ЖАҺАН НАЗАРЫНДАҒЫ АСТАНА

ЖАҺАН НАЗАРЫНДАҒЫ АСТАНА

ЖАҺАН НАЗАРЫНДАҒЫ АСТАНА
ашық дереккөзі
Астана Астана болғалы қазақ ақпарат кеңістігінде оның аты аталмаған күні кемде-кем. Соңғы 20 жылда талай әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғалардың ордасы болғаны да рас. Ал жаһандық ақпарат құралдары Қазақстанның елордасы жайлы не жазып, нендей хабар таратып жүр? Бұл сұраққа жауап беру үшін кішігірім академиялық ізденіс жасауға тура келді. Әуелі әлемдік ағылшын тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының, ғаламтор сайттарындағы барлық материалдарды жинақтап, сақтап отыратын британдық nexis.com дереккөзіне жүгіндік. Сұраныс сипаты: 1998 жылдың 2 шілдесі мен 2018 жылдың 2 шілдесі аралығында жаһандық деңгейдегі ақпарат көздерінде ағылшын тілінде жарияланған және тақырыбында «Астана» деген атау кездесетін барлық материалдар. Егер тақырыбы ғана емес, мәтін бойынша сұрау салсақ, Астананың аты аталған мақала, жаңалық, репортаждардың саны 3000-нан әлдеқайда асып кететін болды. Соның өзінде белгілеген сипаттама бойынша табылған материалдардың саны – 2144. Іздеу 1998 жылдан бері жасалғанымен, Астана жайлы тұшымды материалдың жарияланған бергі шегі 2002 жыл екен. Яғни, соңғы он алты жылда беделді мерзімді басылымдар мен ғаламтор сайттарында тек ағылшын тілінде жарияланған 2144 материалдың тақырыбында «Астана» атауы бар деген сөз. Әлбетте, бұл бір ғана дереккөз болғандықтан, Астана туралы барлық жарияланымдардың санын білдірмейді. Есесіне, жаһандық ақпарат кеңістігінде қай басылым Астана туралы қандай хабар таратып жатқаны туралы жалпы мағлұмат береді. Мысалы, осы ізденістің нәтижесінде біз тұжырған жайт: соңғы он жылда Астананың аты әлемдік БАҚ-тарда негізінен төрт тақырыпқа байланысты аталған екен. Оның ішінде ең көп талқыланғаны – Астанада 2017 жылдың қаңтары мен 2018 жылдың мамыры аралығында өткен Сирия келіссөздері және 2017 жылғы Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі. Бұдан кейінгі орынға спорт жаңалықтарын қоюға болар. Төртінші тақырып – 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты оқиғалар. Бұл хабарларды таратушы негізінен британдық BBC Worldwide Monitoring сайты және катарлық Al Jazeera English жаңалықтар қызметінің веб-сайты. Тағы бір атап өтерлік жайт, Астанаға қатысты ағылшын тіліндегі жаңалықтардың жартысына жуығын Ресейдің ITAR TASS ақпарат агенттігі таратады екен. Міне, осы үш ақпарат көзі Астана жайлы үзбей хабар беріп отырады деуге болар. Сонымен, nexis.com дереккөзіндегі 2144 материалдан мазмұны мен өзектілігіне қарай 174 мақала мен репортаж осы шолу үшін сұрыптап алынды. Олардың ішінен, дүниенің түкпір-түкпірінде Қазақтың елордасына қатысты жарияланған материалдардың ең сүбелісін әрі Астананың жаһандық фокустағы бет-бейнесін елестетуге сеп болар деген материалдарды топтастырып, аударып беріп отырмыз. Әділдік үшін, сыни не жағымды деген іріктеуден аулақ болуға тырыстық, себебі «сырт көз – сыншы» екеніне шын сенетін болсақ, онда өзіміз жайлы айтылған кез келген пікірді естуге дайын болғанымыз жөн. Онда да кейбір шетелдік авторлардың экзотикалық ел деп таңсық көретін әдеті немесе кешегі кеңестік қоғамның кемшіліктерін іздеуге бейімділігі болмаса, Астана жайлы ақпараттар ағынының жалпы бағыты – халықаралық оқиға орнынан хабар беру, жас шаһарды таныстыру мақсатындағы бейтарап материалдар. Ізденісіміздің нақтылығына көз жеткізу үшін материалдардың тақырыбы қаз-қалпында жазылып, оның аудармасы қосымша беріліп отыр. Оның үстіне біз қандай да бір материалдың жалпы мазмұнынан бөлек, дәл Астанаға қатысты тұстарынан үзінді қиып алдық. Олардың бәрін көзі қарақты оқырман ғаламтордан тауып, толық нұсқасын оқи алатынын ескертеміз. Осылайша хронологиялық тәртіппен оқып шыққанда, Астананың біз куә болған шежіресі сырт көздің сипаттауымен көз алдыңызда көлбеңдейді.   The Independent (Британия): In Foreign Parts: Astana: In The City Of Dead Souls, The Children Just Play On Шетелдік аймақтарда: Астана: жаңа қалада балалар музыка ойнайды 9 сәуір, 2002 жыл Майкл Черчтің (Michael Church) бұл мақаласы 2002 жылы Астанада өткен камералық музыка байқауынан кейін жазылған. Ол осы байқауға қазылық жасауға шақырту алғанда қатты таңғалған көрінеді. Өз сөзімен айтқанда, оның сол кездегі Қазақ­стан туралы пікірі мынандай: «Жер көлемі жағынан Батыс Еуропаға пара-пар, бірақ тұрғын халқының саны Лондон тұрғындарының жартысына жетпейтін, ірі мұнай-газ өндіруші мемлекет, мұсылман экс-көшпенділер елі, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Тәжікстанмен шекаралас, кеше ғана советтік ядролық бомбалардың сынақ алаңы болған ел, бірақ жас Менухиндердің отаны болуы неғайбыл». Осындай оймен Астанаға келген автор қазақ елордасы мен қазақ музыкасы жайлы бірқатар «жаңалық» ашады. Оның көзімен қарағанда, 2002 жылғы Астананың көрінісі мынандай еді: «Астана адам нанғысыз – бұл әсерді жергілікті газеттегі мақаланың тақырыбы одан әрі үстей түседі: «Өлі жандар: жұмыссыздық көрсеткіші әлі де қолдан жасалады». Қаланың аты «астана» деген мағынаны береді, осыдан үш жыл бұрын президент Назарбаев жалпы жұрттың қорқынышына қарамастан, космополиттік Алматының орнын осынау желі азынаған қалалық оазис басу керек деген шешім қабылдағанға дейін бұл жай ғана сұрқай көрініс еді». Иә, Астананың Астана болуы оңайға түскен жоқ. Ешбір астана бір күнде салынбаған. Newsweek (АҚШ): Money Changes Everything; Lots of oil cities are doing well, none as weirdly as Astana Ақша бәрін өзгертеді; Мұнайлы қалалардың бәрі жайнап, өсіп жатыр, Астана ешқайсысына ұқсамайды 27 маусым, 2006 жыл «Әлемнің әр түкпіріндегі мұнайлы қалалардың бәрі күтпеген табыстың астында қалды, бірақ тек Қазақстанда ешкімде жоқ өзгеше нәрсе бар. Бұл – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенті, ол 1997 жылы ел астанасын Қытай шекарасына жақын орналасқан Алматыдан мемлекеттің жағрапиялық орталығына қарай көшіру туралы шешімін жариялаған болатын. Министрліктер, елшіліктер мен мемлекеттің мұнай компаниясының кеңселері әкімшілік пәрменнің күшімен қоныс аударды. Жеке кәсіпкерлер мен адамдар қанша шағымданса да, олардың соңынан ілесті. Назарбаевқа «Жоқ» деп айтуға болмайды. Астана қаласында қазір 600 000 адам тұрады, болашақта мұнда 1,5 миллион адам өмір сүреді деп межеленіп отыр». Сыншыл Оуэн Мэтьюздің (Owen Matthews) құлағына кейбір ғимараттардың «ел аузында» жүрген «лақап» аттары жеткен екен. «Бір ғимаратты тұрғындар «Титаник» деп атайды, оның іргетасына айтарлықтай сызат түскен, ал суға батқан ресейлік кеменің атымен «Курск» деп аталған тағы бірі өзен жағасына өте жақын жерде тұр. Мамыр айында «Зажигалка» деп аталған биік үйден өрт шықты. Бұл көксегені көкте болған асқақ қала үшін жаман ырым емес шығар деп үміттенеміз». Жас қалада жаппай құрылыс салынып жатқан жылдары астаналықтардың жаңа ғимараттарға көз үйрете алмай, олардың кейбіріне «ат» қойып, айдар таққаны есімізде. Бүгінде мұның бәрі естелік әрі шежіре. The Daily Telegraph (Британия): Architectural-showcase Astana becomes a top shopping city Архитектуралық айшықты Астана басты сауда орталығына айналады 18 желтоқсан, 2010 жыл Дэвид Уизерспун (David Witherspoon) Астананың қаржылық және сауда-саттық саладағы жетістіктерін тізбелейді: «Соңғы онжылдықтағы футуристик құрылыстардың арқасында 12 жастағы Астана Қазақстанның архитектуралық айнасы ретінде танымал болды… Енді Астана сауда-саттық орталығына айнала бастады. Қазіргі ірі жеті орталықтың көбісі елорда 1996 жылы Алматыдан Астанаға көшірілген кезден бастап салынған. Мұнда еуропалық немесе америкалық сауда орталықтарына тән нәрселердің бәрін табасыз – жоғары сапалы киім-кешек пен басқа заттар, мультипликациялық театр кешендері, балаларға арналған ойын алаңдары және тамақ ішетін орындар». Ірі сауда орталықтары қатарында Хан Шатыр, Керуен, Азия Парк ғимараттарын суреттеп өткен автор «Артем» сияқты базарға да бас сұққан көрінеді. Оны тіпті, британдық Tesco немесе америкалық Wal-Mart супермаркеттер желісіне ұқсатады. Киім-кешек базары ғана емес, кітап дүкендері мен толып жатқан кофеханаларды аралап шыққан автор өз мақаласын: «Астанада көптеген сауда орталықтарының бой көтеруі, америкалық және еуропалық стильдегі арнайы дүкендердің салынуы бұл қаланың көркейіп келе жатқанын көрсетеді» деп тұжырған екен. Әлбетте, бұл мақала жарияланғалы бері соңғы сегіз жылда шаһар бұрынғыдан да кемелденіп, айшықтала түсті. Әсіресе, Астанада кітап дүкендерінің көп екені зор қуаныш. The Daily Telegraph (Британия): Move over Superman, it’s time for Astanaman; A competition has started in Kazakhstan to create a superhero named after the former Soviet state’s capital city, Astana - Astanaman Супермэнді қойыңыз, Астанамэн алға шықсын Қазақстанда бұрынғы советтік мемлекеттің елордасы Астананың құрметіне аталған супер батыр – Астанамэннің бейнесіне байқау жарияланды 17 мамыр, 2012 жыл «Әлем Супермэн, Өрмекші адам, Ғажайып әйел, Бэтмэн және басқа да америкалық әйгілі кейіпкерлердің басынан өткен шытырман оқиғалары туралы оқып-білді, енді, шамасы Астанамэннің уақыты келген сияқты» деп басталған материалды жымиыссыз оқу әсте мүмкін емес. Иә, бізде арманның түр-түрі бар, болған, бола да беретін сияқты. Әңгіме 2012 жылы 1-3 шілдеде Астанада өткен экшн фильмдер фестивалінің қарсаңында жарияланған ArtFest байқауы туралы. Жастарға арналған фестиваль талантты өнерпаздарды костюм, анимация, видео және комикс байқауында бақ сынауға шақырған болатын. Осы байқау қорытындысында «Астанамэннің» бейнесі анықталуы тиіс еді. Астананың ғажайып батырын (супергерой) елестете алмаған Джеймс Килнер (James Kilner) қаланың өзі туралы былай дейді: «Қазақстан астанасы 1997 жылы Ақмола ауылының негізінде тұрғызылды. Ол әркез Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті жобасы ретінде қарастырылатын. Бұл қала елсіз далада орналасқан әрі оның қысы суық, жазы ыстық келетін климаты қатал жер болса да, мыңдаған адамдар осында көшіп келді. Елшіліктер мен ірі шетелдік инвесторлар билік орталығына жақын болу үшін өз кеңселерін Алматыдан Астанаға ауыстырды. Содан бері қазақ тілінде «астана» деген мағына беретін Астана осынау Орталық Азиялық мемлекеттің бейресми брендіне айналды». Ал «Астанамэннің» бейнесіне кім таңдалғанын білгіңіз келсе, келесі материалды оқыңыз. The Daily Telegraph (Британия): Kazakh capital picks its own superhero; Judges at the Astana action film festival have picked a reinvented 18th century Kazakh warrior leader with magical powers to be the city’s new superhero Қазақстан астанасы өзінің супер батырын таңдады: Астана экшн фильмдер байқауының әділ қазылары 18 ғасырдағы ханның жаңартылған, сиқырлы күш біткен бейнесін Астананың жаңа супер батыры деп таныды 16 шілде, 2012 жыл Джеймс Килнер астаналық батыр бейнесін таңдау тақырыбын жалғастырып, өз оқырмандарына «Астанамэнді» таныстырады. Сол жылғы ArtFest байқауының қорытындысы бойынша, Астананың символына айналуға лайық бейне деп Әбілқайыр хан таңдалыпты. Бірақ бұл тарихи тұлғадан гөрі қиял-ғажайып кейіпкерге көбірек ұқсайды. «Жеңімпаз команда түсірген қысқаметражды фильмде Әбілқайыр, қазақтың ханы әлде патшазаданың атымен аталған кейіпкер, сиқырдың күшімен осыдан 300 жыл бұрынғы даланы аралап, одан соң бүгінгі заманға өтіп, зәулім үйлер мен даңғыл жолдары бар бүгінгі Астананы алаңсыз тамашалайды. Шын өмірде қазақтарды жат әскерге қарсы бастаған Әбілқайыр сияқты, ол өзінің сиқырлы күшін пайдаланып, Астананы зұлым қылмыскерлерден қорғайды. Сондай-ақ, ол Астананың архитектурасына тамсанады, бұл – Совет Одағынан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері осы елді басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті жобасы» дейді британдық журналист. Астананың аты аталған материалдарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталып, қалаға оның «сүйікті жобасы» (түпнұсқа бойынша: «pet project») деп айдар тағу жиі кездесетінін оқырмандарымыз аңғарған болар. The Business Times Singapore (Сингапур): Deepening mutual respect and trust; Astana plays host to congress that aims to improve ties between religious communities Өзара құрмет пен сенімнің артуы: Астанада діни жамағаттар арасындағы байланысты жақсартуға арналған конгресс өтіп жатыр 7 маусым, 2012 жыл Қазақстан 2003-2015 жылдар аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес дүркін Съезін өткізді. Биыл 10-11 қазанда алтыншы құрылтай шақырылуы тиіс. Сингапур газеті 2012 жылы Төртінші съезд туралы арнайы мақала жариялап, оқиға ордасы Астананы былай сипаттаған: «Алғашқы Конгресс Астанада 2003 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша ұйымдастырылды. Содан бері Конгресс үш жылда бір рет Қазақстанның жаңа астанасында, Еуразияның географиялық кіндігі – Астанада өткізілді. Бұрынғы советтік республика болғандықтан, коммунистік партия тұсында «халықтар достығы лабораториясы» саналған бұл ел көптеген ұлттар мен ұлыстардың, діни топтардың жаңа отанына айналды». Астана – Еуразияның кіндігі әрі халықаралық маңызды оқиғалардың ордасы екеніне дау жоқ. The Independent (Британия): Council investigating ‘cannabis plants growing’ in Kazakhstan capital of Astana; Kazakhstan has the perfect climate for growing cannabis Қалалық кеңес Қазақстан астанасында «қарасораны өсіру» оқиғасын зерттеуге кірісті; Қазақстан климаты қарасораны өсіруге өте қолайлы 29 мамыр, 2015 жыл Сенсация қуған кейбір британдық басылымдардың «Астанада қарасора өсіп тұр» деп дабыра көтергені есімізде. Кашмира Гандер (Kashmira Gander) үш жыл бұрын бұл туралы былай деп жазған екен: «Қазақстандағы кеңес елордадағы гүлзарларда мыңдаған қарасораның қалай егілгенін зерттеуге кірісті. Астанадан жеткен суреттерде қарасораға ұқсайтын жасыл өсімдіктер үлкен аумақты алып, жайнап тұр. MailOnline сайтының хабарлауынша, олардың дені Әуезов пен Жангелдин көшелерінде, тіпті Өмір Ағашы деп аталатын ескерткіш алдында өсіп тұр» дей келе, «Қазақстанның климаты қарасораның өсуіне өте қолайлы аймақ» деп аяқтайды. Жиырмаға енді толып жатқан Астананың кешегісінде мұндай ыңғайсыз жайттардың болғаны рас. Ал бұл оқиға жас шаһардың әрбір өзгерісін бағып отырған сырт көздің бар екенін анық көрсетіп берді. Сондықтан етек-жеңді жиып, аспай-саспай тіршілік етуді үйренген жөн-ақ. The Straits Times (Сингапур): Modern city on the rise; Astana, Kazakhstan, may be only 30 per cent complete but it already offers plenty of grand architecture for tourists to take in Заманауи қала бой көтерді: Қазақстандағы Астана, бәлкім, тек 30 пайыз салынып болған шығар, бірақ қазірдің өзінде туристерге көптеген айтулы архитектуралық шешімдерді тарту етеді 25 қазан, 2015 жыл «Егер сіз қандай да экзотикалық мекенге барғыңыз келсе, бірақ туристер сапырылысқан жерден алыс болғыңыз келсе, онда Қазақстанға саяхаттаңыз» деп басталатын материал бастан-аяқ Қазақстан мен оның Астанасын жарнамалауға арналған. Елорда туралы үзінді келтірсек: «Ел астанасы – әуелі ат басын тіреуге лайық ең жақсы мекен, бұл – елдің солтүстік-батысына жақын орналасқан Астана. Қаланың адуынды, айшықты архитектурасы қадам басқан сайын көз тартады. Шаһар символы 2002 жылы салынған, басында алтын жұмыртқа орналасқан ағаш бейнесіндегі әрі ескерткіш, әрі биік мұнара екеніне таңғалуға болмайды. «Бәйтерек» деп аталатын бұл ғимарат қазақ тілінде «алып терек» дегенді білдіреді. Аңызға сенсек, бұл ағаш қасиетті Самұрық құстың мекені, ол алып ағаштың ұшар басына өзінің алтын жұмыртқасын жасыратын болған». Бұдан әрі Хан Шатыр, Бейбітшілік пен келісім сарайы сияқты соны ғимараттарға сүйсінген автор қазақ елінде жылқы еті мен бие сүтін ішкенін баяндайды. «Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, бие сүті қышқылтым келеді екен әрі сиыр сүтіне қарағанда жеңіл қорытылатын сияқты», – дейді ол. Сингапурлық журналист Астанадағы «Фархи» мейрамханасында бір кесе қымызды 750 теңгеге сатып алып ішкен екен. Al Jazeera (Катар): Kazakhstan: Capital Astana paralysed by cold weather Қазақстан: Астана суық ауа-райының кесірінен қимылсыз қалды 19 қараша, 2016 жыл Суыт хабар жеткізген репортаждан: «Қазақстан астанасын суық ызғар құрсауға алды. Бұл аптада Астанада мектептер төрт күн қатарынан жабық болды, яғни ауа температурасы 32 градусқа дейін төмендеп кетті. Суық құрсау аяқ астынан басталды, сағатына 55 шақырым жылдамдықпен соққан желдің кесірінен ауа температурасы минус 4-тен минус 14-ке дейін құлдырады. Одан бері тағы суыта түсті. Минус 4 градус онша суық деп саналмауы мүмкін, бұл Астанада қараша айындағы әдеттегі орташа градусқа өте жақын. Бірақ алдағы айларда температура одан әрі төмендейді деп болжанып отыр. Астана – Моңғолиядағы Ұлан-Батырдан кейінгі әлемдегі ең суық астаналардың бірі». Осы сөздердің өзінен суық ызғар сезілетіндей… Астаналықтардың арасында «Бірінші қыстан аман шыққан адам одан кейін бұл қаланың қандай да суығына бой үйретеді» деген сөз бар. Осылай деп, өздерін өздері жұбатады. The Washington Post (АҚШ): The strange and very cold city of Astana could be where Syria’s war is solved Өте таңсық әрі суық қала Астана Сириядағы соғысты тәмамдайтын мекен болуы ықтимал 28 қаңтар, 2017 жыл Қазақстан былтыр 23-24 қаңтардан бастап, биылғы жылдың 14-15 мамыры аралығындағы бір жарым жылда Сирия мәселесіне қатысты тоғыз дүркін бейбіт келіссөздер өткізді. Бұл келіссөздердің дайындығы, барысы мен қорытындысы туралы әлемдік деңгейдегі беделді ақпарат құралдары жан-жақты хабар таратты. Соңғы кезде елорданың аты аталғанда, осы «Астана келіссөздері» тіркесі қатар айтылатын болған. Америкалық басылымның бетінде Лиз Слай (Liz Sly) осы келіссөздер алаңқайы ретінде таңдаудың неге басқа қалаға емес, дәл Астанаға түскені жайлы өз пікірін жариялапты: «Қазақстанның қарлы, футуристік астанасы Таяу Шығыстың бір бөлігі саналатын, алыс жатқан Сирияда бейбітшілік орнатуға талпыныс жасауға таңдалуы қисынсыз көрінуі мүмкін. Астананың аты аталғанда оның қыста ауа температурасы Фаренгейт бойынша минус 40 градусқа дейін төмендейтіні, яғни әлемдегі ең суық екінші астана екені еске түседі (Ең суық астана – Ұлан-Батыр, Моңғолия). Сонымен қатар, бұл – Орта Азияның елсіз даласында бой көтерген, шыны, құрыш пен алтыннан құралған су жаңа агломерация. Дегенмен соңғы жиырма жылда Қазақстанның асқақ армандарының ғана емес, Ресейдің орасан зор ғаламдық мүддесінің айнасына айналған Астананы таңдауда белгілі бір қисын бар сияқты. Осы аптада өткен бейбіт келіссөздердің нәтижесі – Астана оқ атуды тоқтату барысын бақылайтын әскери механизмнің штаб-пәтеріне айналуы тиіс. Оқ атуды тоқтату біртіндеп Сириядағы соғысты тоқтатуға әкеледі деген үміт бар». Келесі келіссөздер Ресейдің Сочи қаласында жалғасатын болды. The Korea Herald (Оңтүстік Корея): Astana Expo harbinger of future energy politics Астана-ЭКСПО болашақ энергетикалық саясатын таныстыру 19 маусым, 2017 жыл ЭКСПО-2017 көрмесі халық­аралық ақпарат кеңістігінде кеңінен талқыланды. Әлбетте, әрбір елдің тілшілері ең әуелі сол мемлекеттің ұлттық павильоны мен «Болашақтың қуаты» деп таныстырылған балама қуат көздеріне қатысты ғылыми-технологиялық жобалары жайлы хабар таратты. Ал Оңтүстік Кореялық басылымда жарияланған мына мақалада Қазақстанның «Нұр Әлем» павильоны сипатталған екен. Үзінді келтірсек: «Адамдар Астана халықаралық көрмесінің қақ ортасында орналасқан, жарқ-жұрқ еткен «Нұр Әлем» атты Қазақ павильонының ішіне өтіп, сфера пішінінде салынған ғимараттың футуристік дизайнына тамсанады. Бұл әлемдегі ең үлкен сфера-ғимарат әрі Қазақстанның баламалы қуат көздерін дамытуға қатысты ұстанымы мен жоспарын айшықтап тұрғандай. Жерден биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метр болатын ғимарат осы Орталық Азиялық мемлекеттің өзін бейнелей ме?». Belfast Telegraph Online (Британия): Who are Astana, Celtic’s Champions League opponents? Селтиктің Чемпиондар Лигасындағы қарсыласы кімдер? 4 тамыз, 2017 жыл Астана туралы жазылған материалдардың дені спорт тақырыбына қатысты екенін айттық. Былтыр шотландиялық «Селтикке» қарсы ойнаған Астана футбол командасы жайлы хабар жеткенде, Қазақстан елордасына назар күшейді. Осыған орай, Гарет Ханна (Gareth Hanna) астаналық командаға қатысты өзіне мәлім мәліметтерді жария етіп, қала туралы былай деп жазған екен: «Астана Глазгодан өте алыс. Астана, Қазақстанның астанасы, Глазгодан 3924 миль қашықтықта орналасқан. Бұл қалаға жеңіл көлікпен баруды ойлаған жанкүйерлерге айтарымыз, бұл сапар көлікпен 72 сағат, ал жаяу бару 1096 сағат уақыт алады. Сәттілік тілейміз». Өз тарапымыздан айтар болсақ, Глазгодан Астанаға ұшақпен жету де оңай емес. Тікелей рейс жоқ болғандықтан, ұшақ ауыстырып, кем дегенде 8-11 сағат аралығында жетуге болады. Анықтама үшін айталық, Лондон – Астана тікелей рейсінің ұзақтығы – 6,5-7 сағат. Jerusalem Post (Израиль): An excursion through Astana Астанаға экскурсия 5 қаңтар, 2018 жыл Қазақстан елордасының мақтауын асырған материалдардың бірін Адам Рассон (Adam Rasson) жазған екен. Басқа авторлардай Хан Шатыр, Бәйтерек сынды ғимараттармен оқырмандарды таныстырып өткен соң, ол: «Қай жерде жақсы тамақ ішуге болады?» деген сұраққа арнайы тоқталып, өзі былай деп жауап береді: «Қазақстан бұрынғы совет республикасы болғанымен, әрі мұнда орыс мәдениетінің ықпалы зор болғанына қарамастан, бұл елдің өзіндік дәстүрлі тағам түрлері бар. Бешбармақ – қазақтың ұлттық тағамы, оны жайма нан, суға пісірілген қой еті немесе жылқы еті және жуа қосқан тұздықтан жасайды. Оны Астанадағы бірнеше мейрамханалардан татып көруге болады, оның ішінде Хан Шатырға жақын орналасқан Кишлак мейрамханасында осы асты дайындайды. Вегетариандар үшін жергілікті тағамның бірқатар түрлерін табуға болады, әйтсе де, көптеген қазақ тағамдарына ет қосылады. Бірақ жаңадан ашылған Veggie Cafe 108 мейрамханасы жергілікті вегетариандық тамақтар пісіреді, мысалы манты, тұшпара деген сияқты». Иә, Астанада түрік, ұйғыр, итальян, қытай, жапон, орыс, кәріс т.б. көптеген ұлттардың мейрамханаларын, оған қоса әлемдік фаст-фуд желілерінің түр-түрін оңай табуға болады. Бірақ шетелдік туристер өздеріне таңсық тағамдардың дәмін татуға үйір екенін ұмыта береміз. Қазақтың ұлттық тағамдарын олар үшін жеңсік асқа айналдыру қиын емес. Бар болғаны Астанада ұлттық мейрамхана, дәмханалардың санын арттыру керек.

Ұлыбритания, Ньюкасл