Төраға журналистермен жүздесті

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Дүйсенбі күні Сенат төрағасы мерекемен құттықтау үшін еліміздегі БАҚ басшыларымен кездесті. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. «Баршаларыңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, зор табыс тілеймін! Отанымыздың өркендеуі жолындағы игілікті істеріміздің берекелі болуына тілектеспін. Сенат депутаттары осы залда отырған ақпарат саласының майталмандарына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді, отансүйгіштік адамгершілік қасиеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше, олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде. Депутаттар сіздерді әрдайым мақтан тұтады», – деді Сенат төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында еліміздің халықаралық аренадағы беделінің биік болуы Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы екенін тілге тиек етті. Одан бөлек Сенат төрағасы Президент Жолдауында айтылған цифрландыру идеясының маңыздылығын халыққа жеткізуде журналистерге артылар жауапкершілік мол екенін айтты. Сонымен қатар, Сенат басшысы Елбасының «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын іске асыруда да ақпарат құралдарының рөлі айрықша екендігіне тоқталды. Журналистердің қоғамдағы рөліне жоғары баға берген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат құралдары өкілдеріне шығармашылық табыс тілей отырып, БАҚ өкілдерін Құрмет Грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Парламент Сенатының Құрмет грамотасына ие болғандар қатарында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасы Алан Әжібаев, «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп бар.

 

Back to top button