«Қорғас ісі» ашық өтеді
«Қорғас ісі» ашық өтеді
Енді міне, ұзақ уақыт тергеу,
тексеру баспалдағынан өткен іс сотқа жіберілді.
Бас прокурор Асхат Дауылбаев та «Қорғас ісін» ел тарихындағы теңдесі жоқ
қылмысқа балаған. Ол істің көлемі 1,5 мың томды құрайтынын, әр томның
300 парақтан тұратындығын да тілге тиек етті. Әңгіме кедендік төлемдер
төленбеуі салдарынан қазынаға түспеген миллиардтаған бюджет қаражаттары
жөнінде болғандықтан, бұл қылмыстық іс жан-жақты тексеруге алынған.
Тіпті, Қаржы полициясының мәліметтеріне қарағанда, ұйымдасқан қылмыстық
құрылымдармен қатар топқа ақшалай сыйақыға құқық қорғау органдарының
бірқатар лауазымды тұлғалары қамқорлық жасаған көрінеді.
Алматыда өткен брифингте Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар
департаментінің бастығы Ұлықбек Патсаевтің мәлімдеуінше, 2007 жылдан
қылмыстық әрекетті бастаған топтың тек 2011 жылы әкелген және ұсталған
контрабандалық жүгінің құны – 1,5 миллиард теңгені құраған. «Қазіргі
уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін 45 тұлға қылмыстық
жауапкершілікке тартылды. Олардың 3-еуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
қызметкері, 15-і кеден қызметкері. Қылмыстық іс бойынша 42 айыпталушы
тұтқындалды. 3 тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат алу
түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бөлек шығарылған қылмыстық іс
бойынша 19 айыпталушыға іздеу жарияланды», – дейді ол.
Сонымен, Бас прокуратураның арнайы прокурорының жетекшілігімен
«Қорғас» қылмыстық ісінің тергелуі аяқталып, айыптау қорытындысымен
Алматы қаласының прокурорына жолданды. «Алматы қаласының прокуроры
айыптау қорытындысын бекіткеннен кейін іс үстіміздегі жылдың 12
сәуірінде Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған
ауданаралық әскери сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.
Айыпталушыларға және олардың қорғаушыларына көлемі 35 томды құрайтын
айыптау қорытындылары табыс етілді. Сотқа түскен қылмыстық істердің
көлемі 1576 томды құрады. Тергеу барысында ұлттық қауіпсіздік және
кедендік бақылау органдарының лауазымды тұлғалары қолдау көрсеткен
ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтың қылмыстық кестесі ашылды. Олар
өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, «Қорғас», «Қалжат»
және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық тауарларды
кедергісіз өткізуді қамтамасыз еткен», – делінген ҚР Бас
прокуратурасының хабарламасында.
Қытайдан Қазақстанға тауарларды контрабандалық жолмен кіргізу, қылмыстық
жолмен табылған ақшалай қаражатты алу және заңдастырудың схемасы
ашылып, айыпты тұлғалар анықталды. Кеден органдарының қорытындысы
бойынша 2011 жылы әкелінген және ұсталған контрабандалық жүктің құны 1,5
млрд. теңгені құраған. «Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық
қоғамдастықтың 2 жетекшісі және қылмыстық жолмен табылған ақшалай
қаражатты шоғырландырған 3 кассирі әшкереленді. Қылмыстық қоғамдастықта
атқарылатын рөлдеріне байланысты іс бойынша жауапкершілікке тартылып
отырған тұлғалардың қатарынан жалған ілеспе, сондай-ақ кедендік
құжаттарды дайындаумен айналысып келген 6 брокер, контрабандалық жүкті
алып жүру тобынан 8 адам, ҚХР-дан контрабандалық жүкті жіберуші 1 адам,
кедендік бекеттерде жалған құжаттарды пайдалану арқылы контрабандалық
жүкті кедендік тазартуды жүзеге асырған 8 айыпталушы анықталды», – деп
атап өтілген.
Белгілі болғандай, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 67
жылжымайтын мүлік нысанына, 162 автокөлікке, сонымен қатар банк
есеп-шоттарында, сейф жәшіктерінде сақталған 69 млн. теңгеге, 1,5 млн.
АҚШ долларына, 164 мың еуроға, құны 1,5 млн. теңгені құрайтын алтынның 8
троя унциясына (284,828 грамм), құны 2,6 млн. теңгені құрайтын
платинаның 10 троя унциясына (311,035 грамм), құны 1,1 млн. теңгені
құрайтын палладийдің 10 троя унциясына (311,035 грамм) тыйым салынды.
Атап айтқанда, айыпталушылардың тұрғын үйлерін тінту барысында 10,2 млн.
теңге, 354 мың АҚШ доллары, 70 мың араб дирхамы, 52 мың ресей рублі, 61
мың қырғыз сомы, 5 мың ағылшын фунт стерлингі сомасындағы қолма-қол
ақшалай қаражат, сондай-ақ ірі көлемдегі құнды заттар тәркіленген.
Қазіргі уақытта ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін 45 азамат
қылмыстық жауапкершілікке тартылса, олардың арасында ұлттық қауіпсіздік
комитетінің 3 қызметкері, кеден қызметінің 15 қызметкері бар. Қылмыстық
іс бойынша 42 айыпталушы тұтқындалып, 3 тұлғаға қатысты «ешқайда кетпеу
туралы қолхат алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бөлек
шығарылған қылмыстық іс бойынша 19 айыпталушыға іздеу жарияланды. Бас
прокуратураның мәліметінше, «Қорғас ісі» бойынша өтетін сот процесі ашық
өтеді деп жоспарлануда.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ