БАСПАНА ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

БАСПАНА ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

БАСПАНА ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?
ашық дереккөзі
281

 

Банктер арқылы
берілетін несиелер сол банктің қазынасын қалай да толтыруға бағытталған. Бірақ
Алматы қаласында көптеп бой көтерген жаңа тұрғын-үй кешендері көңілге үміт
ұялатады. Астанада да осындай кешендер көп. Бірақ тағы да… сатып алу жағы
бәсең, халық үшін тым қымбат. Мұндай баға қайдан алынады? Қазақстандағы бір
пәтердің құнына шетелден екі пәтер сатып алуға болады. Ел экономикасының
негізгі тірегі – орта тап екені белгілі. Нақ солар қаржы нарығын, тұтыну мен
еңбек нарығының ауыр жүгін арқалап жүр. Ондай болса неге осы тапқа арналған
пәтер жоқ?


Бәріне кінәлі

жер сілкінісі ме?

 style=

Алматы қаласында жылжымайтын мүліктің бағасы қашан да қымбат. Бірақ соңғы
кездегі жер сілкінісі оңтүстік астанадағы бағаның аптығын басты. Жаңа үйлер мен
екінші сатылымдағы үйлердің де бағасы 5 пайызға арзандады. Есесіне жер сілкіну
қаупі төмен Астанадағы үйдің бағасы шарықтап шыға келді.

Еліміздің оңтүстік шығыс облыстары сейсмикалық аймаққа жататыны белгілі.
Жылына білінер-білінбес 500-ге жуық серпілістер орын алып тұрады. Бірақ бұл
құбылыс халықты да, құрылыс компанияларын да ешқашан елеңдеткен емес. 1887,
1889 және 1911 жылдары қалада ең ірі тербелістер тіркелген және осы
тербелістердің қайталанар уақыты таяу. Ал қаладағы үйлердің сейсмикалық
қауіпсіздігі сын көтермейді. Кеңес одағы тұсында салынған көпқабатты үйлердің
сыры белгілі, тозығы жетіп, қабырғасы жарылып тұр. Ал 2000 жылдардан бері бой
көтерген зәулім кешендер зілзалаға төтеп бере ала ма?

Осыдан жиырма жыл
бұрын Қазақстанның оңтүстік астанасындағы ғимараттардың 50 пайызы сейсмотұрақты
нысанға жатқызылған, 25 пайызы қауіпті және қалған 25 пайызы қосымша зерттеуді
талап ететін нысандар ретінде тіркелген. Алайда осы жиырма жылдың ішінде дәп
осы оңтүстік астанада республика бойынша ең биік, ең алып ғимараттар
тұрғызылды. Сапасы мен қауіпсіздігіне әзірге ешкім баға бере алмайды. Құрылыс
компаниялары жапондық әдісті қолданып, су жаңа технологияларды енгіздік деседі.
Бірақ таяуда Жапонияда тіркелген 7 баллдық тербеліс заманауи қаланың күл
талқанын шығара жаздады. Ендеше Алматының да күлі көкке ұшпасына кім кепіл? Бұл
дақпыртты «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов те растап
отыр. «Әзірге сейсмикалық тербелісті дөп басып айтатын әдіс-тәсіл табылған жоқ.
Қаламыз 9 баллдық зілзала аймағында орналасқан. Егер де аяқ астынан жер
сілкінісі бола қалса қала қираған үйіндіге айналады, сондықтан қауіпсіз баспана
әзірлеген жөн», – деп кеңес берді ол.


Бағаны қолдан жасамайық

Жаңа
үйлердің бағасы қолжетімді болуы керек. Алайда жыл өткен сайын баға көтеріліп
келеді. Статистикалық агенттік төрағасы Әлихан Смайыловтың мәліметіне жүгінсек,
жаңа үйлердің бағасы 13,1 пайызға қымбаттаған. Алматыдағы жаңа тұрғын-үй
кешенінде 1 шаршы метр орташа есеппен – 245 мың теңге көлемінде. Қазір баға сәл
құлдырап, Астанамен теңескен. Онда шаршы метр – 217 мың теңге. Ал Шымкентте –
196 мың, Атырауда – 209 мың теңге. Қарап тұрсақ, республиканың осы өңірлерінде
тұрғын-үйге сұраныс бар, бірақ баға мегаполиспен бірдей.

Мәселен,
«Global building» компаниясы ұсынып отырған жаңа тұрғын-үй кешені жаппай
сатылып жатыр. Компанияның халық үшін белгілеген тиімді ұсыныстары бар. Соны
білу үшін біз де бардық. «Айдалада батпан құйрық» жатпасы белгілі болса да,
қалта көтере ме деген үміт болғаны рас. «Алтын бұлақ» кешенінде 3 бөлмелі пәтер
алу үшін жалпы соманың 25 пайызы алдын-ала төленеді. Қалған сома 7 жылға тең
бөлінеді. Оның ішінде – 1690 доллар – 1 шаршы метр, 250 доллар – жөндеу
жұмыстарына және 1200 доллар жалдау ақысы. Барлығы – 3140 доллар ай сайын 7 жыл
ішінде төленуі тиіс. Қарапайым халық үшін белгіленген тиімді шарттар осы екен.
Мұны кез келгеннің қалтасы көтермейтіні белгілі.

Жалпы
республикадағы тұрғын-үй бағасы жергілікті халықтың төлеу қабілеті мен
сұранысына тікелей байланысты. Сұраныс бар, бірақ халықтың төлеу қабілеті
төмен. Астанада екінші сатылымға қойылған үйлердің бағасы – 39 пайызға, ал
Алматыда – 18 пайызға жоғарылаған. Осы көрсеткішпен танысқан Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев құрылыс компанияларына қиын кезеңде қол ұшын созғанын еске салды.


2008 жылы барлық құрылыс компаниялары банкротқа ұшырағанда маған келіп, көмек
сұраған болатын. Сөйтіп, Алматыда шаршы метрін – 1200 долларға, ал Астанада – 1
000 долларға салды. Енді не боп қалды? Өзіндік құны қалайша өсіп кетті?
Бәсекелестіктің жоқтығы, бір ғана компанияның барлық нысанды өз қолына алуы
бағаны шарықтатып отыр», – деді Н.Назарбаев. Елбасы президент әкімішілігіне бұл
мәселенің анық-қанығын зерттеуді тапсырды, әкімдікпен бірлесіп құрылысқа
учас­ке бөлу мен бағаның неліктен көтерілгенін тексеруді жүктеді. Ал
«Бәсекелестікті қорғау агенттігіне талдау жасап, бағаның негізсіз көтерілуіне
тосқауыл қою» жүктелді. Брифинг соңында: «Бұл мәселені бір айдың ішінде
анықтап, Премьер-министрге баяндауды тапсырамын», – деді.

 

Мемлекет бақылауы

болмаса…

 

Қазақстан
Құрылысшылар ассоциациясында осындай талап қойылды. Яғни құрылыс жүргізуге
берілетін мемлекеттік экспертизаның орнына жеке меншік сертификат жасауды
ұсынды. Айтуға оңай болғанымен, мәселе мәні мынада. Бұған дейін салынған
нысандарға мемлекеттік зерттеп-талдау жасалады. Оның ішінде құрылыстың сапасы,
сейсмикалық тұрақтылығы, қауіпсіздігі, құрылыс технологиясының сақталуы
қаралады. Бұл
талдаудың орнына жеке меншік компанияның сертификатын берсе не болады? Жел
тұрса құлап қалатын шыны үйлер сонда пайда болмай ма? Жеке меншік компания
сертификат таратса, сапаның нашарлығы сонда білінеді.

Бірақ
ассоциация барысында акционерлер мен ірі құрылыс компанияларының басшылары
сертификацияның жеке меншік қылудың пайдалы екенін айтты. Бұл жобаны жүзеге
асыру үшін әлемге танымал шетелдік «Бюро Веритас» компаниясымен серіктес болу
керек. «Бюро Веритас» компаниясы филиалының директоры Аттила Онат: «Біз құрылыс
жобасынан бастап сапа менеджменті жүйесіне дейін қараймыз. Бұл салада біздің
беделіміз бен тәжірибеміз бар, халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес
сертификация жасай аламыз», – деді. Бұл шетелдік компанияның сертификаты
отандық құрылыс компанияларына шетелде де құрылыс жүргізуіне мүмкіндік береді.

Ақниет Оспанбай

Серіктес жаңалықтары