ТАҒЫ ДА МИРЗОЯН ЖӨНІНДЕ

 

Біздің республикамызды басқаруға 1933 жылы келген
Левон Мирзоян жайында мен қайта құру жылдары жазған едім. 32-ші жыл қасіретінен
кейін оның қазақ еліне тигізген шарапатына сүйсініп, өткерген революциялық
жолын сүйсіне жаңғыртқан мақаламды 1988 жылы жариялаппын. Алайда сондағы
шалқыған сезімім тым біржақты болған екен. Кейінгі кездері бұл қайраткерді
дәріптеген жұмыстармен қатар, бұрын беймәлім болып келген деректер шығып
келеді. Оның «Үлкен террор» жылдары республикада орын алған жаппай саяси
қуғын-сүргін науқанының көрігін өзі көсегені айтылуда. Менің ойымша, соларды
мейлінше аша түсу керек. Сонда аталмыш бірінші басшының толымды бейнесін
танимыз, әрі, қайғылы кезең қалтарыстарын да анығырақ аңдап, өзіміз үшін тиісті
қорытынды жасаймыз.

Жаппай саяси қуғын-сүргін КСР Одағы Ішкі істер халық
комиссары, мемлекеттік қауіпсіздіктің бас комиссары Н.И. Ежовтың 1937 жылғы 30
шілдеде өте құпия түрде шығарған №00447 оперативтік бұйрығынан бастау алғаны
мәлім. Осынау «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестік
элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция туралы» бұйрықта
репрессия науқаны 5 тамызда басталып, төрт ай мерзім ішінде аяқталуға тиіс
екені көрсетілген. Бұйрықтың құрамдас бөлігі ретінде Кеңестер Одағының әр
аймағында бірінші және екінші категориямен жазалауға жататындардың саны
берілген. Ондағы Қазақстанға қатысты цифрлар мынандай:

Бұл кестеге
қарағанда, Қазақ елінде 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5000
адам ұзақ мерзімге (бұйрықта 8-10 жыл беру көзделген) сотталу керек болатын.

Бірақ науқанның іс жүзінде төрт ай емес, 15-16 ай
(1937 жылғы тамыз – 1938 жылғы қараша) бойы жүргені белгілі. Үкімдерді
негізінен НКВД-ның республикалық, өлкелік, облыстық «үштіктері» мен
«екіліктері» шығарып тұрған. Осы кезеңде №00447 бұйрықпен белгіленген квота
(одақ бойынша 268095 адамды репрессиялап, оның ішінен 75095 адамды ату) бірнеше
есе өсіріп орындалды. 1 млн. 770 мыңдай жан репрессияланып, оның 390 мыңы атып
тасталды. Қазақстанда бұл кезеңде 118 мың адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы
атылды деп есептеледі.

Яғни, НКВД-нің қасіретті №00447 бұйрығында көзделген
Қазақстанда 7500 адамды жазалау жоспары 15 еседен де асырып артығымен
орындалған. Бұйрықта 2,5 мың адамды атуға тапсырма берілсе, орындаушылар оны он
есе өсіріп жүзеге асырған. Аталмыш бұйрықта квотамен белгіленген цифрларды
көтеруге болмайтыны, егер жағдай өсіруді талап етсе, онда Ежовқа (бұйрықта:
«маған» деп нұсқалған) тиісті дәйектеме келтірілген өтініш беру керектігі
айтылған.

Демек, аса ірі көлемдегі жаппай жазалау
төмендегілердің өз өтініші бойынша жүр­гізілген болды ғой?!

Зерттеулер шынында да солай болғанын көрсетуде (әрине,
төменгілердің «өтініші» жоғарыдан ұйымдастырылатыны да бар). Бертіндегі
жарияланымдарға қарағанда, НКВД-нің № 00447 бұйрығындағы республикаларға,
өлкелер мен облыстарға түсірілген жоспарлы цифрлардың өзі сол әкімшілік
бөліністердегі партиялық басшылықтың сұрауы бойынша белгіленген болып шықты.
Бұл тараптағы бұлтартпас деректерді тарихқа жаңаша көзқарасымен ерекшеленетін
кейінгі жылдарғы іргелі зерттеуден – Юрий Жуковтың «Өзге Сталин» (Ю.Жуков. Иной
Сталин. Политические реформы в СССР в 1933–1937 гг. М., 2010) деген кітабынан
көреміз.

Кітаптың 446–447-беттеріндегі «Аймақтық партия
ұйымдарының басшылары сұраған және Саяси Бюро бекіткен «лимиттер» деген
тізімнің ішінде бір жолды Қазақ КСР-і алып тұр. ҚКСР-інің партиялық басшылығы
кеңес өкіметіне қас элементтерден: атуға – 2346, жер аударуға – 4403 адам деп
жоспарлауды белгілепті және сол болашақ құрбандықтардың санын СБ мақұлдаған
көрінеді. Осы тізімде, неге екенін, Солтүстік Қазақстан облысы (ату – 658, жер
аудару – 310) мен Қостанай облысы (ату – 145, жер аудару – 354) жеке жолдарға
берілген. Бұл өтініштер Мәскеуге 1937 жылғы 11 шілдеге дейін түскен. Егер
дербес жазылған екі облыс өтініштерін республикалық цифрларға қосып қарасақ,
Қазақстан халқы ішінен: 3149 адамды ату, 5067 адамды жер аудару, барлығы 8216
адамды репрессиялау сұралған. Тиісінше, Қазақ Республикасындағы жазалау шарасын
осы мөлшерде жүргізуді Бүкілодақтық (большевиктік) коммунистік партия Орталық
Комитетінің Саяси Бюросы бекіткен екен.

НКВД сол цифрларды аздап түзеткен де, айдың аяғында
шыққан әйгілі №00447 бұйрығына қосып, жергілікті басқармаларға берілетін нақты
тапсырма түрінде рәсімдеген. Кестеден көрініп тұрғандай, төменге түсірілген
тапсырма сұралған мөлшерден біршама кемітіліп, дөңгелек цифрлармен белгіленген.
Қазақстан 3149 «дұшпанды» атуға рұқсат сұраса, НКВД-нің тапсыруы – 2500.
Қазақстан барлығы 8216 адамды жазалауға рұқсат сұраса, НКВД-нің берген «лимиті»
– 7500. Бұл тапсырмалар, аталған еңбектен көрініп тұрғандай, «о бастан бірінші
хатшылардан түскен өтініштерге», соның ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоянның өтінішіне сүйеніп белгіленген (448,
451-бб.) болып шықты.

Оның «халық жауларын» жазалау үшін қосымша лимит
сұрап, 1937 жылы Сталинге құпия жеделхат жолдағаны, өтінішінің тез арада
қанағаттандырылғаны жақында жұртшылыққа мәлім болды…

Шынын айтқанда, Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің республика бойынша репрессиялануға тиіс адамдардың санын
1-категория бойынша – 600, 2-категория бойынша 1000 адамға көбейту жөнінде
ұсыныс бергені, оны Саяси Бюроның 1937 жылғы 3 желтоқсандағы отырысында
бекіткені ғалымдар М.Қозыбаев, М.Баймаханов, Қ.Алдажұманов жазған «Мәңгілік
халық есінде» атты мақалада айтылған болатын («Азалы кітап – Книга скорби»,
1-шығарылым, 1996). Бірақ бұл дерек ешкімнің есімімен байланыстырылмаған еді…

Міне, біз шифры ажыратылып оқылған бір құпия
жеделхаттың әлемдік өрмектор желілерін аралап кеткен скан-көшірмесіне
көңілсіздене көз салып отырмыз. Өте құпия жеделхат Алматыдан 1937 жылғы 1
желтоқсан күні кешкі сағат алты жарымда жолданған. Мәскеуге, БК(б)П-ға жеткен
бетте, сол күнгі сағат 22-де, жеделхаттың шифрын шешуге жіберілген. Сол түнде,
бәлкім ертеңіне ертемен (2 желтоқсанда) шифрланған құпия жеделхат оқылып, таңғы
сағат 10-да 5 дана етіп бастырылған (орындаушының фамилиясы Козлов). Құжат «Аса
құпия. Көшірме жасауға тыйым салынады» деген айдары бар, Саяси Бюроның шешім
шығарған уақыты («№ 55, 385-т. СБ Қаулысы, 3.ХІІ.37 ж.») көрсетілген бланкке
жазылған. Машинкаға басылған мәтін бетіне «За» («Қолдау жағында») деп, үш тұлға
қол қойған. Түсірілген қолтаңбалардан Сталин, Молотов, Каганович фамилиялары
аңғарылады.

Адресі «Мәскеу БК(б)П ОК жолдас Сталинге» деп
көрсетіліп, Бас хатшыға арнайы жолданған осынау құпия жеделхатқа Левон Исаұлы
«Қазақстан К(б)П ОК хатшысы Мирзоян» деп қол қойыпты. Онда әуелі: «Антисоветтік
элементтер бойынша бізге бірінші категориямен 8 мың адам және екінші категориямен
8 мың адам репрессиялау құқы берілген еді», – деп, өздеріне жүктелген
тапсырманың мөлшері еске алынады.

(Айта кетелік, жоғарыда көрсеткеніміздей, №00447
бұйрықпен түсірілген алғашқы лимит бұдан азырақ, атап айтқанда, ол бойынша
антисоветтік элементтердің 2,5 мыңын атып, 5 мыңын ұзақ мерзімге соттау, яғни
барлығы 7,5 мың адамды репрессиялау керек болатын. Демек, «халық жауларын»
әшкерелеп көзге түсуге төмендегілердің құлшыныс көрсетушілігі салдарынан,
республика бойынша жазалануға тиіс адамдардың саны, тілге тиек болған
телеграммаға қарағанда, 16 мыңға дейін көтерілген).

Мирзоян аталмыш шифрланған жеделхатында бұл тапсырманы
түгелге жуық орындап қойғандарын және сонымен бірге, «жойылған ұйымдар мен
топтар бойынша, бекітілген лимиттен артық 1600 адамды» ұстағандарын хабарлайды.
Хабарының түйіні ретінде, ел ішін «белсенді көтерілісшіл, диверсияшыл және
шпион элементтердің қалдықтарынан толық тазарту үшін …қосымша 600 адамды
бірінші категориямен және 1000 адамды екінші категориямен репрессиялауға рұқсат
сұраймыз» дейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Орталық Комитеттің Саяси
Бюросы 1937 жылғы 3 желтоқсандағы отырысында, яғни жеделхатты алған күннің
ертеңіне, Қазақстан басшысының тілегін қанағаттандырды. Ал 7 желтоқсанда
Сталин, Молотов, Ждановтың қолымен Қазақ КСР-і бойынша КСРО Жоғарғы Сотының
Әскери коллегиясы соттауға тиіс адамдардың тізімі бекітілді. Онда
1-категориямен – 55 (ішінде Дивеев, Жандосов Ораз, Есқараев, Жаманқұлов,
Жаманмұрынов, Қаратілеуов, Кенжин, Қошанбаев, Күдерин, Күленов, Құлымбетов,
Масанчи, Молдажанов, Нахимжан, Садықбеков, Сарымолдаев, Тоғжанов, Төреғожин,
Тұнғанчин, Өтекин, Шонанов бар), 2-категориямен 5 адам тізілген. 22
желтоқсандағы тізімде 99 адамды 1-категориямен (ішінде Асанбаев Мағзұм,
Асфендиаров Санжар, Жандосов Оразалы, Жансүгіров Ілияс, Қаділбеков Мерғали,
Лекеров Әзімбай, Майлин Бейімбет, Мырзағалиев Мұхамедқафи, Нұрмұхамедов Хасен,
Садуақасов Жанайдар, Тәтімов Мұхамедғали, Тоғанбаев Қартқожа, Шанин Жұмат бар)
және 13 адамды 2-категориямен соттау белгіленген. Тізімдер бұлардан кейін 1938
жылғы 3 ақпанда (1-категориямен – 104, ішінде Айбасов Бірмұхамед, Бөкейханов
Ғабдолхәкім, Бүркітбаев Әшір, Жұбанов Құдайберген, Есенбаев Халел, Ералин
Нуртаза, Қабылов Ілияс, Қасаболатов Есенғали, Күлетов Қазмұхамед, Құрамысов
Ізмұқан, Меңдешев Сейітқали, Орымбаев Мұқаш, Саматов Мұхтар, Сафарбеков
Садықбек, Сейфуллин Сәкен, Тәштитов Қайсар, Темірбеков Зарап, Төлепов Мирасбек
бар), 5 наурызда (1-категориямен – 90, ішінде Досов Әбілқайыр, Қалменев Атлаш,
Шонанова Шахзада бар), 12 қыркүйекте (1-категориямен – 193, 2-категориямен –
55, ішінде Камалов Сағыр, Мәметов Ахмет, Шашкин Зейін бар) бекітілген.
(Сталиндік ату тізімдері «Әділет» қоғамының мұрындық болуымен 2010 жылы жеке
кітап болып басылып шықты). КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы Алматыда
1938 жылғы 25 ақпаннан бастап бірнеше ай бойы сталиндік тізімде көзделгендер
мен олардан да басқа «халық жауларына» жедел үкімдер шығарып, күніне 30–50
адамнан атқызып тұрды…

Қазақ Республикасының жоғарғы басшылығы жоғарыға
жолдаған құпия өтініштің қайғылы салдары осындай болды. Бірақ, ұзамай, аштан
бұралған қазақ 33-ші жылы Мырзажан деп атаған, олардың арасын 37-ші жылы «халық
жауларынан» тазалаған республика басшысы Мирзоянның өзі де репрессияға
ұшырады…

Еліміздің тізгінін ұстаған жанның ел мүддесіне кереғар
жасаған, қоғамымыздың қаймағынан айрылуға апарған мұндай әрекеттерін қалай
бағалауға болар еді?! Мәселе «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында әлденеше мәрте
тілге тиек етіліп, репрессияланғандардың ұрпақтарының біразы шетін көзқараста
екені белгілі болды. Олар Мирзоян есімінің қазіргі таңдағы дәріптелуін қате деп
есептейді, бұл тұлғаның еңбегін қайта бағалауға, тиісінше, осы уақытқа дейін
жасалған есте қалдыру шараларын жоюға шақырады. Осындай көзқарастағы қоғам
мүшелерінің бірнешеуі қағаз және электронды БАҚ-тарда сондай ой-пікірлерін
білдіріп те үлгерді…

Қалай дегенмен, осынау жауапты қайраткердің біздің
елімізді басқарып жүргендегі оң қызметімен қатар құпия қара ісін де терең
талдауға алу ләзім. Және шындықты жұртшылыққа бүкпесіз жеткізу керек. Мәселе
сананы ағартуда, азаматтарды шыншыл тарихпен тәрбиелей түсуде жатыр. Тарихтан
дұрыс сабақ алу үшін – тарихи тұлғаны көлеңкелі жағымен қоса таныған жөн. Сонда
әлдебір құбылыс, оқиға, тұлға жайында, соның ішінде тілге тиек болған қайраткер
жөнінде әділ ой түйіп, тарихи бағасы хақында дұрыс шешім шығаруға болады.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары

Back to top button