Егін жинау неге кешеуілдеуде?

Сейсенбі күні Үкімет отырысы күзгі жиын-терім науқанына арналды. Себебі астықты өңірлерде бидайға орақ кеш түсіп, межелі кестеден кешігуде. Бұл мәселеге байланысты Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, биыл қамбаға қанша астық құйылатынына тоқталды.

«Облыстардың ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала деректеріне жүгінсек, 2018 жылы дәнді дақылдар 15 миллион гектар алқаптан жиналады. Бұл 2017 жылғыдан 0,3 млн гектарға кем. Оның ішінде бидайға 11,1 миллион гектар ғана тиесілі. Яғни, бидай егілген егістік көлемі былтырғыдан 0,8 миллион гектарға азайды. Майлы дақылдар жиналатын алқап осы жылы 2,8 миллион гектарды құрайды, бұл өткен жылғыдан 0,4 млн гектарға көп», – деді Ө.Шөкеев. Сондай-ақ, ол Қазақстанда 2018 жылы небары 20 миллион тонна ғана дәнді дақыл жиналады деген болжамды алға тартты. «Бұл бұған дейінгі жылдардағыдан төмен, бірақ бәрібір Кеңес кезіндегі жаһанға жар салып жинайтын 1 миллиард пұттан (16 миллион тоннадан) артық» дегенді айтты. Бұл ретте еліміз 2,3 миллион тонна майлы дақылдар өніміне кенелмек. Тағы бір жаңалық, Қазақстан ішкі нарығын қамтамасыз ету сыртында, шетелге 9 миллион тонна астық сата алады. Ал майлы тұқымдардың экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мал шаруашылығы құрама жеммен, май шығаратын кәсіпорындар шикізатпен толық қамтылмақшы. Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға «ҚазАгро» холдингі бюджеттік кредит түрінде 60 миллиард теңге бөлген. 3,2 млн гектардан астам алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді қолдау үшін 1 985 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қаржыландырылды. «Егін жинау барысына тоқталсақ, 18 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, дәнді дақылдар 8,9 миллионнан астам гектардан немесе жиналуға жататын алқаптың 59 пайызынан жиналды. 11,2 млн тонна астық бастырылды. Түсім гектарынан орташа есеппен 12,5 центнерден айналды. Бұл жерде Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда, Түркістан облыстары секілді оңтүстік өңірлерде – дәнді дақылдардың 86 пайызы, батыс өңірлерде, яғни Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында – 89 пайызы, ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 56 пайызы жиналды», – деді Ө.Шөкеев.

Алайда министр жиын-терім қарқынының төмен екендігін тілге тиек етіп, әлі 6,1 миллион гектар алқаптан дәнді дақыл жиналуы керектігін қаперге салды. «Қолда бар егін жинайтын комбайндардың тәуліктік өнімділігі шамамен 800 мың гектар құраса және ауа райы қолайлы болса, егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар», – деді Ө.Шөкеев. Тағы бір түйткіл, жауын-шашынның көп жаууы салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары. Бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді, сондай-ақ, астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді. Ал облыс әкімдіктерінің хабарлауынша, бастырылған астықтың 50 пайызынан астамының ылғалдылығы 20 пайыздан жоғары. Бүгінде 6 облыстан қазан-қараша кезеңіне астықты кептіруге 85 мың тонна қосымша дизель отынын бөлуге өтінім түсірген. Сондықтан вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев Энергетика министрлігінен дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін әлгі алты облысқа тоннасына 181 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу зауыттарынан қосымша дизель отынын бөлу мәселесін қарастыруды сұрады.

«Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 13,6 миллион тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздерінде 13,1 млн тонна астық сақтауға арналған қоймалары бар. Осылайша, астық сақтау орындарының жалпы көлемі 26,7 млн тоннаны құрайды, бұл күтілетін жаңа түсімді ескергенде, астық сақтауға жеткілікті», – деді Ө.Шөкеев.

Жастарды жұмыспен қалай қамтимыз?

Үкімет отырысында «NEET – жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасы» мен Астананың жинақы құрылысының кешенді жоспары құпталды. NEET (Not in education, employment or training) ұғымы «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын» деген мағынаны береді. Арнайы жүргізілген зерттеу бойынша, Қоғамдық даму министрлігі 18-29 жас аралығындағы NEET-жастарды, соның ішінде 2018 жылғы түлектерді де жұмыспен қамтудың және әлеуметтендірудің жол картасын қабылдау бойынша жұмыстар жүргізген. Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың дерегінше, Батыс елдерде, Жапонияда NEET – жастардың еңбек нарығынан және білім алудан өз еркімен бас тартуын білдіреді. Кейбір жастардың қоғамға тез сіңісіп кетуі қиынға соғады. Кейде мұның салдары өзіне-өзі қол жұмсауға әкеледі. Кім кінәлі? Отбасы құндылығы неліктен бұзылды?

Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жыл ішінде әлемдегі жастардың саны 139 млн адамға артқаны, ал жұмыспен қамтудың үлесі керісінше, 35 млн адамға кемігені көрсетілген. Десе де, Қоғамдық даму министрінің айтуынша, жастарды жұмыспен қамтуда Қазақстан тізімнің соңында емес. 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6 пайыздан 2018 жылғы ІІ тоқсанда 7,7 пайызға дейін кеміпті. NEET-жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы 7 бірдей санаттағы қазақстандықтарды, атап айтқанда, асыраудағы адамдарды, жас әйелдерді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған фрилансерлерді, ауыл жастарын, мүмкіндігі шектеулі адамдарды, аз қамтылған отбасылардан шыққандарды және жастардың бейәлеуметтік топтарын қамтитын шаралардан тұрады. Бұл ретте үш түрлі жас топтарындағы жастарды қамту жоспарланған. Біріншісі, яғни кіші жас тобына – 18-ден 22 жасқа дейінгілер, орта жастағы қосалқы топқа – 22-ден 24 жасқа дейінгілер, ересек жастағы қосалқы топқа 25-тен 29 жасқа дейінгілер жатады. Біріншіден, оларға кәсіптік бағдар берілмек. Яғни, кәсіпті таңдау бойынша жастарға арналған кеңес-консультациялық орталықтар құру қарастырылған. Екіншіден, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыта түсу. Бұл тұрғыда дуальды білімнің тиімділігін арттыру, инженерлік кадрларды дайындауға басымдық беріледі. Үшіншіден, жастарды мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жан-жақты ақпараттандыру жүргізіледі. Жастардың еңбек нарығындағы сұраныс және ұсыныстың картасы түзіледі, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжірибесі жалғасады, ақпараттық науқандар мен қоғамдық тыңдаулар жүргізіледі. Төртіншіден, жастар кәсіпкерлігін дамыту. Осы мақсатта бизнес-жоспарын ұсынған жастардың жобаларын мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесі енгізілмек. Бесіншіден, бұдан былай әскери-патриоттық тәрбиеге мемлекет мән береді. Сондай-ақ, жол картасы қолданыстағы Жастар ресурстық орталықтарының қызметтерін жетілдіру, жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу арқылы тұрғын үй мәселесін шешу, балаларын тастап кетуіне жол бермеу үшін жалғызбасты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлуді қолға алмақшы. Министрлік осы шаралар арқылы жастардың әлеуметтік орнын анықтап, кейбір мәселеде шеттетілуіне жол бермеуге күш салатынын жеткізді.

Back to top button