Ол бұлардың өтінішіне түсінушілікпен құлақ асып, ашық хатты газетте жариялады. Ашық хатта ІІ Николай патшаның 1907 жылы ІІ Мемлекеттік думаны таратқан, «3 маусым төңкерісі» деп бағаланған манифесі Дала және Түркістан өлкелері қазақтарын «азаматтық сезімдері жетілмеген бұратаналар» деп, жалпыресейлік парламентке депутат сайлау құқынан айырғанын еске сала келе, татар-башқұрт бауырлар өздеріне төртінші Мемдумаға депутат сайлау үшін бөлінген үлестік мөлшерден бір орынды қиып, қазақтардың өкіліне берсе деген өтініш білдірілген еді. Ашық хат жақсы серпіліс туғызды. «Уақыт» газетінің редакциясына Қоңырқожаның түркістандық жерлестерінен де ашық хат мазмұнын қуаттаған жеделхаттар келіп жатты. Алайда озық пікірлі татар азаматтары бауырластар тілегіне қолдаушылық көрсеткенмен, сайлаудың түрлі басқа шарттарына жауап бере алатын шаралары жасалмады да, бастама оң шешімін таппады.
Байқағанымыздай, монархия тұсында Қожықов ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалыс мүддесіне қызмет ететін басқа да қоғамдық жұмыстармен шұғылданды. Атап айтарлық бір ісі сол, 1916 жылғы көтеріліс кезінде жазалаушы жасақтардың жасаған қылмыстарын әшкерелейтін деректерді жинастырып, Түркістан өлкесіне Мемлекеттік дума комиссиясын басқарып келген солшыл қайраткер Александр Керенскийге табыс етті.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ол біржолата қоғамдық-саяси жұмыстарға ауысты. Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Жаңа саяси жағдайға орай Ташкентте орын алып жатқан қоғамдық қозғалыстарға қатысты. Сәуірде өткен мұсылман съезінде құрылған Ұлттық орталықтың төрағасы Мұстафа Шоқай басқарған жұмысына белсене атсалысты. Тамыздағы Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Қараша айында Қоқан қаласындағы Төтенше мұсылмандар съезі жариялаған Түркістан автономиясын басқару үшін құрылған Уақытша Ұлттық кеңестің мүшесі және жауапты хатшысы болып сайланды.
Алайда өлкеде Кеңес өкіметі орнағанын жария еткен Ташкент большевиктері қарулы күшпен Қоқанды қанға бөктіріп, автономияны құлатты. Бұл, әрине, тарихи әділетсіздік еді. Большевиктер ұйымы табиғатынан империялық партия болғандықтан, таптық негізді дуылдататын қызыл әскерінің күшімен, содан жарты ғасыр бұрын жаулап алған патша әскерлері секілді, Түркістан өлкесін жаңадан жаулауды жүзеге асырып жатқан. Бұған қарсы болған Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы Мұстафа Шоқай мен Уақытша Ұлттық кеңес басшысы Серәлі Лапин шетел асты. Шоқай сонда саяси күресін жалғастырды, ал қарулы көмек сұрауды мақсат еткен Лапин оң нәтижеге қол жеткізе алмай кері оралып, Самарқанда белгісіз жағдайда қаза тапты. Автономияның алғашқы бас министрі Мұхамеджан Тынышбаев астыртын қазақ өлкесіне өтіп, Алаш-Орда қайраткерлеріне қосылды. Ал Уақытша Ұлттық кеңестің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қожықов жаңа билікті – совет өкіметін мойындап, Ташкентте қалды да, Үлкен террор жылдары қоғамнан оқшауландырылғанға дейін түрлі мекемелерде белсенді қызмет атқарды.
1924 жылғы сәуірде большевиктер партиясының Бас хатшысы Иосиф Сталин Алаш-Орда туралы құпия баяндама дайындатқаны белгілі. Сондағы құпия тіркеменің 8-бабында мынандай мәліметтер айтылған: «Қоңырқожа Қожықов. Қазақтың «қожа» деп аталатын ақсүйектерінен. Қоқан автономиялық үкіметінің бұрынғы мүшесі. Көрнекті алашордашы, Шоқаевтың көмекшісі. 1913 жылы, Романовтар үйінің тойы кезінде, патшалардың портретімен қазақ тілінде кітапша жазды. Ферғана аудандарының бірінде Керенскийдің уақытша үкіметінің комиссары боп істеді. 1921 жылы Жер халкоматының мүшесі, содан соң Жер халкомының орынбасары болды, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды, жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендияров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бойынша бірлесіп билеуде. Қожықов әлденеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және Қосшы Орталық Комитеті басшыларының бірі болып табылады. 1921 жылы Қожановтың және Асфендияровтың кепілдігімен, тіпті партияға да кірді, алайда кейін шығарып жіберілді. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр. (Ол өте тәжірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар да оған пікірін білу үшін жіберіліп жатады». Бұл құпия жазбадан байқалатыны сол, Қожықов кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын беделді қайраткер болған.
Советтік Түркістан Республикасының қызметкерлері туралы сыр айтқан осы мәліметтерді Сталин оқып отырған шақта Қожықов Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жаңаша жіктеп-межелеу жұмыстарына атсалысып жүрген. Ол өлке тарихының білгірі болатын, сол себепті ВК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия Бюросының (Средазбюроның) Территориялық комиссиясы құрамындағы қазақ әзірлік комиссиясында белсенді жұмыс жүргізуде болатын. Ал қазақ жер-суы бір шаңырақ астына жиналып, Үлкен Қазақстан құрылып жатқанда, «киргиз» делінетін халықтың тарихи «қазақ» атын қайтарып, жаңа астананы Қызылорда деп атау туралы ой тастады. Бұл дерек Алаш партиясы Ақмола облыстық комитетінің 1917 жылғы мүшесі, 1920-1921 жылдары Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақ Республикасы Ішкі істер халық комиссарының орынбасары, комиссар міндетін атқарушы, 1925-1926 жылдары Қазақ Ұлт театрының (қазіргі М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының) директоры Дінше Әділовтің ОГПУ тергеушісіне 1928 жылы берген көрсетуінде толық келтірілген. Идеяны Қазақ өлкепарткомының екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов Советтер съезі мінберінен жария етті де, делегаттардың қызу қолдауымен тиісті тарихи қаулылар қабылданды. Ал керегесі кеңейген жаңа Қазақстанда Қоңырқожа Қожықов күш-жігерін ғылым мен мәдениет саласына жұмсады. Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушылардың бірі және ғалым хатшысы болды. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының тарих секторында, ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімінде қызметтер атқарды. Сирек ұшырасатын шығыс қолжазбаларын жинастырды. Ежелгі ескерткіштерді зерттеу жөніндегі экспедицияларға қатысты. Ғылыми мақалалар жазып, оларды мемлекет қорғауына алу хақында мәселе көтерді. Атап айтқанда, Жетісу өңіріндегі көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды. 1936 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік көпшілік (қазіргі ҚР Ұлттық) кітапханасына Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазба кітабын тапсырды. Ол – 1935-1936 жылдары профессор Санжар Асфендияровтың жетекшілігімен жарық көрген екі томдық «Қазақтың өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты құрастырушылардың бірі.
Оның жұбайы Ләтипа Мұңайтпасқызы Лапина-Қожықова жастайынан қолөнер шебері ретінде танылған ісмер, әуезді дауысы бар әнші еді. 1921 жылы Ташкентте жиі өтіп тұрған Шығыс кештеріне қойылым әзірлеу барысында талантына куә болған Дінше Әділов 1925 жылы оны Қызылордада жаңадан құрылып жатқан Ұлт театрына жұмысқа шақырды. Содан Ләтипа кәсіби сахна өнерінің негізін қалаушылардың біріне айналды. Ол кейінірек, 1933 жылы музыка театрының да іргетасын қаласты. Опера театры өнерпаздарының құрамында 1936 жылы Қазақ Республикасының Мәскеудегі онкүндігіне қатысты. Қолданбалы өнердің майталман шебері ретінде ол әр кезде биік деңгейдегі құрметті қонақтарға сыйға тартылатын ұлттық көркем бұйымдарды мемлекеттік тапсырыс бойынша жасап жүрді. КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.
Қоңырқожа мен Ләтипа Қожықовтардың балалары да қазақ өнері тарихында өзіндік мәртебелі орындар иеленген белгілі тұлғалар болды. Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі, Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – атақты кинорежиссер ретінде мәлім. Қожықовтар әулеті, сөз жоқ, республиканың өнері мен мәдениеті тарихында өшпес із қалдырды, дегенмен әулет мүшелерінің қай-қайсысы да өздерінің мүмкіндіктерін мейлінше ашып көрсетті деп айта алмасақ керек. Өйткені саяси қуғын-сүргін науқаны оларды айналып өткен жоқ. Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылы Алматыда атылады. Артында төрт ұлымен қалған жары Ләтипа тағдырдың күллі тауқыметіне төтеп беріп, ошақ отын сөндірген жоқ. Сахна жасаулаушы және ұлттық киім-кешек үлгілерін жасап тігуші ретінде, өзі іргесін қаласқан бүгінгі Әуезов театрында – он бір жыл, одан, тап сол кәсіби мамандығымен Абай атындағы опера және балет театрында жиырма екі жыл бойы еңбек етті. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін әлемге танытқан өнерпаздар көшін бастап, алғашқы қарлығашы ретінде танылды. Балаларының төртеуі де қазақ өнеріне өзіндік бедер салған белгілі де қадірлі адамдар болды. Бірақ олардың өмір жолдары қиындықтармен астасып жатты. Әкесінің соңын ала Қожахмет Қоңырқожаұлы репрессияланды (сталиндік лагерьден ауыр науқасқа ұшырағандықтан ғана босатылды). Оның үш інісі Отанға адалдықтарын дәлелдеу мақсатымен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Алайда ұлттық кадрларға мұқтаждық ескеріліп, Құлахмет Қоңырқожаұлы әскерден шақырып алынды да, орталықтан Алматыға көшіріп әкелінген киностудияға орналастырылды. Дегенмен «халық жауының» баласы деген таңба ұдайы оның да, майдангер інілерінің де өмірі мен шығармашылығына ауыр салмақ түсіріп тұрды. Соған қарамастан ағайынды Қожықовтар жоғарыда айтылған салаларда мақтаныш етерліктей жетістіктерге жете алды.
Басында ірі қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы тұрған отбасы қазақ мәдениеті мен өнері тарихында өзіндік орны бар ерекше әулетке айналды. Осы әулеттің елге сіңірген еңбегін лайықты бағалай білу ләзім. Бұған қазіргі таңдағы жаңа һәм жасампаз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да міндеттейді. Қожықовтар әулетін ардақтау, әулет мүшелерінің қалдырған мұраларын жете танып, есімдерін есте қалдыру шараларын кеңейте түсуді ойластырған жөн. Осы ретте Қожықовтар әулеті атымен мәдениет институты секілді оқу орындарының бірін, жалпы білім беретін мектептерді атау, мұражайлардан арнайы залдар, бұрыштар ашу, қалалар мен елді мекендерден көше аттарын беру, басқа да ұлықтау жолдарын жүзеге асырған орынды болар еді. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне қажет. Қожықовтар әулетін мейлінше терең тану, сөз жоқ, бүгінде елімізде басымдыққа ие болып тұрған «Мәңгілік ел» идеясын баянды етуге де риясыз қызмет етеді.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты