Алатау ауданы бес жылдығын тойлады
Алатау ауданы бес жылдығын тойлады
Қазіргі ауданның көркі көз тоярлықтай. Күні кеше ғана не мектебі, не емханасы жоқ елді мекендерге жан біткен. Құрқылтайдың ұясындай баспанасын қызғыштай қорғаған тұрғындар жерін де, баспанасын да заңдастырып алды. Жалпы 5 жылда 5 мыңға жуық жер телімдері заңдастырылып, 40 мың адам Алматы қаласының толыққанды тұрғыны атанды. Аз ғана уақыттың ішінде жол төселіп, үйлерге табиғи газ тартылды. Үйлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша газ құбырларының 98 пайызы салынып біткен. Барлық елді мекен мейлінше көгалдандырылып, он мыңнан астам ағаш отырғызылды. Ауданда кілең қазақ отбасы тұратынын ескерсек, демографиялық көрсеткіші жағынан қала бойынша оқ бойы озық келеді. Аумақта бес жылда 9 мектеп, 3 емхана, 11 балабақша, 200-ден астам көп қабатты тұрғын үй салынып, 11 мың адамға жаңа жұмыс орындары ашылған.
Дүниежүзілік балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген ауданның бес жылдық айтулы тойы тарихи орын – «Боралдай Сақ қорғандары» ашық аспан астында өтті. Жергілікті тұрғындар «Халық» саябағындағы балаларға арналған спорт-сауық кешенінің тұсаукесер салтанатына куә болса, балалар арнайы ұйымдастырылған түрлі мерекелік шараның көркін қыздырды. Бірі мың бұралып би билесе, енді бірі әуелетіп ән салды. Көк аспан астында қара домбырадан төгілген күміс күй қалықтады. Қаз-қатар қонақтай қонған ақшаңқан киіз үйлер мен дала сахнасы кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Тойшыл қауымды осынау мерекемен құттықтаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Алатау ауданының бес жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық жағынан үлкен жетістіктерге жеткендігін ерекше атап өтті. «Өте қысқа мерзім ішінде қаланың бір күрделі бөлігі Алматының өскелең аудандарының біріне айналды. Ең бастысы, жерді өз бетінше басып алуға тосқауыл қойылып, аудан тұрғындарының әл-ауқаты түзелді. Аудан болашағының зор екендігіне сенімдімін, мұнда кіші және орта бизнес дамуда, мегаполис пен республика үшін маңызы бар жаңа обьектілер салынуда», – деп атап өтті А. Есімов.
Айта кету керек, осы уақыт ішінде 124 шағын электр жүйесі, 34 шақырым су құбырлары тартылып, 37 мың шаршы метрлік арықтар жөндеуден өткізіліп, 18 шақырым су арналары мен Үлкен Алматы, Боралдай өзендерінің арналары қайта жаңғыртылды. Аудан ашылған кезде көшелер саны 299 болса, қазір 502-ге жетіп, олардың ұзындығы 202-ден 419 шақырымға жетті. Сондай-ақ жаңадан 55 шақырым жол салынып, 165 шақырым көшеге асфальт төселді. Қазір ауданда мемлекеттік басқару мекемелерінің барлығы шоғырланған. 5 жылда Ақкент, Ақбұлақ, Алғабас сынды ықшам аудандар бой көтеріп, оларда 200-ден астам көп қабатты үйлер салынды. Осы жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен ауданның өсіп-өркендеуіне 128 млрд. теңге ақша жұмсалып, 32 млрд. теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде өнеркәсіп 5,5 есе өсіп, 27 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Мұның нәтижесінде көптеген инфрақұрылымдар жасалды. Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровтың айтуынша, аудан құрылған бес жыл ішінде қазына қаржысынан 75 млрд. қаражат бөлініп, тұрғын үйді пайдалануға беру 11 есе өскен. Ал бюджеттік түсім былтыр 14,5 млрд. теңгені құрады. Биыл аудан әкімшілігі оны 20 млрд.теңгеге жеткізуді межелеп отыр. Алматыдағы Мәдениет жылының аясында Алатау ауданында заман талабына сай Мәдениет сарайы, кинотеатр және Универсиада ойындарына қажетті спорт нысандарының іргетасы қалануда. Алматы қаласының өсуі, өнуі ғылымға да, инновацияға да, технологияға да қажет. Осы ретте Алатау ауданындағы 490 гектар аумақтағы индустриалды аймақты дамыту – өндiрiс пен әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына, болашағына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, еңбек өнiмдiлiгiнiң арттырылуына мүмкiндiк бередi.
Тойдың көркі – бәйгеде
Сақ қорғандары баурайына жиналған көпшілік мерекенің ең қызықты сәтін тағатсыздана күтті. Қазақ ежелден бәйге десе, ішкен асын жерге қоятын халық. Алатау ауданының бес жылдығына орай ұйымдастырылған бәйгеге еліміздің әр өңірінен 200-ден аса қылқұйрық жиналды. Сәйгүліктерін құнан, топ бәйге, аламан бәйге бойынша додаға салған ат баптаушы ағайын тақымын қысып отырды. Ал нағыз дала театрын тамашалауға келген Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары іштей рухтанып, бабы мен бағы келіскен тұлпарларға жанкүйерлік танытты.
Топ бәйгеде бас жүлде – жеңіл автокөлік алматылық С.Мәкежановтың жүйрігі – «Патшаға» бұйырса, екінші жүлде Шамалғаннан келген шашасына шаң жұқтырғысы келмейтін «Жел» есімді тұлпардың қанжығасына байланды. Ал үшінші орынға меркілік «Арас» жылқы зауытының жүйрігі «Парсаид» ие болды. Сондай-ақ құнан бәйгеде бас бәйге – жеңіл автокөлік Жамбыл облысынан келген Е.Серіковтің «Асылтасына», екінші жүлделі орын Алматы облысы «Нұрай» шаруақожалығының «Шерхан» атты құнанға, үшінші орын Жамбыл облысынан келген Ж.Мәңдібаевтың «Қарақатына» бұйырды. Ал, бәйгенің төресі – аламанда бас жүлдені «Джип» автокөлігі шамалғандық атбегі Ә.Назарбаевтың «Ақбақайы», екінші жүлде – 300 мың теңгені Жамбыл ауданынан келген Е.Серіковтің «Қара керге» сәйгүлігі, үшінші сыйлық 150 мың теңгені Жамбыл облысынан келген Д.Сырзағұлдың «Алау» атты жүйрігі, төртінші ақшалай сыйлықты қордайлық С.Боқаевтың «Ратхан» атты қылқұйрығы іліп әкетті.
Құрылғанына бес жыл толған Алатау ауданының алар асуы алда. Аудан әкімі Бағдат Мәнізоров бір пікірінде: «Өзім бес жылдық мерейтойды атап өтуді той тойлаудан бұрын халық алдындағы есебіміз деп бағалар едім. Ата-бабамыз «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, осы қағидатпен басталған Алатау ауданының тыныс-тіршілігі ертегілердің кейіпкеріндей жыл, ай сайын емес күн сәт сайын көркейіп, өркен жайып келеді» деген еді. Шынында да, тойға жиналған қауым халқына жақын әкімнің еңбегіне оң баға берді. Дүбірлі той ұлттық ойын түрлері мен спорт сайыстарымен қыза түсті. Еліміздің «Отырар саз» оркестрі мен қазақ эстрадасының әншілері әуезді әнмен күмбірлі күйден шашу шашты.