5 Шілде 2018, 03:23 1280 0 Заң Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Түркістанды түлету – түркі жұртының асқақ арманы

2018 жылдың 19 маусымы. Тарихи сәт. Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойған күн. «Бүгін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғалы отырмын. Бұдан былай бұл өңір Түркістан облысы деп аталатын болады. Осы әкімшілік аумақтың құрылымына өзгеріс енгізу арқылы бұл өңірдің өркендеуіне тың серпін беруді көздеген тарихи құжат болып саналады», – деп атап өтті.

Көне тарихтан – жаңа ғасырға

Бұл жаңалық күллі түркі жұртын, әсіресе түркістандықтарды ерекше қуантты. Бөркін аспанға атып, шаттанбаған адам кемде-кем. Сол күннен бастап өңір халқы Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Елбасының Жарлығын ел болып мерекелеп, атап өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстағы ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ежелден қазақ хандығының орталығы, күллі түркі жұртының рухани ордасы, мәдени астанасы атанған құт мекеннің облыс орталығына айналуының мән-мағынасына тоқталды.

«Сіздерді көне шаһар Түркістанның облыс орталығы мәртебесін иемденген тарихи сәтімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз атап көрсеткендей өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген шешімнің тарихи мән-мағынасы өте тереңде. Бұл қадам көне шаһардың қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің қайта жарқырап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына оң ықпал жасайтыны сөзсіз. 1500 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа тынысы ашылғалы тұр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, өңір басшысы Елбасы айрықша ықылас пен құрмет танытып, Түркістанды түлетуге ерекше мән беріп келгенін атап өтті. Мәселен, Елбасының тікелей ықпалымен 1991 жылы Түркістанда Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Бұл бастама қаламыздың түркі дүниесіндегі орнын тағы бір айшықтай түсті.

Сонымен қатар, 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына арналған дайындық шараларына ұласты. Атап айтқанда, 2000 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды.

2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы да осында өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды. Түркістан еліміздің Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары үшін сауда орталығы болса, сондай-ақ, қала «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан және бір жағынан Қытайға, екінші жағынан Ресейге қатынайтын темір жол торабы да бар.

Тамырын тереңге тартқан құт мекен – Түркістан 2017 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, осы жыл көлемінде қалада бауырлас халықтардың бірлігі мен мәдениетін паш ететін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Түркістан облысының  даму жоспары талқыланды

Елбасы Түркістан облысын құру туралы арнайы Жарлыққа қол қойғаннан кейін, өңірге алғаш рет сапарлаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты.

Жаңа облыс орталығының даму жоспарымен таныстырған Ж.Түймебаев Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында арнайы штаб құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жобасы, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын одан әрі жаңғырту жұмыстары баяндалды.

Мәселен, жаңадан жасалған бас жоспарға сәйкес қала аумағының көлемі 35 мың гектарға ұлғайған. Ал Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Оның 170 гектар аумағына әкімшілік-іскерлік орталық салынса, 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылатын болады. Аталған қалашықта 65 мыңға жуық тұрғын тұрады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа жоспарға сәйкес инфрақұрылымдық жүйелерді және көліктік-логистикалық бағытты дамыту жолдары қарастырылуда.

Бұдан бөлек, таныстырылым барысында  «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы баяндалды. Жоба Қ.А. Ясауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. «Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылды. Оның біріншісі «ТҮРКСОЙ» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.

Қаланың даму жоспарымен танысқан  Асқар Мамин аталған жұмыстардың орындалуы Үкімет тарапынан қадағаланатынын айтып, Мемлекет басшысы тапсырмасының тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін Үкіметтен мейлінше қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол сапары барысында Түркістан қаласы әкімдігінің жұмысымен және мемлекеттік қызметкерлерге арналған жатақхананы, сондай-ақ, қолданыстағы теміржол вокзалын да аралап көріп, болашақта атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша тапсырма берді. Бұдан былай киелі мекен – Түркістанға сапарлайтын туристер мен жолаушылар саны артпаса кемімейді. Сондықтан да теміржол, авто бекеттерді жарақтандырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды. Ол үшін цифрландыру талабына орай, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтау да күн тәртібінен түспек емес. Демек, Түркістан облысының туристік аймаққа айналуы хақында атқарылар шаруа да шаш-етектен.

 Киелі шаһарда әуежай салынады

Түркістан облысының даму стратегиясының бір бағыты – қаладан жаңа әуежай салу жұмысы. Бұл мәселеге ерекше тоқталған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласының облыс орталығы болуына байланысты шаһардың көлік инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға ерекше назар аударды.

Осыған сәйкес, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің, Қазаэронавигация мамандары мен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, сондай-ақ, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің және авиация саласы өкілдерінің қатысуымен басқосу өтті.

Кездесуде Түркістан қаласында алдағы уақытта әуежай салуға болатын аймақтардың авиациялық қауіпсіздік пен аэронавигация талаптарына сәйкестігі нақтыланды. Бұдан бөлек, атқарылатын іс-шараларды жоспарлау үшін зерттеу жұмыстарына қатысушылардың барлық ұсыныстары талқыланды. Айта кетерлігі, Түркістан қаласында жаңа әуежай салу мақсатында қажетті жер телімдеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың бұрынғы әуежайының жай-күйі қаралып, бірнеше нұсқалар талқылануда.

Осы тұрғыда құлаққағыс ететін бір жайт бар. ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен өткен комиссия отырысына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары О.Оразалин, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Нысанбаев, Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова, Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Бисенқұлов, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары О.Әбішев, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Е.Қожағапанов, Қаржы вице-министрі Қ.Баеділов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шаймова, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы М.Имандосов қатысты.

Осы басқосу барысында тиісті министрліктер мен мекемелерге Түркістан қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы салалық бас нобайын жасауды бастау туралы тапсырма берілді. 2018 жылдың 12 шілдесінде Бас жоспардың тұжырымдамасын дайындауға байқау жарияланды. Байқау екі айдың ішінде өтетін болады. Халықаралық сарапшылар тобы құрылады. Оған қатысуға отандық және халықаралық сәулетшілер шақырылады. Бас жоспар екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – 2035 жылға дейін, екінші кезең – 2050 жылға дейін. Биылғы қыркүйекке дейін Бас жоспардың тұжырымдамасы әзірленді. Үздік тұжырымдама анықталған соң, оны жүзеге асыру байқауы жарияланды.

Елбасы Жарлығына сай облыс орталығын Түркістанға көшіру жұмыстарын жоспарға сай жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылғанын айтқан облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған тапсырмаларды сәтті орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«Түркістан қаласын ауыз сумен, газбен, жылумен, электр қуатымен қамту, сонымен қатар кәріз жүйесінің құрылысы жобалары мен Түркістан және Кентау қалаларында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу, инфрақұрылымын дамытуға және туризм индустриясына басымдық берілу қажет. Рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 миллионнан астам адам келеді. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер.  Осы орайда, облыстың туристік әлеуетін толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек пойызын ашу да маңызды. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халық­аралық автовокзал құрылысын қарастыруды да жөн деп санаймыз. Сонымен қатар 8-10 айда негізгі әкімдік ғимараттарын аяқтап, оған дейін мемлекеттік қызметкерлердің баспана жалдау жайын бюджет есебінен шешу мәселесін ұсынамын. Қысқа мерзімде көпқабатты тұрғын үйлерді салуға еліміздегі ең ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр. Бүгінде көшіру шығындары мен қажетті ғимараттар мен баспана және өзге де мәселелер толығымен есептелді. Инфрақұрылымдық және транспорттық-логистикалық жүйелер зерттелді. Түркістан еліміздің батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін орталыққа айналған. Енді бұл тиімді бағытты жаңа деңгейде дамытуды қолға алуды қарастырамыз. Себебі Түркістанда ауыл шаруашылығын дамытуға климаттық жағдай өте ыңғайлы. Елімізді, әсіресе батыс аймақтардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар барынша күшейтілетін болады.  Түркістан облысының жаңадан құрылуына байланысты осындай ерекшеліктерді қамти отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қайта қарастыруымыз қажет», – деді Ж.Түймебаев.

Көне шаһар Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы үлкен жауапкершілік пен міндетті жүктеп отырғанын айтқан қала әкімі Ә.Өсербаев қаланың даму динамикасы мен логистикалық мүмкіндігін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

«Бүгінде қала тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда облыс орталығы болуына байланысты, қала халқының саны 250 мыңға дейін өскен жағдайда қажетті су көлемі тәулігіне 50 мың  кубты құрайды. Келешекте қаланы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су қоймалары салынуы қажет. Бүгінгі таңда қала халқының 26,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, тиісті қаржы бөлінген жағдайда 2019 жылдың соңында  тұрғындар толығымен газбен қамтылады. Ал қаламыздың жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын басты көшелерінде кептелістер орын алуы мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта  көшелердің енін 12-18 метрге дейін кеңейту қажеттілігі туындауда. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі қаланың ортасынан өткендіктен қала тұрғындары мен қонақтарының жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы ретте, қала ішінде орналасқан 18 шақырым республикалық маңызы бар жолды қала сыртына көшіру қажет», – деді Ә.Өсербаев.

Ал ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалатын жаңа бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды. «Біріншісі түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасының үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, Астана қаласын салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың тұжырымдамасының техникалық тапсырмасы мен бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып, қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасы әзірленген жобасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет», – деді Қ.Өскенбаев.

Түркістан қаласының дамуы бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеті тұрғанын айтқан ҚР Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов жалпы экономикалық көрсеткіштер бойынша бірқатар шаралар атқару керектігіне тоқталды. Оның айтуынша,  жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша бүгінгі күндегі көрсеткіш 1 млн теңгенің төңірегінде. Сол себепті жалпы экономика бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүру керек екені көрсетіліп отыр деді. Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин баяндамашылардың көтерген мәселелері назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасын тиісті деңгейде орындау үшін бар күш-жігерді салуды тапсырды. Сонымен қоса тиісті жоспар жасап, ұсыныс енгізуді сала жетекшілеріне жүктеді.

Шекарасы бекіген төрт аудан

Түркістан облысында құрылатын төрт ауданның шекарасы бекітілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22 маусымдағы № 362 қаулысына сай, Түркістан облысының жаңа құрылатын Жетісай, Мақтарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекаралары белгіленді.

Мәселен, аумағы 417074 гектарды құраған Сарыағаш ауданының шекаралары мынадай: Солтүстік шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы мен Қазығұрт ауданының әкімшілік бағынысындағы аумақтардың қолданыстағы шекаралары бойынша, ал шығыс шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының, қолданыстағы шекарасы бойынша және Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбрай ауданымен шектесетін Зах каналы арнасы арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы бойымен өтеді. Сондай-ақ, оңтүстік шекарасы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбрай, Ташкент, Занги ата аудандарымен шектесетін Келес өзені арнасы арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасымен және одан әрі Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында құрылатын Келес ауданының Біртілек, Ошақты, Бірлік, Жамбыл, Бозай ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары бойымен; ал батыс шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданымен шектесетін Сырдария өзені арнасы арқылы өтеді. Ал жаңадан құрылатын Келес ауданының аумағы 345129 гектарды құрайды. Оның шекара бөлінісіне келсек,  солтүстік шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысында құрылатын Сарыағаш ауданының Әлімтау, Дарбаза, Тегісшіл, Құркелес ауылдық округтері мен Көктерек кентінің қолданыстағы шекаралары; шығыс шекарасы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Занги ата мен Янгиюль аудандарымен шектесетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы; оңтүстік шекарасы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Чиназ ауданымен шектесетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы бойымен, одан әрі Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданымен шектесетін Сырдария өзенінің арнасы; ал батыс шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданымен шектесетін Сырдария өзені арнасы арқылы өтеді.

Келесі жаңа аудан – аумағы 104634,19 гектарды құрайтын Жетісай ауданы. Бұл ауданның шекаралары мынадай болып белгіленді. Атап айтқанда, солтүстік шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының Шардара су қоймасы бойынша; шығыс шекарасы құрылатын Мақтарал ауданының шекарасы арқылы; оңтүстік шекарасы Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы Ақалтын ауданының шекарасы бойынша өтеді; батыс шекарасы Өзбекстан Республикасы Жызақ облысы Фариш және Мырзашөл аудандарының шекаралары арқылы өтеді.

Ал келесі аудан – Мақтарал ауданы. Аумағы 80763,81 гектарды құрайтын ауданның шекаралары мынадай: солтүстік шекарасы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының Шардара су қоймасы арқылы; шығыс шекарасы Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының Сырдария ауданының шекарасы бойымен; оңтүстік шекарасы Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының Мырзаабат, Ақалтын аудандарының шекарасы; ал батыс шекарасы құрылатын Жетісай ауданының шекарасы арқылы өтеді.

Халықаралық туризмге қолайлы аймақ 

Үш ғасыр қазақ елінің астанасы болған Түркістанның Ақсақ Темір салғызған Қожа Ахмет Ясауи ғимаратына алты жүз жылдай  уақыт өткен соң, қаланың жаңа дәуірі басталды. Келешекте Түркістан түркітілдес халықтардың басын біріктіретін, қазақтың көне тарихын әлем жұртшылығына танытатын, туризмі дамыған үлкен рухани орталық болатынына сенім мол. Ал Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи ғимаратына жыл сайын  миллиондаған турист келеді деген болжам бар.

Түркістан қаласы мен Түркістан өңірі  бүтіндей Арал-Сырдария аймағына жатады. Бұл өңірде өсімдіктердің декоративті түрлерін аридті жағдайда интродукциялау,  қалалар мен  аймақтарды көгалдандыру тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экологиялық маңызға ие.

Осы мәселелерді шешу үшін  1994 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті маңынан аумағы 88 гектар аумақты құрайтын жаңа Ботаникалық бақ құрылды. Түркістан ботаникалық бағы  оқу-тәжірибелік  және ғылыми-зерттеу базасы, Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі мәдени-ағарту орталығы, қоршаған ортаны қорғаудағы, қалалар мен елді мекендерді көгалдандырудағы әдістемелік орталық, жеміс-жидекті өсімдіктердің ежелгі сорттарын сақтау және коллекциялық  питомнигін салу қажеттігі басым.

Келешекте  Түркістан-Қарнақ-Серт-Үкі­ашата-Үшөзен-Созақ жолын салып, электр жүйесін жүргізсе, экономикалық маңызы бар күрделі түйткілдер шешіледі. Қаратауға ел қоныстанып, мал басы тез өседі. Қожа Ахмет Ясауи-Үкіашата-Жылағаната-Балықшы-Созақ-Бабата-Домалақ ана жаңа туризм маршруты ашылады. Қаратаудың сұлу табиғаты «Жон» Түркістан мен Созақ халқының жазғы демалыс орнына айналады. Түркістан бұл жерден 60-70 шақырым. Мұнда қар қалың жауатынын ескерсек, шаңғы, тағы басқа спорт түрлерін ұйымдастыруға болады. Бұл мәселені  Түркістан облыс  басшылығы қолға алып, қыс пен жаз мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтары демалатын нысандар ашылса, құба-құп. Жергілікті тұрғындар экологиялық-экономикалық аудандардың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми даму жоспарын жасап, егін шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге, жеміс-жидек, көкөністің сапасын жақсартып, экологиялық таза өнім өндіруге болатынын айтады. Тіпті, бау-бақша өнімдерін өңдейтін кіші өндіріс орындарын салып, солтүстік аймақтарды жеміс шырыны және өрік қағымен қамтамасыз етуге болады.

Ал Күмісті асуы арқылы Түркістан-Созақ, Түркістан-Созақ-Қарағанды жолы салынса, теріскейге баратын жол екі есе қысқарар еді. Бұл арқылы Түркістанның экономикалық әлеуеті артып, ішкі туризмі дамиды.

Дайындаған

Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар