300
Алға ұмтылған арман қала
Алға ұмтылған арман қала
Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап, көк байраған көкке көтергелі 26 жыл өтті. Қысқа мерзім ішінде Еуразия кеңістігінің орталығына айналып, интеграциялық процестердiң бастамашысы әрі белсенді қатысушысы ретінде топ бастады. Бұл түркі әлемі үшін де үлкен жетістік болғанын жасырмаймыз.
Егемендік орнаған алғашқы жылдарда ел экономикасының құлдырауы,
жоғары инфляция, жұмыссыздықтың артуы, технологиялық дағдарыс, тұралаған қоғам және халықтың алдағы күнге деген сенімінің әлсіреуі түйткілді мәселелердің түйінін тарқатпаса болмайтынын айқын ұғындырды. Шекарадағы шиеленіс, ішкі наразылық ел ішін бейберекетсіздікке бастайтын жағдайға итермеледі. Қазақ халқының саны 45 пайызды ғана құрауы тезірек ес жиып, етек-жеңді қымтау керектігін күн өткен сайын сезіндірді. Қиын-қыстау кезеңде халық болашақты көре білетін, тығырықтан алып шығатын көшбасшы керек екенін жүрекпен түсінді.
Сөйтіп қараша халық Нұрсұлтан Назарбаевқа тағдырын сеніп тапсырып, алға қойған міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды сапалы орындауға білек сыбана кірісті.
Мемлекет басшысы нақты мақсаттар межелеп, барлық сала бойынша 2030 жылға дейін қандай жұмыс атқарылатынын жан-жақты жоспарлады.
Сыртқы саясатта да бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына мән беріп, таразы басын тең ұстады.
КСРО-ның аса маңызды стратегиялық объектісі, Семей сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты.
Экономикалық және әлеуметтік салаларда да бірқатар жоба жүзеге асырылып, халықтың тұрмысы түзеліп, аузы аққа ілінді.
Сұңғыла саясаткерге тән жанкештілікпен қоғамның арбасын алға сүйреді, ұлт пен ұлыстармен ортақ тіл табысып, жарастықпен жақындастырды.
Елдің көпвекторлы сыртқы саясатын әлемнің барлық мемлекеттерімен достық, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағыттаған Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Қытай сынды алып көршілерімен тату-тәтті сыйласуда да шеберлік көрсетті. Халықаралық ынтымақтастықта да
мүлт кетпеуге мұқиятпен қарайды.
Ұлт лидері дегенде айналып өтуге болмайтын дүние – Ақмоланы астанаға айналдырып, облыс орталығының беделін азғантай уақыт ішінде жаһандық деңгейге жеткізгені.
Тарихқа көз жіберсек, 1830 жылдары Есіл өзенінің жағалауында құрылған әскери база дами келе, ауданға айналады. Бастапқыда келіп-кетіп жүрген саудагерлер бос жерлерге иелік етіп, кейін қала ішінде әскери қорғандар салына бастайды. Уақыт өте келе аймақтың геосаяси орталығы болады.
Кеңес одағы кезінде КРСО құйтұрқы саясатпен көз алартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын бидай қоймасы міндетін атқартқан шаһарға орыстармен бірге тұтқынға алынған Волга немістері тұрақтайды.
1939 жылғы санақ бойынша халық саны 33 мыңды құраған. Қазіргі таңда 1 миллионнан асты.
Астана – тиімді геосаяси орналасуымен, тоғыз жолдың торабында тұруымен, қажетті көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың болуымен, қаланы дамыту үшін бос жерлердің жеткіліктілігімен Алматыдан ауыстырылып, бас қала статусын иеленді.
Астана – Қазақстан Президентінің өңінде шындыққа айналған түсі.
Мега қала салып, 30 дамыған қаланың қатарына қоссам деген жүрек түкпірінде әлдилеген ақ арманынан туған.
Мемлекет басшысы ел ордасын Қазақстанның табысты даму моделі ретінде бағалайды. Халық жайлы өмір сүру үшін қала сәулеті көркейіп, инфрақұрылымы жасақталып, биік мақсаттарға талпыныс артты.
Халықаралық мамандар мен атақты архитекторлардың қолынан шығып, қуатты қалаға айналды.
Ұла дала перзенттерінің көшпелі тұрмыс-салты қала өмірінен көрініс тауып, уақыт сұранысына сай қайта жаңғырды. Кейбір сарапшылар бұл өзгерісті «Еуразия синтезі» деп атады. Көне қаланың жаңа келбеті
батыс пен шығыстың мәдени дәстүрлері үйлестірілген ерекше еуразиялық стильде шешім тапты. Орталық Азиядағы теңдесі жоқ шаһар атанды.
Астана символдарының да мәні терең. «Бәйтерек» – ұзақ жасайтын өмір ағашы, бейбіт күннің бойтұмары іспеттес.
«Бейбітшілік және келісім сарайы» – бірлік пен достастықтың алтын ұясы.
Пирамида пішінінде жобаланған ғимараттың биіктігі – 62 метр, ішінде 18 дәстүрлі діннің ғибадатханасы бар.
«Хан Шатыр» – әлемнің ең үлкен шатыры. Астананың 12 жылдығына орай ашылды. Орталық Азиядағы баламасыз ойын-сауық кешені.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми кеңсесі және Президент сарайы «Ақ Орда» деп аталады. Ғимараттың іші киіз үйге ұқсайды және мәрмәрдан салынған және басқа залдары бар.
«Нұр Астана» – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі.
«Атамекен» этносаябағы мен 2 мыңнан астам теңіз балықтарын тамашалауға болатын «Думан» ойын-сауық орталығы да сәулет өнерінің озық туындылары.
Әрине, бір мақалаға Астананың барлық кереметін сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен Елбасының өңінде шындыққа айналған түсі – Астана 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан «Әлем қаласы» атағына ие болғанын айта кетейік.
Бас қаланың көзге көрінбейтін тіршілігін медициналық кластерлер, дамыған технология мен түрленген туризм, тоқтаусыз құрылыс пен тасымалдау секторы қалағаны да ақиқат. Айналып келгенде барлық жобалар мен атқарылған шаруалар – Елбасы ұсынған ұтымды микроэкономикалық үлгілер.
Нергис БИРАЙ
Памуккале университетінің профессоры,
қазақ әдебиеттанушы-ғалым