СЕМЕЙ ЗАМАН БЕЛЕСТЕРІНДЕ
СЕМЕЙ ЗАМАН БЕЛЕСТЕРІНДЕ
Қала Ертіс өзенінің екі жағасына орналасқан.
Семей әдебиет пен өнер қайраткерлерінің және ғылым саңлақтарының отаны болған. Бұл қасиетті жер Ұлы Абай, кемеңгер философ Ш.Құдайбердіұлы, әлемдік әдебиет қайраткері М.Әуезов, әнші Әміре Қашаубаевтың және алаш арыстарының шығармашылық өмірімен тікелей байланысты.
Осыған орай, Семей қаласымен танысу мақсатында 31 мамырда ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Семей қаласының облыстық тарихи өлкетану музейінің 130-жылдық мерейтойына арналған «Семей заман белестерінде» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті.
Орталық музей мен Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің бірлесіп атқарып отырған фотокөрменің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөзі ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлына берілді. Бейбітқали мырза Семейден келген қонақтарға алғыс айтып, көрерменді көрмені тамашалауға шақырды.
Аталмыш көрмеде Семей қаласының таихынан мағлұмат беретін 100 экспонат қойылды. Көрмемен Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі «Семей аймағының тарихы» бөлімінің бастығы Әлжан Ләззат Әлжанқызы таныстырды.
Көрсетілген көрмеде Семейдін облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан алынған, XIX-XX ғасырларда түсірілген бірегей көне фотосуреттер-қала көріністері, көше, саябақ, ескерткіш, қалалықтар және өлке тарихына қатысты қызықты оқиғалар мен ғимараттар, сонымен қатар, қаланың жаңа келбеті түсірілген сан ал-уан фотосуреттер кездеседі. Олардың қатарында XIX ғасырдың соңында қаланың шет алқаптарын суретке түсірген әуесқой фотосуретші Ф.Трейеровтың жұмыстары, XX ғасырдың бас кезіндегі қала көріністері ескі Семейдегі фотошеберхана иесі И.Дюков, К.Н.Могилевцев және Ф.Н.Белослюдовтардың қолынын шыққан фотосуреттер бар. Ал қаланың жаңа кезеңдегі келбеті В.Павлунин мен П.Михайлов түсірілімдерінде көрініс тапқан. Бұл фотосуреттер өзінің деректілігімен, тарихилығымен құнды. Суретші Р.С.Бейсекеновтың туындылары да көрмеден өз орнын тапты. Аталған көрмеде әр жылдарда шығарылған фотоаппарат үлгілері де қойылған. Олардың қатарында «Фотокор-1»,«ФК-13×18», «Смена 8М СССР» және т.б ескі маркадағы фотоаппараттардың алуан үлгілері ұсынылған. Бұл жәдігерлердің басым бөлігін Семей қаласының жинақтаушылары А.Хмелев пен Е.Михайловтар тапсырған.
Көрмеге қойылған экспонаттар Семей қаласының тарихы мен өсу жолы туралы сыр шертеді: ескі қала келбетін, оның тұрғындарын, ескі көшелерін, көпірлерін осы күнгі жаңа көріністермен салыстыра отырып тамашалауға мүмкіндік береді.