5 Шілде, 01:33 353 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Түркістан «жасыл» экономикаға бет бұрмақ

Оңтүстік халқы тығыз қоныстанған аймақ екенінен бөлек, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқан өңір. Соңғы кезде аймаққа шетелдіктер тарапынан құйылып жатқан инвестицияның көлеміне қарасақ, түрлі өндіріс орнының ашылып, жұмыссыздық көрсеткішінің едәуір азайғанын анық байқауға болады. Оның үстіне көпшілігі қол қусырып, қарап отыра алмайтын бейнеткеш жұрт қашан да кәсіптің көзін табуға құштар. Тіпті, мұнда келгенде алғашқы амандасқан адамыңыз шағын және орта кәсіпкерліктің белді өкілдерінің бірі болуы мүмкін. Себебі әрекет барда – береке, өсім барда – өрлеу бар.

Бүгінде күнгей халқы 3 миллионға жетіп қалды. Облыстық статистика департаментінің ақжолтай хабарына сүйенсек, облыстың халық саны 2950,6 мың адамды құрады. Халқы да, халқының әлеуметтік жағдайы да артқан өңірдің қай жағынан да алда екені белгілі.

Жақында Түркістан облысы құрылып, Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис санатына енді. Бұл өзгеріс өңір халқын бір серпілтіп тастады десе болғандай. Себебі қасиетті мекен – Түркістан қаласының тарихи мәртебесіне қайта ие болып, аты асқақтауы күллі түркі жұртына мақтаныш. Қазірдің өзінде қаланың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыру жөнінде келелі кеңес өткізіліп, жан-жақты дамыту қолға алынуда. Атап айтқанда, Түркістан облысында эко-қала салу мәселесіне басымдық берілді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Корея мен Астанадан келген делегациямен кездесіп, тараптар аймақтағы «Жасыл» экономика жобалардың іске асырылу барысын талқылады. «Оңтүстік» АИО бастамасымен шақырылған делегация құрамында Инчхон ұлттық университетінің құрметті профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, оңтүстіккореялық ғалымдар Ю Джае Чеон және Кванг-Дон Ким, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрағасы Айгүл Сағадибекқызы, G-Global Жасыл экономика және даму коалициясының төрағасы Салтанат Рахимбекова болды. Кездесу барысында облыс әкімі қатысушыларды өңірді дамыту жоспарларымен таныстыра отырып, облыс орталығы Түркістан қаласының болашақта түркі әлемінің ағартушылық және рухани даму орталықтарының бірі болатынын тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта Түркістан қаласы, аймақтық орталық бола отырып, инфрақұрылымдық жобаларды елеулі түрде дамытуды талап етеді. Инвестиция тарту дұрыс ұйымдастырылса, болашақта Орта Азиядағы инвестициялық бумның ең белсенді нүктелерінің бірі бола алатын осы бірегей қаланың даму әлеуетін бағалау қажет», – деді ол. Сондай-ақ, Түркістан аймағында эко-қалаларды құру және аймақты энергиямен жабдықтау, сондай-ақ, SuperGrid арқылы асқан энергияны ұзақ қашықтыққа экспорттауға бағытталған «жасыл» энергетика саласындағы жаһандық жобалар талқыланды. Бұл перспективалы жобалар аймақ басшысы тарапынан оң баға алды және кездесуден кейін облыс әкімі оларды дамыту және енгізу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

Қазақстанның «Жасыл» тұжырымдамасы шеңберінде аймақтың өршіл міндеттерін ескере отырып, «ОҢТҮСТІК» АИО Түркістан аймағында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің тұжырымдамалық бағдарламасын әзірлеп, Түркістанда пилоттық жобаны іске асыруды ұсынған болатын. Сапар барысында оңтүстіккореялық серіктестер Түркістан қаласындағы қатты қалдықтардың морфологиясын зерттеп, ынтымақтастық туралы ұсыныстарға қызығушылық танытты. Нобель сыйлығы лауреатының кезекті сапары Түркістан қаласындағы «жасыл» технологиялар негізінде жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту және технологиялар трансферті ретінде болуы жоспарлануда.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Түркістан облысының әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өзара меморандумға қол қойды. Бұл құжат облыс орталығы Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін дамытуға мол мүмкіндік бермек.

«Елбасы баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы жасыл экономиканы енгізуді үнемі айтып келеді. Міне, бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласы осындай жаңашылдыққа бет бұрғалы отыр. Ал жұмыстарды Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырамыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Бүгінгі күні ғылыми жетістіктердің арқасында барлық экологиялық мәселелерді іс жүзінде экономикалық тұрғыда шешуге болады. Сондықтан да «жасыл» технологиялар термині пайда болды. Өз кезегінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Рапиль Жошыбаев, орталық «жасыл» экономика объектілерінің ақпараттық жүйесін қалыптастыру бойынша жобаның тұжырымдамасын әзірлегенін жеткізді.

«Бұл мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын және қазақстандық кәсіпорындардағы жасыл технологияның енгізілуін, сондай-ақ, оның дамуын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін сұраныстағы өнім. Одан бөлек, жаңаша жүйе күн сәулесі, жел, су, биомасса және қалдықтардан баламалы энергия өндіру карталарын қамтиды», – деді Р.Жошыбаев.

Меморандумда аймақтың әлеуетін пайдалана отырып, Түркістан облысында шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар, құжатта қосымша энергия өндіру үшін, күн және жел электр станцияларының құрылысына инвестициялар тарту, энергияны және аудандық газбен жабдықтауда ресурсты үнемдейтін технологияларды қолдану, ауыл шаруашылығы саласындағы биотехнологияларды дамыту, таза сумен қамтамасыз ету жолдары қарастырылған.

Яғни, орталық «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мұрасының іс жүзіндегі жалғасы болып табылатын жаһандық «Silk road Super Grid» жобасын жүзеге асыруды ұсынуда. Бұл Қазақстандағы «жасыл» экономиканың ілгерілеуіне сүбелі үлес қосатыны сөзсіз. Ал егер жоба Түркістан облысында жемісті іске қосылса, жергілікті тұрғындар қуат көзінің балама түрін де қолданысқа енгізетіні анық.

Соңғы жаңалықтар