Түркістандағы құрылтай
Түркістандағы құрылтай
Халықаралық конференцияны Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ғылым бөлімі мен Саха Республикасы Біліктілікті көтеру институты ұйымдастырды.
Конференцияны университеттің 1-вице-президенті, профессор С.Айнурал мырза құттықтау сөзбен ашты.
Пленарлық мәжілісте университеттің Ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті, профессор Т.Райымбердиев, Ресей Федерациясы Саха Республикасынан келген қонақ Саха және Моңғолия республикаларының білім беру ісінің үздігі, «История Якутии» кітабының авторы Н.И.Васильев, ХҚТУ Тарих-педагогика факультетінің деканы К.Жетібаевтар құттықтау сөз сөйлеп жылы лебіздерін білдірді. Пленарлық баяндаманы профессор Қ.Ергөбек «Түркология және жастар», «Түркология» ҒЗИ директоры, профессор Д.Кенжетай «Түркілік мәдениет – Еуразия кеңістігінің өзегі», Ресей Ғылым Акдемиясына қарасты Дала ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері А.Г.Палкин «Евразийская концепция Л.Н.Гумилева» (Орынбор), Қырғыз Білім академиясының аға ғылыми қызметкері А.Элебесова «Қырғызстандағы миграциялық процестер: заманауи тенденциялар» тақырыптарында жасады. Конференцияға ғалымдар, ізденушілер, студенттермен қатар мектеп оқушылары да қатысты. Саха Республикасынан келген түбі бір туыстардың балғын шәкірттері қызықты баяндамалар жасап, өздерінің салт-дәстүрі мен ғұрыптарын айшықтайтын өнерлерін көрсетті. «Олонхо» деп аталатын бұл фольклорлық мұра біздің ежелгі жыршыларымызды еске түсірді. Алатаудан келген айырқалпақ ағайындар да жас «манасшыларды», тарих тереңіне бойлай білген талапты өрендерді алқалы жиынға ала келіпті. Бұл өрелі өрендерді бастап келген қырғызстандық әріптесіміз Айгүл Бейшанакунқызы. Түркістандық мектеп оқушылары Түркінің төрі, екі дүние есігі Түркістан жайлы тағылымды баяндамаларын оқыды. Пленарлық мәжілісте сөйлеген, осы басқосуды ұйымдастырушылардың бірі Н.И.Васильев: «Осыдан жеті жыл бұрын қолға алынған бұл құрылтай бүгін міне түркілердің түп ордасы Түркістанда өтуде. Біз бұған дейін Моңғолияда, Қырғызстанда, Татарстанда бас қостық. Біз тамырымыз тереңге кеткен, кезінде қолдан жасалған идеологиялық күштердің әсерінен алшақтап қалған ағайын жұртпыз. Міне, қазір төрт құбыламызды түгендеп жатқан кезде Түркістанға келіп тағзым етуді, бас қосып, құрылтай өткізуді жөн деп таптық», – деді.
Конференция 3 секцияда жұмыс істеді, алқалы басқосудың екінші күнінде «Түркологияның өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Университет тарапынан қонақтар мен үздік баяндамашыларға Алғыс хаттар, кәдесыйлар, естелік бұйымдар табысталды.
Ә.Тәшімова
Түркістан қаласы