1158
ШАҺИДТАР РУХЫ РИЗА БОЛСЫН ДЕСЕК
ШАҺИДТАР РУХЫ РИЗА БОЛСЫН ДЕСЕК
«Түркістан» газетінде қарымды қаламгер, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназдың «Арықбалық ахиреті» атты көлемді мақаласы («Түркістан» газеті, №34 (1254), 23 тамыз, 2018 жыл) жарияланды. Өмірінің ұзақ жылдары мен шығармашылық әлеуетін даңқты Жанқожа батыр ғұмырнамасына арнаған жазушының бұл еңбегі де сол сабақты тақырыптың жаңа бір тармақ өрбіткен бұтағы іспетті көрінді. Айтпағы тамырлы, дерек-мағлұматы дәйекті бұл еңбек көңілге көп ой салды.
Батыр Жанқожа бабамыздың біз білетін ғұмыр-тағдырындағы ең бір ереуіл де қасіретті кезең – 1856 жылдың соңы, 1860 жылдың басы және өмірінің ақыр сәтіне шейінгі уақыт. Бұл кезең ХІХ ғасырдың орта шенінде орыс жаугершілері іш өлкелерімізге сыналап кіріп, сол жылансырғақ жылжудың бойында белді-белді бекеттер – «Райым», «Қазалы», Перовск бекіністерін көтере қорғандап, табан тірей орнығып алған тұсы еді. Сол қатардың «Қазалы» форпосты маңында 1856-57 жылдары болған батырдың ел азаттығы үшін ақтық шайқасы, сонан кейінгі «әруақ қайтқан, талап мұқалған» шарасыз халдің үш жылы – әулиенің жан қинаған жалғыздықта, ой-толғақта өткізген аса қиын ғұмыр-алабы болды. «Қызылдың құмаршығын ғана жанға талғажау еткен», анығы, батыр-әулиенің мына жалғандағы өз жан-қылуетіне, ұшан ой тұңғиығына кеткен бір байырқа, басалқалы сәті көрінер еді ол. Жаманатқа жаманат жамап, сонан жаны семірген, ел қасіреті үстінде шен-шекпеннен дәмелі тіміскі көңілдер өз пиғылдарында жандары жай тапқан ба – сұмдық қасіреттің салқын лебі, батыр тағдыры қанды оқиғада шешілер сәт тым тақау қалған еді...
Біз тарихтағы талай ереуіл жайттар мен қанды-қасап оқиғаларға әбден қаныққан оқырманбыз. Тіпті, мыңжылдықтар оқиғаларын көзбен көргендей сезім мен сенімде жүреміз. Ал осыдан бір жарым ғасыр шамасы ғана бұрын, өз төрімізде бұрқап өткен, шын мәнінде төл тарихымызда ауқымы зор, мәні терең жайттардан шала-пұла жүретінімізді осы өзіміз аса парықтай бермейміз. Кешірімсіз кемшіндігіміз деуге болар еді. «Қолда бар алтынның қадірін білмегеннен» де әрегірек үстіртіндік деу керек осыны. Қазақ жерінің кең аумағында тағдыр таланына жазған талай батырлық пен ерліктің неше үлгісін сонау жастық шағынан бері бастан кешіп келген Жанқожа бабамыздың хас батырлық һәм әулиелік дәргейге жеткен рухани толымды тұсы – осы жылдар еді. Шын мәнінде, қуаты Сырым Датұлының, Кенесары хан күресінің қатарында тұрған, ал терең қасіреті мен жан тебіреністері қатпарында, демек, адам жанының сезімдік иірімдерінде, бәлкім, солардың бәрінен тереңірек кеткен, рухани аса мағыналы кезең бұл. Зерттеуші үшін, әсіресе, жан сейісі – қаламгер үшін терең тақырып...
Мен, оқырман ретінде біраз уақыт батыр ғұмырының соңына халық қасіретінің үлкен қанды нүктесі боп қойылған осы оқиғаны (батырдың Қазалы маңындағы соңғы шайқасын) ғалым Т.Шойынбаевтың нақты, қысқа мәліметтері арқылы жаным ауыра қабылдап, сол деректерге біраз тұшынып келген адам едім. Ал М.Қаназ сөзі бұл танымды бұзған жоқ, өз шындық-дерегімен әрірек, биігірек бір білік пен таным тұғырына апарып орнықтырғандай болды. Және бұл автор жағдайдың адамдық болмысы мен адами сырын қазбалай айтып жеткізді. Батырдың адамдық болмысы, адами сыры – әулие өмірбаянына тәубелі-ықыласты ұрпақ үшін аса құнды тарап қой. Бұл сезім жазушының алғашқы «Ел қорғаны – Ер Жәкем» (2008 ж.), 2014 жылы жарық көрген «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – 240» кітаптарының ресми-қатқыл, тарихи-келте, дабыралы батырлық оқиғалар баяндаулары қатпарынан көркем сөз, көркемдік өрнектеулер, психологиялық зерделеулерде шаң беріп, бастау ала бастаған бір адами нәзік тін болатын.
Дәстүріне берік автор бұл аталмыш мақаласында да барлық тарихи уәж, дерек-дәйек, тіпті, дақпыртты дейдісөз жорамалдарды бір дестеде жаймалап, тағы да байыпты зерде, сараптау мехнатын жүргізген екен. Архивтер мен дереккөздерде бірде айқын, бірде бұлыңғыр ишаралар артына бұқтырылған мәліметтерді бері тарта, реттілік пен қисын таразысына сала отырып, тек ақиқат тұғырлы шындыққа жүгінеді, ақиқатына адалынан сөз саптауға тырысады. Мойындатар деректілік сенімі және батыр-әулиенің адами жан қасіретін ұғудың қанағаттану сезімін әкелетін рухани тұшыну да осы жайттардан туындап жатыр.
«Осыдан 160 жылдан аса уақыт бұрын, Сыр бойында, Қазалы маңындағы Арықбалықта патшалық Ресейге деген халықтың ызалы толқуы шырқау шегіне жетіп, заманауи қарумен жарақтанған, өзінен күші басым жаумен ашық айқасқа шығып, қан судай аққан-ды. Ол – Арықбалық ахиреті болатын...» деген сөздермен басталатын еңбектің ой-сарыны әлі де Қазақ шежіресі бедерінде анық, толық орны мен бағасын ала алмаған, тарихи-моральдік түйінді тұжырымы жасалмаған тарихи ұлы оқиға, елеусіз-ескерусіз кеткен есіл ерлер әруағы хақындағы күйзелісті көңілден туындап жатыр. Мәселе қордалы да сабақты. Бір жарияланым төңірегінде біраз ой қузата, бізге де қолға қалам алғызған осы салмақты жайт.
«Өлі әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген тәжірибелік уәжі мықты ғақылия да бұл жерде өңсіз тартып тұрған секілді. Мәселе Жаратқанның жалпақ жалғанында жер басып жүрген тірілердің мойнындағы парыз деген ауыр салмақ боп түсіп тұр.
Мақалада автордың атап көрсеткен мерзім межесінен бері де бір жарым ғасырдан астам уақыт өтіпті. Жабулы қазан – әлі жабулы... Өз тарихымызда біз үшін, ұрпақ үшін алақол саясатқа салатын жайттар болмаса керек еді. Ал Жанқожа батыр, әулие өмірінің ең қасіретті кезеңі, төменгі Сыр елінің азаттық жолында жан беріскен аса елеулі күрес оқиғасы – бедері жермен жексен болған мәлімсіз бейіттей көзден де, көңілден де тым алыста, елеусіздеу өшіп бара жатқаны қалай? Бұл – өкінішті жайт! Мақаланың өз сөзімен айтсақ: «Елім, жұртым деп атқа қонған осы әруақтарымыз соғыс үстінде бірден ақиретке жөнелген Арықбалық бұл күндері егіс алқабы, мал өрісі, тіпті, доңыз тұяғының асты да болды деп естимін. Ел аман, жұрт тынышта біздің мұншалық бойкүйездігімізді ата-бабаларымыздың адал қандары, ахирети әруақтар кешіре алар ма екен?»
Соңғы екі ғасыр шамасы тарих оябын алсақ, елім деп еңіреген Сырым Датұлы күресі, Кенесары хан жорықтары, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Желтоқсан көтерілісіндей – қазақ тарихындағы шоқтығы биік оқиға ғой бұл.
Автор тарихи дерек-дәйектер арқылы бекемделген сол күнді – 1857 жылдың 9 қаңтарын – қазақ азаттығы жолындағы халық күресінің бір Күні, Қазалы жерінде боздақтарды еске алып, аза тұтып, рухтарына құран бағыштайтын күн етіп белгілеуді ұсынады. Сонау әруақты жерде ерлер рухына ескерткіш көтеру мәселесін айтады. Осы тұс аталмыш еңбектен тағы бір үлкен пікір сұранып тұр: «Біле білген жұртқа Қазалы әр үйі, әр көшесі заманалардан сыр тартқан тұтасымен тарихи қала. Ал 1856-1857 жылдардағы халық көтерілісінде қоршауға алынған осы қалада – тарихи оқиға ошағында елеулі бір белгі тұрар болса, көне шаһардың мән-мазмұны одан әрі байи түсер еді», – дей келіп, автор өз идеясындағы рухи ескерткіш-белгінің өзі көңілде айшықтап-бәдіздеген нақты таңба, сипаттарына шейін байыптап жеткізіп, тоқталып өтеді.
«Сайын даланың ең соңғы ұлы батыры, әулие Жанқожа өмірі осымен тәмамдалды» деген, ұлы бабамыз ғұмырнамасына аса тәнті орыс зерттеушісі И.В. Аничковтың соңғы сөзі бар еді. Сілкінген ұрпақ санасы сол өкініш сөзін жоққа шығара, батыр-әулиенің ел жады мен жүрегіндегі рухи өмірін ізгі тілек, иманды әрекеттер ізденістерінде көтеріп әкеткеніне жаңа тарихымыз, жалпақ жұртымыз куә еді. Ел сеніміне бағып айтсақ, бұған әруақ разы! Ал сонау, халықтық сипаттағы қанды тарихтың рухани бір таңбасы әлі қойылмағаны – көңілге көлеңке салады.
Парыз салмақты, иман текті азамат сөзін – зерттеуші-жазушы М.Қаназ ұсынысын қолдап, әруақ рухын жерге таптатпаған ізгі дәстүрімізде, «Арықбалық қанды қырғыны» – қазақ азаттығы жолындағы халық күресінің шаһид құрбандарын Қазалы жерінде жадылы ел, алғысты ұрпақ еске ала тәу етер бір қастерлі орын ашылып, күні белгіленсе деген тілекті біз де осы үн қосуымызбен ел, басшылық назарына ұсындық.
Арымызға салмақ салған бір сынды сұрақ бізден жауап күтіп жатыр.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері