12 Қыркүйек, 22:44 177 0 Ішкі саясат Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Көшбасшы өңірлер мен атқосшы аймақтар

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша көшбасшы және артта қалған өңірлерді атады.

«Сегіз айдың қорытындысы бойынша кейбір көрсеткіштер төмендеді. Дегенмен мал шаруашылығында өсім жақсы. Өсім шамамен 4 пайызға жуықтайды. Ал егін шаруашылығында ауа-райына байланысты мәселе туындап отыр. Өйткені былтыр 1 қыркүйек кезінде 40 пайыз егіс жиналып қойған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 17 пайызды құрап отыр. Ауа райы тұрақталса, бұл көрсеткішті түзейміз деген ойдамын», – деді ол Үкімет отырысында.

Өмірзақ Шөкеев сонымен қатар, мал шаруашылығында кейбір облыстарда әлі де шешілмеген түйткілдер барын атап өтті. «Асыл тұқымдандыру бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы 38 пайыз, Қарағанды облысы 27 пайыздық көрсеткіштерге жетсе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары 13 пайызды көрсетіп отыр. Экспорт бойынша былтырғы көрсеткіштерден гөрі биылғы көрсеткіштер жақсы. Былтыр жыл бойы 5 мың тонна өнім экспортталса, қазір 8 айдың қорытындысы бойынша 7290 тонна өнім экспортталды. Биылғы индикатор – 15 мың тонна», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

Өмірзақ Шөкеев сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша көшбасшы және артта қалған өңірлер туралы айтып берді. «Түркістан облысы тапсырманы 150 пайызға орындаса, Павлодар облысы 83 пайызға, Батыс Қазақстан облысы 58 пайызға орындады, ал Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары 7-8 пайыздық көрсеткішті көрсетті, өкінішке қарай. Біз апта сайын селекторлық бақылау өткізіп, мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Облыс әкімдерінің орынбасарларымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ облыс әкімдерінің өздері бұл мәселені жіті қадағалауы тиіс деп ойлаймын», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар