4466
Мәшһүр Жүсіп және «Диуана» болмысы
Мәшһүр Жүсіп және «Диуана» болмысы
«Диуана» сөзі парсы тілінен аударғанда «дүниеден безіп, Құдай жолына берілген адам» деген мағынаны білдіреді. Тіпті, араб тілінде кездесетін «лапас» деген сөз – диуана киімінің атауы. Әлем-жәлемі жоқ, жағасыз және жеңі ұзын, ақ матадан жасалған шапанға ұқсас киім. Ал Мәшһүр Жүсіп өз шығармаларында «диуана /парсы т./ – сопылыққа бет бұрған, дүниені ойламайтын адам» деп тұжырымдайды.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында диуана жақсылық иесі ретінде суреттелген. Ал диуананың таяғын «сота» деп атаған. Ол Алпамыс батыр жырында жиі кездеседі.
Көбінесе диуаналар азан шақырып қойған есімдерімен аталмай, лақап аттарымен танымал болған. Диуаналар – ризығын Жаратқан иемізден тілеп, аса тақуа, көп сөйлемейтін, киім талғамайтын, еш кәсіпсіз ел кезіп тіршілік еткендер. Диуана мен әулиенің бірінші сипаты – олардың керемет күш иесі болуында. Бойына қасиет дарыған Мəстек абыз бен Мəшһүр-Жүсіп, Сағымбек, Əбжәлап диуаналар жын-періні өз еркіне бағындыра білгендер. Олардың сиынған өз пірлері болған және төртеуі де бойындағы қасиетін ұрпағына аманат еткен. Мәшһүр Жүсіп «Шайхы Бұрқы диуана» деген еңбегінде: «Мұса пайғамбардың заманында Шайхы Бұрқы деген диуана болыпты. «Құдайға құлшылықты жан аямай қыламын!» деп, иірген ұршықтай қырық күн, қырық түн шыр айналған екен. Заңғар биік таудың басына шығып:
– Ал, мен Құдайға кеттім! – деп төмен қарай құлайды екен. Өлмей-талмай, дік етіп жерге түсіп, дін есен жүре береді екен. Бұл Шайхы Бұрқының атасы – адамзат, шешесі – мекіре балық екен»,–деп қорытындылайды. Демек, қазақ бақсыларының пірі – Қорқыт болса, диуаналардың сыйынатын иесі – Шайхы Бұрқы диуана деп түйін жасауға негіз бар. Мәшһүр Жүсіп Шайхы Бұрқы диуананың ерекше кереметтерінің бірі – перзентсіз ата-анаға ұрпақ сыйлайтын қасиеті екендігін айтады. Ал диуана шыр көбелек айналып билеу арқылы экстазға кіріп, Жаратушымен жақындасуға ынтық болады. Қ.Халид еңбегінде: шайх (шейх) – арабша – шал, кейде ұстаз, кейде пір, кейде әулие ретінде кездеседі. Шайхы – ескі діни ұғым бойынша шарапаты тиетін қасиетті диуана.
Ел арасында есімдері сақталған диуаналардың көбі Құран оқып, намазды қаза жібермеген, енді кейбірі таза дін жолында жүрмеген. Дегенмен олардың қажылыққа қас қағым сәтте барып-қайтуы, жылдам жүруі, бір күнде бірнеше жерде кездесуі баршаны таңғалдырған. Диуаналар ғайыптан пайда болып, қиналған әйелдің, өмірден түңілген кедейдің, адасқан жолаушының, ел басқарған тұлғалардың маңынан табылады. Әбжәлап диуана да қажылыққа еш бармаған, бірақ оны қажылықта көргенін ант ете отырып айтқандар да болған. Ислам дінінде ладуни ілімін меңгерген жанға уақыт пен кеңістік ешқандай кедергі келтіре алмайды. Барамын деген жеріне аңыздағыдай көзді ашып-жұмғанша жетіп барады. Бұлар көпшілік алдында мұғжизаның бір түрі, өз кереметтерін көрсете алады.
Мәшһүр Жүсіп «Абылайдың қырғызға жорығы» деген еңбегінің бірінші нұсқасында «Созақта «Жалаң аяқ Әшдер (Әудер)» деген бір әулие диуана бар екен, Абылайдың қосынына кез болған екен» деп жазады. Жырда ол туралы былай дейді:
Абылай жалғыз өзі отыр еді,
Есіктен бір диуана кіріп келді.
Иығына шашы түскен, жалаңаяқ,
Иіліп күле қарап, сәлем берді.
Абылай диуананың түрін көріп,
Әулие-каландар деп көңіліне еніп,
Сәлемін ап, түрегеп қолын ұстап,
Қасына отырғызды орын беріп.
Мәшһүр Жүсіптің «Баян өңіріне діннің таралу тарихы» деген еңбегінде диуаналардың қарапайым ел арасында дінді таратудағы еңбегін сипаттай келе, Жолбарыс пен Шалбай диуананың сөзге де шебер болғанын көрсетеді. «... Бірі – халфе, бірі ишан болып тұрғанда, Жолбарыс диуана, Шалбай диуана – екі диуана Ғайсабек ишанға қонақ болып отырғанда, Ғайсабек ишан сұрапты: – Диуанам, Қоңырбай қалай, мен қалаймын мейман күтуге? – деп.
Сонда диуаналар айтыпты: – Халфекемдікі – төпелеме, сіздікі – сипалама, – деп.
– Рас, рас! – деп, ишан қарқ-қарқ күліпті».
Қазақ ертегілерінде диуана көбіне жын-пері немесе дию мағынасында суреттеледі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында диуаналар халық батыры, әулие, ағартушы, абыз, көріпкел, Қыдыр ата, пір ретінде сипатталады. Мәшһүр Жүсіптің өзі диуаналарды айрықша қадірлеп, қастерлеген. Кейбір кезде Мәшһүр Жүсіп:
Мен өзім өз сөзіме уанамын,
«Ләйлі» жоқ, қоржын да жоқ, диуанамын, – деп өзін де диуанаға теңейді.
Қожанасырды да диуанаға теңеген. Оның шын аты – Қожа Насреддин. Ол әуелде ел аралап, диуана әрі күлдіргі және бақсы-балгерлікпен айналысқан, қыстақтарда әкесі сияқты имам болған. Тіпті орыс аңыздарындағы Илья Муромецтің өзі бала кезінде дертке шалдығып, орнынан қозғала алмаған. Бір күні тентіреп жүрген диуана шал келіп, садақа я сусын сұрайды. Бала мешел екенін айтады. Диуана қол-аяғыңды қимылдат дейді. Бала қимылдап көрсе, қол-аяғының жаны бар. Ол зыр қағып жүріп, диуанаға қалаған сусынын әкеп береді. Шөлі қанған диуана ғайып болады, ал бала бойында орасан күш бар екенін сезініп, ата-анасына барады. Осыдан бастап ол батырлық харекеттер істей бастайды.
ХХ ғасырдың басында Әбжәлаб диуана қайтыс болып, денесін арулап жуу кезінде, Мәшһүр Жүсіп шәйнекпен су құйып тұрып: «Мына төбеміздегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжәлаб тегін кісі емес», – деген. Кейін бейіт басына барып, диуананы ораған киізді ашқанда, Әбжәлаб диуананың денесі жоқ болып шығады. Бұған дейін адамдар үстінен бір топ шағала ұшып өткенін еске алады. Сонда Мәшһүр Жүсіп: «Әбжәлабтың денесі көрде жатпайды, менің мүрдем бүлінбес» десе керек. Мәшһүр Жүсіп «Ғылым және дін» деген бірінші әңгімесінде «Сүйіндікте диуананың көптігі жұртқа жайылды...» деп жаза келе, Әбжәлаб диуананы әйел затының піріне теңейді. Себебі Әбжәлаб диуана перзентке зар болған жандардың қамқоршысы болған. Ол әйелдің қашан жүкті болатынын, баланың жынысын баяндап қана қоймай, сәбиге ат қойып кетеді екен. Тіпті, туғалы тұрған малдың ішіндегі төлінің түр-түсін, жынысын дәл айтып беретін. Сүрінгенге сүйеніш, ауырғанға жұбаныш болған диуана жын буып ауырған жандарды да Құранның күшімен емдейтін қуатқа ие көрінеді. Мәшһүр Жүсіп «қояншық» деген сөз диуаналардан қалған деп топшылайды. Себебі тіл немесе көз тиіп ауырған жандарды диуаналар бір орынға жатқызып, өздері айнала жүгіріп дұға оқиды. Мәселен, Әбжәлаб диуана Құран оқығанда бір орында отырмай, жүріп, жатып, отырып оқиды екен. Ең бастысы, олар трансқа түсіп, беріле оқитын болған. Кенеттен тоқтап, «ауру, қоянға шық» деп айғай салады. Сәлден соң ауырған жан құлан таза айығып, арнайы ұстап әкелінген қоян жан тапсырады. Демек «қоянға шық» деген сөзді айтуға болмайды деп түсінген жандар «қояншық деп бұйырды» деп, елге жайған.
Мәшһүртанушы Төлепберген ақсақалдың жазбаларына көз жүгіртер болсақ, Әбжәлаб диуана бала кезінде молдадан дәріс алып, Құранды жақсы меңгерген. Адамгершілігімен, қарапайымдылығымен көзге түскен. Есімі асқардай, нұр кеуделі диуананың жаназасын Мәшһүр Жүсіптің өзі шығарып, арулаған.
Мәшһүр Жүсіптің шәкірті әрі атқосшысы Иманғали Мәненов: «Құлболды баба айтқан екен: «Менің құтым, қасиетім ортамда қалады. Шетке шыққан үрім-бұтағым онша мықты болмаса керек. Əншейін менің атымды абырой қылып, күн көріс жасай алса керек. Құтым өз ортамда жүрсе, соған қонса керек һəм Құлболды бабаның сүйегі жерге жерленбеген. Сүйегі жерленбегендері – Алланың сүйген құлдары. Біріншісі, Қызыр ғалайһи–уассалам. Екіншісі, Иса пайғамбар. Үшіншісі – қазретті Ғалы. Төртіншісі – Құлболды əулие баба. Бесінші – Лекер əулие. Алтыншысы – Жұматай əулие (Əбжәлап диуана). Растық – көзбен көрген. Сенімсіздік – құлақпен естіген. Əбжәлап диуананы көзбен көрдік, содан соң айтамыз да. Алла шексіз ұлық», – деп жазады. Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда Көтен тәуіп қайтыс болған соң, тәні ғайыпқа ұшып кетерін білген. Шынында да, әулиенің өлі денесін бейітіне жерлейміз дегенде, тәні ораған мата ішінде жоқ екен. Енді бір аңызда әулие құдайы тамақ беріп болғанда, үйі алдында ғайыптан бір түйе пайда болады. Әулие сол түйеге мініп, көзден таса болады. Артындағы жалғыз қызының ащы даусынан ертесінде бір көрініп, қайта жоқ болады. Аққозы батырдың Сопағы деген диуана аттан, түйеден қалыспай тез жүреді екен. Түсі суық, бойы ұзын, жалаң аяқ жүретін, жүрген жерінде кедей мен жетімді қорғап, байдан алғанын соларға беретін жан екен. Өзі тауық жылы өлген. Жұрттың жұтайтынын айтып жүріпті. Өлген соң, денесі көрден ғайып болған деседі. Мәшһүр Жүсіп шығармаларында Батыр диуана, Шалқыма диуана, Ескендір диуана, Шалқыма баласы Айсабай қажы деген диуаналардың есімдері кездеседі.
1930 жылдары Айтекең деген диуана ауылдарға даланың еліктерін айдап әкеліп, сауғызып тұратын болған. Айтекең диуана жас кезінде «ана ауылға кеттім» деп, кез келген өзеннің үстінен жүгіріп өтіп, көзден ғайып болады екен. «Ғайыпирен, қырық шілтен жіберді» деп, еліктерін қадір тұтып, сүтімен қоректеніп, ауырғандарын емдеген.
«Әулие өлік емес, тірік» деген, Қолдай гөр біздей кәріп бейшараны!» – деп, Мәшһүр Жүсіптің өзі жолаушылап өтіп бара жатып, Әбжәлаб диуананың зиратына соғып, Құран бағыштап, ұзақ отырады екен. Бүгінде Әбжалаб диуананың мазарына барып, зиарат етушілер саны артуда. Мәшһүр Жүсіп «Әулиелерге зиярат қыла келдім» деп, зиярат ету әр кезде де мүстәхәб, сүннет болғанын, оның сауабы да, пайдасы да бар екенін ескертеді. Тек зиярат пен Алаға серік қосудың айырмашылығын таба білген жөн.
Әсет Пазылов,
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мәшһүр-Жүсіп мұражайы