құдықтар үрейді алды

Үңірейген құдықтар үрейді алды
ашық дереккөзі
«Апат айтып келмейді» дейді қазақ. Құлқынның құлы көбейген бүгінгі заманда қауіп-қатер де, үрей де көп. Оң-солын білмейтін бала түгілі, ақырын жүріп, анық басатын ересек адамның өзі қай жерде жығылатынын, қай құдыққа құлайтынын білмейді. «Құдық» деп тілге тиек етіп отырғанымыз – сөйлемге тұздық болсын деп қыстыра салған бейнелі сөз емес. Біреу үшін олжаның, біреу үшін ажалдың апанына айналған кәріз құдықтары жайлы сөз ел арасында желдей еседі. Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен жайсыз хабарлар еріксіз қалам ұстатты. Өткен аптада Астана қалалық Ішкі істер департаментінде мобильді топ құрылып, қажетті құжаттарсыз металл қабылдаумен айналысатын орындарды, түсті, қара металдарды және кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлауға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілді. Осы шаралардың нәтижесінде шамамен 90 металл қабылдау орындары анықталған, қазіргі уақытта соның 30-ы заңсыз қызметін тоқтатты. 7 қыркүйекте 12 кәріз қақпағының ұрлығы бойынша жүргізілген жылдам-іздестіру шараларының барысында 43 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол қаланың әртүрлі аудандарындағы құдықтардың қақпағын ұрлап әкеткен. Ұрлағандарын базарға апарып сатқан. Тергеу амалдары барысында барлық кәріз қақпағы қайтарылды. Қазірде ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына алынды. Елордадағы кәріз құдықтарының қақпағын ұрлауды әдетке айналдырған тағы бір топ өткен жылдың соңында қолға түскен болатын. Астаналықтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, отыздан астам кәріз құдығының қақпағын ұрлаған баукеспелерді сақшылар бейнекамералардың көмегімен ұстады. Оңай олжаға батқысы келгендер  шойын қақпақтарды  металл сынығы ретінде өткізген. Оралдықтар да осы күні әр адымын аңдап басатын болып алды. Амалсыздан. Өйткені қалада беті ашық кәріз құдықтары көбейді. Тәртіп сақшыларының дерегінше, жыл басынан бері Оралда 22 кәріз құдығының қақпағы ұрланған. Шаһардың ескі әуежай, ет комбинаты аудандары мен Жамбыл, Тоқай көшелерінде  шойын қақпақтар жиі ұрланатын көрінеді. Беті ашық құдықтар қалада бірнеше қайғылы оқиғаға себеп болғандықтан, полиция қызметкерлері осы күні қара түсті және түрлі түсті металл қабылдайтын орталықтарды тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті кәсіпкерлер зират қоршауларын, кабель мен шойын қақпақтарды қабылдамаймыз деп ант-су ішуде. Десе де, пайданың шеті көрінсе, уәделерін ұмытатын кейбір металл қабылдаушылар ұрылар өткізген қақпақтарды қабылдап алып, кәделеріне жаратудан тартынған емес. Құдық қақпақтарын ұрлау оқиғалары Атырау облысында да асқынып тұр. Әсіресе, Мақат ауданының тұрғындары осы мәселе жөнінде жиі шағымданады. Аудан көшелерінде ауыз су мен кәріз құбырларына арналған мыңға жуық құдық бар. Осы құдықтардың қауіпсіздігіне жауапты «Атырау су арнасының» Мақаттағы өкілі Қоныс Төлеуовтің айтуынша, аудан көшелерінде орнатылған су және кәріз құбырлары құдықтарының ашық жатуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Өткен жылы Мақат кентінде 12 қақпақ ұрланса, Доссор кентінде 23 қақпақ қолды болған. Ал биылдың өзінде аудан бойынша 5 құдықтың ауызы үңірейіп, қақпақсыз қалған. Ашық құдықтар талайды жазым етсе де, қу құлқынды ойлаған пысықайларға тоқтам болар емес. Жүргізушілер де баукеспелердің кесірінен көлік қозғалысы қиындағанын айтып қынжылады. Қоныс Төлеуовтің сөзінше, ұрылар мен металл қабылдаушылар үшін майшелпекке айналған шойын қақпақтардың жиі ұрлануы жауапты мекеме үшін үлкен шығын. Қазіргі күні бір қақпақтың құны 7 мың теңгеден басталады екен. Қақпақтар сынған немесе жоғалған жағдайда тұрғындардың өміріне қауіп төнбес үшін қайтадан сатып алуға тура келеді. Мақаттағы металл қабылдайтын орындарда металл құны бұрын 30 теңге болса, қазіргі таңда 10 теңге өсім бар. Демек, салмағы ауыр қақпақтарға көз тігушілер саны артпаса, азаймайтын сияқты. Жыл басынан бері Павлодарда кәріз қақпақтарын жымқырған азаматтарға қатысты 12 іс қозғалған. Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Арман Қаптаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әзірге тек  екі ұрлықтың беті ашылған. «Өкінішке қарай, 10 қылмыстың екеуінің ғана беті ашылды. Ұрылар көбінесе бейнебақылау камералары жоқ аулаларды кезіп жүреді. Кейін іздерін суытады. Бүгінгі күні шойын қақпақтарды іздестіру бойынша жұмыстар күшейтілген. Біздің мамандар түсті металл қабылдау орындарын тексерді. Қазіргі таңда облыс орталығында 36 нысан бар. Тексеріс нәтижесінде алтауы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталды. Бизнесмендерге айыппұл салынып, қызметтері тоқтатылды», – дейді Арман Қаптаев.

Шойын қақпақтан пайда таппақ болғандар

Беті ашық құдықтар семейліктердің де бас ауруына айналды. Жыл басында қала әкімінің есепті кездесуінде Семей тұрғындары осы мәселе жөнінде шағымданған болатын. Осыған байланысты әкімнің тапсырмасымен  арнайы комиссия құрылып,  қараусыз жатқан құдықтарға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 45 иесіз құдық анықталды. «Әзірге комиссия анықтаған 45 иесіз құдыққа қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асырды. Инвентаризациядан соң, қараусыз қалған құдықтар «Зеленстрой» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тапсырылады.  Қаржы қажет болса,  бөлеміз. Мәселе көп ұзамай шешіледі.  Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады»,  – деді шаһар басшысы. Мамандардың айтуынша, қалада қараусыз жатқан құдықтар әлі де көп. Сондықтан оларды анықтау жұмыстары жалғаспақ. Өйткені ашық-шашық құдықтардан жапа шеккендер көбеюде. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар айында Семейде екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап, мерт болды. Сырғанақ тебуге шығып, сол күйі қайтып оралмаған бүлдіршінді жалма-жан іздеуге кіріскен ата-анасы араға 15 минут салып баласының өлі денесін ашық жатқан құдықтан тауып алған еді. Алғашқы ақ ұлпаның түсуін асыға күтіп, үйінің жанындағы жотада сырғанақ тебуді көптен армандаған 7 жасар ойын баласы шанасын жетектеп далаға шыққан күні үйіне қайтып оралмасын қайдан білсін? Өзімен қатар бір топ баламен бірге алдарынан қаша жөнелген қоянды қуған бүлдіршін ашық қалған кәріз құдығына құлап кетеді.  Терең құдықтың іші сол мезетте суға толып тұрған. Тұншығып, көз жұмған баланың мәйітін алып шығудың өзі қиынға соғыпты. Осындай қайғылы оқиға өткен жылдың маусым айында Атырауда да орын алған еді. Қала іргесіндегі Ақжайық ауылында тұратын 2 жасар қыз аулада ойнап жүріп, ашық жатқан кәріз құдығына құлап кеткен. Сәби ата-анасы құтқарып үлгергенше көз жұмды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша,  бұл  жағдай әлі де қайталануы мүмкін. Өйткені қала көшелерінде ашық-шашық жатқан кәріз құдықтары көп. Олар бала түгілі қараңғыда келе жатқан ересектердің өміріне де қауіп төндіреді. Естеріңізде болса, биылғы жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысында 41 жастағы тұрғын кәріз құдығына құлап қайтыс болды.  Түнделетіп үйіне қайтып келе жатқан азамат беті ағаш тақтайшалармен жабылған кәріз құдығына түсіп кеткен. Терең құдықтан шыға алмаған ол суға батып, көз жұмды.

Құдық қақпақтарына дабыл орнатылады

Сала мамандарының айтуынша, темір-терсек ретінде өткізу үшін  қақпақтарды көбінесе тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар жымқырады. Баукеспелер ҚР ҚК 188-бабы бойынша жазаланады, яғни 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ұрылар қақпағын үптеп кеткен құдықтар талай өмірді қыршынынан қиюы мүмкін екенін ескерсек, жаза тым жеңіл. Оңай олжаға дәніккен қарақшылар айыппұлды төлеп, ескі әдетіне қайта баспасына кепілдік жоқ. Қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін құдық қақпақтары ұрлығына тоқтам боларлық нақты шараларды қолға алатын уақыт жетті. Өзге өңірлерге бағдар болар істі Астана қаласы бастамақ. Елордада кәріз қақпағын ұрлықтан қорғау мақсатында арнайы дабыл орнатылады. Егер кәріздік қақпақтар рұқсатсыз ашылса, құрылғы полиция қызметіне хабар береді.  Бұл туралы «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазған болатын. «Қалада кәріздік люктердің ұрлығына қатысты өткір мәселе бар. Өткір болатыны  көп ұрлағаннан емес, қуантатыны біздің полицейлеріміз ай сайын металл тапсыру нүктесін тауып, қылмыскерлерді анықтауда. Өткір болатыны, кәріз құдығының ашық жатуы қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіреді», – дей келе, ол қазіргі күні мамандар кәріздік қақпақтарды заңсыз ашқан жағдайда полиция қызметіне хабар беретін арнайы датчиктер жасаумен айналысып жатқанын хабарлады. «Құдықтың қақпағы заңсыз ашылған жағдайда, полицияның ақпараттық қызметіне хабар беретін арнайы құрал жасалуда. Сәйкесінше, полиция жедел бұзушыларды анықтап, шара қолдану мүмкіндігіне ие болады. Өздеріңіз білесіздер, қала басшылығы коммуналдық түйткілдерді шешу процесін инновациялық алаңға айналдыруды тапсырды», – деп жазды Олжас Сартаев. Ал Алматы полициясы шойын қақпақтар ұрлығын азайту үшін сондай деректер туралы хабарлаған адамдарға сыйақы беріп тұрмақ. Жергілікті сақшылар бұл тәжірибе оң нәтижесін берер деген үмітте. Әйтпесе жыл басынан бері қалада 35 құдық қақпағының қолды болуы аз әбігерге салған жоқ.