Сейсенбі, 27 Қыркүйек, 2022

ҚАЗАҚСТАН – КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН БІРЛІКТІҢ БЕСІГІ

«…Конфессияаралық татулық – ұран емес,  ол біздің өмір салтымыз».

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөзі татулық пен бауырластықтың айғағы секілді. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстағаны анық. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді.

Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін танытып келе жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай болса, соның ішінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі һәм өнеге.

Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Сондай-ақ, қазақ халқын олар қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды, бастысы – өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс.

Тәуелсіз елімізде барша қазақстандықтарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалауда тарих, мәдениет, дін және тілдің атқарған рөлі орасан зор болғанын бәріміз білеміз.

Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім», – деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өткен жылдың 20 маусым күні №500 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасын» бекітті.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу болып табылады. Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан өзара байытқан, республика аумағында алғаш рет Қазақстан халқының мәдениетін және дәстүрлі рухани құндылықтарын дамыту үшін қажетті саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар қалыптасты.

Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің маманы Медет Халықовтың айтуынша, ел Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.

«Бүгінде әлем үлкен өзгерістер жолағына аяқ басқанын Елбасымыз да айтып өтті. Халықаралық қатынастар айтарлықтай дағдарысты бастан кешіп отыр. Осындай күрделі жағдайда елімізде берекелі тірліктің орнауы, ең бірінші ауызбіршіліктің арқасы деп білеміз. Мұндайда, қазақ халқында айтылатын әдемі мақал бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді. Міне, сондықтан кең-байтақ қазақ даласында орнаған татулықты мәңгі ұстап тұруға өзге ұлт пен дін өкілдерінің қосар үлесі де зор», – дейді ол.

Қазақстанда қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деген болатын. Еуразия жүрегінде діни және мәдени әртүрлілік үлкен тарихи кезеңде қалыптасты.

Қазақстан ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтардың жалпыұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.

Қазақстан көпэтносты және көпконфессиялы тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттік билік органдары мен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынастың өзіндік үлгісі мен тәртібін қалыптастыруда.

Елімізде 18 конфессия және 3658 діни бірлестіктер жұмыс жасап жатқан болса, соның ішінде Түркістан облысында 11 конфессияға біріккен 60 діни бірлестіктер мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 824 мешіт-филиалдары жұмыс істеуде.

«Түркістан облысының бастамалары осы өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарын алға тартып отырған Отанымызға үлгі бола алды. Өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білді. Атап айтар болсақ, 2015 жылдан бастап облыс көлеміндегі 11 конфессия өкілдерімен шағын футболдан «Әкім кубогы» турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, үстел теннисі, дойбы және шахмат ойындары ұйымдастырылып, турнир соңында қазақы дастарқан жайылып, түрлі дін мен конфессия өкілдері бір дастарқан басында бас қосуда.

Түркістан облыстық дін істері басқармасы және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің ұйымдастыруымен жыл сайын «Дін – бірлікке бағыттайды» атты тақырыпта облыс көлемінде ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылады. Жергілікті телеарналар арқылы конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында жергілікті діни бірлестіктердің басшыларының қатысуымен түрлі бағыттағы бағдарламалар жүргізілуде. Ал жыл сайын «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай жергілікті діни бірлестік жетекшілерінің басын қосып, облыс әкімінің қабылдауы ұйымдастырылады. Одан кейін қазақы шәй ішу дастарқаны әзірленіп, түрлі конфессия өкілдері емен-жарқын әңгіме айтып тарқасады» дегенді айтады Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің маманы Медет Халықов.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қарым-қатынасты сәтті құра алатынын, конфессияаралық келісімді қолдап, дамыту және сонымен қатар мемлекеттік құрылыстың түйткілдерін шеше алатынын бүкіл әлемге көрсете алды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста ұлтаралық жанжалдардың алаңы болады деп болжанған Қазақстан – бүгінде конфессияаралық келісім мен тұрақтылықтың мекені ретінде әлемге аян. Қазақ халқының сыйластыққа негізделген тарихи тәжірибесі, мейірімділігі мен төзімділігі, осы құндылықтарға негізделген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы ұлт саясаты еліміздің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Әлемдегі елдердің басым көпшілігі көпұлтты болғандықтан, әр түрлі этностардың басын қосу, мемлекеттің тұтастығын сақтау – оның мәдениеттілігінің басты белгісі. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды келер ұрпақтарға аманат етіп қалдыруға тиіспіз.

Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button